Өлең үшін бет қызылын жұмсамай өткен ақын

Биыл ақын, Жанғали Набиуллиннің туғанына – 90 жыл толады. Жанғали Набиуллиннің Ақжайықтан табан аудармай қазақ поэзиясына елеулі үлес қосқан қаламгер. Алайда Жанғали ақынның аты жиі айтыла бермейді.

Өлең үшін бет қызылын жұмсамай өткен ақын - adebiportal.kz

Ал Ақжайық атырабында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың қай-қайсысы да Жанғали Набиуллинді өзінің ұстазы санайды. 

Жанғали Набиуллин 1936 жылдың 13 жел­тоқсанында қазіргі Бөкей ордасы аума­ғын­да дүниеге келген. 

«Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле, жүрегім!», «Қас қағым», «Жырлайды жылдар», «Жоғары кернеу», «Жетінші перне» секілді біраз жыр жинағының авторы туралы кезінде Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың ірі ақындары жоғары бағалаған.

«Өлең үшін мен қымбат уақытымды жойып, лауазым аңсамадым, Һарам дәулет жимадым, атақ-мансап қумадым. «Барға – қанағат жоққа – жай» менің өмірлік қағидам болды. 

Өлең үшін мен тірлерінде менен озды деп ешкімді күндемедім, менен қалып қойды деп тілдемедім. Содан да көкірегімдегі шүйгін боз тартпады, көңілім қызғаныштан сау жүрді.

Өлең үшін мен өтірік сөйлемеуді өзіме қатаң тәртіп етіп қойдым. Адамның өтірік айтқаны жаман, ал өлеңде өтірік сөйлегені қасірет» дейді Жанғали Набиуллин өзінің бір сөзінде. 

Расында да Набиуллин өлең үшін өмірін жұмсаса да, бет қызылын жұмсамай өткен ақын. 

«Жанғали басқа әріптестеріне тек өлең жазғанымен ғана ұқсайды. Ал өлеңдеріне үңілер болсақ, ол мүлдем басқа ақын. Оның өмірді көруі де, көріп қана қоймай, қабылдауы да және оны суреттеуі де барынша бөлек.
…Қара судай қалғыған қараңғыда-
Жүру қайда!-
Мен өзім жүзіп келем.
…Кідірсе сәл кідірген шығар күндер
Кешке қарай әтештің айдарында.
…Ойға шомған көлдерім қойнаудағы,
Құлыншақтай бой жазған бұлақтарым.
…Мен өтірік айтпаймын
Қара жерді –
Өзім жатар моламды басып тұрып.
…Жұқарды ма төзім де бекем-берік,
Сілеусін қар жатқандай бетімде еріп,
Налып кеттім,
Тұрмысқа бір шығудан
Күдер үзген кәрі қыз секілденіп! Мұндай-мұндай мысалдарды қанша қажет болса, сонша келтіруге болады», деп жазған екен ақын Қадыр Мырза Әли «Осы жұрт Жанғалиды біле ме екен?» атты мақаласында.

Жанғали Набиуллиннің поэзиясын Әдебиет порталынан оқи жүріңіздер!

Ырым

Үйден де шықпап едім ұзап бүгін,
(Күйбеңмен көрмейміз ғой біз-ақ тыным!)
Жүрегім жалғыздықтан жалықты ма,
Кеудеме сыймай қойды ұзақты күн.
Отырсам серги алмай өзім жартып,
Осы сәт демеген бір сөзің де артық,
Айта ғой, не ырымға бастайды бұл,
Тұр қазір қуанатын көзім тартып...

Ақырғы сәт

Шағын ғана ауылда Шаған атты
Күрсіндіріп ет-бауыр жамағатты,
Тоқсан бірге қараған мезгілінде
Бір сыйлы адам көз жұмып бара жатты.
Жарлы емес-ақ жарықтық ағайынға,
Отыр қоршап бәрі де маңайында.
Қайратты еді, дерт жеңіп барады тек
Кәрияның бір ақ жоқ самайында.
Болған аулақ ың-шыңнан биік кісің
Сағынды ма сүйріктей сүйіктісін,
Бәйбішесін алпыс жыл отасқан бір
Шақырды ымдап, ең соңғы жиып күшін.
Қайыспаған тірліктің көп жүгіне,
Кім білсін, бұл төзімнің өксігі ме?
Бірақ сөйлей алмады, сәл ышқынып,
Басы құлап кетті құс көпшігіне...
Елес болып өтетін күндер кейпін
Ешкімде де ниет жоқ тілдер дейтін.
Тек сұмдық-ау алпыс жыл бірге тұрып,
Сөз болғаны бір айтып үлгермейтін!..

Жын шақыру

Келші бүгін, жасқанбай келші бүгін,
Көңіліңнің ұмытып кемші күнін.
Сырқатыңнан емдейтін бір-ақ түнде
Бар екенін білесің емшілігім.
Келші бүгін, қалайда келші бүгін,
Болар саған ұнамас кемшілігім.
Еңсемізді еркін бір көтерейік
Тағдыр бізге қимаса кеңшілігін.
Келші бүгін,болмаспыз күнде серік,
Қоштасқандай таусылып тілдеселік.
Өзімізді өзіміз жұбатпасақ,
Шалқаямыз екеуміз кімге сеніп?
Сескенбестен, қарамай жан-жағыңа,
«Тіл тартпа!» де күзетші заржағыңа.
Құрып кетсін қылбұрау жұмыс деген,
Ақшасы да - атамның аржағына...
Келсең, сені бір сәтке үзіктіріп,
Сосын сенен күдерімді үзіп тұрып,
Жындандырып өзіңді аламын да,
Жынданамын... көзіңді қызықтырып.
Бұл қырсықты-ай бар-жоқты желеу еткен,
Желеу етіп, бақытты бедеу еткен!
Көзіне оның теріскен шықпас та еді
Екі жынды өрсе бір кереуеттен.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan