Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Мағжан шығармашылығы: рух пен сыр, сөз сұлулығы...

25.06.2025 2528

Мағжан шығармашылығы: рух пен сыр, сөз сұлулығы 12+

Мағжан шығармашылығы: рух пен сыр, сөз сұлулығы - adebiportal.kz

Бүгін қазақ поэзиясының алыбы Мағжан Жұмабаевтың туған күні.

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы ұлы есімдерінің бірі – Мағжан Жұмабаев. Ұлттық поэзияны эстетикалық биікке көтерген, рух пен сезімді терең ұштастырған ақын. Оның шығармашылығы – қазақ руханиятының алтын қазынасы ғана емес, бір дәуірдің жүрек лүпілін, ұлт тағдырына деген алаңдаушылығын бейнелейтін терең философиялық әлем.

«Мағжан – сыршыл поэзияның өкілі» деген ұғым бар әдебиетте. Ақын поэзиясының ең басты ерекшелігі – сыршылдық. Ол өлеңде сыртқы құбылысты емес, ішкі жан дүниені, сезім тербелісін алға шығарады. Әрбір өлеңі — жүректің шынайы сыры, көңілдің терең иірімі. 

«Сағындым», «Жұлдызды жыр», «Көңіл сұлуы», «Мен жастарға сенемін» сияқты шығармаларында ол махаббатты, үмітті, жалғыздықты, Отанға деген іңкәрлікті нәзік те терең суреттейді. Мағжан – сөзбен сурет салған ақын.

Оның теңеулері – нәзік, метафоралары – терең, ал тілі – музыкалық жағынан бай, ырғақты, көркем. Сондықтан Мағжанды қазақ поэзиясындағы символизм мен романтизмнің негізін қалаушы деуге толық негіз бар.

Ұлт тағдыры ақынның поэзиясының өзегі. Мағжан «Алашшыл» ақын. Оның поэзиясында ұлттың азаттығы, тәуелсіздігі мен болашағына алаңдаушылық анық сезіледі. Ол өз заманының ұлы идеясына тәуелсіз қазақ мемлекетіне сенді, сол жолда жыр жазды.  «Түркістан», «Мен кім?», «Батыр Баян», «Орал тауы» сияқты өлеңдері мен поэмаларында ол түркі бірлігі, азаттық, елдік туралы терең ой қозғайды. «Мен жастарға сенемін» өлеңі оның ұрпаққа қалдырған аманаты, рухани бағдарламасы іспетті. Онда ақын жастық рухты, елге қызмет етуді, білім мен ерлікті алға тартады. Бұл өлең бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Мағжан – Шығыс әдебиетін де, Батыс поэзиясын да терең білген ақын. Ол Гете, Гюго, Байрон, Лермонтов сынды ақындарды оқып қана қоймай, олардың идеялық-эстетикалық бағытын қазақ топырағына сіңіре білді. Бір мезетте ол – Физулидің, Науаидың, Рудакидің де рухани мұрагері. Мағжан поэзиясы шығыстық сабыр мен сыр, батыстық еркіндік пен сезім ұғымдарын қазақи ұғыммен үйлестіреді. Сондықтан оның өлеңдерінде ой – терең, сезім – нәзік, ал бейне – күрделі.

Мағжан Жұмабаев «Алаш» қозғалысының рухани тіректерінің бірі. Ол Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан сынды қайраткерлермен пікірлес, мақсаттас болды. Алаштың ұлттық идеяларын поэзия арқылы кең таратты. Оның көптеген шығармаларында патриотизм ұраншылдықпен емес, сезім мен сананың тереңінен шыққан оймен өріледі. Осындай ақындық тебіреністегі Мағжанның ұлтқа деген махаббаты көркем сөзбен көмкерілген.

Мағжанның өмір жолы – талантына сай биік те, тағдырына сай ауыр болды. 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбанына айналды. Оған «панисламист», «ұлтшыл» деген жала жабылып, шығармаларына тыйым салынды. Алайда ақын шығармашылығы 1960-жылдардан бастап қайта бағалана бастады, ал 1988 жылы ресми түрде ақталып, әдебиетке толық оралды.

Бүгінде Мағжан Жұмабаев тек ХХ ғасырдың ғана емес, барлық замандардың ақыны. Сондықтан ол мәңгілік ақын. Оның поэзиясы — қазақ сөзінің биігі, рухтың шынары. Ол қазақ әдебиетін әлемдік поэзия деңгейіне көтере алды. Оның туындыларында уақыттың шегі жоқ.

Мағжан – қазақ поэзиясындағы ең сазды, ең сыршыл, ең терең ақындардың бірі. Оның шығармалары – елдік рухты оятатын, ұлттық болмысты сақтайтын асыл мұра. Әдебиет тарихында Мағжан есімі – биік шың, ал оның шығармашылығы – сол шыңның мәңгілік самалы.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар