Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназияда көпшілік үшін ерекше мәні бар игі іс атқарылды. Бұл оқу орнында қазақтың көрнекті ақын қызы, қоғам қайраткері Марфуға Бектемірова есімі берілген қазақ тілі мен әдебиеті сыныбы ашылды.
Шараның негізгі мақсаты – Марфуға Бектемірованың өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау және қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін рухани-танымдық орталыққа айналдыру. Осындай мазмұнды бастамаға аудан басшылығы, зиялы қауым, ұстаздар мен оқушылар бір кісідей атсалысты.
Жаңа сыныптың ашылу салтанатына Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мерей Рамазанұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Алтынай Ахмеджанова, сондай-ақ ақынның жары белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Есенгелді Сүйінов, этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, білім бөлімінің әдіскері Клара Алдабергенова және Қазақстан Республикасы Орталық ардагерлер кеңесінің Отан қорғаушыны ұлықтау бөлімінің бастығы, "Халық құрметі" орденінің иегері, еңбек ардагері БолатТемірбаев басқа да құрметті қонақтар арнайы қатысты.

Мектептің бірінші қабатында орналасқан «Марфуға әлемі» көрмесінде ақынның кітаптары, суреттері, баспасөзде жарық көрген материалдары, естеліктері қойылыпты. Бұл көрме Марфуғаның шығармашылық жолын жан-жақты таныстырып, оның поэзиясының тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді.

Жаңа сыныптың ашылу кезінде Марфуға шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны туралы толымды әңгімелер айтылды. Бұл сынып енді жас ұрпақтың әдеби талғамын қалыптастыруға ерекше ықпал ететіні сөзсіз.
Жаңа кабинет заманауи жабдықталған, қабырғаларында ақынның суреттері мен өлең жолдары ілінген. Бұл бөлме енді тек сабақ өтетін орын емес, жастардың әдебиетке қызығушылықты арттыратын, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін орта болмақ.
Ақын Марфуға Бектемірова – туған жерін шын жүрекпен сүйген, табиғатының сұлулығын жырлаған, әйел болмысы мен ұлттық құндылықтарды биік деңгейде бейнелеген ақын. Ол өмірден ерте кетсе де, артында өшпес мұра қалдырды.

Көкше өңірі де ақын қыздарын құрметтеп қала орталығынан оның атына көше берген екен. Сондай-ақ аудандық және облыстық деңгейде «Марфуға оқуларын» өткізу де дәстүрге айналып келеді. Ақынның жары, белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Есенгелді Сүйінұлы толқып сөйледі. Ол Марфуғаның елге, туған жерге адалдығын ерекше болғанын атап өтіп.

Марфуғаны туған жері де, әдеби орта да өз бағасын беріп, құрметеп жатады. Астанада, Көкшетауда тіпті Ресейде де шығармашылығына арналған кештер өтті. Оқушылар жырларын жатқа оқып, замандастары жақсы емтеліктер айтады. Бірақ осының бәрі тым кеш емес пе, осының бәрін өзі көріп, өз құлағымен естігенде ғой деген ой келеді. Мына кабинеттің ішіндегі барлық дүние көңілге жылы. Бәрі дұрыс. Бірақ мен үшін Марфуғаның тірі жүргені бәрінен қымбат еді, – деді.
Сондай-ақ «Халық құрметі» орденінің иегері, еңбек ардагері Болат Темірбаев алдағы уақытта ақынға ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтты.
Шара ақын поэзиясына арналған концертпен жалғасып, оқушылар ақынның өлеңдері мен өздерінің арнау жырларын оқыды.

Оқжетпес ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің 10 «Ә» сынып оқушысы Сатылхан Абдулланың Марфуға Бектеміроваға арнауы көпшіліктің ойынан шықты.
Көкшенің ақын қызы нар Марфуға,
Ұрпаққа үлгі болар ол нар тұлға.
Жер бесікте жатқаныңмен үн-түнсіз,
Көңіл тербер сөздерің бар артында.
Көкшенің ақын қызы нар Марфуға,
Қалдырдың көп ақынды зар Марфуға.
Сөздеріңмен тербететін әлемді
Алладан келген өнер бар Марфуға.
Бұл кеш Марфуға мұрасының әлі де халық жүрегінде өмір сүріп тұрғанын айқын көрсетті деуге болады. Марфуға есімі берілген бұл сынып та жас ұрпаққа шабыт беретін, әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыратын, рухани құндылықты сақтайтын ортаға айналары анық.
