Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Мерейтойлық салтанатты тұсаукесер өтті...

Мерейтойлық салтанатты тұсаукесер өтті

47

Мерейтойлық салтанатты тұсаукесер өтті - adebiportal.kz

2026 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Бірінші Баку Түркология Құрылтайының 100 жылдық мерейтойына арналған іргелі ғылыми басылымдарының салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық кітапханасының ақпараттық қызметі хабарлайды.

Түркі дүниесінің XX ғасыр басындағы рухани және мәдени өміріндегі ең ірі әрі тағдырлы тарихи оқиғалардың бірі саналатын құрылтайдың мерейтойы аясында Қор түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасы мен ғылыми қазынасын айшықтайтын екі маңызды еңбекті халықаралық жұртшылыққа таныстырды.

Таныстырылған алғашқы еңбек – Әзербайжандағы Ататүрік орталығының директоры, академик Низами Жафаров пен белгілі ғалымдар Махира Гусейнова және Айсель Гариблидің авторлығымен жарық көрген «Бірінші Түркологиялық съезд» атты ғылыми монография болды. Кітапта 1926 жылғы Баку құрылтайының тарихи миссиясы, түркі халықтарының мәдени-ғылыми дамуына қосқан айрықша үлесі, сондай-ақ этнография, орфография, терминология, әліпби, тіл және әдебиет мәселелері жан-жақты талданған.

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлованың модераторлығымен өткен тұсаукесер барысында басылым авторлары – академик Низами Жафаров пен Айсель Гарибли де сөз сөйледі. Авторлар аталған ғылыми зерттеудің маңыздылығына тоқталып, бұл іргелі еңбектің Бірінші Баку Түркология Құрылтайының тарихи шежіресі ғана емес, сонымен қатар түркі дүниесінің ғылыми, әдеби және мәдени мұрасын келер ұрпаққа жеткізетін маңызды рухани көпір екенін атап өтті. Сондай-ақ жобаның жүзеге асырылуы мен тарихтың аз зерттелген беттерін жүйелі түрде зерделеу барлық түркі халықтарының ортақ ғылыми мұрасын сақтауға қызмет ететіні айтылды.

Авторлар кітаптың жоғары деңгейде жарық көруіне қолдау көрсеткені және осындай ауқымды тұсаукесер ұйымдастырғаны үшін профессор Ақтоты Райымқұлова жетекшілік ететін Түркі мәдениеті және мұрасы қорына ерекше алғыс білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметіне көрсетілген қонақжайлық пен ұсынылған мүмкіндіктер үшін шынайы ризашылықтарын жеткізді.

Салтанатты рәсімде таныстырылған тағы бір маңызды жоба – Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бірлесіп әзірлеген «1926/2026: Бірінші Баку Түркология Құрылтайының 100 жылдығы» атты хроникалық жинақ болды. Әзербайжан Ұлттық тарих музейі мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві қорларындағы тарихи құжаттар негізінде дайындалған жинаққа ресми хаттамалар, сирек фотосуреттер, ғылыми баяндамалар және сол кезеңдегі баспасөз материалдары енгізілген.

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова бүгін таныстырылған басылымдардың ортақ тарихи жадты жаңғыртып, ғылыми мұраны жүйелеп, оны келер ұрпаққа рухани қазына ретінде жеткізетін аса құнды еңбектер екенін атап өтті. Сонымен қатар жоба авторларының бірі – көрнекті түрколог, академик Низами Жафаровтың шараға арнайы қатысуы кездесудің ғылыми әрі рухани маңызын одан әрі арттырғанын айтты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Малик Отарбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Ғылым академиясы Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, академик Жаббар Эшонқұлов, Анкарадағы Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мехмет Чевик, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Төрәлі Қыдыр және өзге де спикерлер сөз сөйледі. Өз баяндамаларында олар Бірінші Баку Түркология Құрылтайының 100 жылдығына орай дайындалған жаңа басылымдардың маңызын жоғары бағалап, мұндай жобалардың түркология ғылымын дамыту мен Түркі әлемінің рухани тұтастығын нығайтудағы айрықша рөлін атап өтті.

Сондай-ақ «Бірінші Түркологиялық съезд» кітабы Қордың кеңінен танылған «Түркі әлемінің тарихи інжу-маржандары» сериясы аясында жарық көргені айтылды. Жалпы соңғы екі жыл ішінде Түркі мәдениеті және мұрасы қоры түркі халықтарының ортақ мәдени-тарихи мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттауға арналған түрлі сериялар аясында 60-тан астам іргелі басылым жариялады.
Фотосуреттер ҚР Ұлттық кітапханасының ғаламторлық парағынан алынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan