Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Олжас Қасым. Балалар әдебиеті – ұлт болашағы...

27.03.2024 1109

Олжас Қасым. Балалар әдебиеті – ұлт болашағы 14+

Олжас Қасым. Балалар әдебиеті – ұлт болашағы - adebiportal.kz

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жас қаламгерлердің әдеби клубын ашу жөнінде кеңес өткізген болатын. Еліміздің әр өңірінен келген ақын-жазушылар клубтың алдағы уақытта атқарар жұмыстары туралы ой бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Министрдің алдында әдебиеттің бірнеше бағыты туралы баяндамалар жасалды. Ақын Олжас Қасым балалар әдебиеті бойынша баяндама жасап, біраз ұсыныстарын ортаға салған еді. Сол баяндаманың қалпын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Армысыз, құрметті Аида Ғалымқызы, қадірлі қаламгерлер!   

Кейінгі үш-төрт жылда балалар әдебиетіне көбірек  көңіл бөліне бастады. Бүлдіршіндерге арналған кітаптар саны көбейіп, әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату республикалық бағдарламасы сияқты бірқатар жоба жүзеге асып,   әдеби байқаулар жиі ұйымдастырылып келеді. Осы үрдісті ары қарай дамыта түсу үшін әлі де біршама жұмыс  қолға алынуға тиіс деп санаймыз.   

Қазір балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген авторларымыз аз емес. Соңғы уақытта осы қатарды толықтыратын  ақын-жазушылар әлдеқайда артты. Десек те, олардың көбі кітаптарын шығару жағынан қиындықтарға тап болып жүр. Мәселен, баспалар балалар тақырыбына қалам тербейтін авторларға өте аз мөлшерде қаламақы төлейді. Егер аты-шығармасы аса таныс еместері болса тіпті де шығара алмайды. Берілген қаламақы өзінің кітабын сатып алудан әрі аспайды. Екінші мәселе, иллюстраторлар мен авторлар арасында байланыс жоғын байқап жүрміз. Иллюстраторлардың жұмысы арзанға түспейді. Мысалы, кітаптың бір бетіне салынатын суретке қылқалам шеберлері кемінде 20 мың теңге алады. Ал сапасын арттырамын деген қаламгер кітабының бір бетіне 30-40-50 мың теңгеден төлеуге мәжбүр.  Бұл жағдаят жазушылардың аяғына тұсау болып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар кітаптарды сату жағы да ойланарлық мәселе.   

Тағы бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Еліміздегі үлкен баспалар қазақстандық жас авторлардың кітаптарын шығаруға құлықты емес. Олар көбіне әлем әдебиетінің жауһарлары саналатын «Том Сойердің бастан кешкендері», «Ұзыншұлық Пиппи», «Дымбілместің айға саяхаты», «Хәрри Поттер» секілді кітаптарды шығарып, сатуды жөн көреді. Себебі, ол еңбектер нарықта өтімді екені сөзсіз. Осы ретте өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық дейтін көзқарастан арылу қажеттігін айтқым келеді. Десек те, біздің жас жазушылардың да оқылымды болатын шығармалары баршылық.  Айталық, Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемі», Ержеңіс Әбдінің «Ерекше есептері», Мейіржан Жылқыбайдың әңгімелері басқа да авторларымыздың туындылары сұраныста болатынына сенімдіміз. Сондықтан, осы мәселені оңтайландыруға күш салуға тиіспіз. 

Қазіргі балалар кез келген өнімді визуалды түрде қабылдауға бейім. Ютуб платформасын қолданбайтын бүлдіршін кемде кем. Балаларға арналған қазақ тіліндегі Youtube арналар саны 50-ге жуықтайды екен. Бұл – әрине төмен көрсеткіш.  Соның салдарынан ағылшынша, орысша, қытайша, өзге де тілдердегі аудиовизуалды медиаөнімдер балаларымызды жіпсіз байлап, санасын жаулап жатыр. Бұл үрдістің соңы қағынан жеріген, қазақы танымнан жұрдай толқынды қалыптастырары анық.   

Бізде балаларға арналған драмалық шығармалар жазылмай жатыр. Әсіресе, мектеп, балабақшаларға арналған скетч, көрініс, пьесалар жоқтың қасы. Бірде маған қаладағы мектептердің бірінен оқушыларға арналған қойылым жазуға ұсыныс түсті. Кітапханадан мектептерге арналған драмалық шығармалар топтастырылған кітаптарды іздегенде қолыма тек көрнекті қаламгер Әдібай Табылдының  еңбектері түсті. Алайда, бұл кітаптар қазіргі балалардың танымына, заман ағымына сәйкес келмейді. Сонымен қатар, қазақша комикстер үлесі тіптен аз.  Фэнтези, ертегі, жұмбақ, метаграмма, мазақтама, мысал  секілді жанрларды жаңғырту қажет-ақ. 

Еліміздегі балабақшаларға арналған көмекші құралдар жайын айтпасқа болмайды.  Ондағы бөбектер «Наурызда бәріміз, әткеншек тебеміз, жасымыз, кәріміз, көп көже ішеміз»,-деген сияқты интернетте жарияланған жеңіл-желпі, олпы-солпы  тақпақтарды  жаттап жүр.  Себебі, балабақша тәрбиешілерінің қолында жүйеленген, дайын көмекші құрал жоқ. Сайттар мен әлеуметтік желіні кезіп жүрген кез келген өлеңді балаға ұсынып, жаттатады. Асылында, ұл-қызымыздың болашағы  балабақшадан бастап қалыптасатыны анық. Өкінішке қарай,  осы тұрғыда ойлана  бермейміз. 

Аталған мәселелер шешімін табуы керек: 

Балалар әде­биетінің мүмкіндігін кеңейту үшін «Ұлттық аударма бюросы» сынды бала­ларға арналған кітаптарды жанрлар бойынша жүйелеп, жарыққа шығаратын бір мекеме қажет. Осы жерге авторлар мен иллюстраторлар және балалар әдебиеті баспасы орналасса. Министрлік осы мекемені қаржылық жағынан қамтамасыз етсе, авторлар лайықты қаламақысын, иллюстраторлар сапалы суреттерін, баспа көркем безендірілген кітаптарын оқырманға ұсынар еді.   Соның аясында әлемнің балалар­ға арналған клас­сикалық шығармаларын, ертегілерін, қа­зіргі қаламгерлердің әде­би кітаптарын, балалардың қызығушылы­­ғын қалыптас­тыратын, белгілі бір бағытқа ­баулитын танымдық кітаптарды қазақ тіліне аудару қажет. Одан бөлек, өзіміздің балалар әдебиетінің классиктерінің таң­дамалы шығармаларын және қазіргі балалар қаламгерлерінің кітаптарын (дра­матургия, поэзия, проза) шығару қажет. Бұл мекеме қазіргі нарықты зерттеп, балаларды қандай тақырып қызықтыратынын, қандай кітаптар оқылымды, сатылым­ды болатынын айтып, балалар қалам­герлеріне бағыт-бағдар бергені дұрыс. 

Кезінде «Жалын» баспасы «Жас толқын» сериясымен жас қаламгерлердің кітаптарын шығаратын. Осы сериямен бүгінде аты қалыптасқан қаншама ақын-жазушының жеке жинақтары жарық көрді. Сол секілді еліміздегі танымал 2-3 баспаның ішінен балалар әдебиетіне арналған серия ашылса. Соның нәтижесінде тасада жүрген қаламгерлер, аймақтарда тұратын ақын-жазушылар  шығармаларын кітап етіп бастыруға мүмкіндік алар еді.   

Балабақшаларға арналған бірыңғай көмекші құрал дайындау керек. Өзім осы бағытта жинақ құрастыруға талпыныс жасап жатырмын. Ол кітапқа мерекелік өлеңдер, жыл мезгілдеріне, мемлекеттік рәміздерге, ата-анаға сол секілді тағы да басқа бала танымын ашатын тақырыптарға  арналған сұрыпталған  тақпақтар, қысқа көрініс-қойылымдар енгізілуі қажет.  Министрлік бұл кітаптардыңавторлық құқық мәселесін реттеп,  еліміздің облыс, қала, аудан, ауылдарын  түгелдей дерлік қамтуға тиіс.  Сонда ғана өскелең ұрпақ білімді, танымы терең, ойы ұшқыр болып өседі. Ал тәрбиешілер интернеттегі мәнсіз, нәрсіз шығармаларды бөбектерге жаттатпай,  дайын оқулықпен ғана жұмыс істейді.   

Министрлік тарапынан балалар әдебиетіне арналған түрлі конкурстар өткізіліп келе жатқанын жоғарыда айттық. Ендігі кезекте жанрларды түгендеу тұрғысынан игі бастамалар жүзеге асуға тиіс. Мысалы, Әдібай Табылды атындағы драмалық шығармалар байқауы, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мысалдар конкурсы, Абдул-Хамид Мархабаев атындағы фантастикалық шығармалар сайысы өткізіліп тұрса деген тілек бар. Сол сияқты «Балапан» арнасынан комикстерге арналған бағдарлама ашуға болады.   Ертегі, өтірік өлеңдер конкурстарын қолға алуымыз керек.  Сол кезде балалар әдебиеті жанрлық жағынан толыса түсер еді.   

Ұл-қыздарымыздың ертеңін ойласақ, заман ыңғайына бейімделіп ютубымызды түзеуіміз қажет. Кейінгі кезде  қазақ тілді ютуб арналарға мемлекеттік тапсырыс беріле бастады. Осы мүмкіндікті пайдаланып балалар контентін дамытып жатқан авторларға арнайы тапсырыс беру жағын ойластырсақ.  Сонда кішкентай көрермендерді сапалы, танымдық өнімдермен қамту аясы ұлғаяр еді.   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар