Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мемлекеттік сыйлық иегері кім болады?...

25.06.2024 2570

Мемлекеттік сыйлық иегері кім болады? 6+

Мемлекеттік сыйлық иегері кім болады? - adebiportal.kz

2024 жылы берілетін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың үміткерлері анықталып отыр екен.

«Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы», - дейді, қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытов. Әдебиеті мықты, қаламгерлері беделді ел – қуатты ел екеніне мысалды алыс-жуықтағы мемлекеттердің қазіргі заманғы әдеби ахуалына қарап-ақ көз жеткізуге болады. Төл әдебиеттің, руханиятының дамуына мән беретін мемлекеттер қаламгерлер үшін түрлі сыйлықтар тағайындап, тапсырып отыратын үрдіс әлемнің көп елдерінде бар екендігі белгілі. Мұндай үрдіс Қазақстанда да бар. Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 1965 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен беріліп келген.

Еліміздегі ең беделді бұл әдеби сыйлықты кеңес заманында ең алғаш рет жазушылар Тахауи Ахтанов («Боран» повесі үшін) пен Хамза Есенжанов («Ақ жайық» роман-трилогиясы үшін), соңғы рет 1990 жылы жазушы Қабдеш Жұмаділов («Тағдыр» романы үшін) иеленген екен.

Тәуелсіздік жылдарында «Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы» деген атаумен беріліп келген бұл сыйлық ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 наурыздағы №292 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы» деп өзгертілген болатын.

«Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы» ҚР Заңында «Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге Қазақстан мәдениетінің дамуына ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік туындылары үшін беріледі», -деп белгіленген.

Жаңаша атау иеленген, екі жыл сайын берілетін мемлекеттік сыйлыққа 2022 жылы барлығы он әдеби және өнер туындысы ұсынылған болатын. Әдеби туындылар арасынан үш қаламгер: жазушы Кәдірбек Сегізбай («Тағдыр толқыны» романы үшін), жазушы Тұрысбек Сәукетаев («Желқайық» романы үшін), ақын Ғалым Жайлыбай («Ай таңбалы арғымақ» өлеңдер мен поэмалар жинағы үшін) Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанғаны белгілі.

2024 жылы берілетін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың үміткерлері анықталғаны туралы ақпарат қалың жұртшылық назарына ұсынылған екен. Әдебиет саласы бойынша – он бес, өнер саласы бойынша алты жеке автордың немесе авторлар ұжымының туындылары аламанға қосылса, осылардың арасынан бабы мен бағы қатар шапқан санаулы туындының автор(лар)ына мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті салтанатты жағдайда тапсыратын болады. 

2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізіміне авторлардың бірнеше жанр бойынша туындылар енген екен. 

Қазақ әдебиетіндегі қатпарлы, жоталы роман жанры бойынша оқырман қауымға есімдері кеңінен таныс прозаиктеріміздің бірнеше туындысы іріктеліп отыр. Олардың қатарында жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» тарихи романы, жазушы Асқар Алпысбайдың «Былғары табыт» роман-кітабы, жазушы Әділбек Алпысбайдың «Семсер жүзіндегі серт» роман трилогиясы бар.

Алдын ала іріктеуден өткен прозалық туындылар арасында повестер мен әңгімелер жинақтары да бар. Олар: жазушы Қуандық Түменбайдың «Саябақтағы классикалық әуен» әңгімелер жинағы, жазушы Дидар Амантайдың «Майдақоңыр» әңгімелер мен новеллалар жинағы, жазушы Қуаныш Жиенбайдың «У мен уылдырық» хикаяттар мен әңгімелер жинағы.

Сондай-ақ аға буын қаламгер Софы Сматаев өзінің «Шахминам – мәңгілік махаббатым менің» ғұмырбаяндық эссе кітабымен, белгілі жазушы, ғалым-зерттеуші Құлбек Ергөбек «Адамның бір қызығы бала деген» атты қазақ балалар әдебиетінің мәселелерін талдау еңбегімен іріктеудің келесі кезеңіне өтіп отыр екен.

Драма жанры бойынша жазушы-драматург, ғалым Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш» драмалық туындысы мен танымал жазушы, драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драматургиялық шығармалар жинағы да Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың табалдырығында тұр екен.

Қазақ, жалпы әлемдік әдебиеттегі жүйрік жанр поэзия бойынша жырсүйер қауымға есімдері етене таныс бес бірдей ақынның жыр жинағы да екі жылдық бас әдеби сыйлыққа бір қадам жақын тұр. Олар: ақын Ханбибі Есенқарақызының «Эсселер», ақын Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы», ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау», ақын Светқали Нұржанның «Көкірегім көне кітап», ақын Болат Үсенбаевтың «Тәуелсіздік деген не?» жыр кітаптары. 

Аталған туындылар арнайы құрылған мемлекеттік комиссия тарапынан сүзгіден өтетіп, ең лайықты деп танылғандарының авторына Абай атындағы мемлекеттік әдеби сыйлық тапсырылары сөзсіз. Әдеби туындылардың тұтынушысы – халық, қалың оқырман. Сондықтан да алдағы кезеңде жоғарыдағы туындылар турасында талдау мақалалар жазып жолдау ниетіндегі әдебиет сыншылары мен ізденімпаз зерттеушілерді, көзі қарақты жалпы оқырмандарға «Әдебиет порталының» платформасы әрқашан дайын. 

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендейін, туындылары «шорт-парақта» тұрған авторларға оза шауып мәре сызығын қиюдың сәттілігін тілейміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар