Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Елдос Тоқтарбай. Балалар әдебиетіне көңіл бөлмеген...

18.08.2025 2141

Елдос Тоқтарбай. Балалар әдебиетіне көңіл бөлмеген ұлттың болашағы жоқ! 6+

Елдос Тоқтарбай. Балалар әдебиетіне көңіл бөлмеген ұлттың болашағы жоқ! - adebiportal.kz

2025 жылғы 18 тамыз күні Қазақстан Жазушылар одағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің мүшелері кезектен тыс жиналып, «100 жалпыұлттық кітап» сауалнамасының қорытындысына қатысты пікірлерін ортаға салып, қоғамға ой тастады.

2025 жылғы 11 тамызда жарияланған «100 жалпыұлттық кітап» сауалнамасының қорытындысы әдеби ортада да, білім беру саласында да қызу пікір туғызуы тиіс еді. Себебі, бұл тізім – елдің рухани басымдықтарының, оқырман талғамының және мәдени бағдардың айнасы. Бірақ сол айнаға қарасақ, бір нәрсе анық көрінеді: фольклорлық мұра мен балалар әдебиеті бұл тізімнен мүлдем тыс қалған. Бұл жай ғана ұмытшақтық па, әлде мәдени саясатымыздағы жүйелі олқылық па?

Ақиқатында, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті – ұлт руханиятының іргетасы. Балалар әдебиеті – кез келген елдің әдеби канонының бастауы. Өйткені кітапқа алғаш қол созатын, тілді алғаш көркем мәтін арқылы танитын – бала. Бала – ұрпақ жалғастырушы, ұлт болашағының кепілі. Осы тұрғыдан алғанда, біз ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ұрпақ міндетті түрде оқуы тиіс кітаптар тізіміне балалар әдебиеті түрлерін енгізбеуіміз бас қатырарлық сұрақ емей немене?! 

Классикалық әдебиеттің шыңында тұрған ұлттар (ағылшын, француз, жапон) өздерінің ұлттық тізімдерінде міндетті түрде балалар шығармаларын енгізеді.  Мысалы, Ұлыбританияда  «BBC’s 100 Books That Shaped Our World» тізіміне «Алиса ғажайыптар елінде», «Хәрри Поттер»,  «Питер Пэн» енген. Ал Жапонияда  ұлттық оқу бағдарламасының өзегі – «Хаяо Миядзаки» фильмдерінің негізін қалаған фольклорлық ертегілер мен балаларға арналған новеллалар.

Ал бізде ше? «100 кітап» тізімінде тек Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» ғана енген. Балалар әдебиетінің атасы Ыбырайдың «Таза бұлағы», Сапарғали Бегалиннің «Сәтжаны», Өтебай Тұрманжановтың «Бөдене мен түлкісі», Мұзафар Әлімбаевтың «Аспандағы әпкесі» мен «Менің ойыншықтарым» деген классикаға айналған шығармалар да аталмаған. Бұл – ұлттық әдеби естеліктің бір бөлігін түп тамырымен қырқу деген сөз. 

Фольклор – халықтың ДНҚ-сы. Қазақ халқының «Ер Төстік», «Алдар көсе», «Тазша бала», «Кер құла атты Кендебай», «Мақта қыз бен мысық» т.б. секілді ертегілері, «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» эпостық жырлары – біздің тіліміз бен дүниетанымымыздың генетикалық коды. Фольклор тек балалардың қиялын ояту үшін ғана емес, ұлттың тарихи жадын сақтаудың ең тиімді құралы. Оны ұлттық тізімнен шығарып тастау – ғасырлар бойғы ауызша мәдениеттің, ұрпақ сабақтастығының үзілуіне әкеледі. Шіркін-ай, осы тізімде тұрмыс-салт жырлары мен баланың әдет ғұрпына қатысты туындылар көш бастап тұрғанда қандай сүйкімді болар еді! 

Бүгінде фольклордың орнын гаджеттегі беймәлім шетелдік ұсқынсыз контент басып жатыр. Егер ұлттық тізімде ол бекітілмесе, мектеп пен балабақшада оқыту механизмі әлсірейді. Бұл – тікелей мәдени қауіпсіздік мәселесі.

«100 кітап» – мәдени бағдаршам, бірақ оның жарығы қазақ қоғамына толық түспейін деп тұр. Жалпыұлттық тізім – тек әдебиетшілер үшін емес, оқулық жазатын авторлар, мұғалімдер, кітапханашылар үшін де бағдар. Бұл тізім мектеп кітапханаларына, білім беру бағдарламаларына және оқырман клубтарына үлгі ретінде ұсынылады. Сол себепті балалар әдебиетінің болмауы – мектеп пен балабақшадағы оқу бағдарламасының кітап қорын толықтырмайды. Оқырманның алғашқы буыны – балаларға арналған әдебиетті назардан тыс қалдырады. Ұлттық оқырман мәдениетінің іргетасы әлсірейді.

Егер балалар әдебиеті мен фольклор назардан тыс қала берсе, қазақ тіліндегі сапалы балалар кітаптарына сұраныс азаяды. Балалар әдебиетінің авторлары нарықтан кетеді, жаңа шығармалар азаяды. Жас ұрпақтың әдеби талғамы сыртқы контентпен қалыптасады, ұлттық дүниетаным әлсірейді. Алдағы  10–15 жылдан кейін ересек оқырман саны да күрт төмендейді, өйткені бала кезде әдебиетке баулу шаралары жүзеге аспаған.

«100 кітап» тізімін қайта қарап, кемінде 10–15% бөлігін балалар әдебиеті мен фольклорға беру қажет.  Сонымен қатар, «Балаларға арналған 50 ұлттық кітап» атты қосымша тізім жасап, оны ресми деңгейде бекіту. Осы ретте мына шығармаларды қайыра еске салудың еш әбестігі жоқ шығар. Мысалы, Мүбәрак Жаманбалинов «Менің ағам», «Сансызбай Сарғасқаев «Сынған тіс», «Құрманбай Толыбаев «Шапақ», Машқар Гумеров Жұмбақ сәуле», Қабдыкәрім Ыдырысов «Әрқашан күн сөнбесін!», Нұрсұлтан Әлімқұлов «Барабаншы қоян», Нәсіреддин Сералиев «Ұшталмаған қарындаш», Әнуарбек Дүйсенбиев «Бәтеңке, шұжық, балқаймақ», Жақан Смақов «Жүз бір жұмбақ», Жәнібек Кәрбозин «Менің шеберханам», Қадыр Мырза Әлі «Күміс қоңырау», Сәкен Жүнісов «Сақау бәтіңке», Оспанхан Әубәкіров «Қағаз қалпақ», Қастек Баянбай «Атай неге солақай?» сынды аға буынмен басталып, Тұрдақын Жексенбай «Жоғалған жұмыртқалар», Молдахмет Қаназ «Чика – Дабылдың баласы», Қаржаубай Омарұлы «Қармақ туралы хикая», Марат Қабанбаев «Арыстан, мен виолончель және қасапхана», Несіпбек Айтұлы «Желкілдеп өскен құрақтай», Мәди Айымбетов «Ертегіден келген бала», Өтепберген Ақыпбекұлы «Керек кітап», Балтабай Әділов «Атамның жұлдызы», Сұлтан Қалиұлы «Сәлем саған, мектебім», Ескен Елубаев «Өжет», Шәкен Күмісбайұлы «Түнгі текетірес», Серікбай Оспанұлы «Ең жақын кім адамға?», Бейбіт Қойшыбаев «Жас қалам», Нұрдәулет Ақыш «Нағыз әже қайда?», Бекен Ыбырайым «Аспандағы саяхат», Ақылбек Шаяхмет «Аяз және Қыдыр», Арасанбай Естен «Алаш – біздің атамыз», Серік Байхонов «Ғажапстанға саяхат», Байбота Қошым-Ноғай «Алғашқы мүшел», Ертай Айғалиұлы «Мен саған ғашықпын!», Баянғали Әлімжанов «400 тәтті тақпақ», Қанат Қайым «Патшалар алқабына саяхат», Толымбек Әбдірайым «Құс ұясы», Болат Үсенбаев «Тәуелсіздік деген не?», Баян Болатханқызы «Бибіажар мен Бойтұмар», Ділдар Мамырбаева «Индиго», Сәбит Дүйсенбиев «Қағаз қайық», Кеңес Оразбекұлы «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нұрдың ерлік жорықтары», Сәуле Досжан «Ауылдан шыққан миллионер», Көсемәлі Сәттібаев «Бағдаршамның басынан кешкендері», орта буыннан Серік Қалиев «Ұқыпты бала», Есей Жеңісұлы «Мынау ғазиз дүние», Алмат Исаділ «Тәртіпті бала», Бағдат Айтмұхаева «Біз бақытты баламыз», Ақберен Елгезек «Болмаған балалық шақ», Бейбіт Сарыбай «Рауғаш ерте гүлдейді», Адина Жүсіп «Айдананың қуыршағы», кейінгі толқыннан Ернұр Сейдахмет «Күлші, қане, балақай!», Серікбол Хасан «Бас бармақ», Мира Сембайқызы «Мейірімді шаңсорғыш», Зәуре Төрехан «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты», Айгерім Қиықбай «Ағамның ақ ұшағы», Мейіржан Жылқыбай «Қырық бірінші өтіріктің соңы» шығармаларын айрықша атауға болады. Осы шығармалардың қай-қайсысы болса да бүгінгі бала мен жасөспірімнің сезіміне, дүниетанымына оң әсерін тигізетін туындылар екеніне бәс тігуге болады. 

Балалар әдебиетінің классикалық үздік үлгілерін қайта басып шығарып, мектеп бағдарламасына міндетті түрде енгізу керек. Ал фольклорлық мұраны заманауи иллюстрациялармен, аудио нұсқалармен, мультимедиялық форматпен қайта жандандырып, шығарып, жасөскінге ұсынсақ болмас па? 

Егер біз ұлттық әдеби каноннан балалар әдебиетін «құлатсақ», болашақта әдебиетімізді тұтас жоғалтуымыз мүмкін. Ұлттық тізім – бұл өткеніміздің ескерткіші ғана емес, болашағымыздың кепілі. Ал болашақ – ең алдымен баланың қолындағы кітаптан басталарын ұмытпайық, әлеумет! 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы 

Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы

 

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІН ҰЛТ ОҚЫМАСА ДА БОЛАДЫ ДЕДІ МА ЕКЕН...

«Ұлт оқитын жүз кітап» тізімі – елдің рухани бағыт-бағдарын айқындайтын, әдебиетіміздің алтын қорын танытатын үлкен жоба. Алайда бұл тізімнен балалар әдебиетінің өкілдерін көрмей қынжыласың. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел иесі, оның рухани дүниесін қалыптастыру да әдебиеттің басты миссиясы. Балалар әдебиеті – тек кішкентайларға арналған жеңіл дүниелер емес, ол – ұлттың тілі мен ділін, мінезі мен мәдениетін бала санасына сіңіретін ең ықпалды құрал.

Егер біз ұлттық тізімдерде балалар қаламгерлерін үнемі тыс қалдыра берсек, болашақ оқырманды тәрбиелеу тетігін өзіміз әлсіретеміз. Демек, «жүз кітап» секілді жобаларда балалар әдебиетіне де лайықты орын беру – ел ертеңіне салынған инвестиция еді ғой.

Балалар әдебиеті бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзағаң Әлімбаев жоқ, «Ел жатқанда жатпаған, мен деп тыным таппаған. Бақыты үшін баланың, Аман-сау бол ақ мамамның», «Апаң сенің базардан, алма сатып әкелді, ең үлкенін жақсысын,саған таңдап әперді, не деп барып жеу керек» – деген өлеңнің авторы Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Смақов, Құрманбай Толыбаев, Сұлтан Қалиев,Шәкен Күмісбаев, Пернебай Дүйсенбин жоқ. Неге? Осы ақын-жазушылар кіруі керек еді ғой.Бердібек Соқпақбаев тұр ғой тізімде дейтін шығарсыздар, ол кісіні тізімге кірсе де, кірмесе де оқи береді.

Бердібектен кейін балалар әдебиетіне Көсемәлі, Ертай, Сәбит,Есей, Бейбіт, Мейіржан, Елдос, Зәуре, Әдина, Қуат, Әлібек, Нұржан келді ғой. Осылардың заманауи әңгімелері неге тізімге кірмейді?

Көп жазушы тізімнен өздерін іздеп әлек болуда, мен балалар әдебиетінің шығармаларын іздедім. 200 жастағылар мен 60 жастағы жазушылар екен, сонда 30, 40, 50  жастағы жазушылар түк бітірмеген бе?

Ділдәр МАМЫРБАЕВА,

жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

ҚР Мәдениет қайраткері 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар