Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты маңызды мәдени жоба аясында әдеби форум және жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.
Мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асқан жоба барысында отандық қаламгерлер ТМД елдерінің бірқатар архивтерінде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты тың деректерді жинақтады. Нәтижесінде 15 ғылыми-шығармашылық еңбек дайындалып, көпшілік оқырманға ұсынылды.
Әдеби форумда сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегмановжобаның ұлттық әдебиет пен тарихи сананы жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, архивтік зерттеулердің қазақ руханияты үшін құндылығына тоқталды.
Форумға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар, зерттеуші ғалымдар, жас ғалымдармен қатар Ресей Федерациясынан келген әдебиет зерттеуші қаламгерлер мен мәдениет өкілдері қатысты.
Аталған жоба мен әдеби форум ұлттық әдебиет пен тарихты терең зерделеуге бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде жоғары бағаланды.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
