Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Нұрлан мен Бақытгүл...

22.06.2021 4194

Нұрлан мен Бақытгүл 12+

Нұрлан мен Бақытгүл - adebiportal.kz

Бүгінгі әдебиетте, проза жанрында азды-көпті қалам тербеп жүрген үміттілер аз емес. Біразының алғашқы, біразының екінші, үшінші кітаптары да шығып үлгерді. Біздің әңгіме етпек болғанымыз Нұрлан Қабдай мен Бақытгүл Сәрмекованың образды, мысқыл мен сатираға толы прозасы. Екеуінің де алғашқы жинағы соңғы жылдары жарық көрді. Екі авторды қатар парақтай отырып образ жасаудағы, сөйлем құраудағы және кейбір стильдік жақтағы ұқсастықтары мен өзгешеліктерін байқағандай болдық.

Бақытгүл де, Нұрлан да созбақтап отырғанды ұнатпайды, оқиғаны да, суретті де ықшам, өтімді береді. Тілдерінде қаймақ бар, бірақ Нұрланның тіл қолданысы өте шымыр, әрбір сөзге ұзақ ойланып, әр сөйлемін мың рет сараптап барып қағазға түсіретіні аңғарылады. Ал Бақытгүл болса өзіне таныс, бала кезден құлағына сіңген қазақ сөзін орынды қолданып, толымды, қызықты сөйлем құрайды. Осы тұрғыдан Бақытгүл жеңілдеу оқылады да, Нұрлан әр сөйлемімен, сөзімен ұстап, ақыл жұмсай отырып ләззат береді. Тағы бір айырмашылығы Нұрлан кейде шығарманы концептуалды ойға құрып, символдық тәсілдерді көп қолданады, оны «Адам», «Сұр әңгіме», «Балта» секілді әңгімелерінен байқауға болады. Ал Бақытгүлде образ жасау мен сурет басым. Енді екі автордың шығармашылығын жеке-жеке бір қарап шығайық. Осы мақаланы жазуға арқау болған Бақытгүлдің «Кейіпкері» мен Нұрланның «Сұр әңгіме» кітабы болатын. Бұл екеуі де авторлардың алғашқы жинақтары.

Бақытгүл Сәрмекованың «Кейіпкер» жинағы автор шығармашылығының алғашқы көрінісі болса да, бірнеше жыл ішіндегі оның өсу жолын, әңгіме жазу шеберлігін, адам жанын танығыштығын айқын көрсетіп береді. Кітаптағы беташар әңгіме «Қарагер тай» алғашқы сөйлемінен-ақ кейіпкердің образын ап-анық көз алдыға әкеледі. Құлағының, оның өзінде бір құлағының кем еститініне ыңғайсызданған, комплекске бойын алдырған, ел назарын аңдып күн көрген аңқау да, әлжуаз пенде баласы ұшыраса кетеді. Бақытгүлдің кейіпкерлері, әсіресе сәтті шыққандары, үлкен мұратқа, байлық пен билікке ұмтылмайтын, тобырға да ермейтін, топқа кірмейтін, бөлек мінезді, жалқы жаратылыс. Олар осы берілген аз ғана өмірдің өзінен мән тауып, түнекте жатып, саңлаудан түскен әлсіз сәулеге балаша қуанатын, болымсыз ғана нәрсеге мұңайып, ауыр өкінішке бататын аңқау, жаны таза ауыл адамдары. Осы жағынан Шукшин мен Оралханның кейбір кейіпкерлерін еске түсіреді. «Қарагер тай» әңгімесіндегі Тұрарбек те, «меннің» атасы Қабекең де болымсыз қуанышты жеңіс деп танитын бала көңіл, аңқылдақ. Бақытгүл осы кейіпкерлердің сыртқы қимыл-қозғалысын ұтымды суреттейді де, ішкі жан дүниесін өзіңдей аңғартады, сөйтіп оқырманды еріксіз елжіретеді. Әсіресе Тұрардың Жарбагүлды көргендегі бейнесі, сосын Жарбагүлдің Тұрар өлгенде келіп жылауы, кейінгі атасының конвертті отқа тастай салатын сәті тұла бойыңды шымырлатып, толқытып әкетеді. «Қарагер тай» әңгімесі автордың қапысыз шебер жазған шығармасы деп қарауға болады.

Келесі әңгіме «Қоңыр үй мен ақ «Жигули» де «Қарагер тай» әңгімесі секілді сәтті басталады. «Сыртын саз бен сабанды арластырып сылаған қотырлау қоңыр тамға қарлығаштар үйір-ақ» деген сөйлемнің өзінен ауылдың ең еңселі, құт қонған, мейірім ұялаған айбынды тамы көз алдыға келеді. Бұл жерде қазақ түсінігіндегі қарлығашқа қатысты кие ұғымы да үйдің құтты, берекелі екеніне жанамалай әсер береді. Одан кейін ол үйдің иесінің, сосын тіпті итінің өзінің қандай тәкаппар, асқақ көрінетінін оқырманды күлдіре отырып әңгімелейді. Сондай кербез, ұқыпты, жайлі тіршілік Хабес шалдың инсулт алуымен бірге бір-ақ күнде құрдымға кетеді. Осы тұстағы автордың әңгіме атмосферасын құбылтуы, кенет тұтас аспанды бұлт жапқандай күңірентуі – жағдайдың мәнін көрнекілей түседі. Әңгіменің оқырманды жетелеп, кейіпкермен бірге абыржытып, енді не болар екен дегізетін тұсы да осы.

Автордың жазу машығында қала бейнесін беру мен ауылды суреттеуде біраз айырмашылық бар екенін де осы әңгімеден аңғарамыз. Ауылдағы кейіпкерлер туралы сөз болғанда біз анық бейнелерді, шынайы мінездерді көреміз. Әңгімеде әуелде басты көрініске көп шыға бермеген Ақсандық кемпірдің абыржуы, ұлы көшіріп әкетуге келгендегі әрекеті, Хабесті қыжырта беретін көрші Идаят шал да, тілсіз, қимылсыз қалған Хабестің өзі де, тіпті жұртта қалған итіне дейін мінезі, қимыл-қозғалысы анық, толық қанды кейіпкер. Ал ірі денесіне сай келмейтін былғары куртка киіп ап, кешігіп жетіп келген сәтінен бастап-ақ шалдың ұлы бұлдыр ғана елестеп өтеді. Баяндаушы басында ауылда көзімен көріп жүргендей сезілді де, ал Хабес шал қалаға көшкеннен бастап сурет әлсірейді, автор Хабеспен ілесе барып, қалалық өмірді қанша сурттегісі келсе де, үшінші біреуден естіген әңгімені әйтеу қисынын келтіріп жеткізіп отырғандай әсер береді. Шалдың келіні, оның қонақтары – бәрі де бұлдыр. Егер осы қонақасы ауылда болып жатқандай суреттесе, ол жерде міндетті түрде болмысымен бөлектеніп, болып жатқан оқиғаға кірісе кететін бір кейіпкер шығар еді. Ауылда ол – Идаят шал бейнесінде енгенін көріп отырмыз. Қала өмірін суреттеудегі осы шорқақтық Бақытгүлдің басқа әңгімелерінен де көрініс беріп отырады.

Бақытгүлдің қалалық кейіпкерлерінің көбісі ауылдан келген аңқау, адал адамдар. Ауыл адамына деген осынша үлкен сүйіспеншіліктің өзі автордың өскен ортасының, сосын қазақ әдебиетінде ұзақ жылдар бойы суреттеліп келген ауыл адамы образының әсерінен болған болуы мүмкін. Оның қала өмірі туралы ең сәтті шыққан образдарының бірі «Кері кездесу» әңгімесіндегі Орынгүл. Бұл әңгіме алдыңғы «Ақындардан жеріну» әңгімесінің жалғасы болса да, бұндағы образ беру мүлде бөлек. Дәл осы әңгімеде сабылысқан қала өмірі, тіршіліктен басқасына қолын бірақ сілтеген қала адамдары анық көрінеді. Әуелгі әңгімені оқымаған адам да, осы әңгімеден-ақ Орынгүлдің қалай өзгергенін түсіне алады. Және оның мінезіндегі қаталдық пен тәжірибе соншалықты жоғары деңгейде дәл берілген. Кітапта қалалық ер мен әйелдің байланысы, қыз тағдыры тақырыбын суреттеген бірнеше әңгіме бар, «Көктем келер ме екен?», «Раушангүл жылаған күн», «Ақторының халі», «Армангүл», «Кері кездесу» және т.б. бір неше әңгімеде бірдей тақырыпты әр қырынан келіп байқап көреді. Бұл әңгімелерінің көбі ауыл өмірі туралы жазылған «Моника», «Бір күндік неке», «Қаргер тай» секілді әңгімелеріндей биік шеберлікке жете алмағандай көрінеді. Автор жай ғана осы тарапта еңбектеніп көргісі келгендей.

Сәтті әңгімелердің бірі «Етікші». Әдетте қала адамы көбінше анағұрлым әлеуметтенген, қоғам туралы, өткен мен болашақ туралы көп ойлап, көп сөйлейтін болса керек. Ал етікші олай емес, оған әуелі кәсібінен, екінші самса сататын әйелден басқа көп ештеңе маңызды емес, кейде ғана «жол салынса жақсы еді» деп ойлап қояды. Осындай қарапайым ойымен-ақ Бақытгүлдің машықты кейіпкерлерінің қатарына еніп кеткендей. «Етікші» әңгімесінде автор қаланың әйтеу бір қалтарыс бұрышын ғана алады да, соны сырттай бақылауға алады, өзімен өзі қозғалып жатқан тіршілікке сырттай ғана қарап тұрады. Көзіне өзгеше көрінген бейуаз бейнелерді алдымызға жайып салып ләззат сыйлайды.

Осылай қосақтай берсек, «Мөлдір», «Бауырсақтың дәмі», «Балмұздақ» секілді әңгімелер де өз алдына ғажап туындылар.

Оның кейіпкерлері әуелде айтқанымыздай сіздің бақытқа, байлыққа таласпайды, ешкіммен жарыспайды, өмірдің өзін ғана місе тұтып, мән табады, бейғам ғана өмір сүреді. Сондықтан да оқырманға жайлылық сыйлап, бір сәт болсын өмірдің өзін ғана сүйуге, жүрекке, миға маза беріп сәл де болса тыным алуға мүмкіндік береді.

Бақытгүл шығармашылығына жекелей тоқталғанымыздай, Нұрлан Қабдай әңгімелерін де бір сүзіп көрейік.

Нұрлан Қабдай шығармашылығы сөздің соны, сөйлемнің шымырлығы, ойдың астарлы, символиканың молдығы, образдардың айқындығымен және сатира мен юмордың әдемі үйлесімдігімен ерекшеленеді. Нұрланның қолымыздағы «Сұр әңгіме» кітабы оның алғашқы жинағы бола отыра, автордың прозаға үлкен дайындықпен, өз стилін тауып, бекініп барып келгенін аңғартады. Оның сөйлемдері әрбірі қымбат мәрмәрдан қаланған сұлу қабырға секілді. Сол сұлу қабырғалардан «әңгіме» деп аталатын ғажайып сарай тұрғызады.

Жинақтағы алғашқы әңгіме «Адам» деп аталған. Әңгіме әдепкі оқиғадан тұратын прозадан бөлек, символикалар кеңінен қолданыс тапқан философиялық, портреттік сөзжұмбақ сынды. Ал оның жұмбағын шешу үшін екі рет, тіпті үш рет оқудың өзі аздық етеді. 4-5 рет қайталай оқып, әр образға жеке-жеке тоқталып, әр суретті, әр қимыл мен ым-ишараны қалт жібермей таразыдан өткеруді қажет етеді. Автор өзі ұзақ ойланып, осынша ойды түгел сыйдыруды мақсат еткендей.

Әуелгі сөйлем «Адамды сезімдері тұтқындапты» деп басталады. Ол әлдебір өткен шақ, енді қайталанбайтын, бір жола жоғалған болмыс туралы ойлап жатады. Осыдан оның келесі әлемде, өзге болмыста екені ашылады. Яғни өлі аруақ.

Адам шамасы ұйықтап жатыр, оянса жанынан Сүмелек – көлеңкесін табады. Адам – әрине әр түрлі сезімдерге ие, алуан түрлі мінезі бар толық бейне. Ол қатыгез де, қайратты да, айнығыш та бола алады. Сүмелек – кәдімгі басыңа күн түссе қасыңнан қалмайтын, бұлт төнсе іздеп таппайтын паразит досың. Сүмелек: «Мен бір кішкентай адамның үлкен көлеңкесі едім. Ол малғұн маған арқа сүйеп, Жаратқанның бар игілігіне шоқ шашты. Ал мен көрсем де көрмеген, білмеген сыңай таныттым. Сондықтан жұрт мені сыртымнан сүмелек деп атайтын», – дейді. Сонда барып автордың өлілерді суреттей отырып бүгінгі біздің қоғамның кейіпкерлерін бейнелеп отырғанын аңғарасың. Яғни мұнда кездесетін алғашқы төрт, кейінгі бесінші кейіпкер де тұтасымен өзіміз көріп жүрген қоғамның бейнесі. Мүсәпір деп аталған кейіпкер өткен өмірінде жендет болғанын айтады. Оның образы НКВД-ның қызметкеріне ұқсайды. Ашық аспан астында жүрсе табанының астынан от жанып, ыршып-шоршыған Мүсәпір Адамның көлеңкесінен сая табады. Бұл үшеуі бағыт-бағдарсыз әйтеу бір жаққа тарта береді, сөйтіп жүріп Пендені жолықтырады. Пенде бейшара өткенінде не болды, кім боп өмір сүрді түгел ұмытып қалған. Ал қазір бағытсыз, мақсат та, мұрат та жоқ, жүрген бір пенде. Бұл төртеуі қаңғып кеп топырақ үйіп отырған әлдебіреуге кездеседі. Осы бесінші кейіпкерден автор жасырған біраз мән ашылады.

Бесінші кейіпкер өзін «Етікшінің ұлы едім» деп таныстырады. «Әкем өмірді шеберхананың сатпақ терезесінен ғана көрген, ал мен төбесінен төнгім келді» дейді. Оның одан арғы өмірі біздің қоғам мүшелерімен бірдей, күн көріс қамы үшін «үлкен бір мекеменің кішкентай қызметкері» болып, қаптаған қағаз арасында, мән-мағынасыз кеңсе жұмысына жегіліп өмір сүрген. Бағанағы үлкен арман, биік мақсат ит тірліктің табанында тапталып қалып қояды. Әкесінің өмірі ақпараттық құрсау ішінде өткенін ишаралап «Отар таңы» атты газетті оқиға арасына қыстырады. Осы шағын ғана аксесуардан бұнымен Қазақстанның советтік кезеңін ишаралағанын аңғаруға болады. Сонда ғана оқырманға әңгіменің көтерген ең үлкен символы ашылатындай. Автор біздің қоғамды, тұтас өмірді өліге балайды, тіріге қоспайды. Ал әңгіменің соңында төртеудің үйілген топырақ үстінде отыратыны да осымен ұқсас, өлген империяның моласы үстінде өмір туралы қиялдап отырған, тірі екені, өлі екені белгісіз, мақсатсыз, бағытсыз төрт кейіпкер – бұл біздің қоғам мүшелері. Шығармаға жасырған автордың азаматтық ойы осы. Бұл, әрине, біздің болжам. Шығарманы әркім өзінше түсініп, өзінше талдауы мүмкін, солай болған сайын оның күрделі, сан қырлы мәні ашыла түспекші.

Осы әңгімеде оқырманды тамсандырар тағы бір нәрсе, өзге де әңгімелеріндегідей, сөздің соны, сөйлемнің шымырлығы. Әсіресе диалогтарға келгенде Қалихан Ысқақша мысқылы мен әжуасын араластыра, ойды жанамалай беріп тамсандырады. Сөйлем құраудағы арасына жік өткізбес шеберлікті, біздің білуімізше, Қалихан Ысқақ пен Асқар Сүлейменовтен олжалаған болса керек. Бұдан өзге автордың өзінің өмірге, болмысқа көзқарасы шығармасынан көрініс таппай қоймасы анық.

Нұрлан Қабдай шығармаларынан үмітсіздік, өмірдің мәнсіздігі, өткіншілігі туралы ой есіп тұрады да, кейіпкерлерін аямай азапқа салады. Әр әңгімесінде ілесіп жүретін бақытсыз бала бейнесі – ол үшін әңгімеге қоспаса болмайтын дәмдеуіш сынды. Тіпті осы «Адам» әңгімесінде де анау күңгірт шеберхана терезесінен сығалап отыратын дәрменсіз бала бейнесі бұлдыр болса да көрініс беріп өтеді.

Келесі әңгіме «Екі-үшеудің күйбеңі». «Қылдырықтай белі қыз күнін сағындырмаған ақ келіншек күл төге шыққанда, көрші үйден екі көз ере шықты», – деп басталған алғашқы сөйлемнен-ақ автор оқырманын бірден баурайды. Алғашқы сөйлемді ұтымды құра білу – біз атап отырған екі авторға да тән құбылыс. Нұрланның осы әңгімесі – жинақтағы ең шебер дүниелердің бірі. Автор Шараның санасындағы трансформацияны жан түкпіріндегі сезім ағынын себеп ете отырып сәтті қиыстырады. Бірақ сөйте тұра осы әңгіме ертегіге ұқсап кетеді. Оның бір себебі шығарма ортасында Мыстан кемпірдің кездесуінен де болуы мүмкін, біздің байқауымызша, Шараның соқыр жігітке күйеуге тиюге бекуі мен соқыр жігіттің өзі көрмейтін гүл егумен әуестенуінің өзі ертегіде ғана кездесетіндей. Шараның сұлулығын көре алмаған, сезбеген адамның гүлдің сұлулығы туралы ойлауы, оны аңсауы – парадокс. Шын мәнінде Сәметтің бақытсыздығы оның соқырлығы емес, осы парадоксте жатса керек. Романтизмге салып, Сәмет адамнан жылу таба алмай гүлден іздеді деуге де болар, бірақ адамның реалды өмірден тым алыстап кеткені де қасірет емес пе?

Осы тұрғыдан Шара да қателесті. Ол да өмірді қиялмен өлшеді. Шараның көріп, Сәметтің соқыр болуын – жауапсыз махаббатпен салыстыруға да болар. Жігіттің қыз сұлулығын көрмеуі мен көре алмауы (соқыр болғандықтан) бірдей нәрсе. Тұтас ауыл тамсанған сұлу Шараның өзін соқыр Сәметке қиюы – қайтарымсыз борыш секілді. Көңіл қалмай қоймайды.

Әңгімеде тағы да тамсандыратын дүние автордың тілі, сөз ойнатуы, сөйлем құрауы. «... Ақ жүзін жорта тәкаппарлық сәндеген келіншек те көршінің үйін көңілмен тінтіп бара жатты», «Аспан биік, әлем кең, су мөлдір болатын.», «тап сол – түн мен маң шарпысқан сәт кісәпірлігі бұйрық күтіп бас жағында тұрған» деп келетін сөйлемдер бір оқығанға кейде ауырлау болса, түсінген сәтте сонша қызықты және образды шығады. «Ұрланып қойнына кірген келіншегінің аяғына аяғын тигізіп еді, құлпытастай суық екен» деген сөйлемдегі «құлпытастай» деген теңеудің өзі «махаббат өлген, оның тәні тек құлыптасы» деген ойды жолай ишаралап кететін секілді.

Келесі «Бейғам», «Кішкентай трагедия», «Активист» әңгімелері бала тағдырына қатысты әңгімелер. Бұл үш әңгімеде де бірдей нәрсе – бала тағдырына деген немқұрайылық. Нұрланның бір ерекшелігі әр әңгімеде оқиғаны қызықты етіп сурттеп, шынайы мінездерді анық көрсетіп, мысқылдай отырып оқырманды ләззатқа бөлейді. Осындағы «Бейғам» сондай жинақы, шағын бола тұра адам мінездерін беруі, иесіз үйді суреттеулері еріксіз езу тартқызады. Бір жағы қараусыз қалған сәбилерге деген жанашырлықтан ішің елжірейді. Ал «Кішкентай трагедия» мен «Активист» өте ауыр, жүректі езіп жіберердей қатал туынды.

Нұрлан мен Бақытгүлдің ортақ бір суреті – ол кісі өлімінен кейінгі көріністі беруі. Екеуі де көріністе қайғыны көрсетпейді, керісінше немқұрайлықты, бейғамдықты көрсетеді. Сөйте отырып, оқырманға етене боп қалған кейіпкердің елеусіз ғана аттанып бара жатуы арқылы қимастық пен өкініш сезімін оқырманның өз ішінен тудырады. Ал бұндай тәсіл қара бұлтты үйіріп, аспанды түнекке бөлегеннен әлде қайда өтімді. Әр оқырман кейіпкерін өзінше жоқтауға кіріседі. Бақытгүлдің «Бауырсақтың дәмі» әңгімесі мен Нұрланның «Екі-үшеудің күйбеңі», «Кішкентай трагедия», «Активист» әңгімелері осы жағынан бір-біріне жақын келетіндей.

Нұрлан Қабдай қазақ халқының басынан өткен ең қатал трагедиялардың бірі – аштық жылдары туралы да көп толғаныста болатынға ұқсайды. Аталған жинақта аштыққа арналған «Сұр әңгіме» және «Сиыр еті» деген әңгімелер мен НКВД жендеті туралы «Балта» әңгімесі бар. «Сұр әңгіме» символикалық мәндегі ауыр, күйзелісті әңгіме. Шалдың аштық жайлаған жапандағы жалғыз үйден немересі мен домбыраны ғана алып шығуын салт пен ұрпақты қорғауға ишаралағандай. Соңында сәби өліп, домбыра ғана қалатыны, шалдың өлсе де тірі адамша тік отыруы да біздің бүгінгі өлі мен тірі арасында рухани халімізді бейнелегені болса керек. «Сиыр еті» әңгімеден гөрі эссеге жақын келетіндей көрінді. Ал «Балта» тұрпаты бөлек, өзгеше тәсілмен берілген, суреттер галареясы сынды әңгіме. Балта иесінің әлі де болса қылған ісін мақтан етуі – әділеттің өлгенін әшкерелеп тұрғандай.

Бұдан бөлек, «Құлазу», «Жынойнақ» секілді бірнеше әңгімелері Нұрланның әдеттегі машығындағыдай, орындалуы, сөйлем құрауы шебер шыққанымен мәселенің тереңіне онша кірмегендей, әсері аз, суреті де бұлыңғырлау. «Сайтан» мен «Тәуліктің жалғыз-ақ сәтінде өмір сүру» әңгімелері авторлық фильмдерді елестетеді. Әсіресе «Тәуліктің жалғыз-ақ сәтінде өмір сүру» – тап-тұйнақтай, бас-аяғы жинақы қызықты фильм сынды. Әр бөлік өзінше шағын епизод, бір-бір кадр. Бәрі жинақталып барып тұтас картинаны береді, және сәтті береді.

Кітаптағы «Инстаәңгімелер» деген бөліктегі шағын туындылардың да басты құралы мысқыл мен әжуа екені байқалады. Нұрланның әзілі аса нәзік, астарлы. Бейшара «Кішкентай шенеунік», аңғал «Жазушы», «Оның жүрегіндегі» науқас пен қыз әкесі, «Гогольдің кейіпкері» – бәрі де қылығымен, ойымен езу тартқызады.

Кітап соңына ала Тэцуо Миуро мен Пер Лагерквистен аударылған бес әңгіме беріліпті. Аудармаға келгенде автордың түпнұсқаның стилі мен мәнін барынша сақтауға ұмтылатын үлкен жауапкершілігі көрінеді. Бұнда өз әңгімелерінде қолданатын сөздер мен сөйлем құрау стилін мүмкіндігінше жұқартып, автордың стиліне басымдық бере отырып, сол мәдениеттің, төл кейіпкердің бұзылмай жетуіне күш салған. Әңгіме жазудың шебері Тэцуо Миуроның үш әңгімесі де өзінің нәзік қалпын сақтап, әрі қазақ оқырманы үшін аса түсінікті етіп аударылған.

Нұрлан Қабдай шығармашылығы әуелде айтқанымыздай стилімен, сөз қолдану мен сөйлем құрауы арқылы ерекшеленеді. Алайда осы сөз бен сөйлемге аса ыждағаттылық кесірінен әңгімедегі ішкі ағыс пен оқиға солғын тартып қалатындай көрінді. Бақытгүл де, Нұрлан да қалыптасқан жазушы екені анық, дегенмен бір ғана тәсілді, норманы ұстап қалмай, әлі де үлкен ізденістерге баруын, баяндау мен суреттеуде өзге де стилдік бағыттарды тәжірибеден өткеріп көруін тілейміз. Қос жазушының қаламына тәңір қуат беріп, еңбегі жансын!

Көрнекі сурет: pikabu.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар