Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына орай жиын өтті...

Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына орай жиын өтті

23.01.2026

4903

Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына орай жиын өтті - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар кітапханасында көрнекті ғалым, абайтанушы, әдебиеттанушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Қайым Мұхамедханов – ұлт руханиятының шамшырағы» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны белгілі әдебиеттанушы, абайтанушы-ғалым, профессор Серікқазы Қорабай жүргізді. Дөңгелек үстел жұмысына қаламгерлер мен әдебиеттанушы ғалымдар, Қайым Мұхамедхановтың шәкірттері – Әбубәкір Қайран, Дәулет Сейсенұлы, Нәйла Такижбаева, Алуа Таңжарықова, Гаухар Балтабаева қатысып, ғалымның бай ғылыми-шығармашылық мұрасы жайында тағылымды ойларымен бөлісті.

Қайым Мұхамедхановтың шығармашылық мұрасына арналған кітап көрмесіне Қазақстан Жазушылар кітапханасының жетекшісі Мақпал Мұхаммедова библиографиялық шолу жасап, ғалым еңбектерінің маңыздылығына тоқталды. Іс-шара барысында Қайым Мұхамедханов туралы естеліктер айтылып, оның ғылым мен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесі, зерттеулерінің бүгінгі күндегі өзектілігі кеңінен сөз болды. 

Кітапхана қызметкерлері Айдос Бектұрсын, Жанэля Аликова, Құндыз Набидолла ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған презентация ұсынып, өлеңдерін оқыды. Келесі кезекте PhD докторы, Қайым Мұхамедханұлы атындағы Білім және мәдениет орталығының директоры Дина Мұхамедханова «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді. Каюм Мухамедханов: Письмо говорят», «Ер қазақ» және өзге де еңбектерін Қазақстан Жазушылар кітапханасының қорына сыйға тартты. Сонымен қатар Алматы Заң колледжінің студенттері мен Абай ұлттық мектебінің оқушылары Қайым Мұхамедхановтың шығармаларын талдап, пікір білдіріп, өлең-жырларын оқыды. 

Музыкалық бөлімде дәстүрлі әнші Еркін Шүкімановтың шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Даниял Рахметолла мен Алтынбек Тургамбаев Абайдың әндерін орындады. Ал Қайым Мұхамедхановқа арналған Ақылбек Манабаевтің сөзіне жазылған Теміржан Базарбаевтың «Жан аға» әнін Әбіл Аслан орындады. Кеш соңында дөңгелек үстелге қатысушыларға Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мейрам Еркенұлының атынан алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Іс-шара Қайым Мұхамедхановтың рухани мұрасын кеңінен насихаттауға, оның ұлт руханиятындағы айрықша орнын тереңірек танытуға арналды.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan