2025 жылдың 16 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Кітап – ұлттық құндылық» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Ұлт және ұлттық кітап» атты ашық есік күні аясындағы көптеген іс-шаралардың бірі екен. Жазушылар, ғалымдар, кітапқұмар оқырмандар, БАҚ өкілдері қатысқан бұл дөңгелек үстел барысында Mecenat.kz әдеби сыйлығының таныстырылымы жасалды.
Дөңгелек үстелдің тізгінін ұстаған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Қарсақбайқызы Сейітова «Ұлт және ұлттық кітап» ашық есік күні аясындағы бүгінгі дөңгелек үстелдің мәні мен маңызына тоқталды: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттық негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қол жетімді болуы керек», - деп атап өткен болатын. Кітап адам баласының ғасырлар бойы жинаған тамшыдай ойлары мен көзқарастарының көшірмесі. Кітапхана – алтын сандығымыз. Ұлттық таныммен суарылған кітаптарымызды насихаттау, қаламгерлерімізді насихаттап беделін арттыру тұрғысында 23 сәуір – Ұлттық кітапхана күні болып белгіленген болатын. Осы орайда мемлекет тарапынан руханият саласына ерекше мән беріліп, ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқаны белгілі. Атап айтар болсақ, сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармаларын елге танытатын ерекше сыйлық «Айбозбен» қатар жас қаламгерлерге арналған президенттік әдеби сыйлық, мәдениетаралық және ұлтаралық бірлікті нығайтуға арналған көптеген сыйлықтар ақын-жазушыларымызға кеңінен танымал.

Ұлттық кітапханамыздың кітап сыйлығы да жарияланған болатын. Оның нәтижесі 23 сәуір күні белгілі болады. Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау ісін ілгерілету, рухани мұраларымызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы елімізде 2007 жылдан бері жыл сайын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен өткізіліп келеді. Бұл жоба бойынша көрнекті классик жазушылардың елу үш кітабы ел болып оқылды. «Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деп мемлекетіміздің басшысы айтқанындай, төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке тың серпін беріп келе жатқан қаламгерлерімізге атаулы күндерің құтты болсын дейміз. Құрметті әріптестер, Кітап күні аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі дөңгелек үстелімізге белгілі ақын-жазушылар, әдебиетшілер мен киногерлер, журналистер және Mecenat.kz әдеби сыйлығының ұйымдастырушылары келіп отыр. Дөңгелек үстелде қазақ әдебиетінің қазіргі жағдайы, қоғамдағы рөлі, даму процестері туралы сөз қозғалып, мемлекеттің демеушілігімен өтіп жатқан әдеби байқаулар туралы жан-жақты пікірлер айтылады деген сенімдеміз», - деді.
Алғашқы сөзді ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов алды:
Алдымен айтарым – алда келе жатқан кітап күні құтты болсын! Осындай іс-шараны ұйымдастырып отырған кітапханаға көптен көп рақмет. Жаңа басшыларыңыз келіп жатыр екен. Қасиетті орын кітапхананы алға сүйреп өркендете береді деп сенеміз.
Жалпы өзі «Кітап – рухани қазынамыз» деген – салмағы өте ауыр сөз. Бәріміз де кезекші сөз сияқты айта саламыз. Бірақ рухани қазына болғанда қаншалықты болып отыр, қалай болып отыр? Бұл бір ойланатын мәселе. Жазушы жазады, баспагер шығарады. Кітапханаға тапсырамыз. Қазына болып тұрады. Ол халыққа қалай жетіп жатыр? Заман өзгерді. Сонау Толстойлардың, Вальтерлердің, Дидролардың заманын алсаңыз, ол кезде әдебиет бірінші кезекте болды. Жазушы жазғаннан кейін оның жалғасы қашан шығады деп күтіп отырған ғой. Мысалы Дидро «Монахиняны» жазғанда бүкіл Франция дүр сілкінген. Одан арғы жалғасы не болады деп шешімдер қабылданған соған бола. Ал қазір қоғамды дүр сілкіндіріп жатқан сондай әдебиетті біз көрмейміз.
Артур Конан Дойл «Черлок Холмсты» жазғаны үшін Ұлыбритания королі оған сэр деген атақ беріп, қабылдап, қолын алып тұрып: «Кітабыңыздың келесі бөлігі қашан шығады», - деп сұраған екен. Сонда қарасаңыз, корольдің өзі жазушының кітабын қадағалап оқып отырған ғой. Ол әдебиеттің өркендеген дәуірінің көрінісі. Келе-келе мына ХХІ ғасырға келгенде теледидарың бар, радиоң бар, телефоның бар, басқаң бар, осылардың бәрі жарыса шыққан жағдайда әдебиеттің өзі екінші планға кетіп қалды. Себебі қазір бәлен кітап жазған жазушыдан он раунд бокс ойнаған боксшының атағы бәлен кітап жазған жазушыдан жоғары тұрады. Немесе бес-алты ән салған бала немесе бес-алты той басқарған баланың, үш-төрт киноға түскен әртістің атын халық жақсы біліп жатады. Ал небір мықты деген жазушылардың аты қазір ұмытуға айналды. Осындай бір қиын кезеңмен жүріп келе жатқан сияқтымыз қазір.
Құдайға шүкір, мемлекет қамқорлық жасап, кітаптар шығарып жатыр. Бұл жерде біз жылай бермей жоқ деп. Әсіресе мынау мемлекеттік тапсырыспен кітап шығу, мемлекеттік сатып алулар арқылы еңбектерін жарыққа шығару деген жазушылар үшін әжептәуір көмек әжептәуір қолдау болып отыр. Сонымен бірге басқалар қазір жаңа заманға, өкіметке сай кітаптарды нарыққа шығарып сату арқылы өздері табыс тауып отыр. Және бұл өте бір өркениетті шаруа. Кітабың өте ме, шығарт та сат, өтпей ме, онда тоқтайды. Осы үрдіс бойынша «Фолиант» баспасының қадамдарын құптаймыз. Себебі оқырман бар болатын болса, кітапты іздеп сатып алатын болса, осыған орай мыңдаған тиражбен қайталап шығып жатса, бұл – қуанышты жағдай. Дегенмен бәріміздің басымыз ауыратын, үлкен мәселе, ол – әрине алдымен жазушы осы заманға сай, жақсы дүние жазуы керек. Ол да оңай дүние емес. Ал жақсы кітап қалай жатып қалмауы керек, оқырманға қалайша молынан жетуі керек деген мәселе – кітапхана мен жазушы, кітап өндірушінің басты бас ауыртатын мәселесі. Осы күні тіпті кітап сұрауға қорқатын болдық. Бұрын жазушының қолынан кітап алса қуанатын еді ғой. Осы күні: «Ой мұны ап-ауыр қылып көтеріп жүремін бе? Бармақ елі кітабын беріп», - деп бір керексіз нәрсе секілді қарайтын кезге жеттік, шынын айтқанда. «Өй қазір кітап көп қой! Кім оқып жатыр оны!» - деген секілді деген көзқарастарға қарамастан, кітап жасап келе жатыр.
Құдайға шүкір, алда да кітап жазылады. Адамзат кітап оқиды. Ол қазына екені рас. Дүниедегі бүкіл өнердің барлығы кітаптан басталды ғой. Керек десеңіз, сіздің киноңыз да, өнеріңіз де, барылғы кітаптан бастау алып, кітаптан тарайтын дүние.
Сондықтан да «кітап рухани қазына» деп оған жаңағы ұлттық кітап күніне президентіміздің өзі мән беріп, оған осынша халық, бәріміздің қолдау көрсетіп отырғанымыз – тегіннен тегін емес. Және де әсіресе балалар кітабы, үлкендер кітабы дейміз. Кітап ол керек. Кітап ол ешқашан да жалпы жаппай бұқаралық өнер болмаған ғой. Кітап – таңдаулы оқитын адамның, ақыл-ойы бар адамның оқитын дүниесі болған.
Кешегі Александрия, Отырар кітапханалары, т.б. кітапханаларға да кезінде оқырмандар аткөпір болып барып, тізіліп тұрып оқыған дейсіз бе? Онда да іздейтін адам ғана оқыған. Алыстан түйемен алдырып оқыған, солай емес пе? Баяғыдағы аталарымыз Қазаннан шыққан сары кітаптардағы қиссаларды бір қой беріп сатып алып оқитын болған. Сол кітаптар сандықтың түбінде сарғайып сақталып, бізге жеткен жоқ па? Демек кітап – рухани қазына» деген қарапайым ғана ақиқат деп білемін. Сол үшін, осы жолда қызмет істеп жүрген барлығыңыздың еңбегіңізге жеміс тілеймін!
Баянғали аға, сіз айтқан жағдайлармен келісемін. Осыған қарамастан кітаптар шығып жатыр. Оған біздің кітапханашыларымыз куә. Осы кітапханаға келгеніме екі ай болған жоқ. Осы азғана мерзімде жиырмашақты кітаптың тұсауы кесілген екен. Кітапханамыздың қабырғасында тұсауы кесілетін кітаптар кезегі келесі айларды күтіп тұр. Жазушыларымыз қиындықтарға қарамастан кітаптарын шығарып жатыр. Сондықтан бұл біз үшін жақсы жағдай деп есептейміз.
2024 жылы Эстонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалғаннан бастап Яап Ора мырза кітапханамызбен тығыз байланыста жұмыс жасап келе жатқанын атап өткім келеді. Былтырғы жылы кітапханамызда кино институтының президенті Эдит Ситтің қатысуымен эстон фильмдерінің фестивалі өткізілді. Биылғы жылы Эстония елшілігімен бірлесе отырып, эстон кітаптарының апталығын, эстон әдебиеті бұрышын ашуды, қазақ тіліне аударылған эстон кітаптарының тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр.
Эстонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яап Ора сөз алды:
Қайырлы күн! Мұнда шақырғандарыңызға рақмет және құрметті адамдар алдында сөз сөйлейтіндігіме қуаныштамын! Барлығыңызды Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын! Осы ретте айтарым: біздің Эстонияда да осы жылы біздің тіліндегі тұңғыш кітаптың жарық көруіне бес жүз жыл толуын атап өтпек. 1625 жылы алғашқы кітап шыққаны туралы тарихи құжаттарда белгіленсе де бұл кітап қазіргі күнге дейін сақталып жетпеген. Ол замандағы эстондар – шаруалар мен жер иеленушілер болған. Сол дәуірден бергі тарихымызда бірнеше маңызды даталар бар: 1637 жылы эстон тілінің алғашқы грамматикасы түзілсе, 1739 жылы «Інжіл» кітабы алғаш эстон тіліне аударылған екен. Осылайша эстон тілі дәуірлер бойы жүйеленіп дамып келді. 1918 жылы тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі жылдар халқымыз үшін маңызды болды. Тәуелсіздік жылдарында университетте эстон тілі оқытыла бастады, көптеген кітаптар жарық көрді. Кеңес үкіметі жылдарында көптеген кітап қорлары жабылып немесе жойылған болатын. Еліміздің тәуелсіздігі мен гүлденуі жолында жазушыларымыз көп еңбек сіңірді. Кітап – білімнің көзі. Біздің Эстонияның халқы миллионға жуық. Қазіргі күні жеті жүз мыңнан астам оқырман тіркелген екен. Демек қазіргі коммуникацияның жаңа әдіс-тәсілдер дамуына қарамастан, біздің еліміз – кітап оқитын ел деген сөз. 2023 жылғы зерттеулер бойынша эстондықтардың отыз бес пайызы кітапханаға барған.
Қазақстанмен рухани байланысымыз жаман емес. Төрт-бес автордың кітабын аударып үлгердік. Бір жаңа автордың кітабын қазақ тіліне аударсақ деген жоспарымыз бар. Осындай тығыз мәдени қарым-қатынастар үшін басшылыққа алғыс-ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы кезеңдерде біздің инстаграм парағымыз бен әлеуметтік медиаларымызда бұл байланыстар көрініс табатын болады, уақыттарыңыз болса назар аудара жүріңіздер! Баршаларыңызға рақмет!
Лев Гумилев атындағы Евразиялық ұлттық университетінің профессоры Асима Ишанова қазіргі әдеби процестер туралы сөз алды. Әдеби ортада медиа саласының зерттеушісі, әдебиеттанушы, көркемсурет және кино өнерін зерттеуші ретінде жақсы танымал, бүгінгі бүгінге дейін үш жүз ғылыми еңбектері, үш монография, үш оқулық кітаптары жарық көрген танымал тіл маманының да айтары мол екен.
Барлықтарыңызға сәлем бере отырып, айтпағым: Президентіміздің идеясынан бастау алған осындай тамаша апталық өтіп жатқанына қуаныштымын. 2016 жылдан бері байланыста болып келе жатырмыз және кітапхана, әдебиетке қатысты ортада болу әрқашан адамға қуаныш сыйлайды ғой.
Уақыт, адамдар басқа болса да, әдебиет, кітап өзінің маңызын жоймайды деп білемін. Ол керісінше өзінің құндылығын сақтап, маңызын заман алға озған сайын арттыра бермек.
Осы іс-қызметтегі кітапхана басшылығына алғысымды білдіргім келеді.
Біз, қазақтар байырғы жазуға бейім халықпыз. Жамбылда да бар ғой, қазақта ақындар мен бақсылар көп дейтін. Бұрынғы заманда әр екі қазақтың бірі өлең шығара алатын болған ғой. Кеңестік дәуірдің өзінде біздің қаншама көп ақындарымыз болды. Қазірде де аз емес. Яғни бұл біздің қанымызда бар қасиет. Мұны тіпті қолдау керек. Ал «Меценат кз» сияқты байқау да қажет. Бұған әдебиеттанушылардың да қатысқаны дұрыс. Қырық жыл әлем әдебиетінен, қазақ әдебиетінін сабақ берген кезімде бұған молынан көз жеткіздім. Яғни мұндай үдеріске біз бей-жай қарамауымыз керек. Қазіргі қазақстандық әдебиеттің дамуы бағыты қандай? Ол қызықты, динамикалық болуы да мүмкін.
Қазақтар ежелден сөйлей де, жаза да білген халық. Қазақтардың сөз сөйлеу мәнері музыкамен де астасып жатыр. Қазір осының бәрі суалу сатысында десек болар. Бізде тілге талантты жастар аз емес. Он-он бес жыл жүзінде студенттер мен магистранттар арасында сирек болса да кездесіп қалады. Әйгілі философ, мәдениеттану теоретигі М.М.Бахтин айтады: «Егер қандай бір халықтың әдебиетінде роман жазылмай жатса, ол халықтың дамуында да қандай бір проблема бар деген сөз.» Бұл бекер емес. Осы арқылы халықтың мәдениеті көтеріледі. Оқитын халық – мықты халық. Сондықтан да роман – заманауи өркендеп дамушы жанр. Оның мүмкіндігі зор. Жалпы романды алғаш сонау Х ғасырда Жапонияда әйел адам жазған екен. Мурасаби Сикибудің «Гендзи туралы хикая» атты романы – осы жанрдағы алғашқы туынды болып саналады. Біздің қазақта да бұл жанрдың өзіндік даму жүйесі болды ғой. «Әдебиет танытқыш» сияқты құнды еңбектерді жазған біздің алаштықтарға кезінде шектеу жасап, тіпті атып та жіберді ғой. Кезіндегі сал-серілер, жыраулар халықты өне қалай қаратып, тыңдата білді. Осы бір шешен сөйлейтін тілдік дәстүрді Орта Азия халықтарында біздің халқымыз ғана сақтап қалды ғой Әйгілі Біржан сал өмірі мен шығармашылығы туралы кезінде талантты тұлға Таласбек Әсемқұлов тамаша сценарий жазды. Осы сақталып қалған құндылықтарды фильмдерде көрсетіп таныстыру маңызды.. Онда халықтың рухы бар. Ал проблемалар бар болса, оның шешімін тапқан жөн, әрине. Меценаттардың қолдауы қажет»
Келесі сөзді кинодраматург, кино және драма актері, жазушы, бірнеше танымал телехикаялардың продюссері Нартай Сауданбекұлы алды.
«Құрметті дөңгелек үстел мәжілісіне қатысушылар! Бәріңізді көргеніме қуаныштымын! «Кітап - ұлттық құндылық» сөзі әдемі, ұранды, тартысты. Бірақ бізге ұлттық құндылыққа жата ма? Осы жағынан шын келіп қарасақ, әлемдік рейтингтерді қазір құдайға шүкір, гугль бар, интернет бар. Әр адамның қолы жетімді. Қаншама шоқ-шоқ жұлдыздар, жазушылар шығарған Қазақстан халқы өкінішке орай, кітап оқу жағынан отыз отыздыққа да кірмейді дейді. Бұл – факт. Бұл – шындық. Біз қалай ұлттық құндылық дейміз онда? Президенттің бастамасы өте жақсы. Бірақ біз қай жағынан бұған келуіміз керек?Екеуін де кітаппен аздап салыстырмалы түрде айтып өтейін: біз кезінде қалай көрермен тару керек деген мәселемен бас қатырып айналысып жүрген кезде, құдай оңдап деп айтамыз ба, ковидтің кезінде елдің барлығы еркісіз үйлеріне қамалып, содан шыққаннан кейін бір құндылықтар өзгерді. Сол ковидтің кезінде үйде қамалып жатқан уақытта біраз адамдар кітап оқыған шығар. Сол кезде кітап оқу үрдісі де жанданып қалыптасқан шығар. Бірақ сол Ковидтің, әлемді шарпыған кеселді дерттен кейін қазір біздің театрларда қазір билетті алдын ала сатып алмаса, табылмайтын жағдайға жетті. Бірақ әдебиет, әдебиет жаңағы Баянғали ағамыз айтып отырғанындай, құндылықтар үзіліп кеткен заман болып тұр, қазір. Шынында да актер ретінде Баянғали ағамыздың айтқанының ішіне кіріп кетемін, яғни танымалдығы жағынан киноактерлер әдебиетшілер білмеймін. Ішіне кіріп кеткен де киноактер ретінде әдебиетшілердің жоғары кетіп қалған. Қазір кімдердің беті, экрандары көп көрінеді, солардың жұлдыз болып кеткен заман болды ғой. Бірақ қазір одан да зорлықсыз болып жатыр, аға. Оның мысалы, егер актер қандай да бір құндылықты алып жүретін адам болса. Ал қазір төбелес күштер мынау Бибсидің батырлары, Макгрегорлар. Біздің де бетімізге көлеңке түсіретін жағдайы көп. Ол тек қана әлемдік емес, өзі Қазақстандағы кез келген балалардан сұрасаң, кім боласың десең, жаңағы төбелескіштерді айтады, Шавқаттарды айтады. Ешкім Ұларбек Нұрғалым болғым келеді, Бақыт беделхан болғым келеді, Маралтай болғым келеді демейді. Мұқағалиды, Төлегенді, Шахановтарды біле ме екен?Кеше ғана Бақыт Беделханның елу жылдығындағы мүшәйрада бас жүлдені алып келген ақын бауырымыз отыр, мұнда. Ешкім білмейді. Осыны Президент ақыры бастамасын бастап бергеннен кейін бұл проблеманы кешенді түрде, жүйелі түрде қолға алып шешу керек қой. Тек қана жиналыс өткізетін жер емес, кітапхана деген бір жастардың басын қосатын сәнді жерге айналу керек шығар деп ойлаймын. Анау ойын-сауық отауларында қаптап жүрген жастарды қалай осындай академиялық кітапханаларға, жай кітапханаларға жинау мәселесімен бас қатыруымыз керек шығар деп ойлаймын. Біздің жиырма миллионның арғы жақ, бергі жағындағы Қазақ елі оқитындар бойынша үздік ондыққа кірмей, жағдайымыз жақсы болады деп айта алмаймын. Күміс Қарсақбайқызы, менің қысқа ғана айтарым осы. Мені толғандыратын дүниелер осы. Біз шынымен де оқымайтын халге келдік. Оның арғы жағын қазбалайберсең, әлбетте, біздің әлеуметтік жағдайға да көп нәрсе тіреледі. Сондықтан сөзімді кезіндегі ағылшын премьер-министрі Черчильдің айтқан сөзімен аяқтайын. Оны өздеріңіз де білесіздер: «Егер мәдениетті, ұлттық құндылықты қорғамайтын болсақ, онда біз не үшін соғысып жатырмыз? Ешқашан мәдениеттен, руханияттан ақшаны қыспаңдар, қимаңдар!» - деген қағида біздің анау жоғарғы жақтағы адамдардан бастап, баршамыздың қаперімізде жүрсе игі еді. Бір қуантатыны біздің Президентіміз үлкен мықты жазушының ізін жалғаушы адам ғой. Сол кісінің баласы. Бәлкім, осы жағынан бізге біраз жеңілдіктер болатын шығар деп ойлаймын. Кітап оқылсын. Кітап ұлттық құндылық болып, шынымен дәріптелсін. Көп рақмет!
Жас ақын, республикалық бірқатар мүшәйралардың жеңімпазы, Мәдениет және Ақпарат министрлігінің жанында құрылған әдеби топ жетекшісі, Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры міндетін атқарушы Шерхан Талап сөз алды:
- Біріншіден, өздеріңізбен жүздеп отырғаныма қуаныштымыз. Күн белгіленгеннен кейін қазір мемлекет тарапынан көңіл бөліп, жете назар аударыла бастағаннан кейін қазір үлкен ауқымды апталықтар ұйымдастырылып жатыр ғой. Еліміздің әр жерінде, 23 сәуірде ұлттық кітап байқауының түйіні болады. Сол кезде жыл бойы шыққан жақсы-жақсы кітаптар бағаланып, марапаттаулар, насихаттаулар болады ғой деп ойлаймыз. Сөз басында да айтып өтілді ғой, министрлік тарапынан көптеген әдеби байқаулар ұйымдастырылып жатыр. «Айбоз» бар, гонорар сыйлық бар, Одан бөлек мынау Меценат сыйлығы да бүгінгі күні әдебиетпен шұғылданып жүрген қауымға үлкен қолдау деп білеміз.
Себебі бізде тұңғыш тәуелсіздік тарихында өмір бойы жеңімпаз авторға гонорар, яғни қаламақы төленіп тұру бұған дейін кездеспеген. Қазіргі күні байқаулар сөзсіз өте көп өтіп жатыр. Бірақ одан шыққан шығармалар қайда, олар қаншалықты насихатталып жатыр деген сұрақ туындайды. Жақында ғана Қарағандыда проза фестивалі өткен болатын. Сол кезде де талқылау өтіп, үлкен-үлкен мәселелер көтерілген еді. Мысалға Меценат сыйлығына да жыл сайын көптеген жаңа романдар түседі. Ол шығармалардың ішінен енді біреуі ғана жүлдегер атанатынын білесіздер. Дегенмен де оған одан түсіп жатқан барлық шығармаларды ұлт әдебиетіне олжа деп ойлаймыз. Дегенмен одан шыққан шығармаларды насихаттау мәселесі бізде қалай? Қазір прозалық болсын, көп шығармалар дүниеге келіп жатыр. Кеше Жазушылар одағымен стратегиялық серіктестік аясында министрлік жиырма жас қаламгердің кітабын шығарып берді. Бұдан бөлек, мысалға Мақсат Мәліктің, Қанат Әбілқайырдың, Әлібек Байболдың да шығармалары, романдары шықты. Иә, үш автордың барлығы да қазір насихатталып, оқылып жатыр. Дегенмен де әлі де бізге осы шығармаларды оқырмандарға жеткізу жағы кішкене насихаттау жағы жетіспейтін сыңайлы. Осындайда кітапхана болсын, біздің әдебиклубтар болсын, белсенді рөл атқаруы керек сияқты. Біздің шығармалар, кітаптар шығып жатыр. Бірақ олар қаншалықты жетіп жатыр, қаншалықты оқып жатыр деген сұрақ бар. Одан бөлек мынау жаңа клуб туралы айттық. Әдеби клубтарымыз жиындар, әдеби подкастар арқылы, басқа да кездесу жиындар арқылы осы кітап насихаттауға белгілі бір деңгейде ат салысып жатыр. Ұлттық кітап күні – барша кітапсүйер қауым үшін үлкен қуаныш деп олаймын. Басқа да атаулы күндері кездесу жиындарда . Ол енді кітап қаулыны үшін үлкен қуаныш деп ойлаймыз. Бұл да әдейі оқырманға жету үшін, насихатталу үшін тағы бір себеп болады. Солай осы игі бастама жалға салса берсін. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Рақмет!
Жазушы, әдебиеттанушы ғалым, «Айбоз» әдебиет сыйлығының, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева сөз сөйледі:
- Менің сыйлыққа қатысты айтарым: «Меценат кз» конкурсы үшін сізге Ерлан Қуанышұлы, үлкен алғыс айтамын! Өйткені бұл – әдебиетті көтерудегі мемлекеттік іс қой. Бірақ мен онлайн дауыс беруге өте қарсымын. Өйткені оны алып тастау керек. Мен мына жерге өзімнің ұсыныстарымды бір бетке орыс тілінде жаздым. Осыны ескерерсіз деп ойлаймын. Өйткені цифрлы заманда нәтиженің бәрін қолдан жасай салуға болады. Осыдан кейін өтірік дауыс кетеді. Осы нәрсе дұрыс авторды алып шыға алмайды. Сондықтан осы онлайн дауыс беруді мүлдем алып тастау керек. Өйткені ол графоманияны тудырады. Өтірік романдарды тудырады. Сосын әділетсіз объективті емес, субъективті нәрсе өте көп кетеді. Сондықтан сіз осыны ойлаңыз. Мына жерде мен бұл жөнінде орыс тілінде жазып алып келдім. Барлық ұсыныстарым осында.
Дөңгелек үстелдің екінші бөлігінде жоғарыдағы аталған ұсыныстар мен тілектер бойынша Mecenat.kz әдеби сыйлығының құрылтайшысы Ерлан Қуанышұлы Асқарбеков жиналған көпшілік қауым алдында кеңнен толғай отырып баяндап өтті.

Әзірленген таныстырылымда екі тілде барлығы бар екенін, қызықтаушылардың онымен танысқандығына сенім білдіре отырып, әдебиет саласындағы осы сыйлықты тағайындауға себеп болған жағдайды еске алып, өзінің өлеңін оқып берді. Ерлан Қуанышұлы өзі үшін әдебиет саласы жат еместігін, кезінде әдеби байқауларға қатысып жүргенін тілге тиек ете отырып, ары қарайғы іс-әрекеттер жөніндегі өзінің ойларын ортаға салды.
Mecenat.kz сыйлықтыңнегізін қалаушы және жоба авторы Ерлан Асқарбеков дөңгелек үстел соңында әдеби сыйлықты тағайындау тұрғысындағы іріктеу жұмыстары алда әлі де жетілдірілетінін, қаламгерлерді және олардың шығармашылығын қолдау да жалғаса беретінін айтты.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.