Орыс қаламгері бізге өзінің «Соғыс және бейбітшілік» шығармасында адамзат өмірдің небір сұмдығына қарамай өзі арқалаған кесапатты жүре-бара өткен күнге қалдырып отыратындығын үйретеді. Мен «Соғыс және бейбітшілікті» тұңғыш рет осыдан жарты ғасыр бұрын Перрос-Гиректе өткізген алғашқы ақылы демалысым кезінде оқыдым. Ол кезде France-Presse агенттігінің қызметкері болғандықтан өзімнің тұңғыш романымды жазып жүрген едім. Әдебиеттегі бұл жанрдың басқаларына қарағанда басты шарты – көлемінің кеңдігі екендігіне аса сенімді болдым, өйткені ұлы романдар болмыстың қаншама қабатын қамтып, адамзат тәжірибесі арқылы жинақтаған барлық байлықты өзі арқылы нақтылы түрде көрсеткендіктен де кірпіштей қалың болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Харуки Мураками: Мен. Мәтін. Оқырман
Толстойдың романы шынында да осы пікірімді толықтай қуаттап тұрушы еді. Ә дегеннен бейқам сарынмен дворяндықтың өкілдері – орысшадан гөрі француз тілінде көбірек сөйлесетін Санкт-Петербург пен Мәскеудегі ақсүйектер салонындағы өмір жайлы баяндай келіп, ақырындап орыс қоғамының қиын топтарына көшіп, таптардың әралуандығы мен қоғамдық типтерді, княздар мен генералдардан бастап басыбайлы шаруаларға, саудагерлерге, некеге тұрушы қалыңдықтар мен құпия масондық ұйымдардың төл белгі – ерекшеліктеріне дейін, діндарлар, ұрылар мен әскерилер, өнер қайраткерлері, мансапқұмарлар мен мистиктерге дейін көрсетеді. Мұндайда оқырманның көз алдынан адам ұлының барлық мүмкін уәкілдерінің тарихы өтіп жатқандай сезім пайда болады.
Егер ұмытпасам, аталмыш кең тынысты, көрнекті романда аласапыран айқас сахналары болды. Елге күшпен басып кірген наполеондық әскерді кәрлі аяздың, қар мен аштықтың көмегімен түп-тұқиянымен құртып жібермес бұрын түрлі жеңілістерге қарамай, ылғи да соққы беріп отырған данышпан қолбасшы, фельдмаршал Кутузовты суреттеулер бар.
Менде егер «Соғыс пен бейбітшіліктің» барлық мазмұнын бір ғана тіркеспен жинақтап айту қажеттілігі туар болса, бұл роман орыс халқының «адамзаттың жауы» Наполеонның басқыншылық ниетін қалайша талқандап, қалайша өз тәуелсіздігін сақтап қалғаны туралы салынған сәулетті сурет дер едім. Яғни бұл – орыс халқының әскери қажыр-қайраты, дәстүрі мен соғыс өнері дәріптелетін ұлы әскери-патриоттық роман.
Ал қазір бұл шығарманы оқи отырып, өзімнің қатты қателескенімді түсінемін. Роман соғысты адам рухы шынығатын, кісілік қасиеттер мен мемлекеттердің ұлылығы қалыптасатын оқиға ретінде көрсетуге әсте ұмтылмай-ақ, әрбір ұрыс арқылы кішкентай адамдардың басына төнген шексіз әділетсіздік пен қайғыны, жүрек айнытарлық мүрделер санын, оның барлық масқаралығын көрсетеді (шамасы, бұл Наполеонның Аустерлиц маңындағы жеңісін адам таңғаларлық етіп баяндауынан көзге ұрады). Құрбандардың негізгі бөлігі де сол кішкентай адамдар. Автор патриотизм мен даңқ, азаматтық және әскери ерліктер туралы мылжыңдау арқылы осы бақытсыздықтың бәріне себепкер болғандардың қаһарлы әрі қандықол ақымақтығын аяусыз шенейді. Жарылған снарядтың дүмпуі естіле бастағаннан-ақ осынау сөздердің мәнсіздігі айқын көрінеді. Толстойдың романы белгілі бір деңгейде соғыстан гөрі бейбітшілікті көбірек сөз етеді. «Соғыс және бейбітшіліктің» жұмсақ мінезді, кең пейілді кейіпкерлерінің бірі Пьер Безуховтың образы арқылы оның орыстың тарихы мен мәдениетіне лық толы махаббаты қанды қырғынды әсте мадақтамайды, керісінше, бояуы қанық өмірдің, толғамдар мен күмәндардың, шындықты іздеу мен ізгілікке ұмтылудың мәнін ашады.
Шығарманың мен оқыған испан тіліндегі аудармасы аса керемет емес. Алайда Толстойдың кереметтігі оның нені суреттеуінен білінеді, сонымен бірге ашық жазғанынан гөрі көбінесе астарлап айтқандарынан аңғарылады. Оның үнсіздігі қашан да ділмар, қашан да ақпаратқа толы. Князь Андрейдің Наташаға деген махаббатын ақыр соңында не айтар, не айтпасын, үйлену тойы болатындығын, әлде түнерген Николай Андреевичке олардың көңілін түсіру сәті түсер-түспесін жан-тәнімен білуге құмартып, мәтіннен алыстай алмайтын оқырманға оның үнсіздігі қашан да қызығушылық тудырады. Романның негізгі жүлгесінде сюжеттің үздіксіз өрбуін көруге құмартқан оқырманды ең қызықты әрі шешуші сәтке жетектеп әкелмейді, не үзілген я болмаса аяқсыз қалған бірде-бір эпизод жоқ. Расымен де, кейіпкерлері өте көп, осыншама көлемді әрі көппланды шығарма бола тұра бәрін алдын-ала біліп отырған әңгімешінің сюжет желісін еш кейіпкер көзден таса болмайтындай етіп құруы, әрбіріне арнайы көңіл бөліп, уақыт арнауы арқылы ешқашан ешбірін естен шығармауы таңдай қағарлық. Барлық кейіпкерге уақыт пен кеңістік теңдей бөлінеді. Ондағысы: барлығы да қуанышы мен мұңы, аңсары, жақсы көруі мен қайран қалдырар оқиғалары әр күнге теңдей бөлінген, кейде өте баяу, кейде ілгері жұлқынған осынау өмірдің өзіндей өтуі үшін.
Қазір «Соғыс және бейбітшілікті» оқи отырып, алғашқы оқыған сәтімде нені түсінбегенімді аңғарамын. Әсіресе, романның рухани өлшемі салон мен ұрыс алаңындағы оқиғалардан әлдеқайда маңызды екенін ұғамын. Ақ пен қараның ара жігін ажыратуға септесетін философия, дін, ақиқатты іздеу – роман кейіпкерлерінің басты жұмысы, романдағы ең ғажап бейне фельдмаршал Кутузов үшін де солай. Ол – бүкіл ғұмырын ұрыс даласында өткізгеніне қарамастан (оның жүзінен түрік даласынан қалған тыртық іздері әлі күнге дейін анық байқалады) өшпенділіктен хабары жоқ аса өнегелі адам. Былайша айтқанда, ол басқа жол жоқтығынан ғана шайқасады: бұл іспен әйтеуір біреу айналысуы керек қой. Ал ол өзін бұдан гөрі интеллектуалды әрі рухани қызметке арнағанды артығырақ көреді.
«Соғыс және бейбітшілікте» орын алатын оқиғалар желісі, турасын айтқанда, жан түршігерлік, мен оның оқырманның көңілін жабырқатып, уайымға түсіретіндігіне күмәнмен қараймын. Керісінше, роман өзінің дегеніне жетіп жығылатын екіжүзділер мен зымияндардың байлығын емес, өмірдің небір сұмдығына қарамай соңғы кесімді сәтке жеткенде жаманнан гөрі жақсы адамдардың көп екенін көрсетеді; ызадан гөрі бақыттың, уайымнан гөрі жан тыныштығының мол екенін айғақтайды, адам арқасына өңгерген бар кесапатты жүре-бара өткен күнге қалдырып отыратындығын сезіндіреді. Яки көбінесе көзге көріне бермейтін тәсілдер арқылы ол өзінің жағымсыз қасиеттерінен арылып, жалқындана түседі.
Қай жағынан алып қарағанда да «Дон Кихотты» жазған Сервантес, «Адамзат комедиясын» жаратқан Бальзак, «Оливер Твистің» авторы Диккенс, «Аласталғандардың» иесі Виктор Гюго, Оңтүстік Америка тарихын жазған Фолкнер тәрізді Толстойдың да басты, негізгі ерлігі осыдан тұрады. Оның романдарын ештеңеге қарамай-ақ оқи отырып, адамзат ашу-ызасының құрдым тұңғиығына шым бата түсеміз, небір жағымсыз жағдайлар мен түрлі қиыншылықтарға қарамастан адамзат өз ғұмырының барлық қысылтаяң кезеңдерінде бай әрі терең болатындығына көзіміз жете түседі. Өйткені біз тек осы өмірде ғана емес, алып романдардың кейіпкерлер әлемінде де өмір сүре аламыз.
Менің көңілімді көптен күпті етіп жүрген сұрақты ортаға тастамай, бұл мақаланы аяқтай алар емеспін: әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сыйлығы Лев Толстойға емес, қалайша Сюлли Прюдомға (Sully Prudhomme) берілді? Дәл қазіргідей, сол кездің өзінде-ақ «Соғыс және бейбітшілік» әлемдік әдебиетте ғасырда бір туатын ғажайыптың бірі екендігі анық болды емес пе?
Тәржімалаған: Еділбек ДҮЙСЕН
«Солақайлар» әдеби клубы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.