Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасы туралы жаңа оқулық таныстырылды

15 аптаға есептелген курсты аяқтағаннан кейін білім алушыға Олжас Сүлейменов көтерген философиялық мәселелердің біріне арналған қорытынды жоба дайындау ұсынылады. 

11

Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасы туралы жаңа оқулық таныстырылды - adebiportal.kz

Алматыда «Олжастану негіздері» атты алғашқы оқу құралы-хрестоматия таныстырылды», - деп хабарлайды, Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі. 

Оқу құралы «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» тақырыбында Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған білім мәдениетін қолдауға бағытталған IX халықаралық конференция аясында таныстырылды. 

Оқулықта Олжас Сүлейменовтің маңызды қоғамдық баяндамаларының мәтіндері, әдеби шығармалары мен публицистикасынан үзінділер берілген. Әр мәтіннен кейін колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, гуманитарлық бағыттағы магистранттар мен докторанттарға сұрақтарға жауап беру және эссе жазу немесе семинар сабағына баяндама дайындау түріндегі тапсырмаларды орындау ұсынылады. 

15 аптаға есептелген курсты аяқтағаннан кейін білім алушыға Олжас Сүлейменов көтерген философиялық мәселелердің біріне арналған қорытынды жоба дайындау ұсынылады. 

Олжастану курсының міндеттеріне Олжас Сүлейменовтің шығармашылық және қоғамдық қызметінің негізгі кезеңдерін, оның шығармаларының тарихи контекстін зерттеу, сондай-ақ автордың белгі мен сөз археологиясы туралы тұжырымдамасымен және саналы өзара тәуелділік философиясының негізгі қағидаларымен танысу кіреді. 

Аталған оқулықтың тұсауын кескен Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов Орталық Азияның ХХ ғасырдың екінші жартысындағы интеллектуалдық тарихы – жекелеген тұлғалардың өмірбаяны немесе ғылыми еңбектерінің жиынтығы екенін атап өтті.

— Осы тарих туралы сөз қозғағанда Олжас Сүлейменовтің есімін атамай өту мүмкін емес. Ол – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның интеллектуалдық кеңістігіне өзіндік із қалдырған бірегей тұлға. Олжас Сүлейменов шығармашылығының ерекшелігі – ақындық ойдың аясын дәстүрлі шеңберден шығарып, оны тарихпен, тіл білімімен, археологиямен, өркениет мәселелерімен сабақтастыра білуінде. Оның поэзиясында адам мен заман, дала мен қала, тарих пен бүгін, ұлттық сана мен жалпыадамзаттық құндылықтар үнемі тоғысып жатады. Оның «Адамға табын, Жер, енді!» атты поэмасы адамзаттың ғарышты игеру дәуіріндегі рухани серпілісті бейнелесе, «Аз и Я» еңбегі тарих пен тілге қатысты қалыптасқан түсініктерді жаңаша қарастыруға талпыныс жасады. Ал кейінгі жылдардағы антиядролық қозғалыстағы қызметі оның шығармашылық тұлғасын азаматтық ұстаныммен сабақтастырды. 

Бұл жерде бір маңызды мәселені атап өткім келеді. Олжас Сүлейменовтің феноменін тек ақын немесе жазушы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның шығармашылығында әдебиет, тарих, тіл, ғылым және қоғамдық ой бір-бірінен ажырамайтын тұтас құбылыс ретінде көрінеді. Осы ретте Олжас Сүлейменовтің шығармашылық және ғылыми мұрасы әлі де талай зерттеудің нысаны боларына күмән жоқ, - деді М. Құлкенов.
Фотосуреттер ҚР Жазушылар одағының телеграмм арнасындағы парағынан алынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan