...Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда еш уақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын және әрқашан сондайды тыңдап болған соң, мағынасы мен мәнін ұғындырып, сын айтатын. ...Абай ақындық туралы сөйлегенде: «Ол – қуат, табиғат сыйы, Құдай сыйы», – деп құрметпен сөйлейтін. «Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде жай, жабайы адам болмайды», – дейтін.
Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны. Абай шындыққа, дұрыстыққа құмарлығы жолындағы елден ерекше мінезінің барлығын билікте анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынды-соңды заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын. Билікте әділдікпен қатар, осымен егіз сияқты бір мінезі: Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі болатын. Жақын маңайдағы елде өз атағын есіткен атышулы жүйрік ат, қыран құс, алғыр ит сияқты сауық аспаптары болса, Абай қалап та алады. Қызыққаны кедейдікі болса, сатып та алады. Бір жазда бес түйе беріп, бір бәйге ат алып, бес құлынды бие беріп, екінші бәйге ат алғанын көрдім. Солардың екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді. Осы күнге шейін тобықты іші «бір досыңнан қызығып қалап, бұлдап алған жақсыңды, үйіңе жеткізбей, бір жақсы көрген адамың алып кетсе, содан қызық не бар деп, Абайды айтпап па еді?» деп аңыз қылысады.
Өзі шаруа басқарып, қырда малдың санын, қалада пұлдың санын ескерген емес. Қыр шаруасында ескерсе, жылқыны ғана ескеріп, жақсыдан айғыр салып, тесе мініліп, ер батып кеткен арығы болса, сол жағын ғана ескеретін. Жалпы, малына еңбекақысын толық қылып беріп, мықты малшы салуды ескеретін, осыдан басқа ауыл шаруасында істейтін қамы болмаушы еді. Қалада болған уақытта ақшасының барлығын қасындағы атқосшы жігіт ұстайды. Одан «қанша қалды, не ұстадың?» деп сұрамайтын. Жалғыз-ақ «бітіп қалды» дегенде ғана, тыңнан ақша тауып, тағы қалтасына салып береді де отырады.
Ауылы қысы-жазы қонақшыл, әрдайым күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. Солардың ішінде «Абайдың түстігінен жейміз» деп, ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге, ел-елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады.
Абай қыстыгүні бос уақыттарының бірталайында өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып маңындағы жұртпен бірге, әсіресе өзінің ұдайы қасында болатын ертекшісі Баймағамбетке айтып беретін. ...Абай қырдың тоғызқұмалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт бөлетін. Әсіресе көп салынып ойнайтыны тоғызқұмалақ болушы еді. ...Аңшылықты жасында істеген. Ол кезде Шыңғыстың қыс бойы елсіз қалатын сыртында бұғы, арқар, киік, түлкі болады. Абай жақсы құсбегі, мергендермен, аңшылармен қостап шығып, бірнеше үймен, көп соғым, сойыспен барып, бір ай, екі ай жүріп қайтады. Берірек келгенде аңшылықты қойып, жоғарыда саналған өзге түрлі сауықтарға көбірек ауысты. Бірақ бұл істерінің қайсысы болса да, Абайдың жалпы тыңдаушыға айтып отыратын өсиет-үгітіне, келелі мәжілісіне, кітап оқып, білім табуына көп бөгеті болған жоқ. Осы айтылғандардың барлығына бөгет болатын нәрсе болса, ол ел сөзі, ел тартысы болды.
Абай шын мағынасындағы мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сыртқы сопы, мұсылмандық емес, үлкен сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді. Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Өз тұсындағы молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағлұматы бар-ды. ...Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетік екеніне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз заманының ғұламасы сияқты көрген. Бір жылдары Семейге миссионер деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда имамдармен сөйлесемін деп іздегенде, Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы бір ауыздан Абайды сайлап шығарады. Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алыпқаштымен ұлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой. Абай барғанда Сергей дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап және артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты – ол арасын мен толық білмеймін. Бірақ артынан Абайдың өзінен сұрағанда азын-аулақ айтқаны: «Сергейдің «Мұсылман дінінше, Құдай күш иесі, қорқытушы, сондықтан құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты» дегеніне, Абай: «Біздің құдай, «Рақыман, рақим» қуат қана иесі емес, рақым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Мапақаты бар қуат; әке мен баланың арасы сияқты әкеше сүюші ие», – деген екен. Содан кейін Абай христиан дінінің нанымы бойынша «үш жүзді құдай» деген ұғымға қарсы дау айтады. «Бірлігіне үш жүзді болу сыя ма, сол үш сипат бір жүзінде болса, құдайлығына көп бола ма?» десе керек. Бұл мәжіліс туралы тағы да бір есімде қалған нәрсе: Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей: «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес», – деген екен...
Негізі, Абайдың көп насихатының түп қазығы: адамшылық, ақтық әділет болатын...
(Көкбай Жанатайұлының естелігінен ықшамдалып алынды)