Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Көкшетауым, кербезім көгілдірім...

25.09.2023 1272

Көкшетауым, кербезім көгілдірім 14+

Көкшетауым, кербезім көгілдірім - adebiportal.kz

Осылай деп жырлаған талантты ақын Марфуға Бектеміроваға туған жерінде лайықты құрмет көрсетілді

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, аудармашы, журналист, мәдениет және қоғам қайраткері Марфуға Бектемірованың туғанына 65 жыл толуына орай "Жанымда алау жыр тұнып" атты әдеби кеш өтті. Университеттің Салтанат залына оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер жиналып, өмір бойы сұлу да кербез Көкшетауды, жер жұмағы-Бурабайды, асқақ Оқжетпесті, Жұмбақтасты, мөп-мөлдір Айнакөлді жырлап өткен ақын рухына жерлестері жан толқырлық қошамет көрсетті. Ақын шығармашылығын баяндайтын кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Еске алуға арналған кеште сан қырлы дарын иесі жөнінде әзірленген бейнебаянннан үзінді көрсетілді. Ең алдымен сөз алған университет ректоры Марат Сырлыбаев Марфуға Бектемірованың қазақ әдебиетінде өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасы бар талантты ақын екенін, оның ежелгі кербез Көкшеде туып-өскенін жерлестері мақтан ететінін атап көрсетті. Марат Кәдірұлы  ақынның жары жазушы Есенгелді Сүйіновке Марфуға Бектемірованың шығармашылығын насихаттау, есімін есте қалдыру ісіне және жоғары оқу орнының дамуына қосқан үлесі үшін омырауына университеттің 60 жылдық мерекелік медалін тағып, домбыраны сыйға тартты. 

Салтанатта филология ғылымның кандидаты, профессор Сәбит Жәмбек Марфуғаның шығармашылығы жайлы талдау жасап, пайымды ойларын ортаға салды. «Марфуға өлеңдері поэтикалық суретке, көркемдік ойлау мен суреткерлік  палитрасы мол нақыш пен бояуға мол. Бірақ ол жалаң сурет, бояу емес, пәлсапалық иірім, дүниетанымдық тереңдігімен құнды, ерекше болып келеді. Өмірдің поэтикалық суреті пәлсапалық болмысымен ерекшеленеді»,-деді ол.

-Ақындық дегеніміз-тәңірдің берген сыйы, тәңірдің берген таңдауы. Ешкім де өмірге ақын болам деп айқайлап келмейді. Ақындардың бәрі де бір анадан туған. Марфуға Бектемірованың бойына  да  ақындық осылай дарыған, ол соған мойынұсынған, бейнеті көп сол жолға түскен. Марфуға апайымыздың өлең өрісі кең, оның жырларын сан қырлы жағынан талдай беруге болады. Ақын өлеңдерінде қыздарға тән биязылық, шиырыққан шымыр ойлар, кесек түйіндер, үлкен поэтикалық ою-өрнектер, шынайы сезімдер бар,-деді философия докторы Ерболат Баятұлы.

  Студенттер ақын өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды, әндері орындалды. 

  Кеш соңында ақынның жары Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері жазушы Есенгелді Сүйіновке сөз берілді.

  -Бүгін Марфуға Бектемірова жайлы жылы сөздер айтылып, сыршыл өлеңдері оқылып, әсем әндері орындалып жатыр. Осы көрсетілген құрметті Марфуға тірі болып, өз көзімен көргені жақсы еді. Ол ақтық сәтіне дейін қолынан қаламын тастамай, тірліктен күдер үзген жоқ. Өмірге ғашық болды,  өкінішке қарай  нағыз қызық көретін шағында өмірден ерте кетті. Өмір деген қас-қағым ғой, өтеді де кетеді. Сіздердің өмірлеріңіз әлі алда, ендеше сол өмірде кездескен  сүйгендеріңізді аялап, қадірлей біліңіздер, ардақтап, қорғап жүріңіздер! Меніңше бақыт деген осы,- дей келіп, жазушы  әдебиетті бағалап, таланттарды қастерлей білетін іскер де парасатты азамат Марат Сырлыбаев басқаратын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушы-профессорлар құрамына, жалпы ұжымына қазақтың аяулы қызы Марфуға Бектемірованы еске алып, көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар