Көркем аударманың көсегесін көгерте алдық па?

Біздегі көркем аударманың жағдайы – байыпты сараптауды қажет ететін тақырып. Соның ішінде сан мен сапа, тілге жүгіну, мектеп сабақтастығы мен жаңа буынның әлеуеті секілді мәселелер бар. Бұлар – әлі де ортақ байламын таппаған, пікірталас тудырып жүрген мәселелер. Әңгіме, ең алдымен, әлем әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне тәржімалау, өзге тілдегі көркем дүниенің мазмұны мен көркемдік қуатын сақтап, ұлттық танымға сай қайта тиянақтау. Өткен тәжірибені саралап, бүгінгі ізденістерге баға беріп, аударма ісіне жаңа серпін беретін өзгерістердің бағыт-бағдарын айқындау – қазақ руханияты үшін маңызды міндет. Осы орайда көркем аударма саласында еңбек етіп жүрген қаламгерлердің пікірін білуді жөн көрдік. 

Көркем аударманың көсегесін көгерте алдық па? - adebiportal.kz

Маржан Ершу, ақын,аудармашы.

Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі түрік жазушысы Орхан Памуктың «Сезім музейі» романын, белгілі түрік ақындары Жахыт Сытхы Таранжының поэзиясын, Махмут Каяның «Қожанасыр жырлайды» поэзия кітабын, Ришат Нұры Гунтекиннің «Беймаза бозторғай» романын, ноғайдың атақты ақыны Кадрия Темирболатованың, татардың ұлы ақыны Ғабдулла Тоқайдың т. б шетелдік ақын - жазушылардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.

 

 

Дәурен Берікқажыұлы, ақын,аудармашы.

Америкалық Николас Спаркстің «Күнделік», Кристин Ханнаның «Бұлбұл» романын, Уоллес Уоттлз «Баюдың құпиясы» өзін-өзі дамыту кітабын, Дэниел Киз «Алжернонға арналған гүл» ғылыми-фантастикалық хикаятын, жапон жазушысы Харуки Мураками «Норвег орманы», неміс-австралиялық жазушы Эдди Якудың «Дүниедегі ең бақытты адам», әзірбайжан жазушы Эльчин Сафарлы «Шамы жанып тұрған үй», кореялық Хван Бо Рым «Хюнамдондағы кітап дүкені» романдарын аударған. 

 

 

 

Меңдолла Шамұратов, журналист, аудармашы.

Ағылшын жазушысы Редьярд Киплингтен аударған «Батасыз неке» (Без благословения церкови), «Имрейдің «оралуы»», «Сотанақ Моти Гудж» әңгімелері 2013-14 жылдары «Әлем әдебиеті» журналында жарияланды. 2021 жылы ағылшын жазушысы Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр»  романын (2021ж «Фолиант» баспасы), 2022 жылы Ресей жазушы Гузель Яхинаның «Самарқанға жол тартқан эшелон» романын (2022 ж Фолиант баспасы) қазақшаға аударған. Сондай-ақ жапон жазушылары Кобо Абэнің «Басқыншылар», Дзюнъитиро Танидзакидің «Кішкентай мемлекет» әңгімелерін, Таяма Катайдың «Төсек» хикаясын, бірқатар үнді жазушыларының әңгімелерін қазақша сөйлеткен. Бұл аударма әңгімелер «Әдебиет порталында», «Жазушы порталында» жарық көрді.

 

 

1. Алғашқы сауал кіріспе ретінде болсын. Соңғы жылдары қазақ әдебиетіндегі аударма саласы едәуір алға жылжыды, жаңа серпін байқалады. Десе де, шешімін таппай жатқан тұстары бар деген пікірлер айтылады. Келісесіз бе?

Маржан Ершу: Аударма – ауыр жанр. Аударма сезімталдықты, көрегенділікті, талғампаздықты қажет ететін жанр. Шығарманың ішкі мәні мен сырын түсіну де оңай емес. «Соңғы жылдары аударма саласы едеуір алға жылжыды» деген сөзіңіз шындық. Дегенмен, айналамызға қарасақ, жеке бастың қамын ойлау әрекетіндегі жұрттың шын творчестводан алыстап бара жатқаны сезіледі. Бізде көбіне насихатталатыны шапшаң биге лайыкталған әндер, үзік-үзік ысырынған, ыңырсыған үндер, шолақтау шала қағыстар. Осындай рухани жұтаңдықтың әсері күнделікті өмірге, одан қалды адамның сырт бейнесіне, ішкі көңіл-күйіне, қарым-қатынасына нұқсан келтіретінін айтпаса да белгілі. Белгілі армян ақыны Севак алпысыншы жылдары жазған бір өлеңінде, адамның алғаш рет космосқа ұшуының әсерімен «Адамдардың жайдары күлкісі мен көздеріндегі қуаныштың сәулесін есептеп шығаратын есептегіш машина болар ма екен» деп жазған. Техника қаншалықты дамыса да, адам сезімін өлшеп, есептеп шығаратын механизм болмас. Сезім, құштарлық, жасампаздық техникаға емес, адамға тән нәрсе ғой. Техника адам болмысын билеп бара жатқан мына заманда аударма мәселесі  ЖИ көмегімен де жасала беретін шығар алдағы уақытта деген де ойлар келеді. 

Дәурен Берікқажыұлы: Иә, бір қарағанда солай да сияқты. Бірақ оны есептеп, өткен жылдармен, мысалы үшін тәуелсіздікке дейінгі кезеңмен салыстырып һәм салғастырып жатқан бір пенде көрмедім. Айтайын дегенім, ақпараттық технология дамып, сөзіңді, өзіңді жарнамалайтын түрлі платформалар қаптап кеткесін солай көрінуі заңды да. Әрине, сәбет-қазақ әдебиеті кезеңіндегі цензура жойылғасын тақырыптық жағынан ұтсақ ұтқан шығармыз, алайда, аударманың көркемдік деңгейі турасында олай айта алмаймыз. Өйткені, аударма еріккеннің ермегі болып кетті қазір. Оны бақылап, бағдарлап, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп жатқан бір орган жоқ. Шет тілін меңгергені де, меңгермегені де, тіл білетін-білмейтіні де аудармашы болып кетті бір ауыз сөзбен айтқанда. Аударма кітаптарының тілі қасаң болатыны сол. «Бір апам бір апамнан өткен сорлы» дегендей, оған жасанды интеллект деген жалмауыз қосылды енді. Әдебиеттің жөн-жосығын біледі-ау дейтін бауырларымның бірі соған орай «алдағы уақытта бізге аудармашының керегі де болмайды енді» деп алақайлаған пост жазды.  Мен жағамды ұстадым. Егер елге ақыл айтып, жөн сілтеп жүрген жігіттер осылай десе, басқасына не сорым?! 

Мұхтар Мағауиннің «Мен»-інде болуы керек, бір үлкен той жасауға ақша табу үшін аударма алатыны. Қаламақысы қомақты сол аударманы Әбіш досы тауып береді және.  Айтпағым, сол кезде сүбелі шығармаларды аты бар қаламгерлерге аудартатын. Жақсы гонорарларды да солар алатын. Содан ұтылған кім бар мысалы? Блокты Фариза, Пушкинді Ізтай, Чеховты Ысқақов, Толстойды Орманов аудармай, кім аударады расында, айтшы өзің...

Меңдолла Шамұратов: Иә, бір жылдары кәдімгідей қарқын байқалған, қазір қайта баяулап қалғандай әсер береді. Оның бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, аударылған кітаптардың өтуі баяу, яғни бізде кітап оқитын, соның ішінде қазақ тіліне аударылған әдебиетті оқитын үлкен аудитория жоқ. Біздегі әдеби орта, одан қалды оқырмандардың тағы бір басым бөлігі орысша оқиды. Қазір тіпті тікелей түпнұсқадан оқитындар да бар. Таза қазақша оқитын оқырмандардың арасында «Абай, Мағжан, Шәкәрім тұрғанда бізге басқа ұлттың әдебиеті не керек?» деп ойлайтындар да аз кездеспейді. Осылайша әлем әдебиетін аудармадан оқитындар саны тым төмен болып отыр. Екіншіден, әрине сапа мәселесі. Бізде аударылған шығармалардың сапасы жалпы жақсы. Бірақ сапаны одан әрі жақсарту, аударма мектебін қалыптастыру бағытында жолға қойылған жүйе болмағандықтан, бір нүктеден алысқа ұзап кете алмай тұрмыз. Кеңес кезінде аударма саласы мемлекеттің бақылауында болды ғой. Мысалы әйгілі «Библиотека всемирной литературы» сериясымен 200-ден астам әлем әдебиетінің жауһарлары орыс тіліне 1967 жылдан басылып шыға бастағанда оның сапасын белгілі ғалымдардан, жазушылардан, әдебиеттанушылардан, аудармашылардан құралған редакция алқасы қадағалаған. Негізі «Всемирная литература» баспасы Максим Горькийдің бастамасымен 1919 жылы құрылып, сол жылдардан кеңестік аударма саласы жолға қойылған ғой. Кеңестік билік құлаған уақытта Ресей де осы жүйеден айырылып қалып еді. Кітап нарығы толықтай коммерциялық жүйеге көшкен кезде әр жекеменшік баспада аударманы бір-екі редактор қарап, солардың мақұлдауымен жарық көре бастады. Бірақ бұл аударма сапасына айтарлықтай нұқсан келтіре бастаған соң Ресейде кейін арнайы «Аударма институты» құрылды. Онда мемлекеттік грантпен немесе ірі мәдени қорлардың жобаларымен шығатын әдеби аудармалардың сапасын эксперттік кеңес қадағалайды екен. Оның құрамында белгілі жазушылар, аудармашылар, әдебиетшілер болады. Олар аудармаға қаржы бөлінбестен бұрын-ақ грантқа аудармашылардан, баспалардан өтінім қабылдап, солардың ішінен мықты деген аудармашыларды іріктеп алып, солармен келісімшарт жасасады. Бұл институт орыс тілінен шет тілдеріне аудару жұмыстарын да жақсы жолға қойған. Сапаны бақылаудан бөлек, аударма саласын дамытуға қатысты атқарып жатқан жұмыстары да ұшан-теңіз. Оның бәрін тізіп шығу ұзақ уақыт алады. Айтайын дегенім, әркім жеке жүріп қамал ала алмайтынын олар тез арада түсінген де, кеңестік жүйеге ұқсайтын жаңа жүйені іске қосқан. Бізде де әр жекеменшік баспа әлем әдебиетін аударумен өз бетінше айналыспай, мемлекеттің бақылауындағы бір ортақ жүйеге біріксе, аударма сапасы жақсарып қана қоймай, кәдімгідей аударма мектебі қалыптасар еді, дами түсер еді. Бізде баяғыда үзіліп қалған алтын шынжыр әлі жалғанбай жатқандай әсер береді. Сосын осындай институттың қадағалауымен, сараптауымен шыққан шығарманың сапасы жөнінде, қаншалықты көркем әрі дәл аударылғаны жөнінде эксперттік кеңес құрамында болған әйгілі ғалым, жазушы, әдебиеттанушы пікір жарияласа, әлем әдебиетінің оқылуына да керемет насихат болады. Біраз шығармаларды аудару кезінде байқағаным, әлем халықтары бір-бірінің әдебиетін өте жақсы оқиды екен. Мәселен ағылшындар мен француздар, жапондар мен қытайлар бір-бірінің шығармаларын жетік біледі. Былай қарасаңыз, осы халықтар тарихта бір-бірімен соғысқан, бір-бірін онша ұнатпайтын халық, бірақ бір-бірінің әдебиеттерін сүйсініп оқиды. Біздің қоғамда ара-тұра «Қазақ қашан Нобель сыйлығын алады?» деген сұрақ туып қалып жатады. Меніңше, біз, қарапайым оқырмандар, әдебиетті ұлтқа бөлмей, қазақты да, басқаны да бірдей жақсы көріп оқыған кезде, Нобель алатын қазақ қаламгерлері де шығады.

2. Өткенді тілге тиек етпеуге болмас... Дербестік алғалы ширек ғасырдан асты. Шет ел әдебиетін қазақша аударғанда орыс тілін негізгі дәнекер ету тәжірибесіне сүйенеміз. Менің өзіме солай көрінеді. Әлде қателесеміз бе? Егер осылай болса, аралық тілге деген тәуелділік әлі бар деген сөз бе?

Маржан Ершу: Кеңес Одағы кезінде қазақ қаламгерлерінде әлем классиктерін аударуға тікелей байланыс болған жоқ. Мәскеу нені аударса, соны аудару міндеттелді. Оның үстіне шетелге шыққан қаламгерлер саны да аз болды ғой бізде, мүмкін болмаған шығар. Бірақ әлем классиктерін орыс тілінен де аударма жасау арқылы қазаққа таныта білген мықты қаламгерлер көп. Олар Мұхтар Әуезовтен басталады. Қазір біз тікелей аударма жасап, кеңес кезіндегі мықтыларымыздан біліміміз бен талантымыз асып кетті десек, асылық болар. Жалтылдақтық, тартыссыздық, талғамсыздық әдебиеттің қай жанрын да оңдырмайды. Көпірме сөз,  шолақ ой - бұл деген рухани мүгедектік емес пе?! Әдебиетіміз осы сынсыз, тартыссыз, жалпақшешей әләулау бетімен кете берсе, «озық ойдың көмбесі» деп  атанған бұрынғы мәртебесінен айрылады. 

Дәурен Берікқажыұлы: Мәселе былай ғой... Ол біздің қолымызға қандай тапсырыс түсетіндігіне байланысты. Егер ол бұрын жарияланған шығарма болса, көбіне олардың орысша аналогы болады. Орысша аналогы бар шығарманы тек соған сүйеніп аударуға да, иә болмаса, түпнұсқамен салыстырып отырып аударуға да болады. Оны аудармашының өз ұяты шешеді енді, гәп осында. Орыс тілін біліп тұрып, оны пайдаланбау қаншалықты ақымақтық болса, ағылшын тілін біліп тұрып тек орыс тіліне басымдық беру де, соншалықты надандық. Өз басым, ондай жағдайларда екі мәтінді қатар қойып аударамын. Оның бір артықшылығы - орасан тәжірибе жинасаң, кемшілігі – уақытың көп кетеді. Орысша аналогы жоқ шығармалар да болады, әлбетте. Мені тікелей аудармаға шыңдаған мектептің бірі «National Geographic Qazaqstan» журналы болса, екіншісі «Аударма Бюросы» еді. Осыдан он бес жыл бұрын кинозалдарда алғаш рет қазақша сөйлеген әйгілі «Көліктер-2» анимациялық туындысын да, ана бір жылғы «Eqqus: жылқы тарихы» деректі фильмін де ағылшын тілінен тікелей аудардым мысалы. Бұл қапелімде ойыма түсіп жатқандары, әрине. Әйтпесе, біраз дүние аударылды ғой...

Сосын аралық тіл дегенде, біз оны тек орыс тілімен байланыстырамыз. Аралық тіл есебінде біреулер қытай тіліне жүгінсе, ендібіреулер түрік тіліне, тағы бір қандастарымыз ұйғыр тіліне басымдық беріп жатады. Егер аудармашы оны салыстыру-салғастыру есебінде пайдаланса, онда тұрған бәлендей қылмыс жоқ деп есептеймін. Ескеретін бір жайт, аралық тілді тәжірибе алаңы ретінде пайдалану бар да, оған бас-көз жоқ еліктеу бар, содан сақ болған абзал. Редакторлық тәжірибем арқылы білем ғой, аудармашылар аралық тілдегі терминдерді қазақ тіліне сіңістіріп жіберуге бейіл боп тұрады көп жағдайда. Ұйғыр тілі мен өзбек тілінен еніп кеткен терминдер білмейтіндерге архаизм боп көрінеді сосын мысалы. Бірақ, айтып отырмын ғой, оған қабырғасы қайысып жатқан қазақ көрмедім. 

Меңдолла Шамұратов:  Жаңа жоғарыда айтып өттім, қалай десеңіз де Ресейде аударма мектебі жақсы қалыптасқан. Содан соң біз орыс тілін жақсы білеміз. Бала кезімізден орысша оқимыз, орысша кино көреміз, орыстармен жиі араласып тұрамыз. Бізде орысша оқу, сөйлеу мәдениеті бірнеше ғасырдан бері қалыптасып қалды. Сондықтан бұл тілдің біз табиғатын да жақсы түсінеміз. Тілді білу бір басқа, оның табиғатын түсіну екі басқа. Меніңше, әдеби аударма жасауға тек тілді білу аздық етеді, тілдің табиғатын да сезінген жақсы. Ал орыстар француз бен ағылшын тілін дәл солай табиғатымен меңгерген. Өйткені оларда сонау XVIII ғасыр орта шенінен бері дворян отбасыларында баланың ағылшын, француз тілдерінде жазып, сөйлей білуі қалыпты жағдай саналған. Дворяндардың өздері отбасында ағылшын, француз тілінде сөйлеген. Бұл ақсүйектіктің белгісі саналған ғой. Оларға да осы тілдердің табиғаты бірнеше ғасырдан бері сіңген. Мен өзім орыс тіліндегі аудармаларды сүйсініп оқимын, аудармашылардың шеберлігіне, автордың стиліне нұқсан келтірмей, шығарманың бүкіл нәрін шашпай-төкпей жеткізе білгеніне сүйсініп отырамын. Рас, нашар аудармалар да кездесіп қалады, бірақ көп емес, негізінен орыс аудармашыларының сапалық деңгейі жоғары. Ағылшын, француз тілдерінен жақсы аударады. Менің білуімше, олар жапон, қытай және басқа тілдерден аударған кезде осы ағылшын, француз тілдерін аралық тіл ретінде пайдаланады. Өйткені оларға бәрібір осы тілдердің табиғаты жақын. Ұлт өзінің табиғатымен меңгерген тілден бас тартпауы керек деп ойлаймын. Одан біз төмендеп қалмаймыз. Бастысы шығарманың сапалы аударылғанына мән беру керек.

3. Филолог немесе лингвист болу — көркем аудармашы болу деген сөз емес. Көркем аударма — жазушылық талантты, терең эрудицияны және екі тілдің де астарлы ұғымдарын сезінуді талап етеді. Бұрынғы қазақтың сөз зергерлері салған дәстүрлі аударма мектебінің сабақтастығы неге әлсіреп қалды деп ойлайсыз? 

Маржан Ершу: Аударма мектебі сабақтастығы құрыған жоқ. Шүкір, жақсы аудармашыларымыз өсіп келеді. Сіз мені аудармашы деп сұрақ беріп отырғаныңыздан кейін мен өзімнің қалай аудармаға келгенімді айтайын. Менің аудармаға келуімнің өзі қызық. 2004 жылы «Шырақ» деген кітабымды  «Айек» деген псевдониммен шығардым. Осы кітабым арқылы мен қазақ поэзиясына жаңалық әкелген едім. Бірақ сол кезде, маған таңғалғаны ма, білмеймін, ақын-жазушы қауымы жақ ашпай қалды. Бұл жағдай мені іштей күйретіп жіберді. Сондай құлазып жүргенімде, Елена Әбдіхалықова  махаббат туралы әніме сөз жазып берші деді. Жазайын дедім. Қатырам дедім. Қолыма қалам алсам, бір шумақ түгіл бір жол өлең жаза алмай қиналдым. Содан Еленаға «Жаза алмадым, уақытыңды кетірме, басқа адамға айтарсың» дедім. Өлең менен кетті-ау деп қайран қалдым. Бұрын өлең жазбаған, қалам ұстамаған адамдай селсоқпын. Жырсыз, көңілсіз күндер өтіп жатты. Қайтейін енді, кейде өз-өзімнен «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, мен де мына күйіммен, осы бір кітабыммен  «Шырақ-Шырақ» деп қартаятын шығармын деп күліп қоям. Бір күні кітапханаға барсам, түріктің қызы мен жігітін кездестірдім. Таныса келсек, олар Астанадағы қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері екен. Олар мені лицейге оқушылармен кездесу үшін поэзия сағатына шақырды. Көңілім соқпаса да бардым. Кеш соңында түрік ақындарының кітабын сыйлады. «Мүмкін түрік ақындарын қазақ тіліне аударарсыз?» деп қояды. Мен ішімнен «Қайдағы аударма? Қайдағы өлең? Менің тіпті ештеңе де жаза алмайтынымды бұл қасқалар сезе ме екен?!» деп мұңайдым. Шындығы сол, түріктің атақты ақыны Жаһыт Сытхы Таранжының жыр кітабы мені қатты қызықтырды. Оның өлеңдеріндегі ой мен сезім ағыны, рух биіктігі жүрегімді қозғап өтті. Сол күндерде «қазақ, қазақ»  күңіреніп мүжіле берсем, кім біледі, күйреп кетер ме едім?! Сөйтіп, түрік поэзиясындағы түркілік сарын мені екінші рет өлеңге алып келді. Қазір таңғалам, түрік ақындарын аударғаннан кейін ғана «Дина», «Хиуаз», «Ділдә», «Байқоңыр», «Бауыржан» т.б. атты поэмаларымды жаздым. Түрік ақын-жазушыларын өз қызығушылығыммен аудардым. Сол кездерде  Түркияда оқып келген мықты екі жігіт: Дархан Қыдырәлі мен Мәлік Отарбаев менің аудармаларыма қызығушылық танытты. Олар маған: «Біз Түркияда ондаған жыл тұрдық, білім алдық, қызмет еттік. Біз де түрік ақын-жазушыларынан аударма жасадық. Біз сонша жыл жүргенде сіңіре алмаған түріктің мінезін сен қалай сіңіріп алғансың? Сен түрік тілін бізден күшті білесің бе? Сен кімсің, өзі?» деп таңғалған кездері де болды. Дархан да, Мәлік те білімді, талантты жігіттер ғой. Құрметтеймін. Олар сияқты түрік тілін білмейтінім рас. Өздігімше оқыдым тілді. Аудармаға келсек, менде ақындық интуиция мықты дер едім. Аударма барысында өзімнің шығарған методикама жүгінем. Шығарманың тақырып пен идеясын тауып алам. Содан кейін ойлар, сөздер тізбек-тізбегімен жүрегімді қатты соқтырып, миымда қайнай бастайды. 

Дәурен Берікқажыұлы: Иә, аудармашыға мықты эрудиция ғана емес, энциклопедиялық терең білім және ең бастысы – денсаулық керек. Оған екпін қойып отырғаным, қазір сәл отырсақ сегізкөзіміз сырқырап, көзіміз бұлдырап шыға келетін болды. Жас кезде көп нәрсе білінбейді екен. Жұматай Жақыпбаев айтпақшы «усидчивость» жақсы-ақ қасиет, бірақ оған да денсаулық керек. Менің аптасына бір мәрте доп, я шаңғы теуіп кететінім сол. Аударма – қатаң дисциплинаны ғана емес, қатқан денсаулықты да талап ететін жұмыс. Ал сабақтастыққа келер болсақ, маған ол жарықтық Кеңес аға Юсуповтан кейін үзіліп қалғандай болады да тұрады. Олай дейтінім, аударма үшін ауырып, аударма үшін жүгірген тап сондай адам көрмедім одан кейін. Бұл сөзім біреулерге ұнар, біреулерге ұнамас, әрине. Олай емес десе, Кеңес аға шығарған «Әлем әдебиеті» қайда қазір? Соған пара-пар бір басылым бар ма аударма еңбектерін тұрақты түрде жариялап отыратын өзі? Жоқ қой, онда несіне қызылкеңірдек боламыз?! Жатқан жерің жайлы болғыр Кеңес аға Мәскеудегі Литературный институт сияқты бір орталық ашқысы келіп жанталасты кезінде, бірақ оны қолдайтын ешкім болмаған сияқты. Менің қолдай алмағаным, жас болдық, отбасылық жағдайым еш мүмкіндік бермеді оған. Аудармашылықта түрен салған ағамыз Ғалымжан Мұқановтың жағдайын өзің де білесің. Еңбегін пайдаланып баққан билік өзін иттей қылып өлтірді ақыры. Оған қаламгерлердің өзі ара түспегесін, өзгесіне не деп өкпелейсің? Кезінде Абайды, Әуезов пен Махамбетті французша сөйлетіп, сол арқылы юбилейлерін ЮНЕСКО деңгейінде тойлауға бірден-бір атсалысқан азаматты еске алған бір адамды көрдің бе? Әркім өз қотырын қасып жатқан заман, қысқасы. Ешкімді ешкім іздемейді. Он кітап аудардық қой, мәу деген бір адам болсашы. Астанада емес, Антананариву сияқты бір жерде жүрген сияқтысың. Ру-ру, клан-клан болып бөлініп алған біреулер. Ешқандай жерге барғым да, ешкіммен араласқым да келмейтіні де сол. Естеліктерді оқып отырсаң, бұрынғылар бір-бірінің тағдырына алаңдайтын адам болған екен кәдімгідей деп қан жылайды ішің. 

Меңдолла Шамұратов: Жоғарыда айтқанымдай, бізді біріктіретін орта жоқ. Егер жекеменшік баспалар танымал редактор, әйгілі жазушы, білімді әдебиетші-ғалым, мықты аудармашылардан тұратын редакциялық алқа ұстап, сапа деңгейін қатаң бақылауға алса, мектеп қалыптасады, сабақтастық жалғасады. Қазір бір роман аударып баспаға жіберсең, ол жақта оны әлі тәжірибесі толықпаған редакторлар қарайды да, түпнұсқадан ауытқымағаныңды, стилистикаңды, түсінікті, жатық оқылуын қарап жібере салады. Ал егер нағыз әдебиетші-ғалымдар, керемет жазушылар болса, әлбетте шығармаға қатысты талқылайтын тұстар табылар еді. Ол аудармашының тәжірибе қалыптастырып, шыңдалуына да жақсы. Баспалар аударма ұсынғанда осыған мән берсе жақсы болар еді.

4. Соңғы жылдары ағылшын, түрік, араб тілдерінен тікелей аударып жүрген жастар шоғыры пайда болды. Осы жастардың деңгейін бұрынғы мектеп өкілдерімен салыстырғанда қандай өзгешеліктер мен сапалық айырмашылықтарды байқайсыз?

Маржан Ершу: Аударманы қадағалап оқып жүрген жоқпын. Бірақ жақсы дүние қолыма түссе, оқуға тырысам. Жақсы дүниеге тәнтімін, жақсы аударманы оқысам  қуанам. Өсіп келеміз деп... Классик жазушымыз Тахауи Ахтановтың: «Шеберлік деген жол–жөнекей келетін нәрсе. Тек әдебиетке деген адалдықты жоғалтып алмаңдар. Талант та ар сияқты, компромисті, жеңілдік жасауды көтермейді. Сондықтан өз таланттарыңа қатал болыңдар», - деген сөзін бойтұмарымдай көрем. Аудармада сапа маңызды. Әр қаламгер өз еңбегін қызғыштай қори бермей, өз-өзіне батыл сыншы да болғаны оңды-ау. «Келмейді былдырлағым, былдыр еткім» деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай, аудармада «тек былдырлап» жұртқа тез тарап, тез ұмытылатын жеңіл жаңалыққа құмар болмаған абзал  деп білем. 

Дәурен Берікқажыұлы: «Қазақстан» арнасында жұмыс істеп жүргенде дубляж бөлімін басқардым ғой, сонда байқағаным, бізде тіл білетін талантты жастар баршылық. Тек соларды іздеп тауып, бастарын біріктіріп, ағалық қамқорлық көрсетіп жөнге салу жағы атымен жоқ. Біз бұрын орыс тілді аудармашылар істеген жұмыстардың бәріне өзіміздің қаракөздерімізді тарттық, әрі соларға сенім арттық. Кино аударуға машықтандырған сол балалардың ешқайсысы да аудармашы емес еді әйтпесе. Есесіне, сол жерден қандай кадрлар өсіп шықты. Олардың алды бүгінде Сыртқы істер министрлігіне қатысты департаменттерді басқарса, қайсыбірі университеттерде сабақ беріп жүр. Сөйте тұра, әлі күнге дейін арнаның жұмысынан қол үзбегендері де аз емес.

Мұны айтып жатқаным, шет тілінен әдеби шығармалар аударып жүрген адамдар көп емес бізде. Мәселен, түрік тілінен Досым Зікірия, жапон тілінен Шарапат Жылқыбаева сияқты мамандарға біз ұлттық қазынасы деп қарауға тиіспіз. Керек десең, алаңсыз жұмыс істеу үшін оларға жағдай жасап беруге тиіспіз. Хоккей мен футболдағы қайдағы-жайдағының бәрі алатын айлықтың оннан бірін де алмайтындай, не деген сорлы жұмыс бұл деп ара-тұра күйіп кететінім рас. 

 «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, аудармашылар одағын құрайық, оларды «Болашақ» сияқты бағдарламалар арқылы оқытайық, курстар жүргізейік, қаламақысын жөндейік дегелі отыз жылдан асты ғой, қозғалған пенде көрген жоқпын. Оны осымен доғарайық, әйтпесе, қойқаптағы қай-қайдағы жындарым қайта көтеріліп ауырып қалам. 

Меңдолла Шамұратов:  Басқа тілдерден тікелей аударылған шығармаларды толықтай оқып көргенім жоқ. Бірақ бір-екі шығарманың бес-алты бетін парақтап шыққаным бар. Сонда байқағаным, біздегі аудармашылар негізі шығарманың қазақ тіліне жатық, жеңіл оқылуына қатты мән береді. Бар күшін соған салады. Аудармаға қатысты пікір айтқанда да көбіне жатық, жеңіл оқылады екен деп баға беріп жатады. Сосын да аударманың жатық болып шығуына баса назар аударамыз. Бұл әрине дұрыс қой. Алайда, кейде солай істейміз деп автордың стиліне, мәтіндегі ойдың ішкі ағынына нұқсан келтіріп алатынымызды байқамаймыз. Жеңіл оқылу үшін түпнұсқадағы күрделі салалас-құрмалас сөйлемді бірнеше бөлікке бөліп тастаймыз. Кейін оқып қарасам, бұл деген жайымен ағып жатқан суды бір-біріне қоспай, орталарына жасанды бөгеу салып тастағанмен бірдей көрінеді екен. Яғни, мәтін ішіндегі ой ағынын зорлықпен бөліп тастаймыз да, шығарманың қуатын әлсіретіп жібереді екенбіз. Осы кемшілік бәрімізде де кездеседі.

5. Енді осы аудармада сан мен сапа тепе-теңдігін айтайықшы. Сан жағынан үлкен серпіліс бар шығар. Бірақ, асығыстық пен сапасыз редакциялау проблемасы қосарлана жүреді. Осы тұрғыда қандай бақылау я болмаса сараптама механизмі керек? Әлде сөз жоқ сапалы ма?

Маржан Ершу: «Ақын аз, ақын болып күнелткен көп» дегендей, бұл күнде аудармашы да көп. Аударма жанрына үлкен қызығушылық бар екені рас. Сан да өсер, сапа да жақсарар. Әлімсақтан белгілі сөз бар ғой. «Жазушының аудармашысы болу – қызметші болу, ал ақынның аудармашысы болу бәсекелес болу» деген. Поэзияны аударудың қиындығы бесенеден белгілі. Мен ноғайдың өмірден ерте кеткен белгілі ақыны Кадрия Темірболатованың өлеңдерін аудардым. Жұртшылық жақсы қабылдады. Кадрия - тағдырлы ақын. Тағдырлы жырлар. 

 «...Адамдардан өзім безген шақтар бар,

Менен үркіп қашты қанша пенделер.

Мені алда шақырады ақ таңдар,

Ал өсектер ескен желмен тербелер.

Мен танимын табиғаттың дауысын,

Аталарым мінген аттың тұяғын.

Менің жаным қылдай нәзік қауырсын

Дала үнін жырларыма құямын.

Дала даусы,

Ғасырлармен үндескен,

Сол бір дауыс құлағымда тұрады,

Даламенен дала болып тілдескем.

Менің даусым тастардан да шығады...»

«Менің дауысым тастардан да шығады» деген аударма өлеңімнен үзінді бұл.  Белгілі әнші Сәуле Жанпейісова бұл өлеңге қатты қызықты да, ән шығарды. Бір күні Сәуле айтады: «Маған осы өлеңнің ноғайша мәтінін жіберші», - деп. Жібердім. Сәуле Жанпейісова қатты таңғалып, телефон шалып тұр. «Ноғайшадан қазақшасы мықты ғой, мына өлеңнің тіпті тақырыбы да жоқ қой?» - дейді. Рас айтады. Мен Кадрияның бұлқынысқа толы жанын ұғындым. Кеңес кезінде ноғай табиғатын былайша асқақтата шырқап жырлай алды ма? Ішінде күйіп кетті ғой сезімі. Сол сезімдері маған ғарыштан әлде белгісіз бір түйсікпен маған жыр болып тамғандай. Өлең деген осындай қасиетті дүние. Түрксой халықаралық ұйымы Кадрия Темірболатованың 70 жылдық мерейтойына орай жоба ұйымдастырды. Мен Кадрия Темірболатованың ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» деген кітабынан аударма жасадым. Кейін, қызығы сол менің қазақша аудармамнан Кадрия өлеңдері өзбек, башқұрт қырғыз, түрік тілдеріне аударылды. Ноғай тілі қазақ тіліне жақын тіл. Әйтсе де айырмашылықтар баршылық. Мысалы ноғайда шөл деген сөз дала деген мағыналы білдірсе, табыс деген сөз дауыс дегенді білдіреді. 

Дәурен Берікқажыұлы: Сан демекші, бәрін өзінен бастағысы келетін үкімет «тәуелсіздік» деген тәтті терминді қай уақытта да тек өз ыңғайына қарай пайдалануға әуес. Егер солар айтқандай тәуелсіздік алған отыз бес жылдың ішінде біздің әдебиетіміз қарыштап дамып кеткені рас болса, бізге жоқ дегенде соңғы елу жылдың сальдосын шығарып көрсетсінші алдымен. Иә, біраз шығармалар цифрланып, біраз дүниелер аударылған шығар, бірақ нәтиже қайда? Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың сапасы көңілден шыға ма? Олардың толық тиражбен шығып жатқанын қадағалап отырған орган бар ма? Бұл сұрақтарды менің замандастарым қоя алмайды. Қоя алмайтын себебі, күні соларға қарап тұр. Бірі ертең шығатын кітабын ойласа, бірі алатын сыйлығын ойлайды. Технология қарыштап дамыған заманда кітапты түрлі-түсті ғып безендіру еш мәселе емес. Мәселе, оның ішінде. Бұл кәсіби дерт болар сірә, мен қазір дубляждалған фильмдерді қалай көре алмасам, аударған кітаптарды да оқи алмаймын солай. Сықап тұрған калька мен қалай болса солай қойыла берген үтір-нүктелерден миым айналып кетеді. Басқасын қойшы, жоқ дегенде балаларды аясаңдар нетті дегім келеді ондай дүниелерді көргенде. Ауызды қу шөппен сүрткендей болмайын, біз сол Астрид Линдгреннің «Карлсоны» бар, Распэнің «Мюнхаузені» бар, Божена Немцованың «Алтын кітабы» мен Николай Носовтың «Дымбілмесін» қазақша оқып өстік қой әйтпесе. Аты есімде жоқ әлдебір армян, я грузин ақынының мұңлы өлең кітабы да есімнен кетпейді әл күн. Кейіннен олардың орнын Әбділдабек Салықбай, Кеңес Юсуп, Қалихан Ысқақ ағаларымыз аударған шығармалар басты. 

Меңдолла Шамұратов: Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім деп ойлаймын.

6. Егер сізде қазақ аударма саласын реформалауға толық құзырет болса, ең алғашқы 3 нақты қадамды неден бастаған болар едіңіз?

Маржан Ершу: Осы бізде толып жатқан кеңес, ақылдастар алқасы, кеңесшілер, штаттан тыс кеңесші дегендер көп. Толған ақылман-данышпандардан сұрау керек мұндайды. Мен олардың тізімінде жоқпын. Сондықтан бұл сұраққа жауап бермеймін.

Дәурен Берікқажыұлы: Соншалықты «инфантильный» бола беруге болмайды ғой..! Адамның жүйкесіне ши жүгіртетін осындай сұрақтарды қайдан тауып аласыздар? Айтарымның бәрін әлгінде айттым ғой, көкбет қатын сияқты аузым көпіріп оларды қайталай бергім келмейді. Өздері Мәскеу асып Әдебиет институтында оқыған, өмір бойы қызметте болған, былайша айтқанда, айналайын биліктің алқауында жүрген ағаларым аман тұрса, біздің осы кеткеніміз кеткен. Біздің ағаларға әдебиеттің проблемасы емес, «сен құдіретсің» деген ода мен мақтан ғана керек. Әкелері қалам ұстаған тұтас бір буынның билігі салтанат құрып тұрған кезде жарымаған әдебиет қашан жариды? Солар естімеген зарды кейінгілер естиді деп ойлайсыз ба? Әдебиетіміз күшті болса, жасымыз елуден асқанда көрінгенге көзтүрткі болып я қызмет, я үй жоқ біз өстіп жүреміз бе? «Кітап оқитын ұлт» - сүйкімді сөз, дау жоқ, бірақ мен ақын, аудармашы болғаным үшін балаларымнан ұяламын. 

Меңдолла Шамұратов: Егер менде құзірет болса, арнайы аударма институтын ашар едім. Оған мемлекеттік грант бөлгінгенде аудармашылар арасында байқау жариялаймын. Әуелі аударылуға тиіс шығарманың бес парағын аудармаға беремін. Үміткерлер сол бес парақты аударып, институт жанындағы эксперттік кеңестің қарауына жолдайды. Бұл кеңестің құрамында белгілі жазушылар, тіл мамандары, әйгілі ғалымдар, аудармашылар болады. Солардың сынынан өткен адам шығарманың аудару құқығына ие болады. Сонда сан да, сапа да, бәрі теңеседі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Той-қазына

19.10.2026

1245

Taza Qazaqstan