Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Махмуд Доулатабади. Айна...

18.04.2019 5140

Махмуд Доулатабади. Айна

Махмуд Доулатабади. Айна - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Көшеде кетіп бара жатқан ер адам өзінің жүзін айнадан көрмегеніне он үш жылдан асып бара жатқанын еске алам деп ойламаған. Күлгенін сезбегеніне де шамамен осынша жылдан ұзағанын да ойына алуға себеп таппады. Шәксіз, егер радио «Азаматтар жеке куәліктерін ауыстыруы керек» деп хабарламағанда, бәлкім, оның жоғалып қалғанын есіне де алмас па еді?

«Құрметті азаматтар ескі жеке куәліктерін пошта арқылы құжат беретін мекемеге жіберіп, төрт аптадан кейін жаңа куәлік алуға міндетті» деп хабарланғанда куәлігін іздеуді ойлап, оны жоғалтып алғанын бірден түсінді.

Жеке куәлігінің жоғалғанына он үш жылдан көп болды деп ойлауына онымен қай уақытта ісі болғанын есіне түсіруге мәжбүрлігі себеп болды. Шамамен он үш жыл бұрын, мүмкін, отыз үш жыл бұрын болды ма екен, қалай болғанда да, осыдан талай жыл бұрын бір тарихи күні бар ғұмырында бір-ақ рет дауыс беруге барып, парақтарының біріне мөр қойылу үшін жеке куәлігін көрсету керек болғандықтан оны сулығының төс қалтасына салған болатын.

Сол күннен кейін жеке куәлігін қайда қойғанын немесе қай жерде жоғалтқанын есіне түсіретіндей ісі болған жоқ. Енді тағы бір тарихи оқиға шығып, жеке куәлігі керек болғанда онысы болмай шықты.

Алдымен куәлігі сулығының қалтасында болар деп ойлаған. Онда болмады. Кейін сандықшаға салған болармын деген ой келді. Онда да жоқ. Көшемен жүріп келе жатып, автобусқа мінді де бірден АХАЖ бөліміне тартты. Ол жерден мардымды жауап алмаған соң шығып, үйіне жеткен кезде есіне куәгерлерден құжат жинап, соны кеңсеге әкелуді сұрағаны түсті. Ия, дәл солай. Оған осылай деді. Куәгерлік қалай жазылады? Орындыққа отырып, қолына қағаз бен қалам алып, үстелдің үстіне қойды. Былай жазылуы керек: «Біз, төменде қол қоюшылар ... мырзаның жеке куәлігінің жоғалғанын растаймыз».

Франциялық қаламмен жазғанын өшіріп, тысқа шығып, аптасына бір рет сауда жасайтын азық-түлік дүкеніне бет алды.

Бірақ, басын қатырғысы келмейтін дүкенші оны танымаймын деді. Танымағаны былай тұрсын, тіпті атын да білмейтін болып шықты. Қала берді, осы күнге дейін оның атын білгісі де келмеген. Онымен қоймай: «Есіміңіздің орнын өзіңіз де бос қалдырып кетіпсіз!» деді. Ия, дұрыс.

Бәрін қойып, бірінші кір жуатын жерге баруы керек еді. Өйткені, мереке қарсаңындағы түні костюм-шалбары мен жейдесін кір жуатын жерге өткізіп, түбіртек алатын. Бірақ кір жуатын адам еске сақтау қабілетінің жақсылығы мен мүштәрилерінің аттарын білмесе де, түрлерін танитынына қарамастан, есіне түсіре алмай, өкініш білдіріп, мырзаны өте аз көргенін айтты.

- Өтінемін, мүбәрәк есіміңізді білсем бола ма? Ғапу өтінемін, шынымен... Тым болмаса, біздің бір түбіртегімізді әкелсеңіз, мәселе шешіледі.

- Ия... түбіртек демекші...

Түбіртекке тапсырушының атын, киімді тапсырған күнді, тіпті неше киім тапсырылғанын, түстерін де түгендеп жазады. Алайда, мүштәри киімін қайтарып алған соң түбіртекті не үшін сақтап жүруі керек? Жоқ, бұл жарамайды. Енді қайда, кімге жүгінуге болар екен?

Наубайхана, нан сататын дүкен осы маңда болған. Ол апта сайын жеті күнгі нанын сол жерден сатып алады. Бірақ, бір күннің қай уағы екенін қайдам, наубайшының шәкірті қабырғаның жанында ұзыннан сұлап жатып: «Нан пісірмейміз, мырза» деген соң бұл да амалсыздан қырық беттік дәптерден жұлып алған парағын қолына ұстап, үйіне қарай бет алды.

Бөлменің терезесінен хауыздағы судың бетіндегі балдырларға ұзақ қарап тұрғанымен, бәрібір есіне ештеңе түспеді.

Күн батып, көз байланар шақ па екен, есіне АХАЖ бөліміне қалтасына ақша салып барып, мұрағат қызметкеріне аздап пара беріп, одан уақытын қиып, жеке куәлігінен бір белгі тауып беруді сұрау туралы ой келді. Бұл мүмкін бе, әлде мүмкін емес пе? Несі бар? Неге мүмкін емес?

Арзан темекі тартқан, мүштігі езуіне дейін жеткен қартпен кеңсенің жертөлесіне бірге барып, мұрағаттан құжатынан бір дерек іздеуге келісті. Түскі астан кейінгі шәйді ішкеннен бір сағат өткен болар, екі еркек жертөледегі мұрағаттан жоқ іздеуге кірісті.

Жеке куәлігі жоғалған адам келе жатқанда пысықтық танытып, бір қорап темекі мен сіріңке сатып алған еді. Сондықтан жұмыс уақытынан кейін де мұрағатта айналып қалса, мәселе жоқ. Мұрағатшы қарттың жеңін түріп, білегін сыбанып, әйнегі қалың көзілдірігімен іс-қағаздардағы жазуларға шұқшия үңілуінен мұның бұл жерден үмітсіз шықпайтынына сенімі арта түсті. Әсіресе, өзі де ептеп қолғабыс тигізіп, іздеуге біртіндеп машықтана бастады.

«Әліп» қарпі аяқтала бергенде қария басын көтеріп, темекі сұрап, «б» қарпі басталатын қарсыдағы сөре жаққа бет алып: «Тегім кім дедіңіз?» деп сұрады.

- Мен ештеңе айтқан жоқпын.

- Қалайша? Ас үйде есіміңіз бен тегіңізді айтқан болатынсыз.

- Жоқ, мен ештеңе айтпадым...

- Апыр-ай, айтпауыңыз мүмкін бе?

- Жо, жоқ....

Мұрағатшы көзілдірігін қолына алып: «Мейлі, әлі де кеш емес, көп қаріп қалды. Ал, айтыңыз...» деді

- Міне, қызық... Қызық емес пе? Мен сіздің уақытыңызды босқа алдым. Кешірім өтінем. Негізгі мәселені сізге айтуды ұмытып кетіппін. Мен... Мен қанша ойланғаныммен аты-жөнімді есіме түсіре алмаймын. Оны естімегеніме көп болды. Ойлағам... Мүмкін, жеке куәлігімді қалпына келтіруге болар деп ойлағам...

Мұрағатшы көзілдірігін қайта тағып: «Әрине, әрине, шешім жолы болуы тиіс. Бірақ, неліктен міндетті түрде табам деп табандап тұрсыз?» деп сұрады.

- Ештеңе, жай әншейін... Тіпті, мән бермеуге де болады. Шынымен, не қажеті бар?

- Еркіңіз білсін. Ұмытшақтық дегенді түсінем. Кейде өзімде де болады. Дегенмен, егер жеке куәлік керек десеңіз, шешім жолы бар.

- Қандай жол?

- Біраз ақша шығару керек. Осы іспен айналысатын адамды танимын. Сізді соған ертіп апарамын. Алайда, сіздің ойыңыз маңызды. Тек тезірек шешім қабылдауыңыз керек. Қас қарайғанша жетіп алғанымыз абзал.

Кеңсе жабылайын деп жатқанда екеуі жаяу жүргіншілердің жолынан өтіп, негізгі даңғылға ұласатын көшеге бұрылды. Сол жерден автобусқа мініп, мұрағатшы шал ұңғыл-шұңғылына дейін танитын махаллаға жетуге болады. Ол жерде түкпірі ескі қанжардың қынабындай доғалдау келген, өзі созылыңқы бір дүкен бар екен.

Шапанға оранып, құжыраның есігінің алдында отырған шал мұрағатшыны таныды. Оның сәлемін алып, мүштәримен дүкеннің түкпіріне баруға рұқсат етті. Мұрағатшы дүкенге еніп, ескі, көне мыңдаған заттың арасынан өтіп, оны алдынан кір перде тұтылған түкпірге ертіп барды. Пердені ысырып, ескі сандықтың аузын ашып, бума-бума болып жатқан қисапсыз жеке куәлікті көрсетіп: «Сіздің қандай жеке куәлікті қалайтыныңыз маңызды. Бұл күндері атын немесе жеке куәлігін, тіпті екеуін де жоғалтып, я ұмытып қалатын жандар көбейіп барады. Сіз енді кім болғыңыз келеді? Шаһ па, әлде тіленші ме? Бізде түр түрі бар. Тек бағалары әртүрлі. Сол себепті өзіңіздің ойыңызды білгіміз келеді. Біреулер көзін жұмып, лотерея билетін алғандай, бақтарын сынайды. Сіздің талғамыңыз қандай? Қай жердің тумасы, қай жердің тұрғыны болғыңыз келеді? Мамандығыңыз не болсын? Түріңіздің қандай болғанын қалайсыз? Бәрін жасаймыз. Өзіңіз таңдайсыз ба, әлде сіз үшін мен таңдайын ба? Мұндай таңдауда сіздің атыңызға әмірдің, темір саудагерінің, автомобиль көрмесі иесінің немесе бір... бір жер қожайынының, яки құнды келісім иесінің жеке куәлігі түседі. Еш алаңдамаңыз, бұл қалыпты іс. Мәселен, мына белгі қойылған куәліктердің топтамасы арнайы қызметтерге арналған. Сіздің жасыңызға лайық деп ойламаймын. Мына бума – жарнама істерімен байланысты. Мәселен, апталық бір басылым иесінің немесе бір телебағдарлама эфирі басшысының. Түр түрі бар. Айтпақшы, есім... Есіміңіздің кім болғанын қалайсыз? Хасан, Хосейн, Бозоргмеһр, әлде «Шаһнамедегі» есімдердің бірі болғанын қалайсыз ба? Қандайын ұнатасыз, қандай атты жақсы көресіз?» деп сұрады.

Жеке куәлігін жоғалтқан адам біраз ойға шомып, үнсіз тұрды да: «Әуреге салдым-ау... Дегенмен, егер қиын болмаса, іздеп, өлген адамның жеке куәлігін тауып бер. Бұл мүмкін бе?» деп сұрады. Мұрағатшы: «Мүмкін емес ештеңе жоқ. Бұның бағасы да арзанырақ» деді.

- Рахмет, рахмет...

Сыртқа шыққан кезде дүкенші шалды жөтел қысып, сол күйде орнынан тұрып, пердені төмен түсіру үшін қысқыш іздегендей болды. Жөтеліп жатып, өзін күтіп тұрған екі мүштәриге: «Ертең келіңдер, дүкеннің түкпірінде жарық жоқ» деді.

Көшеде кетіп бара жатқанда ер адамның есіне күлмегеніне де он үш жылдан асқаны түсті. Қазір... Күлмекке ыңғайланып, аузын ашқанда тұтқиыл бір сезім арқылы тісінің бір-бірлеп босап, аяғының астына, бәтіңкесінің басына саудырап түсіп жатқанын аңдады. Тіпті, жақ сүйегінің бір бөлігінің, бір қабағы мен тырнақтарының да түсіп жатқанын сезді. Бәлкім, уақыты келген болар... Егер үйіне жетсе, бөлмесіне енген сәтте пештің жанына барып, соңғы рет айнаға бір қарайды.

Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым

АВТОРДЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:

Махмуд Доулатабади – Иранның қазіргі дәуір әдебиетіндегі ең ірі жазушылардың бірі, драматург, сценарист. Ол 1940 жылы Иранның солтүстік-батысындағы Хоросан Разави облысы, Сабзевар ауданының Доулатабад ауылында етікші отбасында дүниеге келген. Қазір Германияда тұрады.

Он томдық «Келидар» романы – жазушының ең танымал еңбегі. Доулатабадидің шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Ертеде жазған туындыларының ішіндегі «Айна» – жазушының қазақ тіліне аударылған тұңғыш шығармасы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар