Мерей ҚАРТ: «...әдеби ортада лайықты бағалануына жағдай жасау»

Семей – қазақ руханиятының алтын бесігі. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарымен танымал. Алайда, ұлы тұлғалардың мұрасын ұлықтау өткенді дәріптеумен ғана шектелмейді. Бүгінгі әдебиеттің тынысы қандай? Өңір қаламгерлерінің шығармалары оқырманға қаншалықты жетіп жатыр? Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы Абай облысы (Семей өңірлік) филиалының төрағасы Мерей Қартпен әңгімелестік.

58

Мерей ҚАРТ: «...әдеби ортада лайықты бағалануына жағдай жасау» - adebiportal.kz

— Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов секілді алыптардың ізі қалған Семей топырағы қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлттық ой-сананың да ірі орталығы саналады. Бүгінгі Абай облысының әдеби өміріне қарап, осы тарихи миссияның жалғасып келе жатқанын айта аламыз ба? Қазіргі әдеби ортаның ең басты ерекшелігі неде?

— Иә, бүгінгі Абай облысының әдеби өміріне қарап, Семейдің тарихи миссиясы жалғасып келе жатқанын айта аламыз. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов қалыптастырған рухани дәстүр қаламгерлердің шығармашылығы мен әдеби-мәдени іс-шаралардан көрініс табуда. Қазіргі әдеби ортаның басты ерекшелігі – ұлттық мұраны сақтау, оны заманауи көзқараспен жаңғырту және жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыру. Бүгінде Семейде әдеби кездесулер, шығармашылық кештер мен түрлі жобалар арқылы қазақ әдебиеті мен руханиятын дамытуға үлес қосылып келеді.

— Кезінде Семей әдеби ортасы Алаш қайраткерлерінің, ақындар мен ойшылдардың басын қосып, сөз өнерінің дамуына ықпал етті. Ал қазіргі таңда Абай облысы республикалық әдеби үдеріске қаншалықты ықпал етіп отыр? 

— Меніңше, Абай облысы республикалық әдеби үдеріске ең алдымен ұлттық әдеби мұраны насихаттау, жас таланттарды қолдау және әдеби шараларды ұйымдастыру арқылы ықпал етіп отыр. Мысалы, 2026 жылы Семейде еліміздің барлық өңірлерінен 132 оқушы қатысқан республикалық «Абай оқулары» өтті. Сонымен қатар, «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында өңірдің 19 авторының 25 кітабы жарық көрді. Бұл Семейдің тек әдеби мұраны сақтаушы емес, оны жаңа буынға жеткізетін рухани орталық екенін көрсетеді. Дегенмен, өңір ықпалын одан әрі арттыру үшін жергілікті қаламгерлердің шығармаларын республикалық деңгейде кеңінен танытып, өзге тілдерге аудару және жас жазушыларды қолдау маңызды.

— Абай облысында дәстүрлі әдеби мектеп пен қазіргі заманғы көркемдік ізденістер туралып айтып өтсеңіз... 

— Абай облысында дәстүрлі әдеби мектеп пен қазіргі көркемдік ізденістер өзара сабақтасып келеді. Дәстүрлі бағыт Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов мұрасын жалғастырып, адамгершілік, ұлттық құндылықтар мен елдік мәселелерді көтерсе, қазіргі ізденістерде жастардың жаңа тақырыптарға, еркін формаға және заманауи ойды жеткізу тәсілдеріне қызығушылығы байқалады. Басты ерекшелік – дәстүрді сақтай отырып, әдебиетті жаңа заман талабына сай дамыту.

— Әдебиеттің дамуын қаламгерлердің санымен ғана емес, шығармаларының көркемдік деңгейімен де бағалау керек. Облыс әдебиетінің ең мықты тұсы неде, ал әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттары қандай? 

— Абай облысы әдебиетінің ең мықты тұсы – терең тарихи тамыры, Абай мен Шәкәрімнен бастау алатын философиялық дәстүрі және ұлттық руханиятқа жақындығы. Ал жетілдіруді қажет ететін бағыттар – шығармалардың көркемдік сапасын арттыру, жас қаламгерлерге кәсіби қолдау көрсету, туындыларды республикалық деңгейде таныту және шет тілдеріне аудару. Ең бастысы – қаламгерлердің санын емес, шығармалардың сапасы мен оқырманға әсерін арттыру.

— 2025 жылы «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында 19 автордың 25 кітабы жалпы 12 500 данамен жарық көрді. Жоғары да тілге тиек етіп қалдыңыз. Бұл өңір қаламгерлерінің шығармаларын жариялауға жасалған елеулі қолдау. Осы жобаның жалғасы қалай өрбімек? 

— «Абай жолы» кітапханасы жобасының жалғасы кітап шығарумен ғана шектелмей, авторлардың шығармаларын оқырманға кеңінен таныстыруға бағытталады. Жыл сайын дәстүрге айналды десек болады. Арнайы аталған кітаптардың тұсаукесерін жасаймыз. Авторларды қалың оқырманымен жүздестіреміз. Кітапханамызда шығармашылық кездесулер, кітап талқылаулары, жас оқырмандармен жүздесулер ұйымдастырылады. Кітаптарды аудандық кітапханаларға таратамыз. Сонымен қатар, жергілікті авторлардың туындыларын электронды форматта қолжетімді етіп, кітапхана сайты арқылы насихаттаудамыз. Жобаның басты нәтижесі — жарық көрген кітаптардың саны емес, олардың оқырманға жетуі, қоғамда талқылануы және жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал етуі.

— Қазір кітап шығару мен оқырманға жетудің арасында белгілі бір алшақтық бар. Бірқатар автордың кітабы жарық көргенімен, шығарманың кең аудиторияға танылуы оңай емес. Абай облысында қаламгерлердің кітаптарын насихаттау, әдеби кездесулер ұйымдастыру, кітапханалармен байланыс орнату бағытында қандай жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр?

— Абай облысында қаламгерлердің кітаптарын насихаттау жұмысы кітапханалардағы әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, кітап көрмелері және оқырмандармен жүздесулер арқылы жүргізіледі. Мысалы ретінде тағы да «Абай жолы» кітапханасы жобасын айсақ артықтық етпес. Аталған жоба аясында 2025 жылы 19 автордың 25 кітабы 12 500 данамен жарық көрді. Ендігі маңызды міндет – осы кітаптарды облыстық және аудандық кітапханаларға таратып, авторлармен кездесулер өткізу, шығармаларды жастар арасында таныстыру және әлеуметтік желілерде насихаттау. Бұл жұмыстар әр жыл сайын жүргізілуде. Кітап талқылаулары болады, оқырмандар конференциялары өткізіледі, жекелеме авторлармен кездесу кештері ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – кітапты басып шығару ғана емес, оның өз оқырманын табуына және әдеби ортада лайықты бағалануына жағдай жасау. Осы айтылғандарға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

— Абай облысында жас ақын-жазушыларды анықтау, олардың шығармашылығын дамыту және әдеби ортаға енгізу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Жастарға арналған әдеби байқаулар, шығармашылық шеберханалар немесе тәлімгерлік жобалар бар ма?

— Абай облысында жас қаламгерлерді қолдауда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр деп айта аламыз. Нақты мысал ретінде айтатын болсақ, мәселен, 2026 жылы облыстық «Дарын» орталығы 15-17 жастағы жасөспірімдерге арналған «Қазақстанның жас жазушысы» республикалық байқауының облыстық кезеңін ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – талантты жастарды анықтап, олардың шығармаларын оқырманға таныту.  Сонымен қатар, 2026 жылы Семейдегі Абай музейінде Мұратбек Оспановтың шығармашылығына арналған «Ғұмыры ғазал – ақын» қалалық жас ақындар мен жас журналистер байқауы өтті. Бұл іс-шара оқушылардың шығармашылық қабілетін танытуға мүмкіндік берді. Тағы бір мысал – 2025 жылы Абайдың 180 жылдығына орай облыстық студиялық жас ақындар айтысы өткізіліп, төрт жас ақын суырыпсалма өнерде бақ сынады. Алдағы маңызды міндет — осындай байқауларды тұрақты өткізіп қана қоймай, жеңімпаздар мен талантты жастарға тәжірибелі қаламгерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру, шығармаларын баспасөзде жариялау, кітапханаларда таныстыру және алғашқы жинақтарын шығаруға мүмкіндік беру. Осылайша жас таланттарды анықтаудан бастап, кәсіби әдеби ортаға қосуға дейінгі жүйелі қолдау қалыптастыруға болады.

— Қаламгер болу үшін талантпен қатар уақыт, білім және материалдық мүмкіндік те қажет. Әсіресе, әдебиетке енді келген жастардың тұрақты шығармашылықпен айналысуы оңай емес. Қазақстан Жазушылар одағының Абай облыстық филиалы жас қаламгерлерге қандай нақты қолдау көрсетеді? 

— Жас қаламгерлерді қолдаудың үш бағытын атап өтуге болады: шығармашылығын таныту, әдеби жобаларға қатыстыру және кітаптарын оқырманға жеткізу. Нақты мысал ретінде «Абай жолы» кітапханасы жобасын айтуға болады. Бұл жоба Жазушылар одағының Семей филиалының ұсынысымен және облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – өңір қаламгерлерінің шығармаларын жарыққа шығару, әдеби мұраны жаңғырту және жастардың рухани дамуына ықпал ету. Бұл жоба санат-санатпен жүзеге асуда. Алдағы жылда мысалы «Жыр жауһарлары» антологиясы осы өңірдің жастарының шығармашылығына арналмақ. Бұл үлкен қолдау десе болады. Тек жыр жинақта ғана емес, жазушылық қырымен танылып жатқан жастарға да мүмкіндік береміз, комиссия шешімімен келісілсе, кітаптары да жарыққа шығады.

— Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы өңір қаламгерлерін біріктіретін, олардың шығармашылығын насихаттайтын және кәсіби мүддесін қорғайтын ұйым ретінде атқарып отырған міндеттеріне тоқталып өтсеңіз... 

— Қазақстан Жазушылар одағының Абай облыстық филиалының басты міндеті – өңір қаламгерлерін біріктіру, шығармашылығын қолдау және әдеби мұраны насихаттау. Мысалы, «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жергілікті авторлардың кітаптары жарық көріп, оқырманға жол тартуда. Сонымен қатар, жас қаламгерлерді қолдау, әдеби кездесулер ұйымдастыру және өңір әдебиетін республикалық деңгейде таныту – филиал жұмысының маңызды бағыттары.

— Абай облысының әдеби байлығы тек ұлы тұлғалардың шығармаларымен шектелмейді. Өңірде әлі де терең зерттеуді, жинақтауды немесе қайта жариялауды қажет ететін қолжазбалар, архивтік деректер, ұмыт қалған қаламгерлер мен әдеби мұралар жайында әңгіме өрбітсек... 

— Абай облысының әдеби мұрасы ұлы тұлғалардың шығармаларымен ғана шектеліп қалмасы анық. Өңірде сирек кітаптар, қолжазбалар, архивтік құжаттар мен әлі де терең зерттеуді қажет ететін әдеби дүниелер бар. Оларды сақтау, зерттеу және қайта жариялау – маңызды міндет. Қазақстан бойынша ең көне, 143 жыл тарихы бар Абай кітапханасының сирек қорын алып қарасаңыз, онда өте қызықты, әрі ешқайда кездеспейтін деректер бар. Қор бес мыңнан асып жығылады. Қазір осы сирек қорды, халыққа жете таныту мақсатында кітапханада қазан айынан бастап Ambassadors’ Fund for Cultural Preservation (Елшілердің мәдени мұраны сақтау қоры) аясында «Абай мен Кеннанның құрметіне Абай кітапханасының сирек қорын сақтау» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында кітапхана мамандары сирек қордағы басылымдарды іріктеп, инвентаризациялау жұмыстарын жүргізуде. Мұндай бастама сирек басылымдарды сақтап қана қоймай, болашақта оларды ғылыми тұрғыдан зерттеуге, әдеби айналымға енгізуге және келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл бір кітапхананың мүмкіндігі. Ал музей, архив мәселелері бұл өз алдына жеке бір әңігме. Онда да өңір зерттеушілерімен бірлесіп жасайтын жұмыстар жетерлік...

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Абай облысы, Семей қаласы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan