Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Ол – Олжас қой... Ол – Олжас...

Ол – Олжас қой... Ол – Олжас

99

Ол – Олжас қой... Ол – Олжас - adebiportal.kz

Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов биыл 90 жасқа толды. Ақын мерейтойына орай елімізде бірқатар әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, оның шығармашылық және азаматтық тұлғасы кеңінен насихатталып жатыр. 

«Әдебиет порталында» да Олжас Сүлейменов туралы бірнеше мақала жарияланды. Бүгін оқырман назарына Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Тұрғынбекұлының Олжас Сүлейменов туралы толғауын ұсынып отырмыз.

 

Ол – Олжас қой... Ол – Олжас

Кім не десе, о десін,

Айтайын сөздің төтесін.

Ол – Олжас қой...

Ол – Олжас!

Ол құсап – тас та тыңайып,

Ол құсап – от та жана алмас.

Ол – Олжас қой...

Ол – Олжас!

Жарқ етті бір

Жасындай –

Жазған жырың ең алғаш.

Ол – Олжас қой..

Ол – Олжас!

Арғы атасы Олжабай,

Жауды қуған іргеден

Жайдақ атқа міне сап,

Жалаң аяқ,

Жалаң бас.

Жау да оны жеңе алмас,

Дау да оны жеңе алмас!

Сексен деген серуен

Тоқсан да оған кемел жас

Оңтайланса оңдырмас,

Ол – көк найза,

Ақ алмас!

Құм ішіне кірсе де,

Жарқырап тұрар,

Жоғалмас

Құлата алмас дауыл-жел

Сірә, талмас жауынгер

Ол – Олжас қой...

Ол – Олжас!

Олқы түсіп ортаймас,

Оңайлықпен қартаймас.

Сеңгір көктің қыраны!

Ұшты,

Ұшып жүр әлі.

Ұшса – қайтып қона алмас,

Ол – Олжас қой...

Ол – Олжас!

Тағдырлас та,

Таландас,

Ойландың ба, қаламдас?!

Он рет қайта туса да,

Олжастай ешкім бола алмас.

Ол – Олжас қой...

Ол – Олжас!

ІІ

Ұқсайды ол –

Ұлы өзенге,

Таулардан тартқан жалғасын.

Кешегі

Кеңестік кезеңде,

Қатерге тіккен ол басын

Ол – оның Олжасы,

Ол – сенің Олжасың,

Ол – менің Олжасым!

ІІІ

Енді, міне,

Сексеннің

Сеңгірінде тұрғанда

Ізгі – мұңлы

Күзді үнге

Ұқсайды –

Астығы ағыл-тегіл,

Қызыл қырманға.

Олжас аға,

Сен –

Әкеңді жаһаннамға әкеткен,

Жақыныңды жат еткен,

ХХ ғасырда туғансың.

Жасыңнан –

Поэзия Пегасын ерттедің,

Тарихтың көбесін зерттедің.

Еліме Тәуелсіздік келгенде,

Жан-жүрегің шерменде,

Қасық қаныңды уыстап,

Қолыңа жасыл ту ұстап,

Бір биікке бет алып,

Белді бекем буғансың.

Қарабайыр тұрқы емес,

Тұқымы бөлек – будансың.

Абай елін –

Аждаһадан арашалап,

Көкірегің қарс айырылып

Көзіңді жаспен жуғансың.

IV

Ардақты, асыл

Азамат!

Қазақтан туған қазанат,

Арғыннан шыққан арғымақ!

Түркі тектес тұлпарсың,

Алланың өзі жар болып,

Алатаудан ұшқан сұңқарсың.

Ар сынасқан дау болса,

Жан жүрегің сау болса,

Қарсыласқан жау болса,

Жағасын әлі жыртарсың.

Олжасты түсінбеген – бұл заман

Абайды түсінбеген – ол заман

Қай заманда болмасын,

Әулиедей ақындар –

Болашағын болжаған.

Теріске шығар жөн сөзі,

Ақиқатты айтты деп,

Ақынды кім қолдаған?!

V

Олжас аға,

Қызылдың кесапатынан құтылып,

Кезеңге келдің көк түстес.

Қым-қуыт мына дүниеде,

Жүрекке қалай шоқ түспес?!

Енді, міне –

Аяғыңның астында

Сексен де қалды

Сексен бес...

Қырқаға тағы шыққан соң

Қырын қарап құр жатпай

Әлде де даумен арпалыс

Әлде де жаумен көп тістес!

VI

Көз алдыма келтірем,

Иілмейтін еменді.

Қарайсың да тіксініп

Тік ұстайсың денеңді!

Кең даладай

Кеудеңде –

Толтырып шер мен шеменді

Теңіздей мұңың болған соң,

Мұхитқа салдың кемеңді.

Ғасырдан ғасыр өткенде

Айтатын күні жеткенде

Мен сияқты бір ақын,

Мінбеге шығып оқиды,

Өзің жайлы өлеңді:

– Ей, Адамзат баласы,

Ешкімнің жоқ таласы.

Одан асқан ақын жоқ,

Олжасқа табын, сен енді,

Олжасқа табын, сен енді,

Олжасқа табын, сен енді!!!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan