Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Кітапханашылардың тұңғыш жыр мүшайрасы...

08.08.2025 1299

Кітапханашылардың тұңғыш жыр мүшайрасы

Кітапханашылардың тұңғыш жыр мүшайрасы - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет кітапханашылар мен  кітапхана саласында қызмет ететін шығармашыл ақындар арасында  Абайдың 180 жылдық мерейтойына  арналған «Абайдың алып айдыны»  атты республикалық жыр мүшайрасы өтті.

Бір күнде бірінен соң бірі екі бірдей іс-шара қатар өткендіктен және олардың қатысушылары да, мазмұны да бір болғандықтан, алдымен ұлы Абайдың мерейтойына арналып ұйымдастырылған «Жүрегім нені сезесің?» атты поэтикалық жыр кеші жайында айтайық. Абай шығармашылығын кеңінен насихаттап, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру ниетіндегі, ұлттық мәдениет пен рухани мұраға деген құрметті күшейтуді мақсат еткен еркін форматтағы басқосуда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар бір-бірімен танысып, Абайға арнаған және еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды. Өдең оқуға тілек білдіргендердің көп болғаны сондай белгіленген уақыт жетпей қалды. Жастық, махаббат, өмір, мейірім жжайындағы өлеңдер бірінен соң бірі оқылып, ерекше көңіл-күй толқынын сездірді.  Бұл кеште жаратушыға мадақ, Аллаға жалбарыну мазмұнындағы өлеңдер де көп болды. 

Поэтикалық кеш деп айшықтап атаған кештің соңында «алдағы уақытта да поэзия арқылы қоғаммен рухани байланыс орнатуды көздейтін осындай басқосулар жалғасын тапса екен» деген тілектер көп болды.

                  

Бұдан әрі мәдениет пен әдебиетті, ұлттық ғылым мен өнерді қолдау, кітапхана мен кітапханашының еңбегін насихаттау мақсатында өткізілген «Абайдың алып айдыны»  атты республикалық жыр мүшайрасының қорытындысы жарияланды.   Айта кетейік, байқауға қатысуға 100-ге жуық үміткер өтінім жіберген екен. Соның 75-і қазылар сынынан өтіпті. 

Кітапхана басшысы Күміс Қарсақбайқызы жиналған көпшілікті Абай тойымен құттықтап, өлең бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тіледі. 

–   Құрметті әріптестер, баршаңызды Абай тойымен құттықтаймын. Жалпы кітапханалар арасында Абай ақын ұлағатын насихаттауда көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Осы мерейтой аясында ең көп іс-шараларды өткізіп жатқан кітапханалар десем қателеспеймін. Бұл мүшайра тұңғыш рет өткізіліп отырғандықтан, бастапқыда осындай ұсыныс болғанда өзімде: «қалай болар екен» деген күмән болды, себебі мен кітапханаларда ақындар жұмыс істемейді деп ойладым, «мүшайраны жариялап қойып, оншақты адам қатысса ұят болып қалмай ма» деген ой болды, бірақ, ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әріптестерім: «жоқ, кітапханаларда талантты адамдар жұмыс істейді» деді. Бұл шараға арнайы қаражат бөлінбеген, осы орайда демеушілік көрсетіп, бізге қол ұшын берген халықаралық «Абай» қорына алғыс білдіреміз. Одан бөлек жүлделі орындарды көбейтіп, тағы да қосымша қаражат қосып отыр. Қазылар алқасына келетін болсақ, олардың құрамында белгілі ақын-жазушылар, қазылар алқасының жұмысына мүлдем араласпадық, шешімді кәсіби адамдар жасауы керек дедік. Шешім әділ болғанына сенеміз. Осы мүшайраны келешекте тақырыптарын ауыстырып дәстүрлі түрде жыл сайын өткізетін ойымыз бар. 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы,  халықаралық «Абай қорының» басқарма мүшесі Аслан Ғафуров, мүшайраның қазылар алқасының төрағасы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Әлібек Асқаров,  прозашы, ақын Нұржан Қуантайұлы сынды зиялы қауым өкілдері тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жыр мүшайрасының маңыздылығына тоқталды. 

Қазылар алқасының шешімімен байқауға қолдау білдіріп, өлеңдерін ұсынған елімізге танымал ақындарға  мүшайраның  «Құрметті қонағы» деген арнайы жүлде және жүз мың теңге сыйақы, мерейтойлық «Абай-180 жыл» медалі  табыс етілді. Осы ретте «Құрметті қонақ» сыйлығы (жүз мың теңге)  – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымының кандидаты Маржан Ершуге; ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасының директоры  Қуаныш Оспанға; ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі  Абылай Маудановқа; ақын,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Абай атындағы Абай облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы  Мерей Қартқа табысталды.  Осы ақындар кітапханашылар алдында бірер ауыз сөз сөйлеп, өздерінің Абайға арнап шығарған өлеңдерін оқыды.

Ал кітапханашы ақындар арасындағы мүшәйраның бас жүлдесі  (бес жүз мың теңге) Қызылорда қаласы,  Ә.  Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері Ақжол Түменбайға; І орын  (үш жүз мың теңге) – Алматы қаласындағы ОКЖ №4 кітапхана филиалының басшысы Әлия Іңкәрбекке; ІІ орын – (екі жүз мың теңге) Қостанай облыстық Л. Толстой атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері   Анаргүл Шалғынбай мен Шығыс Қазақстан  облыстық балалар және жасөспірімдер  кітапханасының қызметкері   Дана Исағұлқызының өлеңдеріне лайық деп шешілді.                 

 

Сондай-ақ, Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Пионер ауылының мектеп кітапханашысы Кыпшакпаева Алтынгүл, Алматы  қаласындағы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кітапханасының қызметкері    Толқын Нұрсәуле,   Ақмола облысы, Қосшы қаласындағы  орталық кітапхананың қызметкері Куандыкова Сымбат, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық  ғылыми әмбебап  кітапханасының қызметкері Исламғали Аманжол жүлделі үшінші орынға ие болды (жүз мың теңге).

Абай атындағы арнайы сыйлық (жүз мың теңге)  Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Тиірмен ауылдық кітапханасының қызметкері  Жазира Бақаеваға берілді.               

Сонымен бірге ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы кәсіподағының арнайы жүлдесін  (елу мың теңге)  Алматы қаласы, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер және балалар кітапханасының басшысы Жолдасов Аян; О.Бөкей атындағы арнайы жүлдені  (елу мың теңге) А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкері Абылгазинова Гулбаршын  алды.

Ынталандыру сыйлықтарын  (елу мың теңгеМаңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылдық кітапханасының қызметкері Қонысбаева ӘсемгүлАлматы қаласы, Қазақстан Жазушылар кітапханасының қызметкері Бектұрсын Айдос,  Павлодар облыстық С. Торайғыров атындағы   ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері   Хонж Алпысбай иеленді.     

Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен мерейтойлық төсбелгілер, мүшайра өлеңдерінен құрастырылып басылған «Абайдың алып айдыны» атты кітап табыс етілді. Жинаққа мүшайраға қатысқан барлық ақындардың өлеңдері топтастырылған. Әрбір қатысушыға алғыс хаттар мен мерейтойлық кітап естелікке берілді. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар