Нұртөре Жүсіп: Кітап оқитын жастар - тұтас ұлттың интеллектуалдық капиталы
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп жастар тәрбиесі, кітап оқу мәдениеті және ұлттық құндылықтар туралы пікір білдірді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында кітаптың адам мінезі мен дүниетанымын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруде әдебиеттің маңызы ерекше екенін жазды.
Халқымызда «Талаптыға нұр жауар» деген қанатты сөз бар. Талап – адамды ізденіске жетелесе, білім – оның ой-өрісін кеңейтеді, ал кітап – сол білімге бастайтын төте жолдың бірі.
Кітап оқу – жай ғана ермек емес. Ол адамның ойлау мәдениетін қалыптастырады, дүниетанымын кеңейтеді, қабілет-қарымын арттырады. Бастысы кітап адамның бойына мейірім мен адамгершілік нәрін себеді.
Қазіргі қоғамға керегі осы. Жат қылықтардан, ұят құбылыстардан жастарымызды арашалап қалу үшін бізге адами қасиеттерді көбірек дәріптеу керек. Ал мұндай қасиеттер әдебиетпен келеді, кітаппен сіңеді.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Зерделі ұлт қалыптастыруға арналған Жарлыққа қол қойды. Ол бірінші кезекте қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Зерделі ұрпақ тәрбиелеу үшін баланың қолына кітап ұстату жеткіліксіз. Кітап оқуға қызығушылықты ояту, оқығанын талқылау, сұрақ қоюға және өз ойын еркін айтуға үйрету де маңызды. Себебі оқығанын ой елегінен өткізген бала біртіндеп өз көзқарасы қалыптасқан тұлғаға айналады.
Бұл мәселені не үшін көтеріп отырмын. Жақында бір журналиске сұхбат беріп, бір сағат бойы бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ата салтымызды жандандыру жайлы терең сұхбаттастық. Сонда мені толғандырған мәселе – жастардың көпшілік ортада өзін-өзі дұрыс ұстауы, дұрыс амандасуы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі.
Кейде халқымызға мүлдем жат қылықтармен бетпе-бет келіп жатамыз. Дөрекілік, жеке шекараны сақтамау, бейтаныс жандармен сүйісіп амандасу, жөнсіз құшақтасу, дастархан басында отырған адамдармен жағалай қол алысу жайы күнделікті өмір салтымызға айналғандай.
Біз мұнымен күресіміз керек. Мемлекет басшысының өзі осы жайтты бірнеше рет көтерді. «Соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет» – деді Президентіміз.
Ал, адами қасиеттерді дәріптеудің бірден-бір жолы жоғарыда атап өткенімдей, ол – кітап. Балаларымыз қандай кітап оқиды, қандай ой түйеді, қандай құндылықтарды бойына сіңіріп жүр – ертеңгі қоғамның келбеті де соған қарай қалыптасады.
Сондықтан қолынан кітап түспейтін жастар – тұтас ұлттың интеллектуалдық капиталы. Өркениетті, зерделі, ұлт қалыптастыруды өз үйімізден, өз тәрбиемізден, өзіміздің кітап оқуға деген талабымыздан, құлшынысымыздан бастайық.
