***
Сенің маған жазған жәй бір «сәлемің» -
Менің сол күн, жарқыраған әлемім!
Сенің маған жіберетін дыбысың -
Менің сол күн, еркін алар тынысым.
Сенің маған жіберетін гүлдерің-
Менің сол күн, бақ ішінде жүргенім.
Сенің мені еркелеткен хаттарың-
Мен өмірден жоғалғанды тапқаным!
Сенің менен сұрағаның кешірім -
Менен барлық ауырлықты шешуің!
Сенің маған алғыс айтқан шақтарың -
Төбеме әкеп алтыннан тәж таққаның!
Сенің маған сыйлай алған сезімің -
Менің ғана мұхитым мен теңізім!
Сенің маған тарататын жылуың -
Менің мұңсыз қуанышым, күлуім.
Сенің маған махаббатпен қарауың -
Менің жеткен марапатым, мадағым!
Сенің маған сенген, сүйген көңілің -
Менің жалғыз мағыналы өмірім!
Сені ойламай…
Сені ойламай келе жатқан сүрлеудің
Соңында бақ шақырмаған сияқты.
Сені ойламай ұйықтаған түндердің
Дұғалары оқылмаған сияқты.
Сені ойламай ішілетін асымның,
Тұзы да жоқ, дәмі де жоқ сияқты.
Сені ойламай киген қызыл-жасылдың,
Сұлулығы, сәні де жоқ сияқты.
Сені ойламай бүршік жарған бұтақтың,
Жапырағы, жемісі жоқ сияқты.
Сені ойламай парақтаған кітаптың,
Оқиғасы, желісі жоқ сияқты.
Сені ойламай қыдыратын қаланың,
Түнде жұлдыз, жарығы жоқ сияқты.
Сені ойламай жұтқан әрбір ауаның,
Қадірі жоқ сияқты.
Сені ойламай басталатын күнімнің,
Болашаққа берері жоқ сияқты.
Сені ойламай өте-тұғын ғұмырдың,
Керегі жоқ сияқты.
***
Қолыңнан ұстап күн кешкім келеді,
Тылсыммен барлық үндескім келеді.
Екеуміз бірге тұтатқан жалын,
Өшетін болса, бірге өшкім келеді!
Жүзіңе қарап тамсанғым келеді,
Әр таңды бірге қарсы алғым келеді.
Әлемге сені сүйгенімді айтып,
Ән салғым келеді, жар салғым келеді.
Сенің деміңе мас болғым келеді,
Сенімен мәңгі жас болғым келеді.
Мен үшін соққан Дүрсілді тыңдап,
Сенің қолыңды жастанғым келеді.
Сағынған сайын сағынғым келеді,
Ауырған сайын ауырғым келеді.
Тұңғиығына батып көзіңнің,
Сенің тәніңді жамылғым келеді.
Жүректен бөліп сый бергім келеді,
Өмірді қайта үйренгім келеді.
Кеудеме сезім сыймай кеткенде,
Мен сені сүйем, дей бергім келеді!
***
Сен қаласаң тау көтерем
Ауыр екен демес ем.
Сен қаласаң қарсы тұрам
Дауыл екен демес ем.
Сен қаласаң қия салам
Тамыр екен демес ем
Сен қаласаң бере салам,
Жаным екен демес ем.
Сен ұнатсаң Айды әперем,
Жоғарыда демес ем.
Сен ұнатсаң күнді әперем,
Жоғә, күнә, демес ем.
Сен ұнатсаң берем жаным,
Обалы бар демес ем.
Ұнатқанның берем бәрін,
Қорабы бар демесең.
Көктен жұлдыз керек етсең,
Ала алмаймын демес ем.
Менде жоқты керек етсең,
Таба алмаймын демес ем.
Ұшқың келсе қанат табам,
Қаға алмаймын, демес ем.
Ең ұлы жыр керек етсең,
Жаза алмаймын демес ем.
Орнатамын әлемге,
Көктем болса керегі.
Қажет етсең егерде,
Бәрін, бәрін береді.
Ойланбайды әйелдер,
Сұрағанда бөбегі.
Өмір сыйлай алатын,
Мен анамын себебі!
Шақыр
Байқамай шалынып, құлап қалсаң да.
Біреуді сағынып жылап қалсаң да!
Ең жұмбақ сырыңмен бөліскің келсе де
Ең жақын адаммен көріскің келсе де!
Шақыр мені!
Ең адал махаббат сезінгің келсе де
Ең ыстық адамнан безінгің келсе де!
Ең биік нүктеде самғағың келсе де,
Ең қиын шешімді таңдадың келсе де,
Шақыр мені!
Ең ұзақ сапарға аттанарда да
Ең ұзын шығарма жаттағанда да.
Ең ауыр жүгіңнен шаршағанда да
Ең сұлу даусыңмен ән саларда да
Шақыр мені!
Ең алғаш жүрекпен сүйгің келсе де,
Ең соңғы жүрекпен күйгің келсе де.
Ең ащы көзіңнен жас тамарда да,
Ең тәтті бақытың басталарда да,
Шақыр мені!
Ең дұрыс адам боп жетілген де,
Ең қате қадамға өкінгенде де.
Ең қатты құмартқан тәтті өмірге де,
Ең қатты қорыққан сәттеріңде де
Шақыр мені!
Ең сұлу айға тамсанғың келсе де
Ең жарық күнді қарсы алғың келсе де
Ең үнсіз жолмен сыр ұқтырғың келсе де
Ең сырбаз жігітті күттіргің келсе де
Шақыр мені!
Адамдар жайында ойланғың келсе де
Бақыттан мас болып айналғың келсе де.
Ең ұлы мереке тойлағың келсе де
Ең тәтті бала боп ойнағың келсе де
Шақыр мені!
Мұхиттар кешіп кеп тау аттасам да,
Ақ дауыл боран бет қаратпаса да,
Ұйықтап жатсам да барамын,
Мұны жұрт аналық сезім дейді екен.
Өйткені жүрегі ананың
Көз ілмейді екен!
Жоқ мендей дос саған.
Шақыр, шақыр, шақыр мен келем қызым
Қабірдан басқадан,
Келетін жол табам, сөз берем қызым!
