Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Ойлан, қазақ» романы не туралы?...

«Ойлан, қазақ» романы не туралы?

17.04.2026

115

«Ойлан, қазақ» романы не туралы? - adebiportal.kz

Ұлттық кітап күні қарсаңында «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында SocioExpertClub алаңында жазушы әрі саяси сарапшы Ерлан Ахмедидің «Ойлаң, қазақ» атты жаңа романының таныстырылымы өтті.

Автордың айтуынша, кітаптың идеясын бірнеше жыл бойы ойланып жүрген.

«Романда ұлттық тәрбие, тарихи сабақтастық және өткеннен сабақ алу мәселелеріне ерекше мән берілді. Сонымен қатар, адамгершілік, адалдық, әке мен бала байланысы, қазіргі қоғамдағы рухани қайшылықтар сөз болады. Бұдан бөлек, шығармада әлемдік және заманауи психологиялық мәселелер қозғалады. Соның ішінде экзистенциалдық күйзелістер маңызды орын алады. Белгілі бір жасқа жеткен адам «Мен кіммін? Қайдан келдім? Қайда барамын? Өмірімнің мәні неде?» деген мәңгілік сұрақтарға жауап іздей бастайды. Бір кейіпкердің тағдыры мен локалды оқиғалар арқылы қазіргі қоғамның жалпы күйі көрініс табады. Біз «Әділетті Қазақстан» құрып жатқан тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Осы тұрғыда «Қайда бара жатырмыз? Қалай дамимыз?» деген сұрақтар көтеріледі. Сонымен қатар, кітапта тұлғаның ішкі жіктелуін білдіретін диссоциативті бұзылыс тақырыбы да қарастырылады», – дейді автор.

Романның басты кейіпкері Әділжан – Көкшетау қаласының тұрғыны, журналист әрі қоғам белсендісі. Елу жасқа толған күні ол сәтсіздікке ұшырап, бұл жағдай оның жеке дағдарысына және ұлымен арадағы қайшылыққа ұласады. Қатты күйзелген кейіпкер болашағы бар жаңа технология – жасанды интеллект көмегімен жүргізілетін терапия мен виртуалды уақыт машинасы арқылы өмірін өзгертуге мүмкіндік алады. Бұл әдіс адамға өткен өміріндегі маңызды сәттерге «оралып», оларды қайта бастан кешуге мүмкіндік береді. Алайда виртуалды кеңістікке терең бойлау кейіпкерді цифрлық әлемге тәуелді етіп, шынайылық пен иллюзия арасындағы шекараны көмескілендіреді.

Автордың айтуынша, романда «Парасат майданы», «Жармақ» секілді туындылармен үндестік бар. Бұл шығармаларда да тұлғаның ішкі жіктелуі мен моральдық таңдау мәселелері көтерілген. Ал «Ойлаң, қазақ» романының ерекшелігі – дәстүрлі құндылықтарды ХХІ ғасыр шындығымен, соның ішінде жасанды интеллект пен виртуалды шындық тақырыптарымен ұштастыруында.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan