Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Оралхан Бөкей: «Әттең, Терісаққанға Есіл құйса ғой...

11.06.2025 2017

Оралхан Бөкей: «Әттең, Терісаққанға Есіл құйса ғой…»

Оралхан Бөкей: «Әттең, Терісаққанға Есіл құйса ғой…» - adebiportal.kz

Егер біздің халықтың қолы қалт еткенде немен айналысатынын ойша болжау үшін карта жасайтын болсақ, тик-токте отыратын, инстаграмда отырып «кітап оқысаң, кедей боласың» дейтін коучтарды тыңдайтын, жалпы кітап оқымайтындар мен басқа тілдерде сөйлеп-ойлайтындардың үлес салмағы үлкен аумақ алып, арасында қазақ әдебиетін оқитындардың шамасы титтей нүкте секілді болатын шығар. Дамыған елдердің өзінде медиаконтентке  11 сағатын жұмсайды екен, ал біздің елде ше? Оқуға қанша уақытымызды жұмсаймыз, бұны есептеп шығара аламыз ба? 

Кеше Ресейдің әдеби сайттарынан оқыдым, келер жылдан бастап президенттері үш пен алты жас аралығындағы балаларға кітап сатып алуға арнайы карта бермекші екен. Бұл арқылы олар келешек ұрпақтың санасына ерте жастан орыс тілі мен руханиятын сіңіруді көздеп отыр. Мұның түбінде «кімнің әдебиеті үстем болса – сол ұлт та үстем болады» деген қағидат жатқаны анық. Батыс елдерінде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мысалы, Франция мен Германияда балаларға, жастарға, балалы отбасыларға тек кітапқа, театрға, музейге жұмсауға болатын ваучерлер  мен «мәдени чек» беріледі екен. 

Президент бастамасымен қазақ әдебиетінің үздік деген 100 кітабын анықтауға кірістік. Бұл дұрыс бастама. Біздегі «100 кітап» жобасы бойынша үздік шығармаларды халық өзі таңдайды. Келешекте бұл жай ғана «оқыңдар» деген ұран емес, нақты іс, нақты қаржылық тетік, нақты нәтиже күтетін бағдарламаға айналуы тиіс. Әрине, тоқсаныншы жылдардағы «оңтайландырудың» сылтауымен ауыл-елдердегі кітапханалардың жабылып, қаншама кітаптың макулатураға айналғаны, сол кезде жұмысынан қысқарып, бала-шағасын асырау мұң болып, кітап оқуды да ұмытқан халықтың жоғалтқаны көп еді.  Сондықтан бізге жұртшылықтың ықыласын кітапқа бұру механизмдерін әлі де жетілдіре түсу керек. Бізде де ұлттық бағдарлама жасап, әр балаға жыл сайын 20–30 мың теңге көлемінде «Оқырман чегі» берілсе, ол және тек отандық кітап дүкендерінде, отандық авторлардың кітаптарын сатып алуға ғана жарамды болса. Сонымен бірге ұлттық әдебиетті оқу бағдарламасына қайта енгізіп, онда Абай, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Дулат Исабеков сияқты т.б. жазушылардың шығармаларын оқу міндеттелсе. Қазір қалаларда кітап клубтары көбейіп келеді, солардың қатарын толықтырып, ол жерлерде шығармаларды талқылау форматын жетілдірсе. Сонымен бірге мектеп бітірушілер арасында үздік оқырмандарға оқу гранттары бөлінсе. Жастайынан кітапқа жақын өскен бала өскен кезде одан алыстамайды дегенге өз басым күмәнім жоқ. Құр кітап оқыңдар дегеннен гөрі соған бастамашы болу басқарақ. Осылай «100 кітап» жобасын бара-бара үлкен жүйеге айналдырсақ, керемет болар еді!  Ал енді бұған қоғамның жалпы кітап оқу деңгейі, әдеби ортаның серпіні, кітапханалардың күйі мен жағдайы жауап бере ала ма деген сұрақтар... со күйі өзекті.  Бұл игілікті іске кітап клубтары, қоғамдық ұйымдар атсалысатын шығар дейміз. Өз тарапымыздан Оралхан шығармаларын ұсынар едік. Әсіресе, өз қағынан жеріп, өз құлынын өлтіретін, солай ұлт ретінде азып, әлсірегенімізді меңзейтін  «Қайдасың, қасқа құлынымды», тектінің ұрпағы Тағанның қандай білімді, интеллектуал бола тұрып, қоғамнан орын таппай, арақ үшін Еріктің шаруасын істеп, және сол жүрісіне күнде өліп, баз кешкені, осындай ұлт тағаны, қоғам тұтқасы болар адамдардың әлсіздігі арқылы ғана қаншама философиялық сұраққа жауап іздейтін «Атау кере» сияқты шығармаларын қайта оқуымыз керек. Әйтпесе, бүгінде ел алдына түйе мініп, түйеқұс жегіп немесе «Титаник» кемемен шығып, бүкіл фантазиясы мен арман-қиялы тойдың төңірегінде ғана ерекше «жарқырайтын» қазақтың қайсысының кітап оқып жатқанын бағамдау қиын. 

Оралхан Бөкей дедік қой, енді жазушының «Терісаққаны» жайлы бірер сөз.

Терісаққан

Оралхан Бөкейдің «Терісаққан» атты шағын дүниесін алғаш студент кезде оқығанда көркем дүние болып көрінбегені рас. Табиғаттың көркем образы бар десең де, қаншама метафоралармен көмкерілген болса да. Әсіресе, «Қар қызынан» кейін. Әсіресе, «Біздің жақта қыс ұзақ» немесе «Ұйқым келмейдіден» кейін. Әсіресе, «Мұзтау» немесе «Атау кереден»  кейін бұл шығарманы жай ғана табиғат суреті, жалпы «адам мен табиғат – егіз ұғым» деген ойды жазушының өзі айтпақшы ағыл-тегіл, көл-көсір сезіммен мөлдіретіп жеткізген дүние ретінде көрген едім. Ол кезде публицистикалық-философиялық проза дегеннің бар екенін қайдан білейік? 

Арада қанша жыл өткенде барып қайта оқығанда бұл шығарма басқаша көрінді. Мүмкін, талғам-таразының әсері шығар, мүмкін, жазушы шығармаларын басқаша қырынан танығаннан шығар... шынында «Терісаққан» – осы қазақтың өзінің жүріп өткен кедір-бұдыр жолы, соқпақтары... оянуы, түлеуі, өзін жоғалта жаздап, өлдім дегенде қайта табуы, бірақ о бастағы сипатының өзгеруі екен... Оралханның арман-аңсарын ұғасың... Автор қалам ұстаған кезеңінен бастап, соңғы жазған «Ошақтың бұты үшеу болғанмен, жағар оты – біреу» деген үлкен мақаласына дейінгінің бәрінде, бүкіл шығармасында өзінің ішін кеулеп, жанын жеген, ұлт тағдырына қатысты ең өзекті сұрақтарды қойып және оған жауап іздеп отырған екен. Оралханды өзінің алдындағы алашорда азаматтары ізіндегі, сол мұрат жолындағы жазушы дейтініміз содан.

Шығарма былай басталады: «Ағарыстың басқа өзендерден пәлендей айырмашылығы жоқ. Күн шығыстан суыртпақтала бастау алып, құбыланы маңдайға бере сан-сан ирек жасап, жер жарықтықтың жон арқасын қанқұрттай жеп, желе жортып ағар еді. Өзен болған соң, ол да табиғат ананың бел баласы және сол табиғат ананың ырқында, бірде тоғайып, бірде азайып, құбылмалы дәуреннің сан-сапалағын бастан кешті. Ағарыс қашан жаратылғанын, тегінде, қай өзеннің қорек қосар саласы, не ағар арнасы болып, тегінде де, дәл бүгінгідей ерке-шолжаң телегейлі әрі шайқы-бұрқы тентек болып па еді – әсте сезіп-білген емес. Күні ертең танабы кеуіп, тасы қаңсып қалса, әмбе құдіретті аспаннан ізгі нөсер бір тамбай сауынсыз қысыр қалса, не лаж – мұны және де ойлаған емес. Қазір көктем ғой, ең дәуірлеген, шанағынан асып, шалықтаған шағы осы; Қыстай сіресіп жатқан күпсе қар, көктайғақ мұз еріп, сай-сала, жылға жылғаны қуалап, Ағарыста табысатын; Ағарыстың арыны баяғыдан әлдеқайда тегеурінді, өз қынарын – өз сағасын ырып-жырып тепсінетін; бір кездегі саф таза мөлдірлігінен жұрдай болғанымен, осынау ақбұла сықпытына аса мәз; мәз болмай қайтсін – бұрынды-соңды өз болмысында жоқ көл-көсір дәулетке ие, оны енді еш тосқауыл, еш құдірет тоғандап, бұғалық тастай алмаса керек».

Шіркін-ай, дейсің! Бұл шығарманың поэтикалық қуатына сөз жоқ! Әрі оқиық.

«Оның қайнар көзін құрар білдей-білдей үш саласы бар, үш саласы тарамдалып, тамырланып, ұсақ бұлақтардан қорек алады. Бірақ ең қызығы – көктем туа байыған бұлақтар, тіпті әлгі үш саланың өзі де пышырап, құяр арнасынан сырғақси тұс-тұсқа қашар еді; жылғаны қуалап, жылғаны сағалап, бет-бетімен лағар еді; көктем суына масайған жас бұлақтар көгі жаңа тебіндей бастаған жерді аққұла суымен лат қылып, бір қабат құйқасын сыпыра қызыл тастап, лайсаң етер. Тынышсыз ұлдарының орынсыз тұштақайлығына абзал аналар қанша кейігенімен, іштен шыққан шұбар жылан ғой дегендей, көп-көп дарақы қылығына кешірім жасап, іштей тынар болар. Бірақ ардақ ананың дарқан жүрегін, шыншыл әрі ізгі пейілін жыға танымаған жетесіз ұл туған шешесін күйік отына тастап, ұлылығын, кір шалмас махаббатын рәсуа етері әмбе рас».

Жазушы толғап келіп, өмірге келгеннен бері өскен, толған, күркіреп тасыған, күндердің күнінде басынан бағы тайып, дәурені көшіп сарқылып, ақыр аяғында кері жағынан теріс аға бастаған Ағарыс өзені арқылы – біздің ұлттың тарихи-рухани дағдарысын көрсетіп отыр екен (шығарма басындағы Қазақ туралы жыр дегенге де мән бермеппін). Ой-һой, шіркін, тарихтан білеміз, біздің ұлттың да ұлт ретінде бір кезде дәуірлеп, рухтанған, өктемсігендердің Құдайын есіне салған кезі болған. Оның бәрі ешкім сенбейтін ескірген даңқ енді… Одан кейін отар елге айналды, күштіге басын иді, бақыты кеміп, бағы баршын тартып, күзі орнады. Егер Оралханның тәсілімен алып қарап, осы суреттегенін өзен емес, қазақ тарихы дейтін болсақ, соңғы жүз жылында баяғыша буырқанып-бұрсанып, күркіреп емес, ақырын, әлдекімнен ыққандай жаймен ғана сыбырлай ағып жатқанынан біздің ұлттың да үнсіз өмір сүріп, іштей қажып, рухынан айрылған күйін тануға болар еді.

 

«Ағарыс бұрынғыдай күркіремеді. Күз тұзағы мойнына ілінгенде, шынымен-ақ жуасып еді. Жуасымай қайтсін, бастау алар бұлақтардың танабы кеуіп, әуелі бар сенген үш саладан да қайыр кетті: үш сала өз күнін өзі көріп нейбетке қалды; нөсердің бір тамбағанына неше күн, қар суы әлдеқашан бу болып ұшып кеткен. Қазан айы туғанда, Ағарыс сыбырлап ақты: ойлана бастады, ес кіре бастады. Түн баласында сонау артта қалған дырдулы шағын аңсағандай, сол дырдулы шағы ойлап қараса босқа өткенін сезгендей, енді қайтып келер-келмесі екіталай күндері бұлбұлдай ұшып, өн бойындағы бар базары тарқаған. Ерлігін де, серілігін де қайтар құс қанатына іліп алып барады, қайтқан құстың келер көктем-де тағы да оралары хақ, әттең, Ағарыстың бақ-дәулетін жоғалтпай ала келсе ғой; мүмкін, Ағарыстың ең ақырғы тасуы биыл шығар, мүмкін, Ағарыс келер жазға ілікпей қаңсып қалар. Күркіреп жатар өзеннен, асқаралы ағыстан гөрі, абзал ақылға тән салиқалылық аңғарылатын. Ол енді сақ-сақ күлмей, іштей тынып, күрсінер, дымқос қариядай күрк-күрк жөтелер. Байқап қарасаңыз, Ағарыс пен заманы озған қарттан әлденендей ұқсастық табар едіңіз».

Бұл жерде үш саласын үш жүз деп те қабылдауға болар еді, бірақ, біз бұны қазақтың – тілі, діні, жер-суы, табиғи байлығы десек қисынды болар. Бүгінде бұл үш сала да сарқыла келді. Бұлақтар (ұсақ арналар) – ұлтты құраушы ұсақ бөлшектер – ауылдары көшті, картадан аты өшті, сол Оралханның туған жерінде қаншама елдімекен иесіз қалды, салт-дәстүрі де өзгеріп, естісең құлақ, көрсең көз ұялардай: тұрмысқа шықпағанның тұсауын кесіп, ересек еркекті бесікке бөлейтін оспадар «салттар» пайда болды, ауыз әдебиетінің жаңғырығы қалды, шежірені «бабам әулие, батыр болғанға» пайдаландық, қарияның сөзі дейтіндей қария да қалмады,   бәрі құнсызданып, өз арнасынан ажырап, бетімен кетіп жатыр. 

***

«Көктем, айналайын көктем-ай, зарықтырмай – зар жұттырмай келсең еді; айналайын көктем-ау, тек сен ғана Ағарысты мұз тұтқыннан құтқара аласың... Сонда Ағарыс ағыл-тегіл жылап – қуаныштан жылап, саласымен табысады, салқар бір кек жойқын теңізге еңіреп барып қосылады... Жосылған жорықтың шафхат шағында арна жолындағы – арман жолындағы қоқыр-соқырды, иіс-қоңысты, шаң-тозаңды, әм дала жүзін сан сұмдықтан, сан уайым-қайғыдан құлантаза сергітер... Сонда ол: «жасасын, өзен-көлдер, жасасын, орман-тоғайлар, жасасын, табиғаттың тел ұлдары» деп жар салып, мың бүктелер, кешегі тайғақ тағдырына сақ-сақ күлер. Сонда ол, сонда ол... сонда ол... Иә, көктем туды... Ағарыс тасыды... Қызық тасыды... Бұрынғыша құбылаға құлдамай, баба арнасын талақ тастап, жаңа жол, жаңа бағытта, жаңа арна жасап ақты. Құдай-ау, өзен теріс ақты, не ғажап, жер өсті ме, әлде бір тылсым құдіретті күш бұрып жіберді ме, ешкімнің миы жетіп, байыбына бара алмады. Бірақ осы өңірдің елі осы көктемнен бастап, Ағарысты «Терісаққан» атады... Терісаққан Есілге құяды... Есіл неге құяды?.. Әттең, Терісаққанға Есіл құйса ғой...». 

Мұнда үлкен мән бары анық. Осыған үңіліңкіреп көрсек. Өзен теріс аға ма? Жазушы көргенін айта ма әлде бұл да қисын ба? Оралхан бұл құбылысты ақылға сыймайтын тылсым ретінде суреттейді. Ал шынында өзеннің теріс ағуы – адамзаттық заңдылықтарға, табиғи үйлесімге, тарихи әділетке қайшы құбылыс. Қазақ тарихында осыған ұқсас жағдайлар көп болды: өз жеріңнің астындағы байлық бір әулетке ғана тиесілі болып, қулық сауған өзгенің уысына кетуі, өз тіліңе өгей қарауың, ұрпағыңның рухани тамырынан ажырап, жат мәдениетке табынуы – осының бәрі теріс ағып жатқан өзен секілді жағдай. Содан да бұл – шексіз шарасыздық пен жұмбақ үмітсіздік. Елдің бәрі не болып жатқанын түсінбей дал – дәл қазіргі замандағы қазақ қоғамының бейнесіндей.

 «Терісаққан Есілге құяды… Есіл неге құяды?.. Әттең, Терісаққанға Есіл құйса ғой…», – дейді. Жүрек ауыратын, адам шамырқанатын сөз бұл! Есіл қайда құяды демей отыр. Неге құяды дейді. Оралхан бүкіл символиканы геосаяси-философиялық сұраққа әкеп тірей отырып, төңкеріп әкеп бір уысқа сыйдырған ұлттың тағдырын  бір ауыз сөзге салады. Ағарыс – қазақ. Есіл – Ресей. Терісаққан – өз бағытын жоғалтқан қазақтың тағдыры. Оралхан ашық айтпаса да, осы метафора арқылы «біз төрт көзіміз түгел отырып өз еншімізден айырылдық, ұлт ретінде өз арнамызды таба алмадық» деп отыр. Ол бұны қай жылы жазды? Оралханның өмірден өткеніне биыл 32 жыл болды. Осы аралықта қазақтың жұмақ-мекені саналатын Шығыс Қазақстанның көп жері Қытайға өтіп кеткенін, тауындағы сирек шөп пен сирек құсынан бастап, алтын, көмір, балығы, қаншама қисапсыз байлығы жаттың меншігіне айналғанын ол көрмей кетті. 

Енді Терісаққан өзеніне келейік. Википедияны қарасақ, Терісаққан бастауын Ұлытаудағы Бақаншайыншақ тауы етегіндегі бұлақтардан алып, Көксай ауылы тұсында Есіл өзеніне құяды екен. Ал Есіл бастауын Сарыарқадағы Нияз тауының етегінен алып (560 м биіктіктен), Ертіс өзеніне сол жағынан құяды. Одан бөлек орта жолда Есілге қаншама өзен-су келіп құяды десеңші (Есілге Көкшетаудағы таулардан ағатын бірнеше кішкене бұлақтар құяды, Ұлытаудың тауларынан ағатын шағын бұлақшалар  қосылады. Соның бәрін Ресейдің онсыз да суға бай Обь өзеніне апарып құяды). Ұзындығы 2450 км (Қазақстандағы ұзындығы 1400 км) болатын, міне солай   ең ұзын сала саналатын Есілге орта жолдан қаншама өзен-су қосылып-құйылып (қазақтың несібесі), соның бәрі Ресейге кетеді.  Ол Түменнен Батыс Сібірге қарай ойысып, Ертіске құятын, ұзындығы жағынан Дон мен Днепрден ұзын өзен. 

Мәселе тек өзенге қатысты ма? Біз өзіміздегі бардың шашауын шығарып, қадіріне жетпеген елміз. Өз тіліміз бола тұра, соны менсінбей, әлі күнге жұрттың тілін төбесіне тұтқан елміз. Постколониалды елдің психологиясын бізден басқа қай елде тап осылай көріп отырсыз? Осы Астананы алайық, қазақтың астанасы ғой. Біздің қазақ сыныптары дегеніміз аты ғана, оның бәрінде балалар орысша сөйлейді.  Аралас мектептен ажырай алмай, оның санын 70-ке жеткіздік. Ондағы балалар саны  162 мыңнан асады. Ал Алматы қаласында барлығы 215 мектеп болса, оның 77-сі қазақша, 57-сі орысша, 78-і аралас мектеп екен. Сонда таза қазақ мектебінен аралас мектептің саны артық шығып тұр ғой. 

Енді мынаған назар аударыңыз. Біз өзіміздің білімді, қабілетті жастарымыздың ақыл-ой әлеуетін бағаламай, жан-жаққа, соның ішінде Ресейге таратып жатырмыз. Коррупция ма, басқа ма себеп... «балам дейтін ел» болмай тұрғандығымыз бірінші себеп, әрине.  Өткен жылы 162 мың адам Ресейге кеткен болса, биыл да кетушілер саны азаймай отыр. Оның ішінде білімді, талантты жастар жетерлік. Жазушы айтып отырған «терісаққан» осы емес пе?

Шығармаға оралайық. Автордың зары: «Көктем, айналайын көктем-ай, зарықтырмай – зар жұттырмай келсең еді…» дейді. Бұнда көктем – арзу, үміт орнында тұр. Бұл сөздерде жазушының болашақ ұрпаққа арнаған сөзі, арманы бар. Оралханның арманы – қазақтың көктемінің мәңгі болуы ғой. Оралхан аңсаған көктем – тек табиғаттың емес, рухтың көктемі, еркіндіктің көктемі болуы, өз болмысына қайта оралу дәуірі болуы тиіс еді. 

Оралхан Бөкей 1993 жылы өмірден өтті. Жазушы аңсаған тәуелсіздік – рухтың тәуелсіздігі, тілдің, діннің, тарихтың тәуелсіздігі еді. Ал біз бұл тәуелсіздікті тек формалды құжатпен шектеп қойдық. Біз шын мәнінде тәуелсізбіз бе?

 «Ер екеніңді білейін, сендіріп көрші», – дейтіні бар еді ғой жазушының, сендіріп көріңізші, біздің тәуелсіздік деп жүргеніміз  – Оралхан аңсаған тәуелсіздік пе, әлде жай ғана уақытша медет қылған   жұбаныш па?

Табиғат барда адам бары сияқты, ұлт барда тарих та бар,  ұлт нешеме заманды бастан кешеді, тіпті уақыт пен рух арасындағы үйлесімсіздікті де, оның трагедиясын да кешеді... міне, отырмыз, тіл бөтен тілге жұтылды, халықтың өз жерінде өгей болуы баяғыдағы емес, бүгіннің шындығы. Осы алмағайып кезеңде біз өзен болып өз арнамызды, ұлт болып темірқазығымызды қайта таба аламыз ба, әлде адасқаннан адасып, теріс ағып кете береміз бе? Міне, сұрақ! 

«Терісаққанды» новелла деп жүр едім, бұл болашаққа хат, келешекке қойылған сұрақ екен...


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар