Елімізде білім мен парасаттың символына айналған айтулы мереке – Ұлттық кітап күні екінші жыл қатарынан салтанатты түрде атап өтілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, кітап оқу үрдісі ұлттық дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналуы тиіс. Биыл бұл мереке ерекше мазмұнға ие болды, себебі алғаш рет республикалық деңгейде Кітапханашылар күні Ұлттық кітап күнімен бірге кең көлемде тойланып, руханият шырақшыларының еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді. Кітапханашы – тек кітап сақтаушы емес, ол оқырман мен білім арасындағы алтын көпір, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін көтеруші тұлға.

Мереке аясында ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек қорында оқырмандар назарына бірегей көрмелер ұсынды. «Қордағы қолтаңбалар» атты тақырыптық көрме ұлттық қазынамыздың тереңдігін паш етті. Мұнда ХХ ғасырдың заңғар тұлғаларының өз қолтаңбасымен кітапхана қорына тарту еткен 215-тен астам еңбегі қойылды. Көрмеде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмекен Нәжімеденов, Ақселеу Сейдімбек сияқты әдебиет алыптарының, Халифа Алтай мен Ахат Құдайбердіұлы секілді руханият қайраткерлерінің, сондай-ақ Олжас Сүлейменов пен Ақұштап Бақтыгереева сынды заман заңғарларының қолтаңбалы туындылары орын алды. Сонымен қатар, кітапхана ісінің дамуына үлес қосқан Нығмет Сәбитов пен Үшкүлтай Субханбердина секілді ғалымдардың еңбектері де жұртшылық назарына ұсынылды.

Бұған қоса ұйымдастырылған «Алақандай асыл мұра» көрмесі кітап мәдениетінің сан қырлы әлемін аша түсті. Көлемі шағын болғанымен, тарихи құндылығы жоғары бұл бөлімде XVII-XX ғасырлар аралығындағы Құран Кәрімнің сирек нұсқалары, Еуропаның алғашқы ғылыми басылымдары мен миниатюралық кітаптар жинақталған. Оқырмандар Мұхтар Әуезовтің, Жұбан Молдағалиевтің және әлемдік классиктер Пушкин мен Чеховтың кішкентай пішінді кітаптарын тамашалады. Кейбір басылымдардың безендірілуі де таңғалдырды. Табиғи янтарьдан жасалған элементтер, аудиокассета пішініндегі мұқабалар мен ерекше материалдар кітаптың тек білім көзі емес, өнер туындысы екенін дәлелдей түсті.


Сонымен қатар, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы белгілі қоғам қайраткері Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Кітапханаға арналған ғұмыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аясында «Ұлттық кітап жолы. Ұсыныстық библиографиялық көрсеткіш», «Назира Дәулетова» библиографиялық көрсеткіші және «Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихы» кітабының екінші басылымының тұсауы кесілді.


Жиын барысында кітапхана ісінің заманауи бағыттары мен жасанды интеллект мүмкіндіктері талқыланып, саланың болашақ даму жолдары айқындалды. Бүгінде кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, заманауи инновациялар мен цифрлық технологиялар орталығына айналып отыр. Осындай игі бастамалар арқылы қоғамда оқу мәдениеті нығайып, ұлттық рухани құндылықтарға деген қызығушылық жаңа деңгейге көтерілері сөзсіз.
ҚР Ұлттық кітапханасының
Баспасөз қызметі
