Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Насыр Фазылов. Қажымұқан балуан...

24.04.2021 3657

Насыр Фазылов. Қажымұқан балуан

Насыр Фазылов. Қажымұқан балуан - adebiportal.kz

Ұлым Сағындық мектептегі ата-аналар жиналысына кешікпей, ертерек келуімді өтінген еді. Күн батып, қараңғы түскенімен, мектеп шамдары жанып, айналаны жарқыратып тұр. Спорт залы жақтан балалардың шуылдаған дауыстары естіледі. Шылымымды шегіп болдым да, ішке кірдім.

Неон шамдарынан залдың іші күндізгідей жап-жарық. Спорт киіміндегі оқушылардың бірі гимнастикалық қабырғаға асылып ойнап жатса, енді бірі кір тастарын көтеруде.

Бұрышта тұрған отыз екі килограмдық кір тасы көзіме оттай басылды. Қызыл барқытпен жабылған үстелге қойылыпты. Жылтыратып тазаланған. Кір тасына ілінген кішкене қағазда жазу бар екен: "Бұл кір тасын 1944 жылдың ерте көктемінде..."

Иә, мынау сол кір тасы ғой... Есіме өткен оқиға орала берді...

* * *

...Ымырт үйіріліп қалған. Ешмат ака екеуміз қаладан қос ат жегілген арбамен қайттық. Айнала аппақ қар. Аспанды бұлт торлаған, түнеріңкі. Майдалап қар жауа бастады. Басымда әкемнің түлкі тұмағы, үстімде мен үшін кішірейтіп қайта тігілген тері тон, аяғымда - пима, қолымда - жүн қолғап. Қаладан алған заттарымды салған қоржынды екі бүктеп астыма төсеп алдым.

Жол бойы аузына су құйып алғандай үндемей келген Ешмат акаға бір кезде тіл бітті:

- Темір жолдан астық, міне. Келіскеніміздей ғой, иә?

- Жарайды, - дедім амалсыздан.

Ешмат ака тізгінді тартты.

- Кел, жақынырақ отыр. Міне, осылай, - деп, мені арбаның алдыңғы жағына отырғызып, тізгінді қолыма берді. Балдақтарын алып, өзі ақырын арбадан түсті.

- Аттарды қинап, қуалама. Жолды біледі, өздері алып барады, жануарлар. Ал, кәні, "шүу" де!

Ешмат ака бірнеше қадам артқа шегінгенде, балдақтары жұмсақ қарға кіріп кетті. Мен тізгінді сілкіп қалдым... Аттардың танауларынан бу бұрқырап, арбаны жеңіл сүйрей жөнелді. Шынымды айтсам, басында бойымды бір қорқыныш билегені рас еді. Бірақ, сонда да бір өзім атарбаға ие болып келе жатқаныма кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

Біраз жүрген соң жолайырығына келдік. Оңға бұрылсақ - ауылға апаратын жолға түсеміз. Солға қарай кетсеңіз - "Чапаев" атындағы ауылға барасыз. Жол қиылысында бірнәрсе қарайғандай болды. Дұрыстап қарағанда адам екенін көрдім. Адам болғанда, керемет үлкен денелі адам - алып. Үстінде жеңіл шапан, бұтында қара шалбар, басында қара барқыт тақия, аяғында хром етік. Ертегі беттерінен шыға келген құбыжық дерсің. Жас шамасы сексенге кеп қалған болар ау. Қорқынышты! Аяғын алшаң басып арбаға жақындады.

- Тоқта!

Қорыққаннан жүрегім алқымыма тығылды. Осындай да дөрекі дауыс бола ма екен адамда...

- Қайда бара жатырсың?

- Қай ауылға? - мен үндемеген соң, қайта сұрады.

Мүлдем састым. Шынымен де ертегілерде айтылатын алып тұлғалы диюдың өзі емес пе екен...

- Көктерекке... - деп жауап бергенмен, өз дауысымды тіпті өзім де естімедім.

- "Чапаевқа" дейін апарып тастасаң мені!

- Асығыс едім.

- Ештеңе етпейді балақай, үлгересің.

Қашу керек! Аттарға қамшы бассам, қуып жете алмайды. Анадай ебедейсіз денесімен жүгіре де алмас. Ал егер "Чапаевқа" баратын болсам, ауылға қашан жетемін. Жалғыз өзіме қорқынышты. Ал, мына дию мені аман-есен жібере қоя ма екен?

Мен ойланамын дегенше, алып мінуге ынғайланып, арбаның шетінен ұстады. Нартауекел деп, орнымнан көтерілдім де, аттарға қамшы басып, тізгінді сілкіп қалдым. Қос ат алдыға бірдей жұлқынғанымен, арба орнынан қозғалмады. Не болды деп, артқа бұрылсам, ана кісі арбаның артқы жағынан ұстап тұр екен.

- Қайда? - деп гүр ете қалды. - Қашып кетейін дедің бе? Жарайды, бара ғой, жолын ашық, егер аттарыңның күші жетсе.

- Жіберіңізші! - деп жыламсырадым.

Ол болса маған көңіл де аудармай, арбаны ұстап тұра берді. Аттар қанша тыртыңдаса да, арба орнынан мүлдем қозғалмады. Ақыры, аяқтары қарға батып, аттар тұралап қалды. Диюдың өзі емес пе! Ақырындап көз қиығыммен қарасам, арбаны бір қолымен ғана ұстап тұр. Бір кезде қарқылдап күліп жіберді. Күлкісі тіпті адамның күлкісі емес:

- Қалай, балақай, жүреміз бе?

Жауап бермедім. Сөйлеуге мұршам жоқ, тынысым тарылып кетті.

Менің жауабымды күтпей, арбаға мініп алды да,

- Аттың басын "Чапаев" ауылына қарай бұр! - деді.

Амалсыз арбаны солға қарай бұрдым. Ал өзім артқа қарауға қорықтым. Тыныс алған демі естіліп тұр. Арбаның ол отырған жағы қисайып кеткендей көрінді. Менің қорқып отырғанымды сезген болар, дауысын сәл бәсеңдетіп:

- Балақай, сен қорықпа, - деді.

Қарамасам да, ол желке тұсымнан маған күліп отырғандай болды.

- Әкең бар ма?

- Бар...

- Қайда?

- Майданда...

Ол үнсіз қалды. Бір кезде сыртылдаған дыбыстар естілді. Қарасам жаңғақ шағып жеп отыр.

- Шекілдеуік жейсің бе, балақай? - деп қояды.

Керемет! Жаңғақты шекілдеуікше шағып отыр. Үндемедім.

- Мә, ал! - деді де, жаңғақты саусақтарымен сыртылдатып шағып, маған ұсынды.

Айттым ғой, диюдың нақ өзі. Ол өз ойымен болып, тағы да үнсіз отыр. Ал мен одан қалай құтылудың амалын таппай дал болдым.

- Оқисын ба? - деді кенеттен.

- Оқимын.

- Қай сыныпта?

- Алтыншы.

- Тұмағың мықты екен.

Үндемедім, ал ішімнен ойладым: "Тұмағыннан айырылдың дей бер, Қажымұрат!" Басымнан қашан жұлып алады екен деп күттім. Бірақ ол тиіспеді. Аттар ілбіп басып келеді. Қараңғы түсе бастады. Күн суытты. Майда қиыршық қар жауып тұр.

- "Чапаевқа" қанша қалды, балақай?

- Жолдын жартысын өттік...

- Кәне, тоқта!

Тізгінді тартып, абайлап басымды бұрдым. Алып адам арбада тізерлеген күйі артқа көз салып тұр екен. Алыстан бір нәрсе қарауытып, бізге жақындап келе жатты. Міне, тіпті жақындап қалды. Сөйтсек, жалғыз ат жегілген жеңіл тарантас. Жүрегім орнына түсті. Ең болмаса енді бір өзім емес екенім көңіліме медеу болды. Біздің арбамен қатарласып барып, тарантас тоқтағанда, алып адам арбадан ақырын түсті. Тарантас айдаған жас жігіт, "Ой, Қажы аға?!" деп жерге секіріп түсіп, оған қарсы жүрді. Жіңішкелетіп мұрт қойған екен. Үстінде қасқыр ішік, басында құндыз бөрік, ал аяғында саптама етік.

- Иә-ә, қайда жүрсің? - деп сұрағанда, алыптың ренжігені көрініп тұрды.

- Бүгін "Коммунизм" ауылына барамыз ба деп ойладым...

- Әй, "Чапаев" ауылына баратын болып, уәде бергеніміз есіңнен шығып кетті ме?

- Қажы аға... - деп күле береді.

- Әй, сен осы ішіп алғаннан саусың ба?

- Қажы аға, енді... Хи-хи-хи...

Оның қисаландаған қылықтарына шыдамай, алып кісі, жіңішке мұртты жігіттің қолындағы қамшысын жұлып алды да, "Мә, саған, Қажы аға", - деп салып-салып жіберді. Ол болса тарантастың артына тығылып, күлуін тоқтатпай, тарантасты айнала қашып жүр. Анау болса қамшыны сілтеген сайын "Мынау мені аязда күттіріп қойғаның үшін! Мынау алдағаның үшін! Мынау ішімдік ішіп алғаның үшін!" дейді. Мұртты болса, қамшы тисе оңбайтынын білетін адамдай, тарантасты зыр айналуда. Жүгіріп жүріп алыптан кешірім сұрауда: "Қажы аға, айыптымын! Қажы аға, кешіріңіз!". Менің бар-жоғымды екеуі де ұмытып кеткендей. Ыңғайлы сәтті пайдаланып, аттардың басын кері бұрдым. Мені тоқтата ма деп ойлап едім, тіпті шаруалары болмады. Аттарға қамшы бастым. Ұзап кеткенше құлағыма жіңішке мұртты жігіттің жалынышты дауысы келіп жатты.

Көктерекке түнделетіп жеттім. Арба мен аттарды ат күтуші Мырзахметке тапсырдым да, қоржынымды иығыма алып, үйге асықтым. Жолда болған оқиға туралы ешкімге де тіс жармадым. Әсіресе, анама! Айтсам да, бәрібір кім сенеді дейсің?

...Таңертең мектепке бара жатып, Ешмат аканың ұлы Қошқарбай сыныптасым соқты.

- Келгенің жақсы болды, - дедім жол-жөнекей. - Кеше кеш келдім де, айта алмадым. Әкең шаруаларым бар деп, қалада қалды.

- Келді ол, - деді Қошқарбай күліп.

- Қашан?

- Таң ата. Қалада Қажымұқан балуанның өнерін көремін деп қалыпты.

- Иә, сонымен, көріпті ме?

- Жоқ, көрмепті. Балуан "Чапаев" ауылына кетіп қалыпты.

Мен сонда ғана кеше арбама кімнің отырғанын түсіндім...

Мектептен қайтарда Қажымұқан балуан біздің қыстаққа да келеді екен деген әңгіме естідік. Иығына жиырма кісі отырғызып, шыр айналдырып, білектей темірді арқан сияқты үш-төрт қайыра орап, екі пұттық кір тасының сегізін бірден айналдырып ойнайды екен деп ел шуылдады...

Екі күннен кейін өткендегі жіңішке мұртты жігіт айдаған тарантаспен Қажымұқан біздің ауылға келді. Бүкіл бала-шаға балуанды қоршап алған. Мен аса жақындамай, алыстау тұрдым. Өйткені, мені танып қойып, қашып кеткім келгенін айтып қоя ма деп қорықтым.

Кеш бата бүкіл ауыл болып, біздің мектебіміздің клубына жиналды. Қошқарбайдың әкесі сияқты, соғыстан жараланып қайтқан бір-екі майдангер де бар. Қысқасы, клубта ине шаншар жер қалмады. Балалар алдыңғы қатарға, жерге жайғастық. Клубтың екі қабырғасына ондық екі май шам ілінген. Жұрттың бәрінің назары сахнаға алшаң басып шыққан Қажымұқан балуанда.

- Қажымұқан Мұңайтпасов, - деп, өзін қарапайым ғана таныстырды.

Оның керемет күштілігі туралы елдің шулап айтып жүргендері шындық болып шықты. Әсіресе соңғы көрсеткен өнері тіпті ерекше болды. Басына күйдірілген кірпіштің төртеуін қойды да, үстінен ауыр балғамен кім ұрады деді. Ешкім суырылып шыға қоймады. Бір кезде біздің ауылдың Жұман атты жігіті ортаға көтерілді.

- Бар күшіммен ұрайын ба, Қажы аға? - деді.

- Фашисті қалай ұрғың келеді, солай соқ, - деп Қажымұқан гүр ете қалды.

- Сіз фашист емессіз ғой.

- Иә, мен фашист емеспін, тек сен көз алдыңа елестет...

- Олай болса... - деді де Жұман ака ауыр балғаны жоғары көтерді.

Төрт кірпіш бір соққыдан ақ күл-талқан болды. Бәрі демдерін іштеріне тартып, үнсіз қалды. Бір кезде балуанға ештеңе болмағанын көргенде барып, "ух" деп, ду қол шапалақ соғылды.

Балуан Жұман аканың қолын алды.

- Қолында күш бар екен. Егер біздің жігіттердің бәрі фашистерді сен секілді соғатын болса, онда олардың саудасы бітті дей бер.

Одан кейін жиналғандарға қарап сөйлеп кетті.

- Халайық! Егер майдан даласында соғысып жүрген біздің жігіттердің соққылары мына жігіттің соққысындай күшті болсын десек, біз оларға көмектесуіміз қажет.

Балуан ұзақ сөйледі. Клуб іші тып-тыныш. Кенет бір жас келіншек орнынан көтеріліп, саусағындағы жүзігін шешті де, аяғының ұшымен сахнаға қарай беттеді. Мұртты жігіт сахнаның шетіне лып еткізіп ақ орамал жайды. Сақинасын орамалға салды да, келіншек орнына қайтты. Біраз үнсіздік орнады. Бір кезде ортаға біреу күпәйкесін, бірі тонын, қолғабын, сақина-жүзіктерін тастай бастады. Әжептеуір үйіліп қалды. Соңында мен де шықтым. Әкемнің түлкі тұмағын заттардың ең үстіне қойдым.

- Әй, сен менен қашқысы келген балақай емессің бе, - деп балуан мені танып қойды. - Атың кім?

- Қажымұрат.

- Жарайсың, балам. Сен ренжіме. Ол күні мен мынаған аздап ызаланып... ашулы едім, - деді сахнаның артында тұрған мұртты жігітті көрсетіп. Солай деді де, мені екі қолдап көтеріп алды.

- Кек сақтамайсың ба маған?

- Жоқ, - дедім ақырын.

- Жарайсың, балақай, - деп мені жерге түсірді.

Содан кейін кір тастары жатқан сахнаның бұрышына барды да, жаңа ғана өзі қақпақылдап ойнаған біреуін ортаға алып келді.

- Мына кір тасы сенің мектебіңде естелікке қалсың. Балуан аталарына ұқсаңдар!

Мен мақтанышпен Қошқарбайға қарадым.

Қойылым аяқталған соң Қошқарбай екеуміз ортасына ағаш салып, екеулеп кір тасын әрең дегенде көтеріп алып кетік...

* * *

Иығымнан ұстаған ауыр қолдан селк ете қалдым. Бұрылсам, Қошқарбай-балуан екен.

- Сен екенсін ғой?

- Иә-ә, сол күннен бері отыз жыл өтіпті ғой, - деді Қошқарбай-балуан менің ойымды оқығандай.

Екеуміз де өткенді еске алып, үнсіз тұрып қалдық.

Жас мұғалім келіп бізді сыныпқа кіруге шақырды:

- Жүріңіздер. Алтыншы "Б" сыныпқа. Барлық ата-аналар жиналды.

Насыр Фазылов,

өзбек жазушысы,

Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері

(1929-2018 ж.ж.)

Өзбек тілінен аударған: Рашид Бейбітұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар