Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұрат Мырқанұлы Тастағанов өмірден өтті.
Ақын, журналист Мұрат Тастағанов 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Сарықамыс қыстағында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен. 1994-2004 жылдар аралығында ШҚО телерадиокомпаниясының редакторы қызметтерінде болған. 2004 жылы «Ертіс өңірі» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары, Ә.Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында әдеби бөлім меңгерушісі болып істеген. 1992-1994 жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Өскемен қалалық ұйымының төрағасы болып қызмет етіп, өңірдегі ана тілінің тыныс ашып, жандануына үлкен үлес қосқан тіл жанашыры болды.
Журналистікпен қатар, шығармашылықпен де шұғылданып, «Мәңгі жас ғұмыр», «Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім», «Алтын тау – Алтай» атты кітаптарын оқырмандарына ұсынған. Қаламгердің поэзия, проза жанрларындағы туындылары бірнеше топтама жинақтарға енгізілген. Ол алпыстан астам әннің сөз-мәтіндерін жазған. «Күршім ауданының Құрметті азаматы» атағын алған.
Саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің, қазақ баспасөзінің, қазақ тілінің дамуына арнаған қаламгердің топырағы торқа болғай.
