Мұхтар Әуезовтің бұрын жарияланбаған хаты табылды

Оны қырғыз журналисінің ұрпағы Чинара Суванбердиева кезінде әкесі оқыған «Абай жолы» кітабының 2-ші томына (Алматы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1961) салып, өз қолыма аманаттады.

128

Мұхтар Әуезовтің бұрын жарияланбаған хаты табылды - adebiportal.kz

Бүгін Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов мұражайы қызметкерлеріне заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қырғыз журналисі әрі баспагер Тұрғынбек Суванбердиевке 1958 жылы 12 мамырда жазған хатын тапсырдым. Мен бұл хатты Бішкектегі бір апталық іссапар кезінде таптым. Оны қырғыз журналисінің ұрпағы Чинара Суванбердиева кезінде әкесі оқыған «Абай жолы» кітабының 2-ші томына (Алматы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1961) салып, өз қолыма аманаттады. 

Хат конверт ішіне салынған. Жазушы 12 парақтық дәптердің қос парағын пайдаланған. Хат сыртындағы «Авиа» деген мөрге қарап, оның авиа тапсырыспен жіберілгенін аңғаруға болады. Хаттың мекен жайы ретінде Бішкектегі (бұрынғы Фрунзе) КирГосИздат (Суванбердиев Қырғыз мемлекеттік баспасы директоры қызметін атқарған) жазылған.

Үшбу хаттың толық мәтінін, оның орфографиясын және жазу стилін өзгертпестен беріп отырмыз:

Қымбатты Тұрғынбек!

Москвадан бір телеграмма жіберіп ем, ертеректе Алматыға жіберткен 15 мыңды үй іші алған, сол жөнінде өзіңе алғыс айтып, достық сәлем жолдағам.

Ал қазір мен Алматыға қайттым. Енді бірнеше ай осында болармын. Онан қала берсе Фрунзеге өздерің жаққа қыдырып қайтпақ боламын. Бүгін Болат Юнусалиев телефон соққан еді, соған бір санарлық ниетімді айттым. Мақсатым быйыл жазда Ысық көлге барып суға түсу, дем алу. Егер жолығар мүмкіншілік берсе Шолпон ата да серігім мен 1½ ай тұрып қайтсам деймін. Барсам июннің 20да бармақпын. 

Осы мәселе жөнінде предварительно июннің 2-де Фрунзеде болып қайтамын. Сол күнде «Сейтек» туралы пікірлесу мақсаты да бар. Мен редколлегия мүшесімін (1960 жылы Бішкек қаласында шыққан «Манас» эпосының «Сейтек» атты соңғы 4-ші томы редалқасының мүшесі болатын –мақала авторы). Оқып шығып өз ойларымды айтып қайтпақ боламын.

Және Шолпаната тұрасынан (үй, саяжай дегенді меңзегені — мақала авторы) да алдын-ала анықтап көрмек едім.

Қысқасы (хат түпнұсқасында сөз асты сызылған — мақала авторы) сол июннің бастарына тағы бір керек мүмкіншілік жасар болсаң аса келіскен болар еді. Гонорардың бір азын кесегірек бере алсаң деген өтінішіміз бар. Осыны есіңе салуды лайық көріп мына хатты жазып отырмын.

Ісің зор, кітәбің көп, пұлың мол болсын.

Жолдастық сәлеммен 

Мұхтар Әуезов

1958 ж.12 май

Аталмыш хат туралы бұған дейін айтылып келді. Т. Суванбердиевтің жан жары Ажар Исмаилова «Кыргыз Туусу» газетінің 1996 жылғы 20 қыркүйектегі санында хаттың қысқаша мазмұнын берген болатын. Ал қазірде хаттың түпнұсқасы қолға тиісімен анық-қанығына көз жеткізгендей болдық...

Бұл хатты мұхтартанудағы аса бір құнды мұра деуге болады.

Бекжан Бектенбай, студент. БішкекАлматы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan