Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Озық ойлы ұлт болудың төте жолы...

Озық ойлы ұлт болудың төте жолы

42

Озық ойлы ұлт болудың төте жолы - adebiportal.kz

ҚР Президенттік орталығында Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру аясында «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» атты тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты ведомствоаралық мекемелердің қызметкерлері қатысып, кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандық ортаны қалыптастыру және зияткер ұлт тәрбиелеу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Жиынды ҚР Президенті Іс басқармасының аппарат басшысы Алмас Исаков ашып, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының қоғамдық маңызына тоқталды. Ол кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – тек білім беру саласының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, кітаптың рухани кемелдену мен азаматтық сананы қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударды.

Кездесуде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының бас сарапшысы Анаргүл Жомартова «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы: Қазақстанда кітап оқу мәдениеті қалай өзгереді?» тақырыбында баяндама жасады. Спикер елімізде кітап оқу мәдениетін қолдауға бағытталған мемлекеттік бастамалар, кітап индустриясын дамыту шаралары мен кітапханаларды жаңғырту жұмыстары туралы жан-жақты мәлімет берді.

Президенттік орталықтың жетекші маманы Дина Аманжолова «Оқу мәдениеті: интеллектуалдық капитал және уақыт менеджменті» тақырыбында сөз сөйлеп, кітап оқуды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырудың тиімді жолдарын таныстырды. Ол қазіргі қоғамдағы ақпарат ағыны жағдайында кітаптың адамның таным көкжиегін кеңейтіп, уақытты тиімді пайдалануға ықпал ететін маңызды құрал екенін айтты.

Шара барысында ақын Олжас Сәндібек қазіргі оқырманның ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі жастардың талғамы мен ақпаратты игеру қарқыны өзгергендіктен, әдебиетті жаңа форматтар арқылы, заманауи коммуникация мүмкіндіктерін пайдалана отырып насихаттау маңызды.

Кездесу соңында қатысушылар кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған мұндай бастамалардың маңызын атап өтіп, өзара пікір алмасты. Жиын рухани құндылықтарды дәріптеу мен оқырмандық мәдениетті нығайту жолындағы ортақ мақсаттарды айқындаған мазмұнды алаңға айналды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan