Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесін о...

14.08.2015 8909

Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесін оқығанда туған ой

Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі»  әңгімесін оқығанда туған ой - adebiportal.kz

 

 

Қазақ прозашыларының өз кезінде өлең жазбағаны кемде-кем. Бұл – екі себептен. Біріншіден, жалпы, әдебиеттің бастауы – поэзия. Екіншіден, өлең – қазақтың «Бесік жырынан» бастап, ана сүтімен бірге жұтқан рухани азығы. Кешегі ғасырға дейін қазақтың «әдебиет» деп өлең-жырды айтып келгені де осыдан. Үшіншіден, жоғарыдағы себептерге байланысты, қазақ үшін поэзия «халықтық (ұлттық) жанрға» айналып кеткендей әсер туады: өлең дегенді екі ауыз сөзді ұйқастыра салу деп түсінетіндер аз емес, «қазақ – ақын халық» деген тіркес «қанатты сөзге» айналғалы қашан. Бір қарағанда бұл – жақсылық секілді. Екінші жағынан, батырдың қолындағы қылыштай, хан ұстаған қастерлі аса таяқтай қасиетті жанрды көрінгеннің ала жүгіретін көсеуіне айналдыратын жағдай да – дәл осы. Сөйтіп, біздің қазақта, өлеңді өткел етіп, проза жағалауына секіріп кеткендерді айтпағанда, келсін-келмесін «өлең жазу» – екінің бірінің машығы. Жас кезінде «жазып тастаған» өлең-дастандарын еш болмасын деп кеш бастырып жүретін қариялар да жоқ емес. «Кәртейгенде жорға шығып», алпыстан жасы асқанда «ақын» атанып жүретіндер де бар. «Таяқ лақтырсаң – ақынға тиеді» дейтін «мәтел» осыдан шықса керек. Сөйтіп, бүгінде қазақтың романшысы да – ақын, журналшысы да – ақын, әншісі мен әкімшісі, оның атқосшысы да – ақын!

 

Жә, мейлі делік. Ал енді, «керісінше», ақын әңгіме жазса ше? Онда не «қызық» болады? Оқырман көпшілік үшін бұл да жаңалық емес. Әдебиетте ежелден бар үрдіс. Пушкиннің «Капитан қызын», Лермонтовтың «Біздің заманның геройларын», Сейфуллиннің «Тар жол, тай­ғақ кешуін», Жансүгіровтің «Жолдас­тар», Дулатовтың «Бақытсыз Жа­мал» романдарын, Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі мен публи­цис­тикалық «Ақан серісін» еске түсірсек те жеткілікті. Демек, әдеби жанрларды «жекешелендіруге», меншіктенуге, біреудің қанжығасына байлап беруге болмайды екен. Осыдан келіп, мәселе – жанрды «бө­ліп алуда» емес, оны қалай игеруде, қа­лай жазуда екені өзінен-өзі түсінікті бо­лады. Жанрдан жанрға өтіп жүріп, жанр­дың беделін түсіретіндер де, оның мәртебесін көте­ретіндер де бар екені дау­сыз. Әрине, Лермонтовтың поэзия­сы­н­дағы асау қан оның «геройларында» да ат­қылақтап, ойнап тұр және бұл шығарма­сы­мен автор орыс әдебиетінің көркем-публи­цис­тикалық жанрына өзгеше реңк, өзіндік тың екпінді ағыс қосқан. Демек, ақын Лермонтовтың проза аймағына «ен­уі» орыс әдебиеті үшін де, автордың өзі үшін де зая еңбек болған жоқ. Әйтсе де, орыс әдебиетіндегі Лермонтов шыңы бұ­рынғыша поэзия өлкесінде қала бергені та­ғы рас. Әңгіме тіпті мұнда да емес. Ең бас­тысы – «Геройларды» орыстың бүгінгі жас прозашыларына көркемдіктің үлгісі етіп көрсету ешкімнің ойына да кіріп-шық­пақ емес.


Ал Мағжан Жұмабаевтың жалғыз әңгі­месі «Шолпанның күнәсі» мен көсемсөз түріндегі «Ақан серісі»...Бұл енді мүлде басқа әңгіме.



kin1.jpg


Басқа болатыны – әдебиеттегі жолын шағын жанрлардан бастайтын қазіргі жас (тіпті кейбір көптеген жасамыс та) қазақ прозашылары үшін, жоғарыдағы екі шы­ғарманы алдарына «көрнекі құрал» ре­тінде жайып қоюды ұсынуға болар еді! «Жаз­саң, тек осылай ғана жаз» дегендіктен емес, жаманды місе тұтып кетпеске, жақ­сыдан шарапат алмаққа, жақсы мен жа­манның бағдарын айыра білмек үшін. Егер орыс прозасы Лермонтов биігінен әлде­қа­шан өрлеп кеткендіктен, оған қарайлауы жоқ болса, ал қазақ прозасы үшін мұны айта алмаймыз. Әсіресе, ХХІ ғасырдың әдебиеті алып тұлғалы болсын десек, «ес­кі» әде­биетті «қайта құрып» жатқан жас күш­тердің аяқ алысына немқұрайды қара­мақ емеспіз. «Бүгін-ертеңгі» бұл әдебиеттің «тілі»­ қандай болмақ? Танымы мен талға­мы­ның, көркемдік құралдарының өлшем­дері ше? Өйткені, әдебиет – ұлт рухының көшбасшысы. Әдебиет қандай болады деген – ұлт қандай болады дегенді білдіре­ді. Егер біз ұлтымыздың рухын, тілі мен ділін сақтағымыз келсе, онда Мағжанның да және басқалардың да үлгі етерлік ең­бектерін «ескі оқулық» ретінде жауып қою­ға тиіс емеспіз. Ал онда олардан нендей өнеге алмақпыз? Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі мен «Ақан серісін» қайта ашып қарағанда туған кейбір ойларды ортаға сала кетпекпін.


Сонымен, «Шолпанның күнәсі!»


Мағжанның жоғарыдағы екі шығар­ма­сы да 1923 жылы жазылып, газет-журнал­дар­да жарық көрген. Арада 90 жыл. Бірақ алтынның шірімейтіні, асылдың тозбайтыны рас болып шықты. Жанрдың барлық шарт­тары тұрғысынан қатаң түрде, тіпті әдет­те айта беретініміздей, «бүгінгі күн көзімен» қарағанның өзінде, аталмыш шығармалардан үлгі алатынымыз бен үйренетініміз жеткілікті. Әсіресе, көркем­дігі – көңіл тоғайып, көз тоярлықтай. Мағ­жан әңгімесі – өлеңдеріндей мінсіз сұлу! Сол өлеңдердегі өлімді жеңген өршіл рух мұнда да өз биігінен үн қатады. Жастық­тан ба, ерке-мастықтан ба, көзсіз махаб­баттың құрбаны болған Шолпан о дүниеге бір емес, қатарынан үш күнәні арқалап кетеді: ең әуелі күйеуі Сәрсенбаймен арадағы ойын-күлкілі қызық күндерін әлі бойына бітпеген болашақ баладан қыз­ғанып, Құдайдан «бала бере көрме» деп тіледі. «Ері мен екі ортадағы махаббат оты бәсеңдемей бір қалыпты тұрғаны сол ба­ланың жоқтығынан ғой деп ойлады Шол­пан. Үш жыл бойы ері де Шолпанның оттай ыстық, желдей жібек құшағынан басқа ештеңе тілемеген еді...». Құдай да оның осы тілегін бергендей, Шолпан бала тап­қан жоқ. Бұл – Шолпанның бірінші күнәсі еді. Бірақ бұл – өмір тәлкегінің басы ғана екен. Үш жылдан кейін Шолпанның ойы бір-ақ күнде өзгеріп, енді Құдайдан бала тілейтін болды. Алайда, сегіз жыл өтсе де бұл тілегі қабыл болмады. «Бірін-бірі қуа­лап, ой соңынан ой озды, тілей-тілей ті­лек тозды. Соға-соға жүрек тозды», бірақ «қайы­рылып қарау білмейтін, аяу бер­мейтін өмір Шолпанның да жүрегінен сау­лап аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қараған жоқ...». Бастабында «өзім бедеумін бе» деп бақсы-балгерге қаралып, аузынан дұға түспей, аяқ астынан сопы болған Шолпан, түнде Сәрсенбаймен жатқанда мүлде басқа мінез көрсетіп, «денесі өртке, құшағы жалынға, аузы отқа айналды. Сәрсенбайдың қойнына жата бастағанда, мойнына бұғалық түскен киіктің асау лағындай, өмірінде ер затын бірінші рет көретін он үш жасар жас қыздай дірілдеп, күйіп-жанатын болды». «Бойыма бала бітсе» деп, бар ынта-шынтасымен беріліп бақты. Бірақ... күндердің күнінде, бедеу өзі емес, Сәрсенбайдың бедеу екеніне көзі жетті Шолпан пақырдың. Осылайша іштей алысқан, арымен арпалысқан талай күндер мен түндер өтті. Ақыры шарасыз Шолпан ең соңғы шешімге келді. «Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға» бекінді. Сөйтіп, өзіне сүй­кеніп, көңілін білдіріп жүретін ауылдағы Әзім­бай деген жас жігітпен бір орайы келгенде төсек ләззатын бөлісті. Күйеуінің көзіне шөп салып, екінші күнәға батты. Әрине, ізгі тілек үшін, бала үшін. «Әзім­байға денесін уақытша беріп, жанын аман алып қаламын деп ойлады Шолпан. Бірақ ой мен ісі біріне-бірі қабыспады. Үш-төрт айдың ішінде Шолпанның жаны да Әзімбайға құл болып, берік байланып қалып еді...». Шолпанның үшінші күнәсі осы болды. Сөйтіп, күнәға белшесінен батқан сорлының бала көтеріп, бір тілегі қабыл болғаны не керек, мұның соңы ауыл-үй арасының өрттей өсегіне ұласып, бағы жанбаған байғұс Шолпан күйеуі Сәрсенбайдың ауыр соққысынан Құдайдан тілеген іштегі баласымен бірге жарық дүниемен қош айтысады. Өлер шағында күшпенен көзін ашып, сыбырлап: «Балам қайда? Балам!..» деуге ғана шамасы же­теді. Әңгіменің өне бойынан домбы­раның қос ішегінен жарыса шыққан бәсекелес егіз үндей, өмір мен өлім күйі қосарлана, қабаттаса естіліп тұрады. Кейіпкердің трагедиялық халі Мағжан ақынның өз басындағы мұң-шерімен ортақтасып, бірігіп, астарласып кеткендей. 1918 жылы сүйіп қосылған жары Зейнеппен небары тоғыз ай отасып, ол бала үстінде қайтыс болғанда туған тұңғыш ұлы ол да тоғыз айдан соң аурудан шетінеп кеткен еді. Нәзік жанды ақын жүрегін баураған ауыр қайғы енді оған «Мені де, өлім, әлдиле» деп өлең жаз­дырған секілді. Жаралы жүрек, қапалы көңіл барлық құсасын осындай бір шерлі де өктем жігерлі жырлармен сыртқа шы­ғарғысы келгендей.



kin4.jpg



«Қажыдым енді, күш бітті,

Көңілсіз, салқын, күн бұлтты.

Жел бұйығып тербелед.

Әлдекімнің өлгенін,

Оны қалай көмгенін

Әңгіме ғып күңіренед.

Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй,

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!..»


Бұл – өлім алдында басын иген дәр­менсіз жанның дауысы емес, сол өлімнің көзіне тура қарап, онымен тепе-тең тілдескен, өр көңілмен тірескен, өмір үшін күрескен қаһарман ердің сөзі. Өліп бара жатып, соңғы күшін жинап көзін ашып, өмірінің гүлін, өзі арман еткен жас сәбидің үнін іздеп сыбырлаған Шолпанның жан дүниесінде де осындай арпалыс бар еді. Оның сыбырлағаны – өлім қақпасының есі­гіне нары өтіп бара жатып, өзі үшін емес, артта қалып бара жатқан өмір үшін алаңдаған адамның жан айқайы болатын. Осылайша Мағжан ақын Шолпан тағдыры арқылы өзінің шексіз мұңды, түпсіз сырлы жырларындағы өр де тәкаппар лирикалық кейіпкерінің қасіреті мен қасиетін өзге бір реңкте ашып көрсетеді.


Егер лирикалық кейіпкер – ақынның прототипі дейтін болсақ, онда Шолпанның кү­нәсі – ақынның өз күнәсі. Бара-бара бұл күнә, үлкен философиялық жобада, жұмақтан қуылған Адам мен Хауаның, түптеп келгенде тағдыры тәлкек адам байғұстың күнәсі болып, тұтасады. Бұлай деуге негіз бар, өйткені, Мағжан Жұма­баев – ХХ ғасырдың Қорқыты (оның «Қор­қыт» дастанын жазуы тегін емес), аса зор философ ақын, философиялық лириканың ірі өкілі. Оның әрбір сөзінен, әрбір өлең жолынан философия-қобызының қа­шықтық талғамай алыстан жететін күшті үні есті­леді, өлімнен қашқан Қорқыттың қобы­зы өмір күйін күңіренткеніндей, Мағ­жан ақынның әйел мен әлем сұлу­лығына тамсандыратын кең ауқымды махаббат жырлары да өз табыну­шы­ларының көңіліне күн шуағын құйып, жігерін еселеп, жүрек­терінде мәңгілік өмір отын маздатады. Ақын жырының, ақын сырының құдіреті осындай. «Шолпан­ның күнәсі» – Адам-ата ұр­па­ғының тәл­кекке түскен тағдырының, күнәдан та­заруға ұмтылған сәтсіз де болса шек­сіз-сансыз талпынысының бір куәсі. Ал «Ақан сері» – көркемдігі әңгімеге бергісіз очерк-мақала. Ақанның өлеңде­ріндей көркем, әндеріндей әсем шығар­ма. Енді махаббат жыршысы Мағжан махаббат мұңшысы Ақанға айналады. Тағы да сол адам тағдырының симфониясы, махаббат гимні ойналады.


Мағжан Жұмабаев шығармаларынан бүгінгі-ертеңгі жас ұрпақ, оның ішінде қа­лам ұстап, ой баққан қауым не алады? Бір ғана сөзбен айтсақ – бәрін де табады. Он­да адамға тән жүрек, жан құбылы­сы­ның бәрі бар. «Педагогика» («Психология») деген көлемді дүниені де бекер жазбаса керек. Мағжан шығармашылығы – жан дүние ғылымы, жүрек ілімі. Тіл мен ділдің, ой мен сезімнің, от пен судың, жан мен қан­ның қарпысуынан, шарпысуынан ту­ған, күн мен түннің, жел мен жердің табысуынан ұрықтанып, өніп шыққан өміршең әуендер олар, тіршілік пен сүйіспеншілік музыкасы!



kin3.jpg



Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері ғана емес, әңгімесі мен мақалаларының өзі – бір ғажап поэзия! Жайлаудың мың бояулы жасыл шалғынындай құнарлы, шұ­рай­лы, көркем тілін айтпағанда, сан тарамды тау бұлақтарындай тамырында ыстық қаны тулаған, қалың жыныс ормандай жан дүниесі шулаған, табиғаттың өзін­дей тылсым бір әлем. Шығыстан шық­қан күндей қайран Мағжанның қазақтың маңдайына біткені – бір қуаныш болса, маңдайымызға сыймай кеткені – мың өкі­ніш. Бірақ бәріміздің бағымызға қа­рай:


«Сансыз күндер ой астына көмілдім,

Қор болып ем көңілін таппай көңілдің.

Жаспен жасып, оймен азып-тозып ем,

Өліп едім, бүгін тағы тірілдім», –

деп ақынның өзі айтқандай, Мағжан жырлары, Мағжан сырлары халқымен қауы­шып, мәңгілік ғұмырға ие болды. Мағжан­нан үлгі алу, Мағжаннан үйрену дегеніміз – ғұмыры мәңгілік өнер өнегесін алу.


Мағжан ақын – сұлу жырдың, сұлу сыр­дың ақыны. Оның әңгімесінің өзі де жыр дедік. Бірақ ақын қайсыбіреулерше, бас­тауыш пен баяндауыштың орнын ауыс­тырып, «қарасөзбен жырладым» демейді. Сұлу сыр тоқиды. Сұлу сыры сұлу жыр бо­лып оқылады. Мағжан сырларының, Мағжан жырларының құпиясы да, құдіреті де осында. Алла оған талант сыйлаған, ақын сол сыйды халқына тарту етті. Соның бір айғағы – алдымыздағы «Шолпанның күнәсі» әңгімесі. Ендеше, «Әңгіме жазса – ақын жазсын, ақын жазса – Мағжан жаз­сын» деген сөз өзінен-өзі ауызға орала кетер еді. Ал бұл, әсте де проза­шыла­рымыздың мәртебесін төмендету емес, Мағжандай қадірліміздің қасиетін жете тани түсу мақсұтында айтылған бейнелі лебіз деп білсек құба-құп. Мағжанша жы­лай білгенге, Мағжанша жырлай білгенге не жетсін!


Жаса, мәңгі жаса, Мағжан!



Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесі желісімен Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм (2005 ) киностудиясында режиссер Болат Шәріп түсірген көркем фильмнен кадрлер.

Фильмнің сценарийін жазған: Айгүл Кемелбаева, Болат Шәріп

Шолпан рөлінде – актриса Динара Қашағанова.

Сәрсенбай рөлінде – актер Ерік Жолжақсынов. 


Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар