Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Өлеңнің өмір өрісі...

14.02.2023 1881

Өлеңнің өмір өрісі

Өлеңнің өмір өрісі - adebiportal.kz

Сөз өнерінің қуаты мен құнын, нұры мен сазын бағалаудың кеңестік кезең сынды қыспағы қиын уақыттарынан азаттыққа шыққанда айтылар сөз аз емес еді. Қадірлі ұстазымыз, академик Серік Қирабаев қазақтың көрнекті ақыны Нұрлан Оразалиннің көптомдық шығармалар жинағының «Жыр кітабы» атты 1-томының Алғысөзін айтқымыз келсе де заман айтқызбаған аталы сөзден бастайды. «Жақсы өлең тақырыбымен өлшенбейді. Оның тақырыбы біреу ғана. Ол – адам, адам рухы, соның өміршеңдігі туралы ойлар мен өмір шындығы суреттері». 

Адамның жаны кейде алақұйын. Кейде жарылқанып жадырап отырады. Бірде оны көңіл жетектеп кетеді. Бірде ақыл жеңеді. Ақын осының барлығын «ушықтырып», «кернеуін күшейтіп», жан-тәнімен қабылдамаса болмайтын жауапкер жаратылыс иесі сияқты. Өмір бойы өлеңмен ойлайтын, өлеңмен сөйлейтін – айрықшалық. 

Қазақ өлеңінің қай заманда да кеудесі биік, иығы жоғары болған. Сәні мен салтанаты асып тұратын; сөз асылын таңдайтын, тыңдап өскен ел-жұрт арзанға алданбаған дәстүрін алға оздырып отыратын. Сол дәстүр бұзылмады. Қазірде де ақындықтан әлемдік жарыс өтсе оза шауып, бәйге алып келетін жүйріктерінің көптігімен мақтана алар еді. Дара дауыс, даңғыл ақындық қай ғасырдың да еншісі болды. 

ХХ ғасырдағы қазақ өлеңіне Нұрлан Оразалин өз сәнімен, сөз сәулетімен өз қолтаңбасын қосты. 

Он томдықтың 1-кітабы 1965 жылдың 27-тамызы күні ақынның өз қолымен жазылған «Бүлдірген тере барғанда» деп басталған өлеңімен ашылады. Бүлдірген тере барғанда баланың ақын жүрегі бүлдіргеннен басқаны байқау мүмкін емес тұста басқадан бөлініп, дүние-жаратылыстың тұтас бітіміне елеңдейді. 

Таудың бөлек тұлғасын көзбен ғана емес, көңілімен көреді. Үкінің үнін де құлақтан бұрын естіп қойған. Жас геройдың жаны елтитін құбылыс та, құпия да көп-ақ. Тамыз түнінде тау жақтың бұлттары жаурайтын. 

Жан күйін өсекші өлеңге сарқып айтқан бозкөйлек жастық. Өлең жан ашқан боямасыз мінезімен ұнады. Бірталай поэтикалық оралымы бар, эпитет, теңеулерді де аса шашып-төкпепті.

Райымбек батырға арнау «Асыл Баба» 1967 жылдың 25-қазаны күні жазылыпты. Сырға қанбай өскен ұрпақ туралы ұғым қазақ өлеңінде дәл сол тұста айтыла бермеген. 

12-13 жасында өлеңмен сөйлей бастаған. Таң ата, тауық шақыра көріскен Аспан мен Жер, даланы күй тартқандай кернеген күздің желі. 

«Тауға қарап, таусылып жыр құрап» жүрген он бес жасар ақын бала:

«Құлагердің шабысындай шабысты,

тау суының ағысындай ағысты,

азамат боп ер жетуді ойлаймын,

түбі соған бір жетемін, қоймаймын», –дейді.

Сол бір алпысыншы жылдардағы жас өлең таза шыншылдығымен, жылт ете түскен поэтикалық орай, серпіндерімен, балаң «шалалығымен» еңсе тіктей бастайды.

Ел адамдары, тау, су, жер атаулары, Абай сөзін тырнақшасын қойып кәдеге жаратуын патша өлең жатырқамайды. Жақтыратын сияқты. Ақындық күш ала бастапты.

Аяз суық, буып қырды,

Жел сыпырды көшені.

Жүрегімді буып тұрды 

дос өкпесі кешегі.

Астастыру – поэзия тілеп тұратын тәсіл. Ұзақ қыстай суықтық – жан алаңы.

Өз мәнері қалыптаса бастаған ақын. Қысқа толғамдарға басымдық беретіні айқындала бастапты. Екі шумақ, үш шумаққа сурет, көрініс, поэтикалық дәстүрлі тәсілдер сәтімен сыйысатыны аңғарылады. 

Таң сәулесі қыр асып қыдырады, көкте қанат жайып қыран сырғиды.

«Армандардың қанатында жолды ырғап, Солай досым... Өткелдерді бұзамыз», – деп жел өтіндегі өмірдің жетегімен кетіп бара жатқан лирикалық қаһарман оқушыға өзіне ұқсайтындықтан да ұнайды. 

Өмірдің жетегінде жөнсіз жүре бермесін жар салып айтқан мінезі де біртүрлі бағалы. Өлең тереңде де, биікте де сөз ұстап, күшіне енген тұсына шейінгі шарқ ұрған ақындық құштарлық аял тапқан алғашқы жырлар туралы айтар сөзімізді осы тұстан тоқтатуды жөн көрдік. 

«Жыртылған ойдың парағы», «Өлең жазу – толқып, шалқып қырды асу, аяғыңды уақытпен бір басу», «Қайырып ойды өрістен», «Көзінде түннің іркіліп, Алматы көгі сілкініп, жаңа бір өлең түсті Айдан», «Бұлттай боп таумен көшкенмін, сезімнің отын кешкенмін», «Абайлап үрле шоғымды, өртеніп кетіп жүрерміз», «Таңды оятып, толқытар кеште мені, түбі жырмен тағдырым екшеледі», «Өлең жазу – дүниені түлету, жағаласып тағдыр атты бір отпен» сынды көзге жылы ұшыраған поэтикалық таңбаларды «Ерте көктем» топтамасынан қойын дәптеріме көшіріп қойдым.

1-томның келесі бөлімі «Сырнайлы шақ» аталыпты. Жатақхана өлеңі жаңғырып жатқан студенттік жылдар. Әлденеден мұң құшып түн ортасы көше бойлап ақынның жиырма жасы келе жатқан жылдар. Жауындатып, дауылдатып, ән-жыр кешіп жүрген жиырма жас. Атақты «Хали-Галидың» айтылған жылдары. 

Лириканың жанына жанын қосып жолына барын байлаған серпінді, сезімді, сергек жылдар. Тулап аққан өзен арнасына айналған жырлар. Тау жайлы таудай жырлар сілкінген жылдар. 

Ақынның есею кезеңдерін ақын апасы Фариза Оңғарсынова екпін түсіре айтқан болатын.

Ақындар кейде бірінің айтқанын бірі қағып алғандай сарындас, үлгі-өрнегі үйірлес жырлар жазар еді. Нұрлан Оразалин ә дегеннен өлеңді өзінше жазған өзгешелігі бар ақын. 

Мазасыздау...

Мазасыз аспан асты,

Шимай-шатпақ ойларым шаштан асты.

Ойым...

Миым...

Таза еді, балғын еді,

ауыстырып қойғандай басқа басты.

«Жырдың қаракөгі енді осындай сәттерде тыпыршиды».

«Адал ғұмыр кешу – қиын».

«Сойқаны көп ой кеулей» бастаған ақын кеудесін. 

Сайлаубек Жұмабек Оразалин поэзиясындағы айрықшалықты сауатты сын сөзімен, сыншының көзімен басқаларға байқалмайтын тұстардан тым әділ, тым пән тілінде саралайды. 

«Мен білетін Нұрлан Оразалиннің ақындық палитрасы лиризмге, драматизмге құрылған шынайы поэзия акварелін елестетеді. Акварель атаулы натураның өзгермелі, құбылмалы, нәзік реңктерін нақты көрсетеді де, сол жолда ол көбінесе бояудың бір түріне басылымдылық, айрықша акцент беріп отырады. Нұрлан өлеңдеріндегі ой да, сурет те, ырғақ та, бояулар да, драматизм де көбінесе әрбір лирикалық өлеңнің өн бойындағы бір ғана метафораның лейтмотив ретіндегі шешуші ролі мен функциясынан көрініп, сол арқылы мейлінше ерекшеленіп отырады».

Мәдениетті поэзияның талғампаз өкілі ретіндегі оразалиндік айрықшалықты Сайлаубек Жұмабек кәнігі маманның кәсіби талғамымен тап басып дәйектейді.

Оразалиннің он томдығын бірінші томынан бастар-бастамаста мен ғана байқадым деп «жар салған» айрықшалықты көрнекті әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабек айқындап қойыпты. 

«Бұл жинақ («Беймаза көңіл» жинағы туралы айтқан – Қ.М.) – балаң ақынның шарқ ұрған шәкірттік ізденістерінің маршруттарын тайға таңба басқандай айқын көрсетеді. Кез келген оқиғаға, кез келген табиғат құбылысына, кез келген сезімге, кез келген суретке Нұрлан өзінің ақындық призмасы арқылы қарауға, соны ақ қағазға тек солай түсіруге ғана ұмтылады. Оның ақындық қуаты ең алдымен жаттандылықтан, жадағайлықтан, қайталаушылықтан қашуды нысана алса, соның үдесінен толық шыққан деуімізге негіз береді».

Осыдан 40 жылдай уақыт бұрын жармақ тұлға (екіұдайлық – Қ.М.) жайлы айтқан екен ақын. 

Екінші том есейген жырларымен ойлантып, дүниенің қатты тұстарымен тіксінтіп, ақындық Меннің азаматтық ұстанымына риза етіп оқылды. Өлең жанды тозаққа салып жарыққа шығатын өнер ғой. Лирикалық қаһармаын ақын «аямапты». 

Бір бойымда екі адам тіркеседі.

Біріншісі өртеніп, жыр еседі,

екіншісі жасырып өз сезімін,

ел алдында «кісімсіп», сіреседі.

 

Бірі – ақкөңіл. Сыры жоқ жасыратын,

Сөзді-дағы сілтейді асыра тым.

Екіншінің мінезі басқа мүлдем.

Маңғаз. Кердең. Бойында басым «ақыл».

 

Алғашқының сезімі – бұлақтайын,

асып-тасып жатады құлап дәйім.

Ал екінші?

Ұстамды шамадан тыс,

қара көрік кеудесі – сұрақ дәйім.

 

Екі мінез...

Екі адам...

Тартысуда...

Екі сезім жүректе шарпысуда.

Арашаға түспесе үшіншісі,

мына даудың кетердей арты суға,

шарпысуда, екі адам тартысуда.

 

Жүректегі қадалып шарайнаға,

өз-өзімнен сұраймын:

 Қалай, бала?

Бүтініңді қақа бөліп кеудеңдегі

жүрмекшісің қашанғы, қалай ғана?!

                                    (мамыр, 1984 жыл).

Азаматтық, жалпыадамзаттың рухани серпінді жырларға ойысудың бір белесіндегі жанқайрау өлең.

«Ақындық – дерт» дейді де дереу жарқ еткізіп ғажайып поэзияның сәулесін құяды.

Шын мұңайсаң...

Мұңайып Дала қашқан,

шын қуансаң, қуанар тарап аспан,

дерт екенін «ақындық» кештеу ұқтым,

жүрегінде тамтық жоқ...

                          жара басқан...

Өлең өмірдің дыбысын жеткізуден жалыққан ба, әлдебір жырдан шашбауын өрген құрақтардың шуылы естіледі...

Өлеңнен озған сөзтапқыш бар ма, «Отыр әже ой сабасын сапырып». Ал «қара суықтың томағасын қайырып», ауыл «іргесіндегі қарағайлы сайдың ұлығанын» көретін көз, еститін құлақ керек!

Жалғыз үйлі қойлы ауылдың тарихы да, тағдыры да айтылған баллада сынды шап-шағын өлең. 

Оразалин поэзиясының бір айрықшалығы балладамен жанрлық туыстығы ажырамаған осындай шағын өлеңдерінде тұнып тұрады. 

Ақынның қайсыбір «таныс дауыс... таныс үн», тағы да басқа тіркестері қазақ поэзиясында «өнімді» қолданыста жүрді.

Табиғаттың көп бояулы, мың құбылған сәттері Сайлаубек сыншы айтса айтқандай, Оразалин аңғарған, астастырған айшықтар өзгеше.

Көбесінен қарағайлы жыртықтың

күзгі аспан мен сығалайды үркіп күн,

шың төсінен қызыл іңір қандаған

естіледі «шаңқ» еткені бүркіттің.

Әке, Ана, Жар, Перзент туралы өлең сөйлеген сәттер кім-кімді де өзге бір күймен ойға тартады. Әке тұлғасы екі ауыз сөзде таптырмас шеберлікпен орныққан «Қоштасу» өлеңі сынды жүректен қозғаған жырлары көп ақынның.

Қайран менің, қарсы бұтақ – тектім-ай,

Қарсы келсе, қар боратар беттім-ай.

Жаны жаңбыр төгіп, жай ойнатқан ақындықтың жұмбағын ашатын ақын өлеңі ғой.

Нұрлан Оразалиннің өлеңдегі өрі мен ылдиы алдымдағы он томда сайрап жатқан күндерде мен бұл ақынның мүлде ешкімге ұқсамайтын мінезін аштым. Сөз ұқсату, дүние-болмысты барлау баспалдақтарымен жүріп өткендей де болдым.

Бала күнгі момын, мөлдір өлеңінде бала ақын туған өңірдің тауы мен суын, ағашы мен орманын, тырналарға ілесіп ұзап бара жатқан туған ауыл түтінін айтқыш. Есейген жылдар сол сулы, нулы туған өлкесінің арғы замандарын айтқызыпты.

Ақындық жүгі жеңілдемепті, ауырлай беріпті. Абырой әкеліпті. 

Біздер, қалқам, өлең атты елденбіз,

Жауыннанбыз...

Қайғыданбыз...

Желденбіз…

Сайын Мұратбеков «Ширек ғасыр ішінде «Жүз ақын боп желдей есіп», «тірлігін жырмен бөлеген» «үзілмейтін жолы жатыр» деп жазады осыдан ширек ғасыр бұрын. 

«Таныстыру» өлеңін мөлдір проза шеберінің «өлеңмен жазылған новеллаға» балағаны да жарасып тұр. Эпикалық сарынға бетбұрыс туралы әуелгі сөзі де сыйымды.

«Қарақазан ғасыр» драмалық дастаны қазақ поэзиясының және бір табысы деп танылды. Шығарма құрылымы бөлек. Дәстүрлі дастаншылдықтан озық бір өзгеріс бар. 

Жүрегіңді суырған шындыққа бұлайша тым жақындатып, секемшіл Ананы сағынтып басталыпты. Өз жыртығын өзі жамап көктеген момын жүрек Ана – жиырмасыншы ғасыр қанша қағып-соқса да, көрмегені қалмаса да қалпын бұзбаған қазақ әйелі. Сондай асыл. Құн жетпес артық.

Едіге қартсыз ел болушы ма еді! «Бәсе!» дейсің бір үміт жылт етіп. Қасым ағадан хабар алғандай бір жасап. Ел қамын жеген Едігелер болғаны рас. Жөнсіз жерде бұзылмайтын арқасүйері жоқ ел – Ел ме.

Қарқара мен Шалкөде. Он алтының мылтық ұстап қол бастаған жүректі жігіттерінің бірі де осы Едіге.

Су да кешкен, қар да кешкен, шөп кешкен,

ұлықпен де, бүлікпен беттескен.

Төңкерісте «қызыл қыран» танып,

кеңес үшін қанын төккен, кектескен.

 

... Орақ мұрын, қыран қабақ кескінді,

ашуланса тау мінезді көшкін-ді;

осы өлкенің «жүрегі» еді Едіге

өсек айтып даттамаған ешкімді.

Ар. Намыс. Жан азаттығы. Арпалыс. Алай-дүлей аямайтын заман. Бала күнде еміс-еміс естіген, бала жүрек бер жағынан ғана сезген суық, қату қабақ бөтен өмір. Әкелер тағдыры.

«Қарақазан ғасыр» қазан төңкерісіне қаратып айтылған-ау деп түйдім. Ойран-талқан болмаған қазақ шаңырағы қалмаған ғасыр. Қазақта «Қазан ұрып» дейтін де тіркес бар екен. Кездейсоқтық, әрине. Бірақ бір тылсымы да бар.

Бірде немерем Сардар тарих пәнінен өткен тақырыбын айтып отырып Владимир Ленин туралы сұрады. «Ол жаман адам ғой, иә?» – дейді. Мен үзілді-кесілді жамандамау керек, ол қазақтарға теңдік беруді көздеген деймін ғой, баяғы. «Иә, теңдік берді, бірақ ол шектеулі еді», – деді. Тосылмай айтқан тоқтамына ойланып қалдым. 

«Қарақазан ғасыр» – алай-түлей, аласапыранды ғасырдың қазақ жүрегіндегі қара таңбасы. Қыл көпір ғасырдан өткен екен Ел. Ана көрген түс те бекер емес. 

Бұл дастан өрімі бөлек, өлшемі бөлек болып туыпты. Қарындастан айрылып, қара көзге жас келген ақтабан шұбырынды, «қыл үстімен ел көшпен» қор заман, сор заман қайғысын сел қылып ағызыпты. 

Шығармада он ойласаң таппайтын дөп теңеулер көп. Ақындық тапқырлық асып-тасып, шалқып жайқалған поэтикалық алқаптар мол. 

Ене байқұс отырды үнсіз міз бақпай,

Селсеуілдей сирек өсер құмдағы.

Қатып-семген қайғы, қайтпайтын сабыр. Пафосы тарихи тұғырлы, патетикадан ада поэманың бойын оздырып тұрған сөзге сыйып, кеңістік шарлаған кәдімі Өмір. Саясат бұза алмаған Адам рухы. Соншалықты сақа, іргелі, осы мінезді туынды ақынның 42 жасында жазылған. 

Рафаэль Ниязбек осы дастанды өлең мен жазылған роман деп бағалапты. Бар айрықшалығын ақындық үндестікпен саралап, бағалапты. Менің де айтпақ блолған көп сөзім әлдеқашан айтылып та қойыпты. 

Жалт етпеге, жылт еткенге жармасып жыр шығарып шашылмаған, «Жүрегінде уақыттың сызы бар, Ой санасында ғасырлардың ізі бар» ақындық тұлға, оның жырларындағы поэтикалық айрықшалықтар әдеби-теориялық тұрғыдан әлі де арнайы зерттеуді күтеді. 

Ілгеріде, кейінгі кезеңде, күні бүгін де оның өлеңі әдеби талқыға түсіп келеді. Ақындар айтты. Ғалымдар саралады. 

Сонда да...

Өлеңді өкпелетпей жазудың ғажабы мен азабын айтып тауысу мүмкін бе!

Қанипаш Қайсақызы МӘДІБАЕВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар