Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Күлтөбедегі» бүгінгі талқы: «Ағыраптағы аты жоқ а...

15.05.2024 1681

«Күлтөбедегі» бүгінгі талқы: «Ағыраптағы аты жоқ адам»

«Күлтөбедегі» бүгінгі талқы: «Ағыраптағы аты жоқ адам» - adebiportal.kz

Махамбет университетінің филолог магистрант жастарымен «Күлтөбе» хабарында тағы да бас қостық.  «Күлтөбедегі» әдеби басқосуды хабар қонақтары магистранттар жаңадан жарық көрген Қ. Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романына арнады. Осы романды таңдап, оқып келгендер санының көптігі байқалды. Магистранттар романның тек оқырманы болған жоқ, жан-жақты талдауға тырысты. 

Әдеби талқылауға қандай романдар  алынды дегенге келсек Қазақстан Жазушылар одағының «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында жақында ғана жарық көрген Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» (талдауымызды осы романнан бастаған едік), Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» атты романдары мен жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың «Заманауи қазақ прозасы» сериясымен шыққан «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы. 

Балауса Бірлесова, магистрант: 

- «Әдебиеттің негізгі предметі – адам» десек, бұл роман «Ағыраптағы аты жоқ адам» жайында. Атауын естіп-ақ, «Ағырап» деген не деген сауал тууы мүмкін. Бұл сауал бізді де айналып өтпеді. Автордың айтуынша, «Ағырап – жұмақ пен тозақтың арасындағы мекен». Басты кейіпкердің «Ағырабы» –Нұршақ. Екінші сауал: «Неге басты кейіпкерге ат берілмеген, неге аты жоқ?». Жазушы Дәурен Қуаттың пікірінше, «Ағыраптағы аты жоқ адам» – бас кейіпкерінің аты белгісіз қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман. Шығарма соңында Әнияның Аты жоқ адамға тастап кеткен хатында: «Сенің атыңды атағым келмейді. Атың өшсін» деп басталады. Бұл сөздің өзі де бекерден-бекер жазылмаған. 

Шығарманың өзге романдардан ерекшелігі – роман-реквием түрінде жазылуы. Реквием – діни термин. Роман-реквиемнің алғашқы бетінен-ақ қорқыныш лебі есіп тұрады. Бұл роман оқырман ретінде маған қорқыныш ұялатпаса да, мені ойға қалдырған, біраз толғандырған роман болды.  Қазіргі қазақ прозасында роман-реквием жанрында жазылған романдар да санаулы. 

- Романның көтерген тақырыбы несімен өзекті?

Балауса Бірлесова, магистрант: 

- Жазушыға арқау болған тақырып өмірдің шынайы суреті десек, шығармадағы көрініс әрқилы тұрғыда суреттеледі. Жазушы бұл туындысында бүкіл тіршілік атаулыдан оқшау қалып, 14 жыл өмірін абақтыда өткізген жанның ғұмыры, қазақ даласына енген жаңа көзқарастар, өтіріктің құрбаны болған адам тағдырлары, сүйіктісіне қосыла алмаған бақытсыз пенде, әкесін аман алып қалу үшін арын сатқан қыз, қыспаққа түсіп ағасына опасыздық жасаған бауыр, шарасыздықтан баласын жетімдер үйіне өткізген ана, жоқшылық қысқан тағдырлар, жиһад жасап, түзу жолдан адасқан пенделер, күйеуден соққы жеген әйел мен өзінен жас еркектен пана іздеген бейбақ, қыздық құнын жоғалтып, қадірін кетіргендер де бар. Бірақ жазушының ең басты  көтергісі келген тақырыбы, қазіргі заманның дертіне айналған баспана мәселесі. 

Модератор: 

-    Белгілі әдебиетші ғалым Р. Нұрғалиев: «Жазушы құбылысты жан-жақты зерттеп, әртүрлі қырынан алып қараудан туған сан алуан бояу, мың құбылған сәулені шашыратып, бей-берекет бытыратып жібермес үшін композицияға сүйенеді», - деген еді. Қаламгердің романдағы оқиғалар желісін қиюластыруда  өзіндік ерекшелігіне тоқталсақ...

Балауса Бірлесова, магистрант: 

-   Романда шегініс арқылы шығармадағы оқиғалар өрілімін беру де жазушының өзіндік ерекшелігі: «Түрмеден босай сала бір келі жаңғақ пен бір келі жүзім сатып алып араластыра жегенмін. Сол-ақ екен, көңілім босап, ағыл-тегіл жыладым. Өзімді ұстай алмай егіле бердім. Көзімнен аққан жас иегімді дымқылдап, ерніме ащы кермек дәм келді. Бұрын соңды жеміс жемеген адамдай қарпып-қарпып жібердім. Бала кездегі дәм көңілімді бұзып, үздіксіз жұтына бердім. Якупова көшесіндегі жарбақтағы үйіміз Ағырапта тұрған пәтеріміздің ішіндегі хан сарайындай еді. Өз алдына жеке жеке асханасы бар. Одан бөлек, екі бөлме. Бір бөлмеде әкем мен шешем, екіншісінде інім екеуміз ұйықтайтынбыз».  Бұл үзінді арқылы автордың жасаған шегінісін байқауға болады. Романда оқиға желісі кенет үзіліп, оқиғадан тыс жайтты баяндау көп кездеседі, белгілі бір хронологияға сүйеніп жазылмаған.

Модератор: 

-     Мінез – адамның ішкі болмысы десек, сол мінезді танытуда, даралауда  жазушы қандай көркемдік тәсілдерге жүк артады?

Балауса Бірлесова, магистрант: 

- Адамдардың қарым-қатынасы шебер жазушының қолында. Суреткер оны диалог арқылы да, монолог арқылы да көрсетеді. Аты жоқ адамның: «Әлияға барсам ба, бармасам ба? Барсам, не айтамын? Еркін әзілдескенге қарағанда бойдақ болар. Сүмбідей сұлу келіншектің көңіл пердесін басып, басын шыр көбелек айналдырармын. Бірақ оны Ағырапқа барған соң іздемеймін ғой. Іздемеймін» деген толғанысы соған дәлел. Кейіпкер сөзінен Әнияға деген сезімінің өшпегендігін, Әлияға ғашықтық көзбен емес, Әнияға ұқсатқан ару ретінде қабылдағанын, оған жамандық қыла алмайтынын аңғара аламыз.  Жазушы шығармасында диалогтерде кейіпкерлердің іс-әрекетінің себебі, мінез-құлқы мен бар болмысы ашылады. Сонымен қатар адам тұлғасының жан-дүниесі танылып, шым-шытырық, қым-қиғаш оқиғалар сәттерінде қызмет етеді. Диалог тәсілі арқылы жазушы шығармасындағы кейіпкердің арманы, мақсаты белгілі болады. Мына бір диалог Кененнің арман-мақсатынан хабар береді:

- Үй деген сөздің мағынасын білесің бе?-дейді түтінін будақтатып.

- Үй деген үй де...- дейді інім күмілжіп.

- Дұрыс емес, үй дегеннің түбі «үю» дегеннен шыққан. Қарашы, көршілеріміз тапқан-таянғанын бір жерге үйіп жатыр. Өстіп үйе берсең, ол үй болады. 

Шығармада кездесетін көп нүктелердің көптеп қойылуы арқылы психологиялық ұзақ кідірісті енгізе отырып, автор кейіпкердің ішкі күрсінісі мен сезімін жеткізгісі келеді:

«Елдес менің інім... Қалайда кешіруім керек» дей беремін іштей өз-өзіме.

«Заң адамдарына ұзақ уақыт ұстатпай бой тасалап қашып жүрмесем, олардың айдауына көніп, айтағына ерсем, кім білсін, мен де ел қатарлы бостандықта жүрер ме едім... Сотталсам, ендігі інімнің иттігін кешірер едім ғой. Кешер едім».

Модератор: 

- Қаламгердің түс көрудің көркемдік қызметін кейіпкердің табиғатын тануда, ішкі әлеміне терең бойлаудың тәсілі ретінде пайдаланғандығына нақты мысалдар келтіріп өтсек...

Балауса Бірлесова, магистрант: 

-    Шығармада түс көру де кездеседі.  Қаламгер түс көрудің көркемдік 

қызметін кейіпкердің табиғатын тануда, ішкі әлеміне терең бойлаудың әдісі ретінде пайдаланған. Түстің шындық өмір елесі екенін, адам ғұмырында өзіндік орны барын көрсетеді: 

-    Арандатушылар. Арандап қалмаңдар, - деп шыр-шыр етеді 

қызметкерге ұқсайтын аға. Біз төрт жігітке тап бердік. Иығымнан біреу жұлқылап оятты. Оянсам, шешем...

- Балам, жайсыз түс көрдің бе? Ыңырсып жатырсың, - дейді маңдайымнан сипап.

-Иә, жайсыз түс көрдім-ау, - дедім орнымнан тұрып жатып. 

Адам психикасына әсер ететін окульттік белгілер, соның ішінде елестің шығармада кездесуі, Ұйғыр шалдың өткенінен хабар беріп, әңгімеге еліте түседі. 

Тағы бір айта кететін, мен үшін тосыннан болған жәйт – анасының баласын жылдар бойы іздеуі. Шығарма соңына дейін қаламгер Аты жоқ адамның анасы жас жігіттің арбауында кетіп, баласын іздемеген тас жүрек ана ретінде көрсетіледі, біз соған сеніп отырамыз, Аты жоқ адамның ренішінің орынды екеніне келісеміз:

«Шешем сандығынан бір бума пойыз билеттерін алдыма әкеп тастай салды. Қобырап билеттер шашылды да қалды. 

-   Сені көрсем-ау деп бармаған түрмем жоқ. Сені босатсын деп Астанада 

аштық та жарияладым. Аз тер төксем, бар… Жоғал, көзіме көрінбе!». 

Бұл сабылып баласын іздеген ананың жан айқайы, саяси тұтқын деп бір рет баласын көруге зар болған ананың ішкі күйігі. Академик З. Қабдоловтың: «Шын мәніндегі көркем сөз ұсталары қашан да болсын, өз өнер туындысына айналдырып отырған өмір шындығын бетінен қарпымай, тереңнен қамтиды; жалаң алмайды: ішкі қыртыстарымен қоса, қопара көрсетеді; қолдан бояп, жасандылыққа апармайды, өз түр-түсімен табиғи қалпында кескіндейді», - деген пікірінің ақиқаттығын Қанат Әбілқайырдың романын оқып отырып, келісеміз. Романның тілі жұтаң емес, оқырманға түсінікті. 

Модератор: 

-      Романдағы назар аудартқан ерекшеліктерді жалғастырсақ. Шығармадағы көркемдік уақыт мәселесіне келейік...

Айнұр Нәукенова, магистрант: 

- «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы мен оқыған ерекше туындылардың бірі. Шығарма қым-қуыт оқиғаларға толы. Гогольдің «Вий» шығармасын еске түсіретін бір деталь бар. Кейіпкердің аты аталмайды. Бұл – нағыз символика. Шығармаға ерекшелік беріп тұр бір жағынан. Сөзі шорт кесілген, ойы алыста, іс-әрекеті сөзінен әлдеқайда көп. Ағыраптағы аты жоқ адам бейнесі бұл. Тек атсыздың болашаққа емес, өткенге көбірек ой жіберуі, алдағы күнінен емес, парағы шимайға толы алыс кеткен тіршіліктің көлеңкесінен қорқуы жаныңды шымырлатады. Бір демде кейіпкерлермен бірге олардың өмірін сүріп жатқандай, Әлия мен атсыздың қасында үшінші адам болып бәрін естіп тұрғандай күй кешесің.  Менің назарымды аудартқан бір жайт бар. Шығармада тақырып пен уақыт кезеңіне ауытқу бір мезетте жүзеге асады. Тарау белгісін де, не алыстан алып келетін түсіндіруді де көрмейсің. Мысалы:  «Кірпік қақпай Әлияның жүзіне қадалдым да қалдым. Оның көзқарасынан тағы да Әниямды көрдім. Айтқан ауызға оңай болғанмен, жер басып алудың тауқыметі қиын екен. Әкем үй бетін көрмей, бірер ай далада түнеп жүрді. Біз Елдес екеуміз әкеме ас-ауқат тасимыз».  Бұл жерде автор осы шақты баяндап келе жатып дереу өткенге оралады

Линда Есқалиева, магистрант: 

-   Роман негізінен саяси қылмыскер ретінде 14 жыл түрмеде отырып шыққан  «аты жоқ адамның» естеліктерінен тұрады. Басты кейіпкердің қазіргі жағдайы мен он төрт жыл бұрын болған оқиғаларды үйлестіре баяндауынан жазушының шеберлігі байқалады. 

Балауса Бірлесова, магистрант: 

-    Тағы бір ерекшелігі жаргон сөздердің де кездесуі. Әдеби тілдің лексикалық нормасына жатпайтын сөздер шығарманың екінші бетінен-ақ кездеседі: мысалы, кича – жалғыз адамдық камера; вертолёт – түрмедегі төсектің үсті; т.б. Сонымен қатар дінге қатысты сөздер, ғылыми терминдер бар.

Модератор:

-     Роман кейіпкерлері туралы сөз болғанда, аты жоқ адамды атадық. Өзге кейіпкерлер қандай болмысымен есте қалды?

Линда Есқалиева, магистрант: 

-  Шығармадағы негізгі кейіпкердің бірі – аты жоқ адамның әкесі  Кенен. Күрделі, қайшылыққа толы кейіпкер. Кененнің кейбір әрекеттері жүрекке жылы тигенімен, кейбір мінездері еріксіз тіксіндіреді. Өмірде жолы болмаған адамның дінге бет бұрып, теріс діни ағымның жетегімен отбасымен Сирияға аттануы, соңында отбасынан айырылып, түрмеге түсуі қазіргі қоғамдағы «адасқан жандардың» тағдырынан сыр шерткендей. Романның басында аты жоқ адам анасының өзін түрмеге 14 жылда бір іздеп келмегеніне іштей налиды. Бірақ шығарманың соңында анасының ұлын түрмеден босату үшін «бармаған жері, баспаған тауы қалмағанына» көзі жетеді. Басты кейіпкердің анасы – өмірде көп қиындық көрген, тұрмыс тауқыметін тартқан, күйеуінен жазықсыз зорлық-зомбылық көрген әйел. Алайда осыншама қиындықтар әйелдің сағын сындыра алмаған, екінші рет тұрмыс құрып, күйеуі тастап кетсе де, ұлын өсіріп, ошағының отын сөндірмей отыр. Түрмеден шыққан баласын құшақ жая қарсы алып, аналық мейірімін төгеді. Бұл жерде халқымыздың «әйел қырық шырақты» деген нақыл сөзі ойға оралады, қазіргі қоғамдағы әйелдер бейнесін көргендей болдық. 

Модератор: 

-   Романда көтерілген баспана мәселесін айқын көрсеткен детальға оралсақ...

Айнұр Нәукенова, магистрант: 

- Шығармада махаббат, түрме, сатқындық, баспана, отбасы сияқты тақырыптар қамтылады. Соның ең ауқымдысы – баспана мәселесі. Бұл мәселе дәл бүгін де өзекті. Баспана жәйінің атсызға қаншалықты ауыр тиетінін шығарма басында екі қасы бір сызықпен сызылған апамен болған диалогінен білуге болады: 

«- Ағырапта тұрасың ба?

- Иә…

- Үйім жоқ.

- А, пәтер жалдап тұрады екенсің ғой.

Ешбір зілсіз сөз арасында айтыла салған елеусіз сөз жүрегіме шаншудай қадалды.

-        Иә, пә-тер-де…». Нұршықтағы үйлері заңсыз деп танылып, бір сәтте ізім-ғайым көзден бұлбұл ұшқанын есіне алса, тамағына ащы өксік тығылады. Атсыз ертеңгі күнді мүлде ойламайды. Мен болмаған он төрт жылда не болды екен деген ой оны қызықтырмайды. Ол тек өткенді қазбалаумен өмір сүреді. Әлиямен айтар ортақ әңгімесі де жоқ. Түрмеде болғанынан жасқанып, жасырады. Оның еш жазығы болмаса да, түрменің аты түрме деп қабылдайды. Атсыздың жаны түрме үшін арналмаған. Оның сезімі, жай-күйі, түсінігі ешкімге зияны жоқ адамның көрінісі. 

Модератор:

-    Романға қандай баға берер едіңіздер? Нақты тұжырыммен берсек...

Балауса Бірлесова, магистрант: 

-   Роман 3 ай уақытта жазылса да, атүсті жазыла салмағаны көрініп тұр. 

Қаламгер тағдыр, түйсік, ой, қиял, сезім заңдылықтарын терең түсіне отырып, кейіпкерлердің өмірге деген көзқарасының қалыптасуындағы әртүрлі бел-белестерді, заман көріністерін шынайы суреттеуде өз ерекшелігімен танылады.

Тұжырыммен берсек:

1. Қаламгер суреттеген оқиғаның кезең шындығымен, заман үрдісімен үндестік табуы;

2. Жазушының кейіпкерлерінің сезім-күйлерін өз «сезімінен», ой елегінен өткізе білетіндігі, сол арқылы оқырманына әсер етуі;

3. Кейіпкердің бір ғана сәттегі қуанышы мен қайғысын, жеңілістері мен жеңістерін ішкі монолог, ой ағысы, психологиялық диалог тәсілдерімен шынайы, нанымды бере білуімен ерекшеленеді деп айтуға болатындай.

Айнұр Нәукенова, магистрант: 

- Бауыры сатып, он төрт жыл өмірінің он төрт күндей қадірі болмағанына, ата-анасының ажырасып, сүйіктісімен қосыла алмай, болашағына еш үмітсіз қарайтын атсыздың «аты аталмауы» да дұрыс шығар деп қаласың. Атын жасырып іштегі аласапыранды барша әлемге паш етіп, айқайлай айтып, еш бүкпесіз өкінішпен өткен өткенді жеткізген сықылды.     Бұл шығарма – жаңа баспалдақ. Атсыздың басына түскен жағдайы арқылы көп нәрсе ұғынуға болады. Ұғынар көңіл мен түйер ой болса, біршама «инсайттар» жатыр бұл романда. Шығарма жалықтырмайды, айтар идеясы бар. Тәуекелмен жазылған шығарма ма деп те қаласың. Сонысымен ұнады. 

Әсима Сайлауова, магистрант: 

- Адам өмірде ізін қалдыру үшін теңіне қосылып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүюі тиіс. Ал, осындай нығметтердің бәрінен айырылған пендені артына із қалдырған, аты бар адам деуге бола ма? Бас кейіпкердің мына жалған дүниеден тұрақ таба алмай шерменде күйге душар болуы, бауырының «жындыханаға» тоғытылуы, әкесінің артынша түрмеге түсуі, сүйгені Әнияның аты жаман дертке ұшырауы, анасының басқа отбасылық өмірі, бәрі-бәрі сені шығарма аяғына, яғни Ағырапқа әкелмей қоймайды. Жұмақ пен тозақтың арасындағы қыл көпірге қалай келіп қалғаныңды байқамай да қаласың...

Линда Есқалиева, магистрант: 

- Кең байтақ Қазақстанның бір түкпірінен алақандай баспана бұйырмаған, тірнектеп жинаған дүниесінен айырылғысы келмей қарсылық танытқан адамдар тағдырының бір күнде күл-талқан болуы оқырманның жүрегінде түрлі сезімдер тудырып, түрлі ойларға жетелейді. «Ағыраптағы аты жоқ адам» – шаңырағы шайқалған отбасының талайсыз тағдырын арқау ету арқылы тұтас қоғамды суреттеген күрделі туынды деп бағалауға болады.

                                                                                                     Жалғасы бар...

 

Рита Сұлтанғалиева, 

М. Өтемісов атындағы БҚУ 

қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар