Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Мереке Құлкенов Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янме...

Мереке Құлкенов Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янмен кездесті

11.12.2025

3398

Мереке Құлкенов Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янмен кездесті - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Нобель сыйлығының лауреаты, әйгілі жазушы Мо Янмен кездесті.

Қазақстан Жазушылар одағының және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының ұйымдастыруымен өтетін «Қазақ-Қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясына қатысу үшін қазақстандық арнайы делегация Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласына барды. Іссапардың алғашқы күнінде Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов әлем әдебиетінің ірі өкілі, Нобель сыйлығының иегері, танымал жазушы және романист Мо Янмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қос қаламгер бүгінгі әлем әдебиетінің даму үрдістері, шығармашылық байланыстардың кеңеюі және қазақ-қытай әдеби қарым-қатынасының болашағы жайлы келелі әңгіме өрбітті. Әсіресе, заманауи әдебиеттегі жаңа тақырыптар, жазушылардың әлеуметтік жауапкершілігі және екі ел арасындағы мәдени ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Мереке Құлкенов Мо Янның әлемге танылған шығармашылық ерекшелігін жоғары бағалап, қазақ әдебиетінде де оның туындылары оқырманға кеңінен жол тартып келе жатқанын атап өтті. Өз кезегінде Мо Ян қазақ әдебиетінің бай мұрасы мен бүгінгі дамуына қызығушылық білдіріп, қазақ жазушыларымен бірлескен жобаларға ниетті екенін жеткізді. Кездесу аясында екі ел жазушыларының қатысуымен бірлескен жобалар және әдеби алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар қарастырылды. Қаламгерлер алдағы уақытта әдеби байланыстарды жаңа деңгейге көтеру жөнінде ортақ мүддені қуаттады.

Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайтуға, екі халықтың рухани байланысын тереңдетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan