Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мақал-мәтел философиясы...

23.07.2021 5884

Мақал-мәтел философиясы 12+

Мақал-мәтел философиясы - adebiportal.kz

Қазақ мақал-мәтелдерінің мазмұны сан салалы, әралуан және аса бай. Өмір құбылыстарын өз ой безбенінен өткізе келе, ғұмырлық тәжірибеден, салт-сана мен мәдени ұстындардың тоғысынан туған осы бір мәйекті сөздер, туған халқымыздың дүниетанымының биік көрсеткіші екені анық. Бұл сөз маржандары өз бойына ел мен жер, адамгершілік пен махаббат, достық пен ынтымақ, жан-жануарлар сияқты барлық тіршілік иесіне қатысты болмыстарды қамтып отырған. Сонымен қатар ғылым мен білім, өнер тақырыбы аясында да көптеген мақал-мәтелдер бар. Біз бүгін осы даналық сөздердегі ғылыми пайымдар мен оның философиялық қабаттары туралы сөз етеміз.

Сөздік таным, тілдік құбылыстар, адам жасаған ортамен бірге дамып, өсіп жетіліп отыратыны анық. Оның да туу тарихы, дамуы, әлсіреуі, тіпті өлу порцесі болады. Қазақ ауыз әдебиеті қазақ халқының өмір айнасынан алынған философиялық мұрасы. Философия бізге герек тілінен енген ұғым. Бізше болғанда даналықты сүю деп аталады. Бұл күнде философия өзінің даму арнасын барынша кеңейтіп, көп салаланып, әр ғылымға, өнерге, мәдениетке ықпалын тигізіп, уақыт ырғағымен жүріп келеді. Адамзат баласының алғашқы кезеңдерінде өзіне кезіккен заттар туралы алғашқы танымдарын білдіре бастады. Бұл үрдіс жүре келе бір қауымның айналасын ұғыну, түсіну көзқарасын шамалы деңгейде тұрақтандырып, тіршілік ортасымен ұзақ уақыттық байланысы негізінде жетіле береді. Осылайша адамзат санасы жетіле келе, материалистік ұғым бірте-бірте пайда бола бастайды. Айталық, ертедегі үнділер материяны Жер, Су, От, Жел деп пайымдаса, байырғы қытайлар оған металлды қосқан. Ертедегі грек материалистері Су, От, Ауа, Топырақ осыларды материя деп байыптаған. Ал, қазақтың ескі сөздерінде мынадай жолдар кезігеді. «Адам топырақтан, жылқы желден, сиыр судан, түйе сордан, сайтан оттан жаралған». Бұл ұғымдар көне грек, қытай, үнді философиясындағы танымдарымен біршама сәйкес келеді. Және олардікіндей абстрактілі емес, нақты, өміршең. Адамның топырақтан жаралу туралы ұғымы да түпқазақтың дүниетанымынан алыс болмаса керек. Қазақтың ескі аңыздарындағы адам туғанда бұрық еткен топырағына жерленеді деген ұғым да содан қалыптасса керек. Ал жылқының, сиырдың, түйенің жаралуы туралы айтылым кәсіптік тәжірбиеден келгені даусыз.

Философиялық танымдағы алғашқы материялық көзқарас туралы сөз болғанда, қозғалыс туралы айтпай өту мүмкін емес. Өйткені философтардың пайымынша қозғалыс – материяның қайнар көзі, өмір сүруінің түбірлі формуласы. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа», «Ер жігіт бір терінің ішінде неше арып, неше семіреді», «Орнында бар оңалар» сынды күнделікті қолданыста жүрген көптеген мақал-мәтелдеріміздің түп мағынасына үңілетін болса, тіршіліктің, өмір арнасының қозғалысына итермелейді. Демек жер бетінде өзгермейтін дене жоқ. Барлығы өседі, өрбиді, ешбірі бір орында тұрмайды. Міне бұл заттардың дамуының диалектикалық ережесінің біздің мақал-мәтелдердегі көрінісі деп ауыз толтырып айтуға болады. Яғни, еңбекке, тіршілікке, өнерге талпындыратын нақыл сөздердің тиегі осы қозғалыс ұғымы болып табылады. «Ақпаған су сасиды» немесе «Ағынды суда арамдық жоқ» деп келетін мәтелдер тек қана табиғатпен, қоршаған ортамен ғана байланысты емес, адам санасы мен ақылының қозғалысына тікелей қатысты. Егер қозғалыс пен даму үнемі бір бағытта, үнемі бір жылдамдықта болады десек қателескен болар едік. Өйткені олар да жаратылыстың тірі ағзасы, бір мүшесі ретінде үнемі өзгеріп, күрделі кезеңдерді бастан кешіріп отырады. Бұл кезең қайшылықтардың қақтығысынсыз, күштінің әлсізге, жақсының жаманға ықпалынсыз жүзеге аспайды. Біз тілге тиек етіп отырған материалистік диалектиканың негізгі мәні де осы қарама-қайшылық. Қарама-қайшылық пәлсапасы философияда жеке бір ғылым ретінде қарастырылатыны да содан. Диалектиканы жалпылық мәннің біртұтас діңі десек, оның шарттасқан екі жағында үнемі форма мен мазмұн, себеп пен салдар, дәлелдеу мен жоққа шығару, кездейсоқтық пен нақтылық сынды толып жатқан категориялар ит жығыс түсіп жатады. Бұл ұлы табиғат заңының бір бөлшегі. Айнымас заңы. Табиғатпен етене өскен қазақ танымы, әрине бұл заңдылықтарды жеттік білген. Айталық, «Алыс пенен жақынды жортқан білер, ащы менен тұщыны татқан білер», «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық», «Бейнеті қаттының зейнеті тәтті». Осындағы жақсы-жаман, ащы-тұщы, бейнет-зейнет, бақ пен сор даму қайшылығының әрі бірлігінің әрі тұтастығының көрінісі. Қазақтың тағы бір мақалы «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деп келеді. Сөйтеді де, «Жиен неге ел болмасын жайлы болса, желке неге ас болмасын майлы болса», - деп жаңағы айтқанын қайыра теріске шығарады. Бұл жерден құптау мен теріске шығару заңдылығы анық көзге ұрады.

Диалектиканың тағы бір заңы бойынша дүниеде адам ойы жетпейтін, адам біле алмайтын дүние жоқ деп бағалайтыны. Мұндай көзқарас әуелі қоғамдық сана мен қоғамдық болмысқа келіп тіреледі. Қоғамдық болмыс пен қоғамдық сана тығыз қарым-қатынаста. Бұл қатынастың тепе-теңдігін сақтайтын негізгі фактор - сана. Сана – объективті дүниенің адам миындағы бейнесі. Айталық, «Заманың түлкі болса, тазы болып шал», «Заманы қалай болса, адамы солай». Бұл екі мақалдан адам мен қоғам, адам мен замана арасындағы байланысты көруге болады. «Заманың қалай болса, бөркің солай» деген де содан қалған кеп. Бұл жерде адам мен өзі жасаған орта арасындағы байланыс қоғамдық даму, қоғамдық үрдіссіз болмайды. Қоғам дамуының тарихы өндіргіш күштің сүйемелдеуімен болады. Яғни жаңа мен ескінің үнемі орын алмастырып, адамзат дамуы үшін қызымет етуі. Ал мұндай тарихтың иесі сол халық болғанымен, ол тұлғаларсыз, кемеңгерсіз жүзеге аспайды. Олар сол заманның, сол уақыттың, сол дәуірде өмір сүрген халықтың бейнесі ретінде тарих жадысында қалады. «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі», «Жаңбыр жауса жер ырысы, батыр туса ел ырысы», «Ұстаның қолы ортақ, ақылдының сөзі ортақ», «Жер елімен сәнді, ел жерімен сәнді». Бұл мақал-мәтелдерді ары қарай жіліктеп тарқатып жатудың өзі артық. Ең бастысы, адам танымының уақыт сүзгісінен өтіп, өмірмен сабақтасып, объективті заңдылыққа үйлесіп жатуы осындай ақиқатпен суарған салихалы сөзге ұласады. Халқымыздың ақиқат иілсе иілер, бірақ сынбайды дейтіні де содан.

Далалық санадағы, көшпенді жұрт үшін сөздегі ой, ойдағы еркіндік бәрі-бәрі де өз тыныс-тіршілігімен, өмір салтымен, адамтану, дүниетану, жаратылысқа бағыну, табиғатпен үндестік сынды ұшан теңіз ғылымның қабаттасуымен дүниеге келіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінге жетіп отырады. Сондықтан да қазақы танымдағы пәлсапаны тек нақыл сөздер, мақал-мәтелдерден іздеуден сырт, бүгінге аты жеткен дала философтарының асыл сөздерінен іздеу ләзім. Дешті Қыпшақ даласында бұндай ғасырлар белін талдырып жеткен аталы сөз иесі жетерлік. Ежелгі дәуір әдебиетінен хабары бар оқырманды әурелеп, қалың аруақты тізімді судай сапырмай-ақ қоялық. Қазтуған, Асан Қайғы, Доспамбет, Жиембет бастаған жырлаулардың алтын шоғырын еске түсірсек жеткілікті сыңайлы. Өткен ғасырлардағы әдебиетіміздің айшықты үлгілерінің қайсыбірін оқысаңыз да өмірдің терең ирімдерін философиялық биікке көтеріп, қарапайым сөзге қанат бітіріп, қуаттандырып жібергенін көресіз. Олардың көбі бізге атадан қалған асыл сөз болып жетіп отыр. Соның бірін қайыра еске түсіріп көрейік.

Бұқар жырау ақтық сапарға аттанғалы жатыр деген хабар алты алаш баласын шарпып кеткен бір тұс екен дейді ескі әңгіме. Жыраудың көңілін сұрап, дидарласып, бақұлдасып үлгірмекке алыс-жуықтан талайлаған игі жақсылар ат сабылтып келіп жатыпты. Сонда жарық дүниемен алқалаған әлеуметтің ортасында отырып соңғы рет бір хош демекке, абыз арнаулы аю төстігін үй іргесіне төсетіп, жиналған жұртпен тілдесіпті. «Биыл тоқсанның төртеуіне келген екенмін. Өзекті жанға бір өлім, өлімнен қорқып отырған жайым жоқ, тәңірінің аманатын тапсыруға дайынмын. Ырыс береке-бірлікте. Берекенің отын сөндірмеңдер», - деген екен. Аңыздардың айтуынша көмекей әулиенің соңғы сөздерінің бірі:

Ата-ананың қадырын балалы болғанда білерсің,

Ақ тәніңнің қадырын жаралы болғанда білерсің,

Бостандықтың қадырын жазалы болғанда білерсің,

Дәулетіңнің қадырын мал кеткенде білерсің,

Ажарыңның қадырын сән кеткенде білерсің,

Тіршіліктің қадырын жан кеткенде білерсің.

Міне, бұл бүгінгі біз тілге тиек етіп отырған, қазақ нақыл сөздерінің философиялық мәні туралы байламымыздың ең өміршең көрінісі болса керек. Адам баласының өмірге келгеннен өмірден озғанға дейінгі аралықтағы тарихы мен тағдыры осы бір төрт ауыз толғауға кіріп кеткен сияқты. Ғалым Мәлік Ғабдуллиннің "мақал-мәтелді тудырушы халық. Ол халық жасампаздығының биік шұғыласы" деп келетін аталы сөзі бар. Көркем, ойлы, ұтқыр, парасатты сөйлеу дала халқының ұстанымына айналған. Сөзіне қарап кісісін ал дейтін таным да соның мәйегі. Бүгінгі қоғамда қазақтың ұлттық дәстүрі мен өмір-салтын қайта жаңғырту ұлт сапасын көтерудің тиянағына айналып отыр. Сондықтан өткен тарихты, шежірелі ғұмыр-дастанды заманауи үлгіде қазіргі қазақ баласының қалыбына салып көркейту кезек күттірмес мәселе. Осы тұрғыда қолға алатын ең маңызды іс сөзтаным мәселесі. Сөзіңді тану – өзіңді, өткеніңді тану, болашағыңды бағдарлап, бағамдау. Біз кешегінің жалғасымыз, ертеңнің бастауымыз. Әр ұрпақтың мойнында өз дәуіріне сай жүгі бар. Ол аманат жүгі. Ескіден қалған айшықты айтылымды жинау, сақтау, зерттеу, бүгінгі өмір ағысына енгізу сол парыздың бір парасы. Осы заманғы ғылымы кемел ел өз өркениетін, өз болмысын, тілін, ділін сақтаумен, дамытумен өзгеден озық тұра алады. Бұл ең бастысы өзгеден озық болу үшін емес, өмірдің мәні мен тіршіліктің үйлесімі үшін қажет болмақ. Өйткені ешкім де мыңжылдықтар бойы ата-бабасы салған сара жолдан айнып, өзгеден ерекшеленіп өмір сүре алмайды. Өткен өмір көшіне ойлы көзбен қарау, міне сол жарасымдылықты іздеуден туған жан рахаты болмақ.

Көрнекі сурет: Д. Татаркевич "Қарғалардың айқасы"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар