Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Президент кеңесшісі бір топ зиялы қауыммен кездест...

Президент кеңесшісі бір топ зиялы қауыммен кездесті

39

Президент кеңесшісі бір топ зиялы қауыммен кездесті - adebiportal.kz

Қазақ қоғамының рухани дамуы мен интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» жобасы аясында соңғы жылдары ел көлемінде көптеген игі шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – Алматы облысы, Жамбыл ауданында өткен зиялы жастардың тағылымды басқосуы.

Ұлы ақын, жырау, қазақ сөз өнерінің алып тұлғасы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Жамбыл және өркениетті ұлт» атты кездесу әдебиет пен руханият төңірегіндегі маңызды мәселелерді талқылаған мазмұнды алаңға айналды. Басқосудың басты ерекшелігі – аға буын қаламгерлер мен жас әдебиет өкілдерінің бір ортада бас қосып, еркін пікір алмасуына мүмкіндік беруінде болды.

Шараға Астанадан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, белгілі жазушы әрі аудармашы Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, мемлекет жүргізіп отырған мәдени саясаттың басым бағыттары мен кітап оқудың қоғам дамуындағы рөлі жөнінде ой бөлісті. Оның пікірінше, өркениетті ұлт қалыптастырудың ең сенімді жолы – білім мен кітап мәдениетін нығайту. Сондықтан «Оқитын ұлт» идеясы бүгінгі таңда жай ғана жоба емес, ұлттық дамудың маңызды тұғырларының біріне айналып отыр.

Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы, сондай-ақ әдебиет пен мәдениет саласының белгілі өкілдері Қуат Қайранбаев, Кәдірбек Құныпияұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Әлібек Шегебай, Серік Нұғыман және Бұлан Жамбыл т.б. зиялылар қатысты.

Басқосу әдеби пікірталастың мазмұнды әрі еркін өрбуіне ықпал етті. Жиын барысында әдебиеттің бүгінгі жай-күйі, кітап оқу мәдениеті, жастар шығармашылығын қолдау, ұлттық құндылықтарды жаңа буын санасына сіңіру мәселелері кеңінен сөз болды. Жастар атынан сөз сөйлеген ақын-жазушылар Есболат Айдабосын, Нұрбек Нұржан, Жақсылық Мұратбекұлы қазіргі әдеби үдерістегі өзекті мәселелерді көтеріп, жас қаламгерлердің ізденістері мен мақсат-мұраттары туралы пікірлерін ортаға салды. Олар әдебиеттің қоғамдағы орны, ұлттық идеяны жаңғыртудағы көркем сөздің қызметі және жас буынның рухани жауапкершілігі жөнінде ой қозғады.

Әсіресе, Жамбыл мұрасын қазіргі заман тұрғысынан зерделеу мәселесі көпшілік назарын аударды. Қазақтың жыр алыбы Жамбылдың шығармашылық мұрасы тек тарихи немесе әдеби құндылық қана емес, ұлттық бірегейлікті сақтаудың, елдік сананы нығайтудың қуатты құралы екендігі айтылды. Осы тұрғыдан келгенде «Жамбыл және өркениетті ұлт» тақырыбының өзі терең мағынаға ие болды. Өйткені өркениетті қоғамның негізі рухани мәдениет пен тарихи жадыға сүйенеді.

Басқосу барысында аға буын қаламгерлер жастарға ақыл-кеңестерін айтып, шығармашылық жолдағы тәжірибелерімен бөлісті. Ал жастар өз кезегінде жаңа заман әдебиетінің бағыт-бағдары жөніндегі көзқарастарын ашық жеткізді. Мұндай еркін сұхбат әдеби ортадағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ортақ мұрат жолындағы бірлікті айқындай түсті.

Бүгінде әдебиет тек көркем шығармашылықтың ғана емес, ұлттық сананы қалыптастыратын маңызды қоғамдық институттардың бірі. Сондықтан осындай кездесулер қаламгерлер қауымын ғана емес, тұтас қоғамды рухани тұрғыдан байытуға қызмет етеді.

Жамбыл жерінде өткен бұл басқосу әдебиеттің ұлт өміріндегі орны әлі де биік екенін көрсетті. Ең бастысы – аға буын мен жас толқын арасындағы шығармашылық диалогтың үзілмегені, әдеби дәстүрдің сабақтастығы сақталғаны көңіл қуантты. Ұлт руханиятының болашағы дәл осындай мазмұнды кездесулер мен ойлы сұхбаттар арқылы қалыптасары анық.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan