Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Олжас Қасым. Сатиралық фельетон жанрын жаңғыртқан ...

03.09.2020 5462

Олжас Қасым. Сатиралық фельетон жанрын жаңғыртқан тұлға 12+

Олжас Қасым. Сатиралық фельетон жанрын жаңғыртқан тұлға - adebiportal.kz

- Фельетон – қоғам тынысын сездіретін жанр ғой. Осы жанрдың бүгінде кенжелеп қалғаны әмбеге аян. Бір кезде осынау жауынгер жанрдың туын жықпай биікке алып шыққан кесек тұлғалардың бірі – Үмбетбай Уайдин еді. Әңгімені осыдан бастасақ...

- Белгілі қаламгер, көрнекті сатирик, парасатты публицист Үмбетбай Уайдинмен алғаш ҚазҰУ-да өткен кештердің бірінде таныстым. Студенттік шақта сатира жанрына аздап қалам тартқанда алдымнан Үмбетбай ағаның кітаптары шықты. Ағаның шығармалары өзіне тарта түсіп, сатиралары мен әдеп туралы жазбаларын зерттедім. Сол кезде үйіне де барып тұрдым. Кейін Алматыдан Елордаға қоныс аударған соң да ағамен байланысымыз үзілмеді. Әрбір жазған шығармама пікір білдіріп, артық-кем тұстарымды ескертіп отыратын. Кейінгі жас буын осы бір қарымды қаламгерді ұмытып бара жатқан сияқты. Әдебиетке жанын сала еңбек еткен тұлғаны әсте ұмытуға тиіс емеспіз деп ойлаймын. Уақыт алға жүйткіген сайын Уайдин есімі де елімен етене қауыша түспек.

Публицистикаға келу мен оның ыстық- суығына төзу екі дүние. Қызығы мен шыжығы мол осы салаға Үмбетбай да келіп қосылды. Әрине, бірден қалыптаса қоймады. Бұл жөнінде өзінің «Өмірге құштарлық» деген ғұмырнамалық баянында: «Талантымның оянуына мектеп қабырға газетінің бетінде жарияланған Тухватуллиннің мені әжуалап шығарған өлеңі түрткі болды. Кеудемдегі қайнаған намыс шабытына қамшы басып соған жауап ретінде өлең жаза бастадым» - дейді.

Қаламгердің бұл әлемге енуінің өзі сатиралық оқиғалардан басталған. «Өлеңмен жеңе алмадым, төбелесіп жеңе алмадым, бұл Тухватулинге енді не істесем екен?» - деп жүріп бозбала Үмбетбай боксқа қызығып, сол саланы таңдап кетеді. Кейін радио, телевидение саласында жұмыс жасап келіп «Ара» - «Шмельге» қызметке орналасады. Содан кейін ғана сатираның тереңіне бойлай бастайды. «Шын бақыт өмірден өз жолыңды табу екен. Менің «Арада» істеген кезім ең бақытты шақтарым» деп жиі еске алады екен. Сол шақтарда әйгілі күлкінің корифейлері Жүсіп Алтайбаев, Николай Казанцев, Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров, Юрий Тарасов, Есенжол Домбаев, Оспанәлі Иманәлиев, Көпен Әмірбековтердей үлкенді-кішілі сықақшылармен танысады. «Ара-Шмельдің» арқылы Кәмшат Дөненбаева, Жазылбек Қуанышбаев сынды еңбек ардагерлерімен сырласты. Редакцияның жолдауымен Жезқазған, Қарағанды, Қаратау, Екібастұз кен қоймаларына барып, қилы тағдырларға куә болып, көптеген жандарға жеңіс алып берді. Оқырмандардан келген хаттарды жіті қадағалай отырып қаншама адамдардың тағдырына араша түсті. Иығына артылған сенім мен жауапкершілікті талмай көтере білгендіктен оқырман ықыласына бөленді.

- Журналистік сараптама жасап сапарларға шыққанда көрген-білгенін бүкпесіз жазып, сын садағына ілінгендерді аяусыз ащы мысқылмен түйреді екен...

- Журналистиканың қызығы мен қиындығын өзінің «Мамандық таңдаудың маңызы» атты мақаласында жазды. «Қандай мамандық болмасын кездейсоқ, адасып баруға болмайды. «Арада» еңбек еткен жылдарда осыған анық көз жеткіздім»,- дейді қаламгер.

Уайдин публицистикасында сатиралық жанр басым. Әсіресе, «Арада» қызмет еткен жылдарында сатиралық фельетон жанрына көбірек барған.

Фельетон – журналистикадағы жауынгер жанрға жатады. Фельетон жазатындардың бейнеткерлігі басқалардан екі есе. Осы жанрға көбірек бойлап, оның азабын тартудай-ақ тартқан Үмбетбай аға болатын. Оны тек осы жанрға барған адам ғана сезінеді.

ХХ ғасырдың 90-жылдары фельетон жанры негізінен сатиралық сипат алды. Себеп, қоғамның көлеңкелі тұстары айта-айта жауыр болып, мезі ете бастағанда әдебиет қайталауға ұрынды. Жаттанды тақырыпқа айналғасын қоғам мән бермейтін бола бастады. Демек жанрлық «иммунитетінен» айырылды. Дәл сол кезде сатиралық мысқылмен, жеңіл әзілмен, келісті ирониямен жеңіл әрі салмақты фельетондар жарыққа шыға бастады. Бұл оқырман жүрегіне бірден жол тапты.

Мұнда сенің теледидардай түріңе, радиодай дауысыңа емес, қалам сілтеуіңе сөз саптауыңа баса мән береді. Әлсіз жазсаң әжуалап қорлап, шебер жазсаң қол соғып қолдап отырады. Демек, қалам ұстаған әрбір жанның көтерер жүгі толағай, орындар міндеті орасан. Үмбетбай аға қандай қиындық кездессе де шыдап бақты.

- Журналистиканың тартысты күресінің алғы шебінде жүріп, журналистік құқығын пайдаланып Үмбетбай аға Ырғыздағы музейдің бой көтеруіне, мал тұяғына тапталып жермен жексен болуға айналған осы аудандағы үлкен зираттың қоршауға алынуына себепкер болыпты.

- Үмбетбай ағаның «Маған неғыл дейсіздер?», «Саған өтірік, маған шын», «Көңіл бөлгендеріңізге көп рахмет», «Мен қайтейін», «Елу жәшік емізік» фельетондары өткірлігімен айшықталады. Кісінің кемшілігін дөп басып айту, оны фельетон жанрында дәлдеп көрсету қаламгердің өзіндік қолтаңбасын байқатады. Қазақ сатирасында фельетонның кемелденіп дамуына Ү. Уайдиннің еңбегі ерен.

«Ара»-«Шмельде» жүргенде «Шолақ мылтық» деген тақырыппен мөлтек сықақтар жазып тұрады. Белгілі сатирик Көпен Әмір-бек ағамен сұхбатында Үмбетбай аға осы айдармен біраз дүниелерді «іске» асырғанын айтады. Кітаптарына да енген екен.

«Көп сериялы комедиясын» тарқатсақ. Біреу бұл тақырыпқа ащы уытпен келеді, тағы біреулер түрлі детальдар арқылы келіп жүр. Ал, Үмбетбай Уайдаұлы бұл тақырыптың көкжиегін жеңіл юмормен кеңітеді. Балконда жатып көрші үйде орын алған ұрысты білдірмей тыңдаған Мақаң Жақаңды жақсы адам деп жүргеніне қапа болады. Досына келіп: – Мен сені қазақтың маңдайы жарқыраған нар жігіттерінің бірі екен деп жүрсем...

– Бақсам, картақұмар, қатынқұмар, қудың нағыз өзі екенсің ғой?»,- деп кеийді. Шап-шағын осы сықағында автор бір жанұяның басындағы мұңды мәселені қозғай отырып, типтендірілген мәселені өзек етеді. Жанрлық қалыпқа салсақ, юмор мен оқиғаны шебер қиыстырған автордың еңбегі бұл үдеден шыққан.

Диалогпен өрілген «Қуаныш» әңгімесінде оқуға түсемін деп кеткен Емелтайдың сынақтан құлағаны сөз болады. Екінші адам жылап қалды ау,-деп күйінгенде, әлгі «Қайдағы жылаған, «ауылды сағындым, ура-а, ауылға қайтамын»», - деп қуанып отырған жетесіз студенттің тағдырын қысқа ғана қайырыммен әдемі әжуалаған.

- Үмбетбай ағаның кейіпкерлері де сол заман тудырған бейнелер ғой. Туындыларының ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

- Бұдан басқа да сатириктің көптеген сықақ әңгімелері бар, басқа сатириктердің сықақ жазу жағынан қарасақ, Үмбетбей Уайдиннің сықақтары психологиялық тереңдігі мен ой мен күлкісі астаса жазылған еңбектерімен бөлек. Үмбетбай Уайдиннің сықағындағы тақырыбы да, ондағы таңдап алынған кейіпкерлері де – өзі өмір сүріп отырған заманның тумасы, ол кейіпкерлердің бейнесінде дәуір сипатын айғақтайтын белгілер жетіп артылады. Екіншіден, бұл кезеңде заман талабына орай күлкінің сипаты да өзгерген. Адуынды сықақ, ащы күлкіден гөрі астарлы әзіл-әжуа, ойлы кекесін-қағытпа өтімдірек те сіңімдірек болды. Үшіншіден, бұл кезеңде мазмұндық-көркемдік сапасы өсіп-өркендеген ұлттық әдебиетімізде сатира да өз бояуымен, өрнегімен, түр-пішінімен жасана білді. Сөйтіп, өткен ғасырдың 60-80 жылдарында бір биік белеске көтеріліп, жаңа дәуірін бастаған сатирамыз өткенннің озық дәстүріне табан тірей отырып, жаңа межелерге жетті. Сатиралық бейнелер жасауда әзіл-сықақшыларымыз сан түрлі амал-тәсілдер қолданып, тілдік-стилдік құралдарға жүгініп отырды.

Жаңа ғасыр технологиясымен ере келген жаһандану бүгінгі кезеңде көптеген жастарымызды кітаптан алыстатып жіберді. Рухани мүгедектік, кітаптан безіну етек алды. Бірақ, одан бұрын да, технология өмірімізге енбей тұрғанда да болған кітап оқымау «ауруы» өткен ғасырда сатириктің қаламына өзек болған-ды. Мәселен «Кітапқұмар» атты сықағына көз тігейік:

Кітабына жұғып кетсең, / «Кітап оқымайды деп», / Ананы-мынаны сынап болады. / Өзі қолына кітап алса, / «Мынау бітетін емес қой» деп, / Беттерін санап жылап болады,- деген жолдардағы кейіпкер бейнесінен қоғам проблемасын аңғарғандай боламыз. Осыдан 40 жыл бұрын сатира садағына ілінген рухани жетімдік мәселесі қазіргі уақытта қоюланып, бояуы қалыңдай түсті.

Дүниеде махаббаттың түр-түрі кездеседі. Ананың балаға деген махаббаты, адамның Отанға, туған жерге деген махаббаты, қыз бен жігіт махаббаты т.б. Уайдин сатира нысанасына ол махаббаттардың бірде-біреуін алмады. Өйткені, оның қаламын жүйткіткен – «Маскүнемнің махаббаты» болды. Маскүнемдік – 60-70 жылдары сатирадағы негізгі объект болған тақырыптардың бірі, содан бері әлі күнге дейін «күн тәртібінен» түспей келеді. Маскүнемдік сияқты адамды аздыратын індетті шығармаларында жеріне жеткізе әшкереледі. «Маскүнемнің махаббаты» сықағында: «Баяғыда осы Тәліп, Қаламұшқа өліп-талып. / Өлең жазып жүруші еді-ау. / Ақыры алды ма, ей / Сол Қаламұшты? / - Ақыры алды ғой сол Қаламұшты. / Ал өлеңі мен махаббатын, Арақ ішті!.., - деген юморлық сипаты басымдау осы шумақтарда күлкімен бірге қасірет жатыр. Мұны оспақтарында Оспанхан Әубәкіров те қозғап, Шона Сымаханұлы сонадай шаққан еді.

Кезінде Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалына» енген «Бақа мен өгіз» мысалында көтерілген өресін білмей өгіздей боламын деп талпынған бақа секілді образдар сатирик шығармашылығында көрініс тапты. Осыған мысал ретінде «Өмекеңнің өресі» туындысын алайық: «Физрук директорге: - Өмеке, / Бокс қолғабын алдыртайық,- деді. / Сөйтіп, / Спорттың осы бір түрін, / Мектебімізде мықтап жаңғыртайық,- деді. / - Бокс дегенің әлгі мынау ма? – деп / Директор екі қолын / Кезек-кезек алға жіберді. - Сол бәлеңді қойшы,- деп, / Боксті ойлап тапқан кісіні, / Бір-екі рет қарғап жіберді.

Шағын өлеңде адамның өресіне өлшем жасалады. Қысқа ғана қайырымының өзімен сықақшы адам өресінің соншалықты тар шеңберде екенін көрсетеді. Әлгіндегідей басшылардың кесірінен рухани, әлеуметтік опық жеп жүргендер қаншама. Қаламгердің айтпағы да алдыңғының соңындағыға кері әсер тигізбеуі.

Сатиралық туындыларда адам бойындағы кемшіліктер оның жүріс-тұрысынан да аңғарылады. Сатирик оны алуан әдіс-тәсілдермен жасауы мүмкін. Диалогпен өрілген «Әңгіме» деген сықақта адамның мәнсабы туралы сөз болады. «- Осы Оспанов өскен сияқты. / Өсті дейтінім, / Мына ақ «Волгадан» түскен сияқты. / Қолтығында нән папка екен... / Басқа «белгісі» жоқ па екен? / Басқа белгісі... / Қақырғаны қатты екен. / Неменеге қарайсың ежірейіп? / Қате айттым ба әлде мен? / Сендейлерді көріп қаным қайнайды, / Ойым келіп әр неме... / Олай дейтінім сендерге

Жұрттың / Түкіргені де әңгіме!..», - деп келетін шумақтарда қызғаныштың қызыл итіне таланған, көреалмаушылықты жанына серік еткен адам бейнесі шаң береді. Автор екінші адамды сөйлету арқылы жаңағы жарамсақтың жолына тосқауыл қояды. Сықақтың негізгі көксеген межесі осы.

Әр сатириктің қайсысын алсаң да туған ұлтымыздың қасиетін, болмыс, бет-бейнесін барынша ашуға, жақсысын жақтап, жаманын әшкерелеуге ниет танытатыны байқалады. Сол жағымсыз қасиеттің бірі – жалқаулық. Жалқаулық тақырыбын әркім әрқилы көтерді. Уайдин оны «Қыкеңе қызмет керек» сықағында бір адамның қызметке келуі бойынша өрбітеді.

  • Депоға барасың ба?
  • Ауыр ғой.
  • Бір айға мал төлдетуге барасың ба?
  • Жауын ғой.
  • Ендеше отын базасына барасың.

Ағаш жарасың.

Бір орын бос екен.

  • Ойбай – ай, ең қиыны осы екен,- деп Қыкең азар-да безер болады.

Бұл барлығымыздың басымыздағы дерт. Бұлардың қайсысы да өмірдің өзінен, өз ортамыздан ойып алынған суреттер.

Сатира зерттеушісі Темірбек Қожакеев: «Сатираға ең қажетті нәрсе – біреулердің одан өз ортасын көруі, өзін тануы...», - дейді. Уайдин осы үдеден шыға білді. Ол тақырып етіп алған жалған «Кітапқұмарлар», өресіз директорлар, маскүнем Тәліптер, «Қапиза мен Әтиралар» әлі де ортамызда бар. Ол өміршең тақырыптарға қалам тартты. Сол себепті оның сатирасы қай ортада, қай қоғамда болмасын үлкен маңызға ие.

- Уайдиннің сатираға деген қадамы «Ара» сатиралық журналына келгенде айқын аңғарылды. Бір сөзбен айтқанда сатириктің жалпақ жұртқа кең түрде танылуы осы «Ара» - «Шмельмен» тікелей байланысты ғой?

- Сатира зерттеушісі Ә. Қабылов өзінің «Оспанхан Әубәкіровтің сатирасы» атты еңбегінде «Ара» журналы арқылы сатириктердің қатарынан орын алғандарды сөзге өзек етеді. «1956 жылдан шыға бастаған «Ара» журналы қазақ сатирасының дамуына үлкен үлес қосты. 1960-80 жылдары А.Тоқмағамбетов, С.Адамбеков, Ж. Алтайбаев, О. Әубәкіров, Б. Қыдырбекұлы, Ү. Уайдин, Қ.Ілиясов, Ғ. Қабышев, Е. Домбаев, О. Иманәлиев, И. Шұғаев, Ш.Смаханұлы, М. Рәшев, С. Кенжеахметов т.б қазақ сатирасын көптеген шығармаларымен байытты»,-деген пікірінен Уайдиннің саңлақ сатириктердің санатынан ойып тұрып орын алғандығын аңғарамыз.

Қаламгердің публицистикаға деген қадамы оның тағдырымен байланысты. Үмбетбайды публицистикаға өмірдің өзі бағыттаған. Уайдин публицистикасы мектеп қабырғасында, студенті кезінде жазған өлең-жырларынан басталады. Сол өлең жазумен басталған сатириктің сапары оны шындығы мен сыны көп қоғам дертін тап басқан терең де тегеурінді сатираға алып келді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар