Майра Мұратбекова: «Балаларды да адалдыққа, шындыққа тәрбиелеңдер!» - деуші еді»
– Біз жеті ағайындымыз. Үлкеніміз – Сайын аға. Біздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз бен бауырмалдылығымыз бала кезден бойымызға сіңген. Аға отбасы мен туған-туысына әрдайым қамқор болып, үлкен шаңыраққа бас-көз болудан бір сәт те шаршаған емес. Оның туған-туысқа деген жанашырлығы мен қамқорлығы терең тамыр жайған бәйтеректей, қай қырынан да сезіліп тұратын.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған аса көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің шығармалары оқырманын шынайылығымен, қарапайым да терең адамдық сезімдерімен баурап келеді. Классиктің әдеби әлемін тану үшін оның шығармаларын оқу ғана емес, өмірдегі болмысын, отбасы ортасындағы бейнесін жақындарының естелігі арқылы танудың да мәні бөлек. Осы орайда жазушының қарындасы, педагог Майра апаймен әңгімелесіп, Сайын Мұратбековтің балалық шағы, мінезі, бауырларымен қарым-қатынасы және көпшілік біле бермейтін өмірлік қырлары туралы сұхбаттасудың сәті түсті.

– Майра апай, ең алдымен Сайын ағаңызды қандай адам ретінде еске алар едіңіз?
– Ағаны есіме алғанда, ең алдымен, оның мейірімге толы жүзі, әрдайым жылы жымиып отыратын қалпы көз алдыма келеді. Адамның жан дүниесін айтқызбай-ақ түсінетін сезімталдығы ерекше еді. Жүрегі жомарт, танымы кең, айналасына зер сала қарайтын байқампаз, байыпты да елжанды азамат болатын.
– Ағайынды-бауырлардың арасындағы сыйластық қандай еді? Сайын аға сізге қандай қамқорлық көрсетті? Оның мінезіндегі көпшілік біле бермейтін қырларын айтып берсеңіз.
– Біз жеті ағайындымыз. Үлкеніміз – Сайын аға. Біздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз бен бауырмалдылығымыз бала кезден бойымызға сіңген. Аға отбасы мен туған-туысына әрдайым қамқор болып, үлкен шаңыраққа бас-көз болудан бір сәт те шаршаған емес. Оның туған-туысқа деген жанашырлығы мен қамқорлығы терең тамыр жайған бәйтеректей, қай қырынан да сезіліп тұратын.
Үйдің кенжесі әрі қыз бала болғандықтан ба, аға маған ерекше қамқорлық танытты. Мен мектепті 1969 жылы бітірдім. Сол жылы жеңгеміз екеуі Алматыдан арнайы сыйлық алып келіп, мектеп бітіру кешіме қатысты. Мектепте оқып жүрген кезімнің өзінде үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлығын аяған жоқ. Жоғары оқу орнына түскен кезімде де ағаның қолында тұрып, университетті тәмамдап шықтым.
Ағаның бойындағы ерекше қасиеттердің бірі – адамды қуанта да, жігерлендіре де білетіндігі еді. Қасында жүрген адамға үнемі күш-қуат беріп, көңіліне жылу сыйлайтын.
– Сайын аға жазушылыққа қалай келді? Алғашқы әңгімелерін қалай жазатын еді?
– Ата-анамыздың айтуынша, аға кішкентай кезінен-ақ зерек, алғыр болған екен. Әкеміз батырлар жырын жатқа айтатын. Аға сол жырларды қайта-қайта айтқызып, қызыға тыңдайтын көрінеді.
Ауылда төртінші сыныпты аяқтағаннан кейін, ағаны Талдықорған қаласындағы нағашы апасының қолына жіберіп, КСРО комсомолының 30 жылдығы атындағы қазақ мектебінде оқытады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қабырға газетін шығаруға, оған мақалалар жазуға, мектепаралық түрлі жарыстар ұйымдастыруға атсалысқан.
Сол кездің өзінде қысқа өлең шумақтарын, шағын сықақ әңгімелер жазып, аудандық газеттерге жариялап жүрген. Оның әдебиетке деген қызығушылығы мен жазушылыққа деген алғашқы қадамы да осы кезеңнен бастау алған сияқты.
– Шығарма жазар алдында ұзақ дайындалатын ба, әлде бірден қағазға түсіретін бе?
– Аға көбіне түнде отырып жазатын. Жазуға кіріспес бұрын қаншалықты дайындалатынын нақты білмеймін. Бірақ кейде терезеден көрінетін Алматының әсем тауларына ұзақ қарап, үнсіз ойға шомып отыратын. Сол сәттеріне қарап, шығармасына қажетті ойларын жинақтап, кейіпкерлерін, оқиғаларын іштей саралап отырған шығар деп ойлаймын.
– Жазу үстіндегі көңіл күйі қандай болатын?
– Аға жазу үстеліне отырған кезде, балалары да оған кедергі келтірмеуге тырысатын. Соған қарамастан, ол анда-санда кабинетінен шығып, «Қалайсыңдар?» деп балаларының жағдайын сұрап, сабақтарын, көңіл-күйлерін біліп кіретін.
Жалпы мінезі өте бірқалыпты, сабырлы еді. Балаларына да, айналасына да байыппен қарап, ешкімге дауыс көтеріп, артық сөз айтпайтын.
– Кейіпкерлерінің прототиптері туралы сіз білетін қызықты оқиғалар бар ма?
– Иә, оның шығармаларын оқи отырып, кейіпкерлерінің прототиптері өзіміздің ауыл адамдары екенін білетінбіз. Көкенов Абақ, Аманжолов Қажымұқан, Смаилов Қабиден, Керімов Науқан секілді ауыл азаматтарының болмыс-бітімі мен мінез-құлқы шығармаларында көрініс тауып жататын. Бірі – бухгалтер, бірі – тракторшы, бірі – сауыншы, енді бірі – әнші. Әрқайсысы өз алдына бір-бір тұлға, әртүрлі мамандық иелері еді.
Ауылда көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істеп, концерттер, түрлі спектакльдер мен ойын-сауықтар ұйымдастырылатын. Сондай бір басқосулардың бірінде ағамыздың болмай қалғаны байқалып, жігіттер Сайынды іздей бастайды. Сонда олардың біреуі: «Бүгін Сайынның қарындасының туған күні екен», – дейді.
«Біз білмеппіз, барып құттықтайық. Сыйлыққа не аламыз?» деп ақылдасады. Ол кезде ауылда бір ғана дүкен бар, оның өзі кешкі уақытта жабық болатын. Дүкеншіні үйінен шақыртып алып, қандай сыйлық алуға болатынын сұрайды. Дүкенші: «Бүгін қыз балалардың аяқ киімі келіп еді, содан алыңдар», - деп, қараңғыда қорапқа салынған аяқ киімді береді.
Жігіттер қуанып, сыйлықтарын алып, қарындасын құттықтап қайтады. Ертеңіне әпкем қорапты ашып қараса, оның ішіндегі екі туфлидің екеуі де бір аяққа арналған екен, әрі кішкентай қыз баланың аяқ киімі болып шығады. Ол кезде әпкем колхоз бастығының алдында отыратын хатшы болатын.
Осы жағдайды естіген Сайын аға көп күтпей, сол оқиғаның негізінде фельетон жазып, газетке жіберген екен. Бұл әңгіме ауыл адамдарының арасында ұзақ уақытқа дейін күлкіге айналып, елдің есінде қалған.
– Оның шығармаларының ішінде өзіне ерекше қымбат болған туындысы қайсы еді?
– Аға әр кез Мұратбек атамызды сағынышпен еске алатын. «Атам атына мініп, ертемен тауға кететін. Кешке екі қоржынның аузын толтырып, алма теріп алып қайтатын. Біз, ауылдың балалары, атамды алдынан жүгіріп қарсы алып, көк алмаға тойып қалушы едік», - деп отыратын.
Оның осы естеліктеріне қарағанда, «Жабайы алма» әңгімесінің де өз балалық шағымен, ауылдағы сол бір аяулы күндерімен тығыз байланысы бар сияқты. Сондықтан бұл шығарманың оған ерекше жақын болғанын аңғаруға болады.
– Отбасында шығармаларын алғаш кімге оқып беретін?
– Өз шығармаларын үйде біреуімізге арнайы оқып, бөліскенін көрген емеспін. Көбіне шығармаларын қаламдас, жолдас адамдарымен бөлісіп, пікір алмасатын шығар деп ойлаймын. Үйге Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов және басқа да қаламгерлер келіп, ұзақ әңгімелесіп отыратын. Олардың әдебиет, шығарма, өмір жайында қызу пікір алмасқан сәттері жиі болатын.
– Сайын ағаның күнделікті өмірдегі әдеттері қандай еді?
– Ағаның күнделікті әдеттерінің бірі – жұмыстан үйге келген соң, алдымен балалардың бөлмесіне кіріп, олардың хал-жағдайын сұрап, сабақтарын тексеріп шығу еді. Қандай шаршап келсе де, балаларына көңіл бөлуге уақыт табатын.
Бұл да оның әке ретінде отбасының әр мүшесіне ерекше мән бергенін көрсететін. Үй ішінің тыныс-тіршілігіне араласып, балаларының қуанышы мен мәселесін бірге бөлісу – оның табиғи болмысына айналған еді.
– Әзілқойлығы, сөз саптауы, әңгімешілдігі туралы есте қалған қызықты сәттер бар ма?
– Аға өте әңгімешіл адам еді. Әңгіме арасында өмірінде болған қызықты оқиғаларды айтып, айналасындағыларды күлдіріп отыратын. Сондай естеліктерінің бірі әлі күнге дейін есімде.
Бір күні кешкі кинодан үйіне кеш қайтып келе жатады. Дала қараңғы. Үйге кірер тұста әлдебір дыбысты естіп, «Бұл не дыбыс?» деп елең етіп, жан-жағына қарайды. Дыбыстың сиыр қора жақтан шыққанын аңғарып, үйге кіріп, қолшамын алып, қораға барады. Барса, іштен ер адамның дауысы естіледі.
Ақырындап жақындап қараса, сиыр күйсеп тұр екен. Ал оның алдындағы шөп салатын ақырдың жанында ауылдың беделді бригадирі қолына таяқ ұстап алып, оны домбыра қылып, сиырмен айтысып отыр екен. Әрине, біраз ішіп алған.
Аға оны орнынан тұрғызып, үйіне апарып салады. Бірақ бұл оқиғамен шектелмей, үйге келе сала ұйықтамастан, «Бригадир мен сиырдың айтысы» деген фельетон жазып, аудандық газетке жібергенін айтып, бәрімізді көзімізден жас аққанша күлдіргені бар.
Біз жапатармағай: «Содан кейін не болды?» - деп сұрай бастадық. Сонда аға еш қиналмастан: «Не болушы еді, бригадирді жұмыстан алып тастады», - деді.
Жеңгеміз: «Ойбу, обал болған екен», - деп қалды. Сонда аға сәл қабағын шытып: «Халықтың алдында жүрген адам таза, байсалды, ақылды болуы керек. Бұл – әрбір адамға берілген ескерту», - деді. Осы бір шағын оқиғаның өзінен-ақ ағаның юморы мен байқағыштығын ғана емес, адамға қоятын талабын, ел алдындағы жауапкершілікті қалай түсінгенін де аңғаруға болатын.
– Қандай кітаптарды жиі оқитын?
– Ағаның бала кезінен қалыптасқан шағын кітапханасы бар еді. Әр кітабының ішінде өз қолымен жасап алған «Библиотека Сайын» деген мөрі болатын. Ол кезде көбіне орыс әдебиетін қызыға оқитын. Чехов, Тургенев сияқты классиктердің шығармалары, «Рассказы» деген атаумен 1952, 1953, 1954 жылдары шыққан қалың кітаптары да бар еді. Сол кітаптардың біразы бүгінгі күнге дейін сақтаулы. Кітапқа деген сол бала күнгі құштарлығы оның кейінгі шығармашылық жолына да үлкен әсер еткен шығар.
– Жастарға, кейінгі буынға қандай ақыл-кеңес айтатын?
– Ағаның демеуін көріп, ақыл-кеңесін алып, қамқорлығын сезінген іні-қарындастары аз емес. Алғаш Алматыға көшіп барған кезінде ол кішкентай ғана екі бөлмелі жер үйде пәтер жалдап тұрған екен. Ол уақытта Алматыға ауылдан автобус та сирек қатынайтын. Ауылдың қалаға шаруамен келген адамдары, сырттай оқитын жастар, жоғары оқу орнына түсуге келген балалар – бәрі ағаның үйіне соғатын.
Екі бөлмелі шағын үйге қанша адам келсе де, аға ешкімді жатсынбай, бәрін сыйдырып, қолдан келгенше қамқорлық көрсететін. Ақылын айтып, жөн сілтеп, қалада жүрген жастарға бағыт-бағдар беретін.
Ауыл адамдары әкеме келіп: «Сапеке, балаңыз үлкен азамат болыпты. Алматыда тұрады екен, үйінде болып, Сайынның сый-құрметін көрдік», – деп ризашылықтарын білдіріп жататын. Бұл – ағаның туған-туысқа деген кең пейілі мен адамға деген құрметінің бір ғана көрінісі.
– Мемлекеттік сыйлық алғандағы қуанышты күн есіңізде ме? Бұл жаңалықты отбасы қалай қабылдады?
– Аға Мемлекеттік сыйлықты алған кезде мен Талдықорғанда едім. Бұл жаңалықты естіген соң, бәріміз қуанып, құттықтап бару үшін Алматыға жол тарттық.
Ол кезде ағаның денсаулығы сыр беріп, көп жағдайда жатып қалған кезі еді. Біз барғанымызды көргенде, орнынан тұрып, дастархан басына келді. «Іні-қарындастарым келді» деп ерекше қуанды. Бізге деген ризашылығын білдіріп, ақылын айтты. «Осы қалыптасқан ауызбіршіліктен ажырамаңдар. Кейінгі балаларды да адалдыққа, шындыққа тәрбиелеңдер», - деді. Бұл сөздері де оның өмір бойы ұстанған адамдық қағидаларының айқын көрінісі еді.
– Сайын ағаның өзі бұл марапатқа қалай қарады? Сол күннен есте қалған ерекше бір оқиғаны айтып бере аласыз ба?
– Бір кездері мен ағаға: «Сізге неге Мемлекеттік сыйлық бермейді? Сізден кейінгілер де алып жатыр. Сіздің еңбегіңіз олардың ешқайсысынан кем емес қой», – деп айтқаным бар. Сонда ол: «Майруша, сен қызықсың. Менің алдымда да еңбегі сіңген адамдар бар. Солар алуы керек. Әр нәрсенің өз уақыты бар», - деген еді. Ал Мемлекеттік сыйлықты алған кезде маған қарап, күлімсіреп: «Майруша, міне, сен сұраған Мемлекеттік сыйлықты маған да берді. Уақыты келген сияқты», - деді.
Алайда ол кезде аға қатты ауырып отырған еді. Жүзінен ерекше қуанышты байқай алмадым. Мен ішімнен: «Әттеген-ай, мына қуаныш ауруына сәйкес келді-ау. Сәл ертерек болғанда ғой…» – деп ойладым. Ол үшін атақтан гөрі уақыт пен адамдықтың, еңбектің қадірі әлдеқайда биік болған сияқты.
– Сайын аға отағасы, әке ретінде қандай болды? Әулеті туралы, Мәриям жеңгеміз туралы тарқата айтсаңыз.
– Аға 1957 жылы Мариям жеңгемізбен шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Жеңгеміз – Қоңыр ауылының қызы. Анасы мектепте мұғалім болған, әкесі ерте қайтыс болған екен. Сол 1957 жылы Мариям жеңгеміз медициналық училищені фельдшер-акушер мамандығы бойынша тәмамдап, ауылға оралады. Біздің анамыз дәрігер болатын әрі ауылдағы медициналық пунктті басқаратын. Жеңгеміз анамыздың қарамағына жұмысқа орналасады.
Аға мен жеңгеміз үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен қыздары Райгүл 2005 жылы, ұлдары Әлім 2024 жылы өмірден өтті.
Райгүл Шет тілдері институтын бітіріп, Киевте аспирантурада білім алды. Әлім де Шет тілдері институтын тәмамдаған. Ал Әлия мен Құралай Жетісу университетінде білім алды. Балаларының барлығына білім беріп, өмірден өз орындарын табуына жағдай жасауы – аға мен жеңгеміздің ата-ана ретіндегі үлкен еңбегі еді.
– Демалысты қалай өткізгенді ұнататын?
– Аға табиғатты ерекше жақсы көретін. Демалыс кезінде ауылға келгенде, атқа мініп, тауға шығуды ұнататын. Әсіресе жабайы алма өсетін жерлерге баруға құмар еді. Көбіне «Қора» жайлауына барғанды ұнататын. Табиғат аясында жүріп, таудың тынысын сезіну, жабайы алманың дәмін тату оның бала күнгі естеліктерімен сабақтасып жататын секілді.
– Немере-шөберелеріне ерекше ықыласы болды ма?
– Аға немерелерін ерекше жақсы көрді. Алғашқы немересі Асылды мектепке өзі апарып, қазақ мектебінде білім алуына ықпал етті. Дина мен Айгеріме де қамқор ата болды. Немерелерінің болашағына ерекше көңіл бөліп, олардың жақсы білім алып, қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне мән берді. Ұрпақ тәрбиесін ол тек ата-ананың емес, бүкіл әулеттің ортақ міндеті деп түсінетін.
– Өмірінің соңғы жылдарында қандай шығармашылық жоспарлары болды?
– Ағаның кейінге қалдырып жүрген жоспарлары, аяқталмаған ойлары мен жазатын дүниелері бар еді. Сырт көзге сыр білдірмегенімен, денесіне жабысқан дерттің маза бермей жүргенін өзіміз сезетінбіз. Оның әлі де айтары, жазары көп болғанын кейінірек анық түсіндім.
– Соңғы рет ұзақ сырласқан кезіңіз есіңізде ме?
– Соңғы рет ауырып жатқан кезінде әпкем Мағрипа екеуміз он шақты күн ағаның жанында болдық. Ол таудағы үйінде еді. Көбіне терезе алдында тұрған креслода отырып, тауға ұзақ қарайтын. Бірде: «Осы жердің ауасы ұнайды. Таудан соққан самал жел сарайымды ашады. Келгендерің жақсы болды», - деді.
Содан кейін әпкем Мағрипаға қарап: «Мақыш, саған ризамын. Жолдасың екеуің балалардың бәріне жоғары білім бердіңдер, оқыттыңдар. Әрқайсысы әр салада қызмет жасап жүр», - деп ризашылығын білдірді.
Біраз үнсіздіктен кейін өмір туралы толғанып: «Өмір деген қас-қағым сәт екен. Өтеді де шығады. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Шүкір, мен өз өміріме ризамын. Балалар өсті, немерелер жетті, іні-қарындастарым өмірден өз орындарын тапты», - деді.
Сөйтіп, өткен өмірінен біраз әңгіме айтты. Бір сәтте көз жанары мұңайып, екі ұрты солып, көзіне жас толды. «Райгүл жас кетті ғой. Қазақ мектебін бітіріп, екі-үш шет тілін меңгерді. Болашағы бар еді. Райгүлдің қазасы жаныма қатты батады», - деді.
Содан кейін маған қарап: «Майруша, айналайын, артта өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың болашағына, ауызбірлігіне шамаң келгенше көңіл бөліп жүр», - деп аманат айтты.
Мен жылап отырған едім. Соған қарап: «Сен неге жылайсың? Өмір заңдылығына бағыну керек», - деді. Сәлден соң біздің көңілімізді көтергісі келді ме, әпкеме қарап күлімсіреді де: «Мақыш, есіңде ме, баяғыда картоп пісіріп, қазанға тұздың орнына сода салып, қап-қара картоп бергенің?» - деп, бізді тағы да күлдіріп еді. Ауру меңдеген соңғы күндерінің өзінде біздің көңілімізді ойлап, әзіл айтып, күлдіруге тырысқаны оның болмысына тән еді.
– Соңғы күндерінде сізге немесе жақындарына айтқан ерекше сөзі бар ма?
– «Мен өзім көп жазбадым. Өйткені жұмыс істедім, қызмет еттім, бала-шағаны асырау керек болды. Дегенмен, кейінге қалдырып жүрген, жазсам деген біраз дүниелерім бар еді. Бірақ оған мына ауру мүмкіндік бермеді» осы сөздерін естігеннен кейін, ағаның әлі де ішінде аяқталмаған шаруалары, жүзеге асырғысы келген ойлары болғанын түсіндім. Жазуға, айтуға асыққан дүниелері бар еді. Өкініштісі – сол ойлардың біразы қағазға түспей қалды.
– Бүгінгі оқырман Сайын Мұратбековті қалай оқуы керек деп ойлайсыз?
– Ағаның шығармалары – халықтың рухани мұрасы, ұлттың асыл қазынасы. Оның шығармаларындағы ауыл өмірі, адам болмысы, ұлттық мінез, салт-дәстүр мен адамгершілік құндылықтар уақыт өткен сайын өзінің маңызын жоймай, қайта жаңғыра түсетіні анық.
Бүгінгі қоғамда сырттан келген мәдениетке, Еуропаға еліктеушілік басым болып бара жатқан тұстар бар. Алайда өз тарихымызды, ұлттық болмысымызды, ата-бабадан келе жатқан тәрбиені тереңірек танып, жадымызға сіңірсек, одан ұрпақ тәрбиесіне аларымыздың мол екенін түсінеміз.

Адамды адам ететін – оның тәрбиесі, алған білімі, өскен ортасы мен бойына сіңірген ұлттық құндылықтары. Осы тұрғыдан алғанда, Сайын Мұратбековтің шығармаларында ұрпақ тәрбиесіне берер тағылым мол. Сондықтан ағаның шығармалары уақыт озған сайын өз құндылығын жоғалтпай, кейінгі ұрпақтың да жүрегінен орын алып, халықпен бірге жасай беретініне сенемін.
– Әдемі әңгімеңізге көп көп рақмет, Майра апай!
Әңгімелескен Елдос ТОҚТАРБАЙ
