Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Махаббат - ақын тілімен...

08.03.2021 3959

Махаббат - ақын тілімен 12+

Махаббат - ақын тілімен - adebiportal.kz

Махаббат жайлы ой толғанысты поэзия тілімен жеткізу – өзге тәсілдерге қарағанда әлдеқайда ұғынықты да ұтымды болар, сірә. Туғанына биыл 75 жыл толатын, қазақтың танымал ақыны Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабек туындыларында махаббат тақырыбының орны ерекше. Көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық аналар күнінің өзі – махаббатқа құштарлық мейрамы. Кеңшілік ақынның бір өлеңі арқылы «МАХАББАТ атты ұлы сезім – әлемді ұстап тұрған құдіретті күш» деген ойды мазмұндай тарқатуға тырыстық.

Ер мен әйел. Отбасы. Отбасындағы ер мен әйелдің міндеттері мен құқықтары және оның әр дәуірдегі сипаты мен көріністері. Ер мен әйел арасындағы сезім. Отбасының беріктігі. Отбасы құндылықтары және оның мызығымастығы. Осынау қысқа-қысқа атаулы, тезистік сөйлемдердің әрқайсысы қалың-қалың кітапқа жүк болатын тақырыптар. "Жер шарындағы барша тіршілік иелері арасында ақыл-ойымен даралық, басымдыққа ие болып отырған адамзат қоғамын тұтастырушы күш не?" - деген сұрақ әрқашан қойылып келген және оған берілер жауап та сан түрлі. «Жер бетінде қанша жүрек бар болса, сонша жүрек махаббатты жырлайды», - деген орыс поэзиясының жарық жұлдызы Сергей Есенинге саятын болсақ, Жер шарындағы адамдар арасындағы түсіністік пен тұтастықтың түп қазағы – махаббат пен мейірімділік болмақ. Қазақтың ойшыл данасы Абайдың да: «Махаббатсыз дүниедос – хайуанға оны қосыңдар», - деуінің мәні осы болар. Әрине, махаббатты тек ер мен әйелдің ортасында ғана туындайтын сезім ретінде, тар аяда қарастыруға әсте болмайтыны белгілі. Белгілісі: қалай болғанда да адамдар арасындағы ең ұлы сезім ол – махаббат. Махаббатың құдірет-күші жайында небір ғажап туындылар жазылды, бұрынғы-соңды уақыт бедерінде. Махаббат иірімдері жайында талғамды жырлар жазу үшін өз сезім қуатының бар мүмкіндігін сарп етіп толғанбаған ақын да кемде кем болар, сірә. "Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады" демекші, толғанған ақынның бәрі толымды туынды бере бермейтіні - ол дағы өмірдің заңдылығы. Махаббат - мәңгілік тақырып. Қазақтың белгілі ақыны Кеңшілік Мырзабектің «Адам ата Хауа анаға жолыққан» атты өлеңіне арқау болған махаббат сезімін тарқатып көрелік:

Адам ата Хауа анаға жолыққан,

Жолыққан да, бірін-бірі дәл ұққан.

О, ғажайып, қас қағымда қалайша

Бірі аталық, бірі аналық танытқан?!

Авраамдық діндер арқылы барша әлемге таралып, көнеден жеткен діни мифология бойынша Жер шарындағы күллі адамзат баласы Жаратқан иенің топырақтан илеп жасаған жаратынды туындысы Адам ата мен оның қисық қабырғасынан жасалған әйелзаты Хауа ананың ұрпағы екен деген түсінік бар. Протоқазақ туралы біздің халқымыздың таным-түсінігі де негізінен осы ауқымда. Адамзаттың жаратылысы осылай ма, басқа ма, бұл турасындағы өзге нұсқаларды қарастырып жату - міндетіміз емес.

Махаббаттың жоқ еді ғой заңы онда,

Жоқ еді ғой әулет, ру, қоғам да.

Жоқ еді ғой күлу, сүю, күйіну,

Атақ-даңқ, өсек-ғайбат, жалаң да.

Жер шарындағы алғашқы жетілген ақыл-ой иелері болған деген мәліметке сенетін болсақ, онда Адам ата мен Хауа ана – бірден бір жұп болғандықтан, әулет, ру, қоғам болып саналмайтыны рас қой. Ұжымақта беймарал, уайымсыз-қайғысыз өмір сүріп жатқан бұл жұп Ібілістің арбауына еріп, рұқсат етілмеген жемісті жеген себепті, жайлы мекеннен қуылып, Жерге, қу медиен құла түзге келіп түскен екі күнәһар Жаратқанға жалбарынып кешірім сұрап жалбарынумен қаншама ондаған жылдарды бастан өткереді. Олар Жер шарында бірін-бірі қайта іздеп тауып, қауышқанша да екі жүз жыл өтіп кетеді. Ақыры, «іздеген – жетер мұратқа» дегендей, Адам ата мен Хауа ана Арафа тауында біржола табысқан екен дейді діни аңыздар. Сол кезеңдегі Адам ата мен Хауа ананың жағдайы туралы ақын былайша суреттейді:

Жоқ еді ғой төсек түгіл, тәнде лыпа,

Жоқ еді ғой жолдар түскен жон-қырқа.

Жоқ еді ғой бақыт кешу – жұптасып

Бірін-бірі талықсыта, талдырта...

Ұжымақтан қуылып түскен соң әбден арып-ашып сапар шегіп, ақыры өлдім-талдым дегенде бір-бірін тауып, тұрақты мекендеуге Шам өлкесіне қарай бет алған Адам ата мен Хауа ананы бір-біріне осыншама ынтызар қылған бір құдіретті күш барын меңзейді, ақын. Осынау ұлы күштің аты – Махаббат еді деген болжамды ұсынады:

Сонда қалай, туғаны ма жоқтан бар?

Жоқ, жоқ, бұған мен сенбеймін, тоқтаңдар!

Болмаса егер Махаббаттың құнары,

Олар қалай бір-бірінен тапқан нәр?

Хакім Абайдың да өз өлеңінде: «Махаббатпен жаратқан адамзатты», - деп толғанатыны бар емес пе еді? Бұл сөйлемдегі ойды Жаратқан ие өзінің жаратындысы Адамзатты үлкен бір ынта-ықыласпен сомдаған еді деп те, немесе Құдай-Тағала Адамзат баласының санасына махаббат атты ізгі сезімді сіңіре жаратты деп те тәпсірлеуге болатын шығар.

Білмесе егер ынтығуды, сүюді,

Неге олар бір-біріне иілді.

Ақылдан да сезім бұрын тумай ма,

Ал Махаббат – сезім сөзі, иінді.

Расымен де өмірге келген сәбидің ақылынан бұрын сезімі алдымен пайда болатынын психология ғылымы дәлелдеп отырған жоқ па? Ислам дінінің матуриди ілімі бойынша адам баласының танымдық санасы сезім, ақпарат, ақыл деген үш саты арқылы қалыптасады деп есептейді. Демек – алғашқы жұптың бірін бірі іздеуіне арқау болған – махаббат сезімі екен. Біздің қазақ халқы ғасырлар бойы осы матуриди ілімін ұстанып келе жатыр.

Демек, демек, Адам ата, Хауа ана

Жетпесе де киінетін санаға,

Болды оларда оттай ыстық Махаббат,

Айы-күнін жаза алмаған Замана.

Иә, Адам ата мен Хауа ананы бір-біріне жолығуға ынтызар қылған – махаббат атты сезім. Бұл сезімге сол сәтте олардың жүрегі махаббат атты сезімге қаншалықты толы болғандығы өздеріне ғана аян болар. Тіпті сол махаббаттың өлшемі болуы да мүмкін емес қой. Махаббатқа шексіздік тән. Тіпті адам өз жүрегінде осы бір аялы сезімнің барын білмеуі де мүмкін. «Тек кездесу мен қоштасу сағаттарында ғана әр адам шын мәнісінде өзінің жүрегінде қаншалықты деңгейде махаббат жасырынып жатқанын біледі», - деген екен, неміс жазушысы Жан Поль Рихтер.

Бізге жеткен аңыз ба әлде сәл оғаш,

Екі ынтықтың кездесуі – жалаңаш,

Сезім кейін жасанды ғой ақылмен,

Киім киіп, тән көркейту шамалас.

Бұл жердегі «жалаңаштықтан» анайылық іздемейміз. Ақын айтқанындай, адамзат баласына ақыл-ес кірудің өзі тән жабумен шамалас екендігі де тарихи эволюцияның ақиқаты. Қазақ күні бүгінге дейін есейіп, ержетуді "ес жиып етек жабу" демейтін бе еді? Адамзаттың эволюциялық дамуы расымен де солай болды деп шамалаймыз. Зоопсихология атты ғылым жан-жануардың сезім қалпы еркісіз бейнасаналы түрде биологиялық факторлармен тікелей байланысты екендігін айтады. Адамзат баласы сан мыңдаған жылдар бойы тынымсыз алға жылжудың нәтижесінде Жер шарындағы барша тіршілік иелері арасында өзінің интеллектісі арқылы дараланып, шын мәніндегі қожасына айналған жоқ па? Сондықтан да коммунизм идеологиясын негіздеушілердің бірі, философ Ф.Энгельстің: «Адамды адам еткен – еңбек», - деген тұжырымын терістей алмаймыз.

Одан бері өтті талай сан ғасыр,

Бәрі ескірді.

Тек Махаббат – мәңгі асыл.

Ей, бүгінгі Адам ата, Хауа ана,

Бір-біріңнен жан жасырма, тән жасыр!

Ақынның сөзі – қапысыз. адамзат қоғамын ұстап тұрған құдіретті күш, ол – Махаббат. Сондықтан да болар, әйгілі ғұламалар мен сезімтал ақындардың Махаббат атты ұлы сезім жайында айтылған, барлығы да мамзұндас-мәндес, бірін-бірі толықтырып жататын жүздеген-мыңдаған тамаша сөздері бар. Ақынның «тән жасыр» деп отырғанын біз ер мен әйел заты арасындағы өзара сыйластықты қамтамасыз ет, әдептің шекарасын аттап өтуден сақтан, орайлы сәтте өзара жан сырын бөлісуден ешқашан тартынба деп түсінгеніміз абзал. Дегенмен, күнделікті өмірде жан жарына деген ризашылығын, жағымды көзқарас сезімін білдірудегі әр халықтың өзіндік ерекшелігі бары тағы анық қой.

Біздің халық, біле білсең, бір ғажап!

Сүйе тұра бірін-бірі жүр қажап.

Қанша жақсы көрсе дағы әйелін,

Білдірмеуге тырысады бұл қазақ, -

деп ақылдың ақыны Қадыр Мырза-Әлі қандай тап басып айтқан десеңізші. Мұнда біздің қазақтың еркегі мен әйелі арасындағы жұбайлық қатынастың шынайы писхологиясы жатыр. Қайсыбір ұлттың жігіттеріндей, көпшіліктің көзінше әйел алдында әлекедей жаланып, иненің көзінен өткендей лыпылдап тұру – бәлки, қазақ еркегінің көбіне-ақ тән қасиет болмауы мүмкін. Бірақ, Кеңшілік ақынның жырына арқау болған «МАХАББАТ» атты ұлы сезімді аялап, ардақтаудан қазақ ерлерінің арғы-бергі тарихта ешкімнен кем соққан жері жоқ деп айта аламыз. Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол», - деп хакім Абай айтқанындай, ессіз ғашықтық пен құмарлықтың бәрі – махаббат емес, әрине.


Махаббат Анамыз ғой, бары рас қой,
Бары рас ұлдары да тағы қаскөй,
Бары рас Адамзаттың болашағы,
Өйткені санасы мен жаны жас қой, -

деп Махаббат атты ұлы сезімді қаншама тамаша өлеңіне арқау еткен қазақтың аймаңдай ақыны Кеңшілік Мырзабек жырлағанындай, мынау әлемде махаббат әрдайым салтанат құра бермейтіні тағы бар. Махаббат кемшін соққан жерде алауыздық, қақтығыс, соғыс туындап жатпай ма? Сондықтан да, адам баласына керегі, Абай айтқан "ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" қажет. Махаббат атты ұлы сезімді лайықты әспеттей білсек, қанеки! Арғы-бергі тарихта ақылы мен сабырын селт еткен сәттік сезімге жеңдіріп, буынсыз жерден пышақ ұрғандай, ағайын мен бауырды, ауыл мен қоңсыны, ел мен елді араз-ащы етіп, ат сабылдыртқан қайсыбір ер мен әйелдің әлде әбес, әлде ессіз батылдығын махаббат жолындағы тәуекелдікке балаған тұстарымыз да көп қой. Бұлардың осы қадамы қаншама ән мен жырға арқау болып әспеттелгеніне мысалдар да жетерлік! Мұны негізі ыстық қан бойда тасыған жастық-мастықтың аз күнгі желігі, су бетіндегі толқын көбігі десек болар. Ал тұңғиықта шымырлаған махаббат сезімінің тереңдігіне бойлау, сірә да мүмкін емес.

Бірдей еткен Табиғат қой, анамыз,
Анамызды етпейікші, зәрезап!

деп Кеңшілік ақын жырлағанындай, махаббатсыздыққа едм берумен мынау нұрлы ғаламның шырайын кетірмесек жарар еді. Адамзат қауымының бөлшегі, біздің дана халқымыздың бойындағы ҰЛЫ МАХАББАТ сезімі әрдайым шынайылықпен шырайланып мәңгілік жасай берсін!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар