Мемлекет басшысының отыз жылдан астам уақыт аралығында айтқан таңдаулы сөздері жинақталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 30 жылдан астам уақыт ішіндегі мазмұнды ой-толғамдары мен келісті сөздері «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты жаңа басылымға топтастырылды.
Бұл жинаққа Президенттің 1994 жылдан бергі архивтік құжаттардан бастап, бүгінгі күнге дейінгі халықаралық мінберлерде және ел ішінде сөйлеген маңызды сөздері мен тағылымды тұжырымдары енгізілген. Кітаптағы материалдар 21 тақырыптық бөлімге жүйелі түрде біріктірілген. Олардың қатарында:
Заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздік;
Мемлекеттік басқару мен цифрландыру;
Білім беру және жастар саясаты;
Ұлттық бірегейлік мен экологиялық мәдениет («Таза Қазақстан» бастамасы) сияқты стратегиялық бағыттар бар.
Аталмыш еңбек Мемлекет басшысының елді дамыту мен қоғамды жаңғыртуға қатысты көзқарастарының сабақтастығын анық көрсетеді. Сондай-ақ әділеттілік, заңдылық, жауапкершілік пен ұлттық бірлік қағидаттарының Президент саясатының айнымас арқауы болып келе жатқанын айғақтайды.
Басылым мемлекеттік қызметшілерге, ғалымдар мен сарапшыларға, оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ отандық тарих пен қазіргі реформаларға қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған. Алдағы уақытта бұл жинақ еліміздің қоғамдық кітапханаларына, жоғары оқу орындарына, колледждерге және жастар ресурстық орталықтарына таратылады.
