Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Маңғыстауда ҚР Жазушылар одағының кеңейтілген жиы...

Маңғыстауда ҚР Жазушылар одағының кеңейтілген жиыны өтті

22.01.2026

4346

Маңғыстауда ҚР Жазушылар одағының  кеңейтілген жиыны өтті - adebiportal.kz

«Маңғыстауда өлке қаламгерлерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті», - деп хабарлайды, Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі.

Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аббат Жәңгірханұлы Өрісбаев, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының аппарат жетекшісі Еділбек Дүйсен, сондай-ақ өңірдегі Жазушылар одағының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында өңірдегі әдеби үдерістің қазіргі ахуалы, шығармашылық ортаны қолдау, қаламгерлердің қоғамдық өмірдегі рөлі мен алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды. 

Алдымен сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев әдебиет өкілдерінің өңірлік бастамаларға белсене атсалысып жүргенін атап өтіп, шығармашылық иелерін қолдау мемлекеттік мәдени саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді. 

– Бүгінде Маңғыстау облысында Қазақстан Жазушылар одағының 40-қа жуық мүшесі бар. Олар өңірдегі өзекті мәселелер мен маңызды бастамалардың бел ортасында жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Өткен жылы облыста Одақ филиалымен бірлесіп бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Халықаралық Түркі әлемі жазушыларының фестивалі өтті. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік гранттық тапсырыс аясында үш ақынның кітабы жарық көріп, аудан орталықтарында оқырмандармен кездесулер ұйымдастырылды, – деді Аббат Өрісбаев. 

Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы өңірлік бөлімшенің былтырғы жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарлармен таныстырды. 

– Бүгінгі жүздесудің негізгі мақсаты – өңірлік бөлімшенің өткен жылғы жұмысын саралап, алдағы бағыт-бағдарды айқындау. Маңғыстау – Әбіш Кекілбаевтай заңғар тұлға туған, рухани әлеуеті жоғары өлке. Қазіргі таңда өңірде Жазушылар одағының 37 мүшесі бар. Басты міндетіміз – қаламгерлердің мұң-мұқтажы мен ұсыныс-талаптарын өңір басшылығына жеткізу, – деді Ғалым Қалибекұлы. 

Кездесу аясында бірқатар қаламгерге «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы табысталды. Атап айтқанда, Бектұр Төлеуғалиев, Медет Дүйсенов, Отыншы Көшбайұлы, Темір Мыңжас және Сабыр Адайға аталған құрметті атақ берілді. 

Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облысы бойынша филиалына директор-өкіл тағайындалды. Бұл қызметке белгілі ақын, журналист Анар Шамшадинова бекітілді. 

Кездесу қорытындысында Жазушылар одағының мүшелері өңірдегі әдеби үдерісті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау және шығармашылық жобаларды іске асыру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. 

Бұдан соң Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласына арнайы іссапармен барған Қазақстан Жазушылар одағының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында өңірдегі әдеби орта мен шығармашылық қауымға көрсетіліп отырған қолдау мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Маңғыстауда Қазақстан Жазушылар одағының 40-қа жуық мүшесі бар екенін атап өтіп, олардың өңірдің қоғамдық-рухани өміріне белсенді араласып жүргенін жеткізді. 

Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы Маңғыстау өңірінде әдебиет пен руханиятты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ жас қаламгерлерді қолдауға арналған бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, өңір басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдірді. 

Айта кетейік, 2025 жылы жүзеге асқан «Жас қаламгер» гранттық жобасы өңір әдебиеті үшін маңызды болды, жоба аясында белгілі қаламгерлердің қатысуымен әдеби-музыкалық кештер мен шеберлік сабақтары өтіп, жас авторлардың шығармаларының тұсаукесері ұйымдастырылған. Бұдан бөлек Ақтау қаласында өткен халықаралық «Түркі жас қаламгерлері» фестивалі түркі елдері арасындағы әдеби байланысты нығайтуға үлес қосты.
Фотосуреттер ҚР Жазушылар одағының баспасөз қызметі телеграм парағынан алынды. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan