Мәди Айымбетовтың әдеби әлемі
Жақында Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мәди Айымбетовтың 80 жасқа толу мерейтойына орай, «Мәди Айымбетовтың әдеби әлемі» шығармашылық кездесу мен «Құлан елес» атты туындысының таныстырылымы өткен еді. Әдеби жиынға жазушымен өмірінің әр кезеңінде қызметтес болған әріптестері, қаламгер достары, зиялы қауым өкілдері, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесудің тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы ұстады. Модератор әуелі жиналған көпшілік алдында қазақтың көрнекті жазушысы Мәди Айтбенбетұлын барша жазушылар атынан айтулы мерейтойымен құттықтап, қаламгердің әдеби әлемі жайлы бір-екі ауыз жылы лебізін білдіре кетті. Артынша жиынның алғашқы сөзі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан құттықтау хатын оқу үшін Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлына берілді. Қаламгердің ұзақ жылдар Парламент қабырғасында қызмет етіп, отандық заңнаманың қалыптасуына, қазақ тіліндегі жаңа терминдердің қолданысқа енуіне жан-жақты үлес қосқандығын, мемлекеттік қызметтерде абыроймен еңбек еткені жайында Президенттің арнайы құттықтау лебізінде баян етілді.

Мемлекет басшысының құттықтауынан соң, Құрылтай төрағасы Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың атынан жіберілген арнайы құттықтау хатын оқу үшін Құрылтай депутаты, талантты ақын Жанарбек Әшімжан сөз кезегін алды. Ақын Мәди Айтбенбетұлын мерейлі жасымен құттықтай келе: «Осынау өмір белесін аласармас абыройыңызбен, адамгершілік қасиетіңізбен және туған халқыңыздың шынайы сый-құрметімен бағындырып отырсыз. Ел азаматтары өзіңізді қарымды қаламгер, майталман журналист ретінде айрықша құрметтейді. Жылдар жылнамасында сан тарау жолдан өтіп, ұзақ жыл «Ұлан», «Ақ желкен», «Ақиқат» сынды мерзімді баспасөзде жемісті еңбек еттіңіз. Егемендік алар тұста және тәуелсіз мемлекет ретінде елімізде шығарылған алғашқы заңнаманың мемлекеттік тілде мүлтіксіз жазылуына да қызметіңіз сіңді. Шығармашылық әлеміңіздегі әр еңбегіңіз талғампаз оқырманның жүрегінен ерекше орын алғаны анық. Мерейлі жасыңыз тағы да құтты болсын! Абыройыңыз асқақ, беделіңіз биік, мерейіңіз үстем болсын!» - деген Құрылтай төрағасының ізгі лебізін жеткізді.

Еңбек жолында әртүрлі мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеп, Егемендік декларациясы мен тәуелсіздік жылдары қабылданған заңдарды қазақшалауға белсенді араласып, өз үлесін қосқан жазушы Мәди Айтбенбетұлы – бүгінде өзіндік жолы мен қолтаңбасы бар қарымды қаламгер, мемлекетіміздің құрметті азаматы. Жемісті еңбек жолының жеңісті нәтижесі деуге болар, жазушының айтулы мерейтойында құттықтау хаттарды Мемлекет басшысынан бастап, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрі Арман Оразбайұлы Қырықбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұтұлы Қасымбек және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов те жолдаған.

Мәди Айымбетов – өз шығармаларына қоғам тынысын, ұлттық құндылықтарды, қарапайым еңбек адамының өмірі мен игілікті істерін арқау еткен қаламгер. Оның еңбектерінен уақыт шындығы, адам болмысы мен заман келбеті айқын аңғарылады. Жазушы қай тақырыпқа қалам тербесе де, кеңінен көсіліп, адам тағдырын, қоғамдағы өзгерістерді, өмірдің күрделі иірімдерін көркемдікпен өрнектеуге ұмтылады. Сондықтан оның шығармалары оқырманға ой тастап қана қоймай, адамдық қасиеттерді жіті бағалауға жетелейтіні рас.

Шығармашылық кеш барысында қаламгердің әр жылдары жарық көрген туындылары мен журналистік қызметі, ел өміріндегі маңызды кезеңдерде атқарған еңбегі туралы да естеліктер айтылды. Жазушымен әр кезеңде қызметтес болған әріптестері оның азаматтық болмысына, парасат-пайымына, дисциплинаға беріктігіне, қаламгерлік ұстанымына тоқталып, бірге өткізген жылдардан әдемі сыр шертті. Әсіресе, Мәди Айымбетовтің қай ортада жүрсе де, сөзге жауапкершілікпен қарап, ұлт мүддесін бәрінен биік қойған азаматтық қасиеті ерекше аталды.

Айта кету керек, кештің басты жаңалығының бірі – «Құлан елес» кітабының оқырманға жол тартуы. Жаңа туындының атауының өзі оқырманды ойға жетелеп, шығарма әлеміне қызығушылық тудырады. Кітаптың таныстырылымында қаламгердің шығармашылық ізденісі, көркемдік танымы мен өмірлік тәжірибесінің әдеби туындыға айналу ерекшелігіне назар аударылды.

Кітапты қолға алған көпшілік бірден оның еуропалық стандартқа сай жоғары сапада басылып шыққанын ерекше атап өтті. «Мұндай мазмұны ұзақ шығармалар дәл осындай сарғыш түсті, «көзді жеп қоймайтын» сапалы қағазға басылып шыққаны ерекше қуантады. Әйтпесе қазір екінің бірі роман жазып, кітап шығарғыш болып алды ғой. Бәрі аппақ қағазға қалай болса, солай баса салады. Ал мына кітаптың сыртқы мұқабасы да әдемі, жұмсақ екен. Сырты жұмсақ болғанымен, әр бетін парақтағанда, шашырап, ыдырап кетпейтіндей стандартқа сай жарыққа шыққанына риза болып отырмын. Бұл да Мәди ағамыздың жоғары жауапкершілікті адам екендігін әрі әр іске асқан ұқыптылықпен қарайтындығының дәлелі деп білемін. Басып шыққан баспаға да рахмет! Бұл жазушыға деген құрмет емес пе?!», - деді жазушы-публицист Шархан Қазығұл ерекше қуанышпен.

Осылайша мерекелік кездесу жазушының «Құлан елес» кітабының тұсаукесерімен жалғасын тапты. Жиналған көпшілік авторға ақжарма тілегі мен ізгі лебіздерін жеткізді.

Сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгер үшін бұл мерейтой – өткенге есеп беріп, шығармашылық жолды саралайтын жиын ғана емес, жаңа тыныс, тың туындыларымен оқырман қауымға қайта қауышатын тағылымды белес. Бұған қаламгердің кезекті кітабының жарық көруі де айғақ болғандай. Өйткені әдебиет әлемінде жазушының жас мөлшері емес, айтар сөзінің салмағы мен жеткізер ойының тереңдігі маңыздырақ. Кеше ғана 81 жасында Букер сыйлығын алған британдық Майкл Джон Харрисон да осының әдемі дәлелі болмақ.

Ал 80 жасты еңсерген қазақтың көрнекті жазушысы Мәди Айтбенбетұлы Айымбетовтің шығармашылық жолы – қаламға адалдықтың, елге қалтқысыз қызмет етудің және әдебиетке деген махаббат пен құрметтің жарқын үлгісі.
