Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мемлекет басшысы мектеп оқушыларымен кездескенде.....

07.10.2022 1615

Мемлекет басшысы мектеп оқушыларымен кездескенде...

Мемлекет басшысы мектеп оқушыларымен кездескенде... - adebiportal.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іссапармен Павлодар қаласына барып қайтты. Қаланың тыныс-тіршілігімен танысқан ел басшысы Абай атындағы мектеп гимназиясына арнайы ат басын бұрды.  Іргетасы сексен бес жыл бұрын қаланған оқу ошағының басшысы Салтанат Шабажанқызы  Президентімізге білім берудің жаңа стандарттарына сай жабдықталған оқу кабинеттерін таныстырып, мектеп-ұясының шежірелі тарихы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Мектеп оқушылары қазақтың талантты  қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасын ұйымдастырып, Президентімізге «Ертіс мұхитқа құяды» атты жазушының кітабын сыйға тартты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ социуымындағы әлеуметтік һәм ұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту керек екенін ашып айтты. Яғни еңбекқорлық, білім культі, сыйластық, ынтымақтастық, сенім, іскерлік ұқыптылық, сыни ойлау білі қасиеттерін проргессивті тұрғыды дәріптеу жолында қазақы дәстүрді сақтауымыз тиістігін тілге тиек етті. Айтылған идеяларды бала санасына сіңіру үшін қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына соқпай өту мүмкін емес. Қазақ ғұламасының  «Толық адам» концепсиясында көкірек көз ояу кемел адамның болмысы толық сипатталған. Ал сол ұлы Абайдың жұмбағы ашқан қаламгердің бірі Рамазан Тоқтаров еді. 

2000 жылы жазушы Рамазан Тоқтаровқа «Абайдың жұмбағы» романы үшін Мемлекет сыйлық табыс етілген.  Кемеңгер Абайдың жұмбақ болуының сырын іздеген жазушы өзіне: «Ұйқысынан жаңа оянған марғау қазақ даласында Ибраһим Құнанбайұлындай теңдесі жоқ кемеңгердің дүниеге келуі кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Бір Абайда сан кісінің саралы өмірі тұр. Абай қазынасы – біздің қолымызда болса, дана адамның өзінің өмірден не алғаны, қалай алғаны – жұмбақ. Ол жұрт көрмегенді көрді, жұрт сезбегенді сезінді. Ал енді: қалай көрді, қалай сезінді, түсінік-түйсігі, қай дәрежеде қалыптасты? Не нәрселерге көбірек әсерленді?» - деп сауал қойып, һакім болмысының жаңа қырын ашу үшін біршама мұрағаттық деректер мен еңбектерді салыстыра зерделеп, жұмбағының жауабын тапқан. Рамазан Тоқтаровтың бұл туындысы қазіргі қазақ әдебиетіне  қосылған құнды да қымбат еңбек. Көркемдік дәрежесі  жоғары, мазмұны бай, ұлы Абай бейнесін өз заманының мәнді оқиғаларымен, көкейкесті  проблемаларымен  табиғи байланыстыра  отырып,  шынайы суреткер шеберлігімен сомдаған аса бағалы сом дүние. 

Мектеп оқушылары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына сыйлаған «Ертіс мұхитқа құяды» кітабы Рамазан Тоқтаровтың  «Бақыт» атты тұңғыш кітабынан соң жарық көрген  екінші көлемді туындысы. Жазушының бұл еңбегінде адамның жарық дүниеге келудегі мақсаты мен тірліктің мән-мағынасы, отбасы мен қоғамның өзара қарым-қатынасын, жастық мезеттің қызығы мен қуанышын, махаббат майданын  негізгі идея етіп алып, көркем түрде сипаттай білген. Ұлт әдебиетінің қабырғалы қаламгері Рамазан Тоқтаровтың әдебиеттегі мазмұн тереңдігіне ұмтылуы, сол мазмұнды көркем қалыпқа сыйдыра білуі қазақ оқырмандарын тәнті етіп, жоғары бағасын алған. 

Оқытушылар мен шәкірттердің ықыласына риза болған мемлекет басшысы: «Мұғалім болу – ең абыройлы еңбек. Сонымен бірге бұл – өте жауапты жұмыс. Ұстаздық – қасиетті қызмет десек те артық емес. Себебі әр шәкірттің тұлға болып қалыптасуында ұстаздың орны ерекше», – деп ізгі көңілін білдіріп,  Абай атындағы мектеп гимназиясын 85 жылдық мерейтойымен құттықтады. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар