Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мүслім Базарбаев: Абайдың Жаңашылдығы...

08.08.2015 5612

Мүслім Базарбаев: Абайдың Жаңашылдығы

Мүслім Базарбаев:  Абайдың Жаңашылдығы - adebiportal.kz
Абай поэзиясының қазақ әдебиеті, тілі, жалпы мәдениеті тарихында үлкен бетбұрыс болуы себепті, бүкіл дүние жүзілік арнадағы ағарту есігін, реализм есігін ашуы себепті бұрынға поэзиядан мол айырымды болуы заңды да, түсінікті де. Қазақтың жазба әдебиетінің ірге тасын қалаған, әдеби тілін мүлде жаңа бағытта дамытқан Абай творчествосы басқа дүние, басқа халық мәдениетіне алып баратын көпір сықылды роль атқарады. Оның басты дәлелі данышпан поэзия тудыруында, қазақ өлеңін қайта жасап, оған терең ой мен ақыл, сезімді, көрік пен түрді бірдей жүк етіп артуында әрі соны шебер көтеріп шығуында.
Абай шығармаларында қазақтың ескі өміріне тән суреттер асқан реалистікпен жырланатынын көреміз. Ы. Алтынсариннің «Өзен» деген өлеңінде дәлдік мол. Жазғытұрым таулардан сарқырай аққан өзеннің суретін ақын асқанишеберлікпен, нақтылы сурет бояулармен береді. Абай өлеңдерінде  осы табиғат сыры онан әрі ашылып, қазақ аулының даладағы, тау алқабындағы, өзен саласындағы  қоныстанып жатқан суреті айнала жер, су, ай мен күн, адам көңілі, қуаныш күйі сияқты сан алуан көрініс, сезімдермен ұласып, біртұтас картина жасайды, онда түрлі түстердің гаммасы түгелдей көрініп, ашық жарқын колорит бергендей, ал музыкаға балап алсақ, күмбірлеген оркестр үніндей. Мұндай суретті «Жаз», «Жазғытұрым», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерінен айқын көруге болады. Жаңа көшіп қонған ауыл суретін «Жаз» өлеңінде Абай былай келтіреді:                   
Жаздыгүн шілде болғанда,                   
Көкорай шалғын бәйшешек                   
Ұзарып өсіп толғанда,                   
Күркіреп жатқан өзенге                   
Көшіп ауыл қонғанда.                   
Шұрқырап жатқан жылқының                   
Шалғыннан жоны жылтылдап,                   
Ат, айғырлар, биелер                   
Бүйірі шығып ыңқылдап,                   
Суда тұрып шыбындап,                   
Құйрығымен шылпылдап,                   
Арасынан құлын-тай                   
Айнала шауып бұлтылдап,                   
Жоғары, төмен үйрек-қаз                   
Ұшып тұрса сымпылдап.                   
Қыз, келіншек үй тігер,                   
Бұрала басып былқылдап,                   
Ақ білегін сыбанып,                   
Әзілдесіп сыңқылдап.         
 
Қазақтың өмір-тіршілігіне, тұрмыс жайына байланысты бұл суреттің өте нанымды екені талас туғызбайды. Егерде осы көріністі қыл қалам шебері полотноға түсіретін болса, өте жарасымды картина шыққан болар еді. Көшіп-қонып жатқан ауыл суретін ақын шебер , әрі реалистік жолмен берген. Айнала табиғат көрінісі, жан-жануарлар қимылы, күн шұғыласы, адамдардың іс, әрекеті – бәрі де көз алдыңызда елестегендей. Ешбір қате сөз, сурет, не орынсыз қимыл мұнда жоқ.         
Бейнелеу амалдарының өзі ерекше. Объект мұнда хабарлау, айту, жеткізу әдісімен суреттеледі. Метафора, эпитет, теңеу сияқты сәттер мұнда жоқ. Бастан-аяқ ақын хабарлау тілімен сөйлейді. Әйтсе де оқушы қиялында толық аяқталған суретті білдіретін әсер қалдырады. Әрбір жолды жеке алып қарасақ, аздаған орын ауыстырумен қара сөзге, прозаға айналдыруға болатындай. Өйткені мұнда күрделі қиыстырылып келген бейнелеу амалдары амалдары жоқ, тек баяндау ғана бар. Әрбір сөз, сөйлем тура мағынасында қолданылған, ауыспалы мағынада алынған бір де сөз жоқ. Соған қарамастан жалпы сурет өте әдемі де, нақтылы, әсерлі. Реалистік жағына келсек, жоғарыда айтылғандай, мүлтіксіз, нанымды. Ақын бір мезгілдік, бір дүркіндік көріністі жан-жағынан, кеңінен қамтиды және оның бәрін үйлесімді көрсетеді. Яғни бірінен бір өнетін бірнеше іс, қимылды алады да, олардың бәрін оқушы өз көзімен көріп тұрғандай дәлдікпен, нақтылықпен суреттейді.         
Дұрысын айтқанда, суреттейді емес, көрсетеді, нұсқайды. Шумақты түгел оқығанда, сурет өзінен өзі пайда болғандай әсер етеді. Мәселен, «Көк орай шалғын бәйшешек ұзарып өсіп толғанда» дегенде ешқандай сурет жоқ. Бірақ әрі қарай, бірден бірге сурет нұсқасы жасала бастайды. Ол ақын шеберлігінің құдіреті. Әрбір сөз тек өз мағынасында ғана қолданылғанымен (суреттілікті күшейтетін ауыспалы мағынада алынған сөз жоқ екенін ескертсек), сиымдылығы, туралығы арқылы жалпы картинаны анықтай түседі. Құлын, тайлардың айнала «бұлтылдап» шабуы, үйрек пен қаздардың сымпылдап ұшуы» және қыз-келіншектердің «былқылдай» басып, «сыңқылдай» күлісіп үй тігуі көркем суретті аңғартады. Әрбір іс, қимыл бұлтартпайтындай дәлдікпен және өте жарасымды баяндалады. Мұның бәрі өлеңнің реалистік қалпын күшейтеді.         
Жалпы суреттің әсерлі шығуының тағы бір себебі — айтылмақ, көрсетілмек объектінің бір мезгілдегі күй-қалпын ақынның басты мақсат етіп алуы. Өлеңде мезгілдік эволюция жоқ немесе кешелі-бүгінді, ертелі-кешті болатын істер араласып жатқан жоқ. «Жаз» деген атына лайық ақын, мәселен, сәске түстік не болмаса түстік мезгілді алып, сол мезеттегі көріністерді қамтуға тырысқандай. Жылқының суда «шылпылдауы», «шыбындауы», шалғыннан «қылтылдауы», құлын, тайлардың «бұлтылдауы», қыз-келіншектердің үй тігуі, тағы басқа қимылдар, әрекеттер — бір мезгілде бірден болып жатқан істер. Уақыт кезегі, яғни бірінің артынан бірі болып жатқан іс жоқ.         
Абайдың «Жаз» деген өлеңін талдағанда, біз көбіне-көп қазақ халқының ежелден санасына сіңген дала суретін, көшіп-қону, жайлау суретін алып, оның өмір-тұрмыстағы сияқты әдебиетте де үлкен бейне ретінде жүретінін білдіру еді. Бұл пікірімізді әрі қарай созуды кідірте тұрып, фольклорлық әсер, дәстүр деген мағынады мына жайға көңіл бөлу қажет. Ыбырай өлеңінде болсын, не Абайдың «Жазында» болсын – реалистік сурет, көрініспен қатар халық поэзиясының элементтерін табуға болмас па еді? Біздіңше, әбден болады. Әңгіме ауыл маңайын, өзен мен көлді, жылқы мен сиырды, үйрек пен қазды айтқанында емес, соны суреттеп беру тәсілінің өзінде фольклорлық үлгілер көп. Абай өлеңі, біріншіден, формасы жағынан жырға ұқсатып жазылған. Жеті буынды, кезек ұйқас. Тұйық буынға бітетін және ылғи үш буыннан тұратын ұйқас сөз алғашқы төрт жолдан кейін аяғына дейін сақталады (б):
……….     ааа                                             ……….     ббб         
……….     ббб                                             ……….     еее         
……….     ввв                                             ……….     ббб         
……….     ббб                                             ……….     жжж         
……….     ггг                                               ……….     ббб         
……….     ббб                                             ……….     ззз         
……….     ддд                                             ……….     ббб         
Бұл схемадан үш буыннан құралған, бірақ соңғы тұйық буыны ылғи «дап» болып отыратын ұйқастың әр жолдан кейін қайталанатынын және аралықтағы жолдың еш жерде ұйқаспайтынын көреміз (өзді өзі де және ұйқасы бар жолдармен де).          Абай өлеңінің реалистік сипаты күмән туғызбайды. Ол қалай мүмкін болды? Байырғы поэзиядағы он ауыз сөз тіке мағынасында айтылмайтын жай мұнда жоқ. Әр заттың, не қимылдың өзіне тән баламасын басқа, ауыспалы образ, бейнемен көлегейлемей, дәл, нақты айту — Абай поэзиясының ерекшелігі. Осы тақырыппен тектес  «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңін алайық.                            
Желсіз түнде жарық ай,                            
Сәулесі суда дірілдеп.                            
Ауылдың жаны терең сай,                            
Тасыған өзен гүрілдеп.                            
Қалың ағаш жапырағы                            
Сыбырласып өзді-өзі,                            
Көрінбей жердің топырағы                            
Құлпырған жасыл жер жүзі.         
 
Бұл үзінді алғашқымен салыстырғанда, образдылығы жағынан басқаша, терең әрі лирикалық әсерлілігі мол. Реалистік сурет оқушыға белгілі бір сәттегі көңіл-күйді, ойды аңғартады. Табиғат көрінісінің аса жарастылықты қалып, бейнесі көз алдыңызға елестейді. Суреттің дәлдігі, нақтылығы ерекше. Тынық түнде көл бетіне түскен ай сәулесінің дірілдеп көрінуін сипаттау — суреткерлік шеберліктің белгісі. Әркім-ақ ұшырататын бұл мезгіл, көрініс өнебойы лирикалық сезім, әсер тудыра бермеуі мүмкін. Өйткені қарапайым кісі әдемі, тамылжыған түнге рахаттана қарағанымен, мөлдір ауадан қанағаттана жұтқанымен, ақын көзімен, ақын сезімімен көрмеген соң, жалпы сурет жайбарақат, бейтарап қалыпта қабылданады.         
Ақын табиғат көрінісіне жинақтау, сынау, салыстыру көзімен қарайды, сондықтан да жай адам көріп, біле бермейтін белгі, нұсқаларды табады. Бұл – бірінші кезең, алғашқы материал, әсер. Екінші кезең – соны суреттеу, көрсету, яғни басқа адам көрмеген (сезіммен байқамаған деген мағынада) объектіні көрмеске, сезінбеске болмайтындай етіп қайта жасау, қайта құрау. Бұл сәтте айтылмақ, жасалмақ суретті барша жан көреді, сезеді, лирикалық картинадан ерекше әсер, ләззат алады. Бұл соңғы роль көбіне оқушылардікі, оқырмандардікі. Ақынның, суреткердің орындаған мақсаты да осы. Өйткені, біріншіден, басқа жан мән бере бере қоймайтын айырма, ерекшеліктерді ол жинақтап, образ, бейне ретінде көрсе, екіншіден, көркемдеу, шеберлікпен баяндау жолымен оны көпке танытып, соның игілігіне айналдырып отыр. Бұл – шеберлік, суреткерлік. Тек шындық сурет жасай білгенде ғана ақын лирикасы өзінің нысанасына дәл тимек, мақсатына жетпек. Абай өлеңінде осы жағы айқын, айқын ғана емес, жоғарыда айтылғандай, ерекше, өзгеше.         
Түн желсіз болса да, судың бетіне түскен ай сәулесінің дірілдеп тұруы – шындық. Өйткені қанша тынық болғанымен, көл беті толқиды, болар-болмас леп су бетін шарпиды. Бұл сәтте ай суреті теңселіп көрінетіні рас. Ақын осы жайды көреді де, дәл суретін келтіреді. Дірілдеп» деген сөз де айтылмақ ойды толық жеткізіп тұр. «Сәуле дірілдеді» деген сөз тіркесін таба қою оңай емес. Бірақ «сәуле» «сумен» қатар айтылғанда, екі заттың бір-біріне ұқсас қасиеттік қатынасы ойға оралып, толық бір сурет жасауға мүмкіндік берген. Шынында дірілдеп тұрған сәуле емес, су ғой, яғни судың беті. Судың беті қабыршықтанып, толқыған соң, сәуле де солай қозғалыста көрінеді. «Сәулесі суда дірілдеп» деген жол, түгел алғанда, толық суретті аңғартады.         
Абай поэзиясында әлеуметтік, азаматтық тақырыптардың қай-қайсысы болса да, мүлде жаңаша қойылып, басқаша шешіледі. Абайды туғызған орта, әлеуметтік жағдай, ақынның данышпандығы, зор таланты дүниені басқаша қарап, аңдауға мүмкіндік берді. Абай көтерген тың мәселелерге арнайы назар аударсақ, реалистік поэзияғы жол қайдан басталғанын анық байқаймыз: ол – халық поэзиясының қайнар бұлағы, сарқылмас нәрі. Бірақ Абай сол қазынаны революциялық жолмен меңгерген, мүлде өзгерткен, өзінің талантына сай алуан-алуан жаңалықтармен байытқан. Ұлы Абай өз творчествосында сол жаңалықтар арқасында үлкен дәстүр қалдырды. Реалистік дәстүр, шындық дәстүр, халықтық дәстүр Абайдан кейінгі қазақ поэзиясынан мықтап орын алды. Бұл жайында біз Абайдың екі сөзін ғана куәға алалық.         
Бірінші сөз – Абайдың қазақ поэзиясын аяғынан тік қойып, мүмкін қадарынша оны тілмарлықтан, құр шешендіктен, әсіре қызыл бояудан құтқаруы жайында. Мұны дәлелдеу үшін алдымен өзі айтқан талап-тілекті еске алайық:                   
 
Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз,                   
Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз…                   
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,                   
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.         
 
Екінші сөз – Абайдың ақын орнын, оның қоғамдық, әлеуметтік ролін алғаш танып, Пушкиндермен қатар көркем сөзді жоғары сатыға көтеруі жайында. Бұл ақынның бүкіл мұрасымен дәлелденген, бірақ тағы да Абайдың өз куәлігіне жүгінейік:                   
Ақын белін буынып,                   
Қыранша қарап қырымға,                   
Мұң мен зарды қолға алар.                   
Кектеніп надан зұлымға,                   
Шиыршық атар, толғанар.                   
Ызалы жүрек, долы қол,                   
Улы сия, ащы тіл,                   
Не жазып кетсе, жайы сол,                   
 Жек көрсеңдер өзің біл.         
 
Көп ғасырлар бойы ауыз әдебиетінде дәстүрде келе жатқан поэзияны Абай мүлде жаңа арнаға салды. Ол үшән ақынға қойылатын парызды анықтайды, оның қоғам алдындағы міндетін ұғындырады. Поэзияда осындай анық программа ұстанған Абай өзінің бар творчестволық өнерінде соны бұлжытпай орындауға ұмтылады.         
Жаңалық жайына тоқталғанда, формадан, сыртқы түрден бұрын реалистік суреттемелері ерекше, бұрынғы поэзияда  тап бұл сипатта кездесе бермейді. Абайдың «Қан сонарда», «Аттың сыны», «Қыс» өлеңдері өмірдің реалдық қалпын беруге бұрын жеткен Батыс және орыс әдебиеті шығармаларынан ешбір кем емес. Бұл табиғаттың, не өмір құбылысының сыртын емес, сырын, бояуын емес сынын табушылық, соған үңілушілік. Мұндай реализм — Абай шығармаларының өзекті өзгешелігі.                   
 Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,                   
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.                   
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық                   
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.         
 
Міне, бұл сурет-портреттің бұрынғы «Қар жауып, боран соқты, үскірік аяз қысты» деген жадағай хабарлаудан мүлде алыс жатқанын, сонымен бірге, қыстың барлық кәрлі сипатын түгел беретінін көреміз. Абайдың реалистігі мұнымен тынбайды. Ол:                   
Шидем мен тон қабаттап киген малшы,                   
Бет қарауға шыдамай, сырт айналды, -
 
деп, адам характеріне, оның ішінде сол «соқыр-мылқаудан» әсіресе көп таяқ жейтін бейшара жанды көзге елестетеді. Мұны Абайдың «Күз» өлеңінен де көруге болады:                   
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,                   
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.                   
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,                   
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.                   
…Кедейдің өзі жүрер малды бағып,                   
 Отыруға отын жоқ үзбей жағып.                   
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,                   
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.         
 
Идеялық пен суреттіліктің ұштасқан түрі осында. Біріншіден, шындық құбылыстың суретін Абай өзіне тән тәсілмен, арзан нақышқа бармай, сонда да көркем, әдемі береді де, оны адам өміріне әкеп, оның тіршілік характеріне байланыстырады. Осыған лайық форма табудан да өлең, әрине, ұтып тұр. Белгілі он бір буынмен жазылса да, ырғаққа, дыбыстар үндестігіне назар аударсақ, сырттай қарапайымдылықтың астары терең, бедерлі екенін көреміз. Мұнда ойнамай, қызмет атқармай тұрған дыбыс, сөз жоқ. Теңеу, ұқсату, метафора – жалпы суреттеу құралдары зергер ісіндей мінсіз. Мұнан Абай шығармаларының асқақтамай, тасымай, қарапайым, жатық келіп, бірақ көңілге алуан түрлі ой салатыны көрінеді.         
Абай әуел бастан әшекейден, әсіре жылтыр нақыштан қашады. Бұл — көркем сөздің жан баурар күшін, бар асыл айбатын біржола меңгеріп, оны өзіне әбден бағындырған суреткердің әдісі.         
Қазақ поэзиясына Абай қосқан жаңалықты оның өзі қалдырған тамаша дәстүрмен ғана теңеуге болады. Абай қазақ өлеңін мәнді өлең, әрлі өлең етті. Ал форма жағына, сыртқы түр жағына келсек, бұл салада Абай қосқан жаңалық тым көп. Жоғарыда айтылғандай, ол жаңалықтар ұйқас, ырғақ, буын өлшемдерімен ғана шектелмей, өлең жолының өн бойына түгел жайылады, бүкіл архитектоника сондай. Мұны жеке тексерген зерттеуші Абай өлеңдерінен айқын сипатты мысалдарға кенеледі. Әрбір шумақ, әрбір жол көп жайды аңғартады. Формасы мен түрін, тіпті тілін былай қойып, кейбір шумақтардың ырғағына, ойнақы үніне, ой кестесіне құлақ салсақ, бұрынғы қазақ поэзиясынан жер мен көктей айырмашылығы барын көреміз.                            
                                      Көлеңке басын ұзартып,                            
Алысты көзден жасырса;                            
Күнді уақыт қызартып,                            
Көк жиектен асырса;
Күңгірт көңілім сырласар,                            
Сұрғылт тартқан бейуақта.                            
Төмен қарап мұңдасар,                            
Ой жіберсем әр жаққа.   
 
Әрине, Абайдан алуан түрлі жаңалықпен қатар халық поэзиясынан алынған, онан үйренген жәйттар да бар. Бірақ ол көбіне тек суреттеу, тәсіл ретінде, онда да басқаша контексте келеді. Мәселен, әлгі айтқан мүлде жаңаша жазылған «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде:                            
Адасқан күшік секілді                            
Ұлып жұртқа қайтқан ой.                            
Өкінді жолың бекінді,                            
Әуре болма, оны қой! –
 
дейді.         
Мұнда «адасқан күшік» дегені бұрыннан, қазақтың өлеңінде болсын, жай сөзінде болсын, бар нәрсе. Бірақ тынымсыз, мазаң ойдың, жабырқау көңілдің суретін беруге алынуы – жаңалық. Ал келесі мына шумақтарға көңіл қойсақ, барша қасиеттерінің бәрінен жаңа поэзияны көреміз:                            
Көк ала бұлт сөгіліп,                            
Күн жауады кей шақта.                            
Өне бойың егіліп,                            
Жас ағады аулақта.       
 
«Амал жоқ – қайттым білдірмей, Япырау қайтіп айтамын», «Құп білемін, сізге жақпас Ескі жара білтелеу» немесе «Тәңірі қосқан жар едің сен», тағы басқаларын алсақ та жеткілікті (аударма болғанмен, қазақша тіл Абайдікі ғой).                            
Күлімсіреп аспан тұр,                            
Жерге ойлантып әрнені.                            
Бір себепсіз қайғы құр,                            
Баса ма екен бендені?                            
Сұрғылт тұман дым бүркіп,                            
Барқыт бешпент сулайды.                            
Жеңіменен көз сүртіп,                            
Ұрланып жігіт жылайды.         
 
Бұл шумақтардың жаңашылдық мазмұны ойлантпай, тамсантпай қоймайды. Бірден танылатыны үлкен профессионалды әдебиеттің сипаты. Сөз төрелері мен ой тереңіне көңіл аударалық. Барқыт бешпенттегі  моншақтаған тамшы көздің жасымен ұласып кетті емес пе. Бір көрініс, мағынадан екінші құбылыс, жайға көшу қалай жұмсақ, жайлы десеңізші (нәзік емес). Сөз жалғастығы ой жалғастығымен сай келіп, оқырман қиялын үркітпей, біткен суретке бірден душар етіп, құл етпей ме? «Ұрланып жылау» жөнінде ұзақ толғау жасауға болар еді. Бұл қылықтың жігітке ғана лайық екені белгілі. «Жасырынып жылау» әркімнің-ақ қолынан келеді және ол сөз тіркесіне оқырман құлақ түре қоймас еді. Мына контексте ішкі ой-күйді беруге «ұрланып жылаудан»» дәлі жоқ.         
Қазақ халқының әдебиетінде Абай салған жол ерекше. Ұлы Абай өз дәуірінің сөзін айтып, қараңғыда қамыққан, жабырқау көңілдің езілген халқының мұңын шақты. Әділдік пен әділетсіздіктің адам баласы тарихындағы орнын жалпылама айтпай, Абай өзінің туған халқының тағдырын, тұрмыс-күйін, өмір-тіршілігін сөз етті, әділдікке жетуді, сәулеге, жарыққа ұмтылуды уағыздады. Абай «ескі бише бос мақалдап отырмай», нағыз әлеуметтік, көкейтесті жайларды көтерді. Ақын мен поэзияның қоғамдық ролін, оған халық жүктейтін парызды аңғартты.         
Абай поэзиясының бүкіл қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше.
Автордың мына еңбегінен ықшамдалып алынды: Базарбаев М. Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы. – Алматы: Жазушы, 1973.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар