Бүгін көрнекті қаламгер, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Әкім Тарази тұрған үйге ескерткіш тақта қойылады.
Аталған іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Берікұлы іспетті лауазымды тұлғалармен қатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғаш сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі қаламгер Төлен Әбдік былай деді.

«Дүниеден өткен адамды еске алу қазақтың байырғы дәстүрі десек те болады. Біздің қаламгерлердің арасында талантты жазушылар аз емес. Бірақ соның ішінде Әкім Таразидың орыны ерекше деп есептеймін. Бұл кісінің өзге қаламгерлерден ең басты айырмашылығы барлық жанрда қалам тербегені дер едім. Адам көркі адамгершілік қой. Бұл жағынан келсек, Әкім ағаның ішкі мәдениеті мен кішпейілдігі ерекше еді. Біз тұлғаларды құрметтеу арқылы ғана өсіп-өркендеп отырамыз. Мысалы, бұл жолы үй қабырғасына тақтасын орнатсақ, енді жазушының жүз жылдығында ескерткішін ашамыз деп үміттенемін. Бұл ең әуелі біз үшін керек. Сондықтан осы шараны ұйымдастырған азаматтарға айырықша алғысымды білдіремін» деді.
Ары қарай игілікті іс-шара былайша өз жалғасын тапты. К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде қаламгер атындағы Мәжіліс зал ашылып, дөңгелек үстел өтті.

Алқалы жиынды ақын, Қазақстан жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды.
Жиынға жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова, Қазақ киносының «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешева, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, Айман Мұсақожаева, тарихшы, ғалым Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Сенаты депутаты Дархан Қыдырәлі, университет ректоры Ғалым Ахмедьяров, Парламент мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан қатысып жазушы жайында өз ойларын ортаға салды. Қаламгердің жан-жары жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Роза Мұқанова келген қонақтарға өз ризашылығын білдіре отырып бүй деп сөзін сабақтады.

«Әкім Таразиді құрмет тұтқан замандастары, мемлекеттік қызметкерлер, сенатор, Мәжіліс депутаттары, қаламдас інілері мен театр, кино майталмандарына айырықша алғысымды білдіремін.
Бұл ерекше күнді жадырап қарсы алдым. Себебі бүгінгі жиынға келген аяулы бауырларымның жүрекжарды сөздерін тыңдап ерекше тебірендім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың өнер қайраткерлеріне мемлекеттік деңгейде ерекше қолдау көрсетіп отыр. Игі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне барынша күш салған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға, Астана қаласының Әкімі Жеңіс Қасымбекке, Университет ректоры Ғалым Ахмедьяровқа зиялы қауымның, қаламгер қауымның атынан разылығымды білдіремін. Баршаңыздың отбастарыңызға тек ғана амандық тілеймін» деді.
Осы орайда оқырман қауымға Әкім Тарази жайында қысқаша ғана мәлімет бере кетсек дейміз.
Қазақ прозасы мен драматургиясына «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Жолы болғыш жігіт», «Күлмейтін комедия» сынды кесек-кесек шығармалары арқылы өзіндік дара жолы ерекше қолтаңбасымен еселі үлес қосқан Әкім Тарази – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мәскеуде ашылған жоғары сценарлік курста арнайы оқыған тұңғыш кәсіби кинодраматург.

Ол қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Арман – атаман», «Қызжылаған» сынды фильмдердің сценариін жазумен қатар осы сала мамандарын дайындайтын «Кинотеледраматургия» мамандығын ашуға мұрындық болып жүздеген шәкірттердің кәсіби өнер иесі атанып, қазақ руханиятына қызмет етуіне зор үлес қосқан айырықша тұлға.

Қаламгердің Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында басталған ұстаздық жолы бүгінгі К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғасып, өмірінің соңғы кезеңіне дейін аталған университтің профессоры ретінде шәкірттеріне мол тағылым берді.
