Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 2025 жылдың 19-22 маусым күндері аралығында гастрольдік сапармен Алматы қаласында болады. Осы күндері елордалық театр ұжымы алматылық көрермен назарына өз репертуарындағы таңдаулы спектакльдерін ұсынады. Қала тұрғындары М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын, Т.Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасын, П.Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясын, Г.Бюхнердің «Войцек» драмасын, «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығын, «Кешкі 7» спектакль-концертін тамашалай алады.
Қойылымдар Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпіремдер театры мен Мемлекеттік Қуыршақ театры сахналарында өтеді.
Гастрольдік сапар барысында көрермендер театр және кино өнерінің майталмандары - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақыт Исабекова, Гүлбаршын Қылышбай, Боранбай Молдабаев, Мейрам Қайсанов, Нұркен Өтеуіл, Қуандық Қыстықбай, Нартай Сауданбекұлы, сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар сынды аға буын өнер иелерімен қатар, Нұрсұлтан Есен, Әнуар Бектас, Ситора Анварова, Сағыныш Нұрхайдарова, Ақжол Мамыр, Аяужан Малғаждарова, Бекарыс Шалқар, Марғұлан Наменов бастаған жас әрі талантты әртістердің де өнерін тамашалай алады.
Гастрольдік сапар — елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры мен Алматы көрермені арасындағы шығармашылық байланысты одан әрі тереңдететін маңызды мәдени оқиға. Бұл өнер сапары арқылы театр ұлттық сахна өнерінің көркемдік деңгейін, мазмұндық байлығын, актерлік құрамының шеберлігі мен жан-жақтылығын көрсетуге ұмтылады.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Алматы қаласында өтетін гастрольдік қойылымдары:
19 маусым 19.00
М.Әуезов «Қарагөз» трагедиясы.
Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Мирғалиева.
«Мынау қолым, Қарагөз саған созған,
Махабаттың жүректе оты қозған.
От-жалындай көзіме көрінеді,
Желбіреген көйлегің берен боздан»
Тағдыр мен тауқымет, махаббат пен ғадауат. Серілік пен сергелдең. Орта мен адам арасындағы тағдыр таласы... Уақыт пен қоғам трагедиясы... «Ақындық құмарлығына елтіген уыз жастар» мен зар еңіреген көшпелі заман, ойы екіге жарылған адамның ақыл азабы... Қазақ драматургиясының алтын қоры...
Сырым мен Нарша... М. Әуезовтің жан дүниесінің толғағын аңғартқан, кейін сан өкіндіріп-опындырған, ашындырып-аялаған – «Қарагөз».
Өтетін орны: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпіремдер театры.

19,21 маусым 11.00
«Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы.
Режиссері – О.Дәлелхан.
«Ертегі түннің әуені» - Г.Х.Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек», «Бұршақ үстіндегі ханшайым», Э.Т.А.Гофманның «Шақылдақ» және үнді халық ертегісі «Алтын антилопа» сияқты классикалық туындылардан құралған ертегілер жиынтығы.
Бұл ерекше қойылымда музыкалық ансамбльдің сүйемелдеуімен әлемдік хиттер мен классикалық музыканың әуені арқылы әр түрлі ертегілер баяндалады. Шығарма балаларды ертегінің сиқырлы әлеміне жетелей отырып, олардың қиялын дамытып, ой-өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар, қойылым музыкалық талғамды шыңдауға үлкен үлес қосады, себебі балалар танымал әуендер мен классикалық шығармаларды тыңдау арқылы өнерді тереңірек түсіне бастайды. Сан алуан кейіпкерлер мен әуезді әуендер көрермендерді баурап алып, ертегіден алынған құндылықтарды өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Өтетін орны: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпіремдер театры.

20 маусым 15.00
Г.Бюхнер «Войцек» драмасы. Режиссері – Ұ.Қабыл.
Г.Бюхнердің «Войцек» пьесасы — әлеуметтік қысым мен психологиялық күйзелістің әсерінен адами болмыстан алыстап бара жатқан жанның трагедиясы. Қарапайым солдат Войцек — қоғамның қатыгездігі мен әділетсіздігінің құрбаны. Оның ішкі арпалысы, шындықты іздеуі — бүгінгі күннің де өзекті тақырыптарының бірі. Қойылым көрерменді адам жанының тұңғиығына үңілуге, көптеген сұрақтарға жауап іздеуге жетелейді.
Ол жерден таппағанын көктен іздеп көріп еді. Ай дегені семген екен, күн дегені сөнген екен. Жұлдыздары жыпырлаған қоңыз боп, шын дегені жалған екен.
Ол көктен жерге, өзі алғаш кеткен жерге оралып еді. Жер дегені қазан екен, сол қазандай өзі де соқа басы сопайып қалған екен. Бүгін де сізге көрінген, ертең де сіз байқайтын: Жападан жалғыз көз жасына ерік берген сол жан екен.
Өтетін орны: Мемлекеттік қуыршақ театры

20 маусым 19.00
П.Бомарше «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов.
Дирижер – Мәдениет саласының үздігі Е.Бейсембаев.
«Фигароның үйленуі» — Моцарттың ұлы музыкалық мұрасымен көмкерілген жарқын комедия. Спектакльде тапқыр қызметші Фигаро мен оның сүйіктісі Сюзаннаның үйлену тарихы баяндалады. Олардың бақытты болу жолына Альмавива графының қитұрқы әрекеттері кедергі келтіреді. Махаббат пен айлакерлікке толы бұл қойылым көрерменді ерекше әсерге бөлейді.
Өтетін орны: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпіремдер театры.

21 маусым 19.00
«Кешкі 7» спектакль-концерті. Режиссері – Б.Сұлтанғазы.
Qalleki театр лабораториясының «Кешкі 7» спектакль-концертінде актерлер өзара сыр бөлісіп, авторлық әндерін орындап, көрерменге ерекше атмосфера ұсынады.
Мен кешкен күй айтылатын сәт...
Мен салған ән шырқалатын шақ...
Мен жазған жыр жырланатын мезет...
Кешкі… 7
Өтетін орны: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпіремдер театры

22 маусым 19.00
Т.Әбдік «Парасат майданы» психологиялық драмасы.
Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Мирғалиева.
Парасат майданы» - адамның ішкі әлемі мен рухани құндылықтары туралы сыр шертетін психологиялық драма. Қойылым қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік шығармаларының негізінде («Оң қол» және «Парасат майданы») сахналанған.
Спектакльдің негізгі өзегі — адамның өз-өзімен күресі, қоғамдағы моральдық құндылықтардың жоғалуы және ақиқаттың тереңіне үңілу. Басты кейіпкер — жалғыздық пен ішкі қайшылықтың құрбанына айналған жан. Ол адамдар арасындағы әділетсіздікке қарсы үн қатып, қоғамның қатал жүйесіне қарсы тұруға тырысады.
Қойылым барысында көрермендер рухани құндылықтар мен материалдық әлемнің қайшылықтарын, адам болмысының күрделілігін, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырату мәселелерін терең сезінеді.
«Парасат майданы» - адамның рухани биігіне жету жолындағы күресін бейнелейтін, көрерменді ойландыратын, өмірдің шынайы мәнін іздеуге жетелейтін туынды.
Өтетін орны: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпіремдер театры.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.