Мұхтар Шерім. Ми маркеті (сатира)
(«Миыңызды сатасыз ба?» сатиралық романымнан үзінді)
«Ми ауыстыратын супер маркет ашылыпты!» деген жаңалық жындыны да, жынды емес сау адамды да есеңгіретіп, етпетінен түсіре жаздады. Адамның ағзалары: бүйректі ауыстырып жатады, қатынқұмар біреу әйелін ауыстырады, ал миды ауыстыру деген миға кірмейді ғой!
Шымкенттегі қазақ ғалымы Нұрасыл Опанұлының бұл жаңалығын естігендер есек мініп те, ұшақпен де, тіпті дрон таксимен де ұшып келіп, ми маркетіне кезекке тұра бастады. Әсіресе шенеунік ақымақтар көк миларын ақылды миға ауыстыру үшін ақшаларын аямады. Оларды қойшы, жақында өтетін Құрылтай сайлауына үміткерлер тізімінде жүрген әншілер де осы маркетті жағалады. Құдайым-ау, ми маркетінде неше түрлі милар самсап тұр. Тіпті ақылды адамның миына ауыстыра қоясыз, қаласаңыз, түз тағыларының миы да бар. Арыстандай айбатты болғыңыз келе ме? Әлде аюдай қайратты боласыз ба? Нұрасылдың ассистенті келесі бөлмеге кіргізіп алады да, маңдайыңызды балғамен бір ұрып сындырып, миыңызды ауыстырып бере қояды. Ал отадан соң маңдайыңызға әлдебір мазь жақса болды, сынған сүйек қалпына келе қояды екен. Содан не керек, фонограмма арқылы танылған әнші Қатира Айғайбаева келді. Оның да депутат болғысы келеді, өйткені миы заң талқылауға жетпесе, мәжілісте ән айта салуы да ғажап емес. Бірақ әншілік миын ауыстыруды жөн көрді.
–Анау ненің миы? – деп сұрады ол.
–Қоянның.
–Керек емес.
–VIP ми бар ма?
–Ақынның миы сатылады.
–Керек емес. Құрылтайда өлең оқып тұрмайын.
–Жемқордың миы өтпей жатыр. Ал ар-ұяты бар адамның миына сұраныс жоқ.
–Анау банкаға салынған ми ше?
–Далай-лама XIV миы...
–Саясаттан кімнің миы бар?
–Жириновский марқұмның.
–Ойбай, керек емес.
–Есектің миы ше?
–Не деп тұрсыз?
–Ақылды есектің...
Ол ақырында ең ақылды саясаткердің миын таңдап, ота жасатып шықты. Сол екен, ми маркетінен шыға салып:
–Ән дегеніміз – саясат! Саясат дегеніміз – ән! Мен депутат болсам, халық қайғырмайды, тек ән айтып жүреді. Тіпті жақындары қайтыс болса да, әндетіп жылайтын болады! Халықтың қарны ашса, ән шырқайды, – деді. Қатираға саясаткердің миын салғаннан кейін де ештеңе өзгермеді. Бұрын фонограмманы қосып ән айтатын, енді дайын мәтінді оқып депутат болды. Тек сахнаның аты «Мәжіліс» болып өзгерді. Ал «Халық үшін!» партиясының атынан депутат болғысы келетін миллиардер Төргебасар бірден:
–Маған Құдайдың миы керек! Соның миына ауыстырамын! – деді. Нұрасыл таңғалды. Ішінен: «Жынды ма? Жындының досы ма?» деп ойлап тұрды да:
–Кешіріңіз, ондай ми сатылмайды, – деді.
–Ал менің Құдай болғым келеді! – деген Төргебасар Нұрасылдың жағасынан алды. Қорқып кеткен Нұрасыл:
–Рим папасының көшірме миы бар еді... – деді.
–Керек емес! Құдайдың миы керек!
–Құдай сақтасын сізді...
–Мен құдаймын! – деген Төргебасар басымен Нұрасылдың басына қойып қалды. Нұрасыл өтірік айтуға мәжбүр болды:
–Есіме енді түсті, Құдайдың миы бар екен...
Төргебасар ота жасайтын бөлмеге өтті. Есеп айырысып болып:
–Анау не? – деп сұрады.
–Балға.
–Оны қайтесің? – деп сұрады ол. Ота жасаушы ассистент Сапар:
–Маңдайыңызды ұрып сындырамыз, – деп еді, Төргебасар ұшып тұрды.
–Өліп қаламын ғой!
–Ауыртпай сындырамыз...
Нұрасыл Төргебасарға қоянның миын салып жіберді. Ол ми маркетінен шығып бара жатқанда кезекке тұрғандардың бірі түшкіріп қалып еді: «Ойбай, мылтық атқан кім?» деп шошып кетті. Тіпті, көлеңкесін көріп, тұра қашты. Ақымақ министрлер де миларын ауыстырып, «ақылды» болып шығып жатты. Ми ауыстырған соң шенеуніктердің кейбірі бұрынғыдан да ақылдырақ болып шықты. Ең қорқыныштысы – енді олар бұрынғы қателіктерін барынша сауатты жасайтын болды. Көресіз әлі, келесі құрылтайда тек ақылдылар ғана отыратын болады!
Бәрі дұрыс келе жатқан еді, бір кезде Ми маркетіне бетперде киген төрт «отаншыл» жігіт баса-көктеп кірді. Елдегі ғылымды қолдаудың ең төте жолы – ғалымның басына шелек кигізіп ұрлап кету екенін беске білетін жандар болса керек.
Нұрасылдың басына арзан пластмаса шелекті кигізе салып, оны қымбат қара джипке тоғыта салды. Бұлар кімдер болды екен?
Нағыз есек милылар ғой деймін! Өйткені ақылды адам ғалымды ұрламас бұрын, алдымен өз басына ми сатып алар еді ғой...
