Алматыда өткен «Ұлы Жібек жолымен – 2025»халықаралық кітап және полиграфия көрмесінде «Көшпенділер ойындары» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа басылым ұлттық ойын мәдениетінің мән-маңызын заманауи форматта таныстырып, көпшіліктің назарын аударды.
Алматыда дәстүрге айналған бұл көрме биыл да халықаралық сипатымен ерекшеленді. Қазақстанмен бірге Ресей, Қытай, Қырғызстан, Иран және өзге де елдердің баспалары қатысып, әдебиет пен полиграфия саласындағы жобаларын ұсынды. Жаңалыққа толы таныстырылымдар, шеберлік сабақтары және ғылыми-танымдық кездесулер көрменің мазмұнын байытты.
Осындай кең алаңда Arman-PV баспасы көпшілік күткен «Көшпенділер ойындары» еңбегін таныстырды. Жобаның идея авторы – Дидара Алина, кітап авторы – Қымбат Қараева. Басылым үш тілде жарық көріп, қазақтың ұлттық ойындарын тарихи, философиялық және тәрбиелік қырынан кешенді түрде сипаттайды. Бәйге, көкпар, қыз қуу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ойыны сияқты дәстүрлердің дамуы, мағынасы және ұрпақ сабақтастығындағы орны тартымды тілмен ашылған. Иллюстрациялар жасанды интеллект арқылы әзірленіп, дәстүр мен технологияның үйлесімді синтезін көрсетті.
Шара тек ресми таныстырылыммен шектелген жоқ. Келушілерге арналған асық ату, білек сынасу, көкпар шеңберіне дәл түсіру сияқты шағын ойындар ұлттық ойын рухын сезіндіре түсті. Бұл көрермендердің көңілін көтеріп, кітап мазмұнын практикада да танытуға мүмкіндік берді.

Тұсаукесерге келген зиялы қауым, ұстаздар, тарихшылар мен оқырмандар еңбекке ерекше қызығушылық танытты. Автор Қымбат Қараева ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні жөнінде пікір білдірсе, Arman-PV бас редакторы Айгүл Бекболатова кітаптың ғылыми және көркемдік тұрғыдан дайындалу кезеңдерін атап өтті. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов еңбектің қазақ руханиятына қосар үлесін жоғары бағалады.
«Біздің ұлттық ойындарымыз – тек көңіл көтерудің амалы емес. Ол – қазақтың ойлау жүйесін, мінезін, бірлігін, еркіндігін сақтап келген құдіретті мектеп. Асық ойнаған бала есепке жүйрік болады, көкпар көрген жас жүректілікті таниды. Біздің мақсат – сол рухты бүгінгі ұрпаққа жоғалтпай жеткізу. Ұлттық ойын – ұлттың жан тамыры. Бұл кітап сол тамырдың бүгінгі заманға лайық жаңа тынысы», – дейді Кітап авторы Қымбат Қараева.
Бұл еңбектің маңызын бірнеше қырынан бағалауға болады. Біріншіден, ұлттық ойындарды жүйелі түрде талдап, ғылыми-танымдық тұрғыдан ұсынатын еңбектер сирек. Бұл кітап – осы олқылықтың орнын толтыруға жасалған маңызды қадам.
Екіншіден, жасанды интеллект арқылы жасалған иллюстрациялар – қазақ руханиятының жаңа технологиялармен үндесе алатынын көрсететін айқын мысал. Бұл тәсіл жас буынды ұлттық мазмұнға жақындатудың тиімді жолы.
Үшіншіден, тұсаукесер барысында өткізілген шағын ойындар кітап идеясын нақтылай түсіп, ұлттық ойынның өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл – мазмұнды тек оқып қана қоймай, тәжірибе арқылы сезінудің тиімді моделі.
