Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Мұхтар Әуезов атындағы кітапханасында, «ARTist» атты авторлық жобаның аясында, қазақ поэзиясының нәзік әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылып жүрген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлбақыт Тоқтанқызы Қасеннің «Мен тұратын жердің аты – Сағыныш» атты шығармашылық кеші өтті.
Гүлбақыт Қасен – Жетісу өңірінің тумасы, поэзия мен балалар әдебиетінде бірдей қалам тербеп жүрген талантты автор. Ол І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетін, сондай-ақ Ө. Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, мемлекеттік қызметте де, әдебиет әлемінде де, өзіндік із қалдырған тұлға. Бүгінде ол Жетісу облысы әкімінің бас инспекторы қызметін атқарады.

Ақынның қаламынан туған «Баркөрнеу», «Біз бақытты баламыз», «Қарашада өмір бар...», «Тамшы-тағдыр» атты кітаптарында туған жерге тағзым, табиғатқа іңкәрлік, рухани тазалық пен адамгершілік тақырыптары кеңінен көрініс табады. Шығармалары қырғыз, әзербайжан, түрік, якут, орыс, қытай тіліне аударылып, шетел оқырмандарына да таныстырылған.
Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада мөлдір ақын Гүлбақыт Қасеннің 5 бірдей кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Авторлық «ARTist» жобасының аясында өткен кешке қазақ әдебиетінің ірі өкілдері қатысты.

Кеш аясында ақынның өлеңдері оқылып, шығармашылық жолындағы жаңалықтартарымен бөлісіп, жаңа туындыларымен таныстырды. Сондай-ақ, әдебиетсүйер қауым, студент-жастар мен қала тұрғындары арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Арнайы келген қонақтар «Авторға тілек» жазып, оқу залы ерекше атмосфераға бөленіп, автормен шынайы сыр-сұхбатқа ұласты.
Суреттерді М.Әуезов атындағы кітапхана ұсынды
