Қаламгерлер замандасы туралы сын мақала жазудан неге тартынады?

Кезінде Кеңшілік, Жарасқан, Жұмекен секілді ақындар да әдеби сын мақалалар жазды. Меніңше қаламгердің өз замандасының шығармашылығына пікір білдіруі әдеби процеске араласудың табиғи формасы.

Қаламгерлер замандасы туралы сын мақала жазудан неге тартынады? - adebiportal.kz
Фото: /shichengaru.livejournal.com

Өткен жылдың соңында «Әдебиет порталында» замандас ағаларымызбен ақылдаса отырып «Замандас пікірі» деген айдар аштық. Мақсатымыз – кейінгі буын қаламгерлерді өз замандастарының шығармашылығы туралы пікір айтуын қалыптастыру еді. Өйткені бүгінгі әдеби ортада орта буындағы ақынның немесе жазушының жаңа кітабы жарық көрсе, қатарластарының тарапынан көбіне «Құтты болсын!», «Жақсы екен» деген жалпылама тілектер ғана айтылады. Бұл шын мәнінде замандасының шығармашылығына деген құрметі ме, әлде құрметсіздігі ме – ажырату қиын.

Ал өткен ғасырдағы әдеби процесті қарасақ, жағдай мүлде басқа болған. Ақын-жазушылар бір-бірінің шығармаларына еркін пікір білдіріп, жаңа кітаптарға мақала арнап, әдеби ортадағы құбылыстарға өз бағасын беріп отырған. Бүгін біз мұндай міндеттің бәрін кәсіби сыншылардың мойнына артып қойып, өзіміз тек «бізде әдеби сын жоқ» деп дабыл қағумен жүргендейміз.

Әдеби сынды тек санаулы сыншылардың еншісіне қалдыру қаншалықты дұрыс? Біздің түсінігімізде, барлық кітапты тек Амангелді Кеңшілікұлы, Әлия Бөпежанова немесе Бағашар Тұрсынбайұлы оқып, солар ғана пікір білдіруі керек сияқты. Ал әдеби ортадағы өзара пікір алмасу қайда қалады?

Кезінде Кеңшілік, Жарасқан, Жұмекен секілді ақындар да әдеби сын мақалалар жазды. Меніңше қаламгердің өз замандасының шығармашылығына пікір білдіруі әдеби процеске араласудың табиғи формасы.

Сосын «қаламгерлер сын көтере алмайды» деген де жай сөз бе деймін. Жуырда жазушы Сәкен Сыбанбай ағамыз жазушы інісі Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы туралы әлеуметтік желіде сын-пікірін жариялады. Қанат Әбілқайырдың бұл пікірге өкпелеп, ерін бауырына алып тулағанын көрмедік. Керісінше, Сәкен ағамыздың жазғанын оқыған өзге қаламгер інілері «аға, менің де романымды оқып, сынаңызшы» деген пікірлер қалдырды.

Демек, «қаламгерлер сыннан қашады» деген түсінік те жүз пайыз шындық емес-ау. Тіпті бүгінгі қаламгерлер сынды сағынып жүр десе болады. Сын қабылданбаса да сын айтылуы керек. Өйткені сын – біреудің көңілін қалдыру үшін емес, шығарманың салмағын таразылау, әдеби процестің тынысын аңғарту үшін керек.

Ал өз қатарласының кітабын оқып, оған өз бағасын беруге бүгінгі қаламгерлер неге құлықсыз? Әдеби ортадағы өзара сын мәдениетін қалыптастыруға не кедергі? 

Әлия ДӘУЛЕТБАЙ, ақын:

«Әдебиет қошемет дастарқанына айналып барады»

Меніңше, кейінгі қаламгерлердің өз замандастары туралы сын мақаланы аз жазуының басты себептерінің бірі – бір-бірінің көңілін қалдырудан, қарым-қатынасты бұзудан қорқу. Әдеби ортада өзара мақтау етімізден өтіп, сүйегімізге жетті. Принципсіздік қой. Біреу мақтаса, қалғаны қостайды. Ақыры тұлпардың белдеуіне жабылар да байланатын болды. Әдебиет қошемет дастарқанына айналып барады.

Қазір бір жазушы кітап шығарды делік. Сол-ақ екен, ұлы сүргін басталды дерсің... Кітапты өз қаржысына шығарса, шығынын қайтаруды, сатуды ойлайды. Тұсаукесерін өткізу керек, кімдерді шақырады, кім сөйлейді, кім пікір жазады – бәрі маңызды. Әрине, автор жылы сөз күтеді. Әсіресе көңілі жақын адамдардан. Әсіресе салмағы бар, аузы дуалы буыннан... Мұның бәрін түсінуге болады. Бірақ осы қарбаласта бір нәрсе ұмыт қалады: кітаптың өзі қандай? Ондағы көркемдік жаңалық не, кемшілігі қайсы? Оны сұрайтын адам аз. Автордың өзі де көбіне сын емес, қолдау күтеді. Сөйтіп, кітаптың жарық көруі әдеби оқиғамен шатастырылады. Ал кейбір кітаптың ғұмыры тұсаукесерімен бірге аяқталуы мүмкін ғой.

Шетелдік тәжірибеде жаңа шыққан кітапты кәсіби талқылаудың дәстүрі бар. Жазушы кітабын шығарады, баспа оны жарнамалайды, ал сыншы өз бағасын береді. Әрине, ол жақта да бәрі мінсіз емес. Бірақ біздегі бір кемшілік, кітапты таныстыру мен оны бағалаудың арасы ажырамай кеткендей. Автордың досы мақтайды, әріптесі құттықтайды, оқырманы сүйсінеді. Ал тәуелсіз сыншы қайда? Кітаптың шын көркемдік құнын кім талдайды? Бізде кітаптың жарық көруі жаңалық, тұсаукесері оқиға, ал көркемдік сапасы талқыланбайтын мәселе болып барады. «Көрнекті», «қарымды», «бірегей» деген анықтауыштардың арзандап кетуі де содан шығар. Бәрі көрнекті болса, «Азаулының Ыстамбулдан несі кем?!»

Жас қаламгердің әдебиетке келуінің де бір схемасы қалыптасқан сияқты. Әуелі өлеңі не әңгімесі жарияланады. Сосын оны біреу мақтауы керек. Мүмкіндігінше беделді біреу. Одан кейін сол пікір өзгелерге жұғады. Бірте-бірте автордың шығармасынан бұрын өзі туралы қалыптасқан пікір өмір сүре бастайды. Әлі қалыптасып үлгермеген жас таланттың алдында екі жол тұрады: өзін жетілдіру немесе өзі туралы жақсы пікірді сақтап қалу. Екінші жол әлдеқайда жеңіл. Ал таланттың ең қауіпті жауы кейде оны түсінбегендер емес, тым ерте түсіндік деп жариялағандар болуы мүмкін.

Әлем әдебиетінде бірін-бірі аяусыз сынаған алыптар аз емес. Лев Толстой Шекспирдің драматургиясына қарсы көлемді еңбек жазып, оның ұлылығына күмән келтірді. Вирджиния Вулф Джойстың «Улиссін» жоғары бағаламады, ал Элиот сол шығармадан үлкен көркемдік жаңалық көрді. Бір шығарма, бір дәуір, бірақ екі түрлі пікір. Олардың ешқайсысының бағасы ақиқаттың соңғы нүктесі болып қалған жоқ, әрине. Есесіне, келіспеушіліктері әдеби ойдың тарихында қалды. Демек, ұлы жазушының өзі қателесуі мүмкін, ал ұлы шығарма сыннан биікте тұрған қасиетті зат емес.

Бізде кейде сын айтылса, оны шығармашылық әңгіме емес, жеке басқа жасалған шабуылдай қабылдайды. Ал өзіңді сынаған адамды бірден жау көру – ішіңнің әлсіздігі. Негізінде, сауатты, әділ сын жазушы үшін ашық теңіздегі маяк сияқты болуы керек қой. Әрине, әдебиетке жаның ауырса... Сырқат дәрігер дертіне дәл диагноз қойғанына қуанбай ма? Диагноздың өзі жағымды болмауы мүмкін, бірақ оның анықталғаны – емделуге мүмкіндік. Әдебиетте де солай. Жазушы өзі байқамаған кемшілігін біреу дәл көрсетіп берсе, оған неге қуанбасқа? Әрине, сыншының пікірі де соңғы ақиқат емес. Бірақ біз әзірге шығармамыздың дертін көрсеткен адамға емес, оны сау деп мақтаған адамға көбірек ризамыз. Сөйтіп, диагноздан қашып, дертімізді асқындырып жүрген жоқпыз ба?

Әділдік үшін айту керек, Жазушылар одағының жыл қорытындысында жаңадан шыққан кітаптар талқыланып, жанрлық секциялар бойынша баяндамалар жасалады. Сол жерде құнды, өткір пікірлер де айтылып қалады. Кейін олар «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланады. Біреулер қоңылтақсып, біреулер көңілденіп жатады. Болған-біткені сол. Ал әдеби сын жылына бір рет өтетін есеп беру науқаны емес, жыл бойы үздіксіз жүретін интеллектуалдық үдеріс болуы керек. Ол үшін сыншының кәсіби беделін көтеріп, пікір айту еркіндігін қамтамасыз ету, жазғандарын тұрақты жариялайтын мінбер қалыптастыру қажет. Сыншыға сөз беріп қана қоймай, оның сөзінің әдеби өмірге ықпал ететін жағдайын жасауымыз керек.

Асқар Сүлейменовтің «Жастар сыналсын. Сыналсын, бірақ, сойыл жемесін» деген сөзі бар. Сыншы болу үшін білім, талғам, тереңдік, дәлел керек. Әйтпесе сын ойға емес, ойбайға, талдауға емес, байбаламға айналады. Ал авторға өз шығармасының мінсіз болмауы мүмкін екенін мойындайтын ішкі мәдениет қажет. Сыншының да, әдеби ортаның да өсуі маңызды. Өйткені екеуі бірін-бірі қалыптастырады. Білімсіз сын әдебиетті өсірмейді, ал сынды көтере алмайтын орта сыншыны тұншықтырады.

Бір кезде Кеңшілік те, Жарасқан да, Жұмекен де әдеби сын жазды. Қазір әдеби сынның бүкіл салмағын Амангелді Кеңшілікұлы, Әлия Бөпежанова, Бағашар Тұрсынбайұлы секілді санаулы адамдарға артып қоюға болмайды. Қаламгер өз замандасын оқып, оның шығармашылығы туралы ой айтуы керек. Бірақ ол үшін оқуға уақыт, ойлануға ынта, пікір айтуға тәуелсіздік қажет. Өзімнің «Буниннің усойқылары» деген мақаламда да қаламгерлердің бір-біріне берген бағасы туралы ой қозғағанмын. Мен өзгені қаншалықты әділ сынай алармын, білмеймін. Бірақ өзіме айтылған дәлелді сынға ренжімеуге тырысамын. Өйткені менің шығармам менің жеке басымнан бөлек дүние ғой. Оны менен бөлек алып қарауға, бағалауға жұрттың толық хақысы бар.

Бәріне төреші — уақыт, әрине. Бірақ уақыт бәрін өзі реттейді деп қол қусырып отыруға болмайды. Уақытқа сілтеу кейде жалтарудың әдемі сылтауы болып кетеді. Уақыт әдебиеттің соңғы бағасын беруі мүмкін, бірақ бүгінгі әдебиеттің алдындағы жауапкершілікті біздің мойнымыздан алып тастамайды.

Ақсұңқар АҚЫНБАБА, ақын:

«Ер ақындар да әйелдерден асырып жылайды»

Қазіргі кезде қаламгерлердің бір-бірінің шығармашылығы туралы сын-пікірлер жазуының сиреуі, тіпті жоғалуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, әдеби сын жазатын адамның әдеби білімі, интеллектуалдық деңгейі жоғары болуы керек. Шығарманы терең түсініп, оның көркемдік ерекшелігін, мазмұны мен идеясын, автордың өзіндік стилін саралай ала ма?  Осы жағынан келгенде, біздің бүгінгі қаламгерлердің кез-келгені кәсіби сын айтуға дайын емес секілді. Сондықтан да сын жазудан тартынатын болуы керек.

Екіншіден, бұрынғы қаламгерлер бір-бірінің шығармашылығы туралы әдеби сын жазып, өзара ой бөлісу қажеттілігі қалыптасқан жүйеде өмір сүрді. Ол кезде қоғам әдебиетті құндылық ретінде бағалады. Әлеуметтік аудиторияның басым бөлігі яғни, назар әдебиеттің үлесінде болды. Ал, қазір ол назар жан-жаққа шашырап кетті де, әдебиеттің аудиториясы шағын ғана болып қалды. Бұрынғы қоғамдық орта үшін автордың шығармасы да, ол туралы жазылған сын мақалалар да қызығушылық тудыратын. Жазған сынды  жұртшылық іздеп жүріп оқыса, әдеби ортада талқыласа, жасаған еңбегің еленіп, қаламақысы төленіп жатса, әрине, бұл  қаламгердің өз ісін қызығып жасауына себеп. Қазір ше? Мәселен, мен сын жаздым делік. Оған қоғам қызыға ма? Тек шығарманың авторы екеуімен шектеліп қалатын, қаламақысыз дүние ары қарай дамуы мүмкін бе? Мүмкін емес. 

Үшіншіден, қазіргі коммуникациялық орта адамның ойлауына, ақпаратты қабылдауына, тіпті еңбек ету дағдысына дейін ықпал етіп жатыр. Біз жылдам ақпарат алуға, тез пікір білдіруге үйреніп кеттік. Бұрынғыдай көлемді дүниені соңына дейін оқып, оның тереңіне үңіліп, байыппен талдауға бәріміз бірдей бара бермейміз. Қаламгерлер де осы ортаның ішінде өмір сүріп отыр ғой.

Әлеуметтік желі де соған әсер етті. Біреу жақсы шығарма жазса, «Керемет!», «Ғаламат!», «Ғажап!» дейміз де қоямыз. Несімен керемет, несімен ғажап? Ұнамаса несімен ұнамады, оны талдап жатқан адам аз.

Тағы бір мәселе – пендешілік. Біреудің көңіліне қарап, ренжітіп аламын деп сескену. Себебі шығармасы туралы сәл сын естіген кей авторлар шамданып қалады. Сосын «Бүгін мен оның шығармасын сынасам, ертең ол мені сынайды» деген де үрейлі түсінік бар. Сөйтіп, кәсіби сыннан гөрі жеке қарым-қатынасты сақтауды маңыздырақ көретін жағдайлар бар. Бұл – шығармашылыққа, әдеби сын мәдениетіне қатысы жоқ пендешілік.

Бір-бірімізді әділ бағалауға келгенде сараңбыз. Кейде газеттерден де, әлеуметтік желіден де жазылған аз-маз сын, пікірлерге қарап, кімнің кіммен жақын араласатынына, кімнің жерлесі екеніне қарай жер-көкке сыйғызбай айтылатын мақтаулардан  байқаймыз. Керісінше, жеке басың ұнамайтын болса, қанша жерден басың алтын болса да, оны мойындағысы келмейтіндер де бар. Сенің шығармашылығың туралы ашық пікір айтудан қашқақтайды. Айтса, мойындау секілді, мойындаса, содан бәсі төмендеп қалатындай ойлайды көбі...

Жалпы, әдеби сын мен талдау қандай болуы керек? Сөз басында айтқанымдай, әуелі сыншының әдеби білімі бай болуы, өткен ғасырлардағы, қазіргі әлемдік әдебиеттен терең білімі бар, оған қоса ішкі мәдени интеллектісі де жоғары болса ғана шығарманың мазмұнына терең еніп, оның философиясын, психологиясын, идеясын, тілдік-көркемдік ерекшеліктерін, авторға ғана тән стилін, жаңалығын, әдебиетке не әкелді, қай тұста ұтты, қай тұста осалдық танытты – осының бәрін сараптап, әр критерий бойынша сауатты талдай алар еді. Мақтаудың да, даттаудың да керегі жоқ. 

Ал біздегі кейбір сараптамаларға қарасаң, көңілің қалады. Өзім мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасы аясында бір - екі сараптаманы көрдім. Мысалы, менің ешқайда, тіпті, әлеуметтік желіде де жарияланбаған алты-жеті немесе он баспа табақтан тұратын қолжазбама жарты бет немесе бір бет қана пікір жазылған. Сонда бұл қандай сараптама? Әдеби сынның құлдырап кеткені, жауапкершіліктің төмендеуі осыдан-ақ көрінбей ме? Ондай сараптаманың өзіндік критерийлері болуы керек. Мәселен, ұсынылған шығармалар бұған дейін ешқайда жарияланбағаны талапқа сай екені, стильдік ерекшелігі, көркемдік қуаты, жанрлық, тақырыптық жан-жақтылығы т.б. деген сияқты. Ондай басты критерийлер мүлдем ескерілмеген күйде «Мына жері жақсы екен, мына жері онша емес екен», «Маған ұнады», «Маған ұнамады», «Сондықтан басып шығаруға болмайды» деген құрғақ сөздермен, тіпті, авторды кекетіп-мұқатып, «Өлең жазуды доғаруы керек» деген секілді авторға деген субъективтік жақтырмаушылықпен тұтас бір қолжазбаны қорлаумен бағалауға бола ма? Өкініштісі, болып отыр. Ол талдау емес, ол кәдімгі қылмыс. 

Шығарманың жеке авторға немесе оның басқа адамдармен қарым-қатынасына қандай қатысы бар? Сыншы жеке адаммен емес, шығармамен сөйлесуі керек. Ол еңбектеніп, нақты дәлелдерге сүйеніп, талдау жасауы қажет. Біз атүсті жазылған дүниелерді толыққанды әдеби сын деп айта аламыз ба?

Сондықтан, әдеби білім, еңбек, әділдік және шығарманың өзіне ғана сүйеніп пікір айту мәдениеті керек. Бұл қасиеттер бізде әлсіреп кетті. Қолына қалам ұстаған жандардың да ішкі дүниесі былғанышқа толып кеткен.  Интеллектісі төмен адамдар сын жазса бүлдіреді. Әдеби сынның өз функциясына сәйкес жауапкершілігі де болуы тиіс. Біреуді көкке көтеріп мақтайсың ба, дәлелде. Сынайсың ба, оны да дәлелде. Сыншының жеке көзқарасы болуы мүмкін, бірақ ол көзқарас шығарманың өзінен алынған дәйекпен, көркемдік талдаумен негізделуі керек.

Кейде әлеуметтік желідегі парақшаларында қаламгерлер бір-бірін өте ауыр, оспадар түрде қағытып жатады. 

Әділетті сын айту деген біреудің жағасынан алып, кекету, мұқату, қағыту емес. Мұның әдеби сынға еш қатысы жоқ. Ол – екі адамның немесе екі қатынның  өзара шаш жұлысып, шабаланып ұрысуы ғана. 

Бірақ, әлгі сын айтып, мін іздеушінің өзі сын жазып отырмын, шындықты айтып отырған батырмын деп күпініп, шіренетінін қайтерсіз. Шын мәнінде, жақсы дүниені дәлелсіз жоққа шығару, авторды кемсіту, келемеждеу – сын емес. Ол Кодекспен қаралатын мәселе... Сондықтан, әдеби сынның өз мәдениеті мен шекарасы, жауапкершілігі болуы қажет. Адамның ар-намысына тиетін, шығармашылық еңбегін негізсіз қорлайтын пікірлердің де жауапкершілігін түсінбейтіндер түбінде оңбай опық жейді.

Сосын айтпақшы, кей авторлар өз шығармашылығын бағалауға келгенде, пәлі, аттың басын жібереді-ау!  «Мен кереметпін! Мені бағаламай жатыр,  мені өз заманым түсінбей жатыр, пәленді келешек оқиды, түгенді о дүниеге кеткен соң оқиды, қадіріне жетеді, пәленшекеңдерде сүйеулері бар, менің сүйеуім жоқ!» - деп өздерінің оқылмау себептерін, керісінше көштен қалып қойғандарын, жүйрік уақыттың шаңына да ілесе алмай, бір нүктенің айналасында  шығыршық айналып қалғандарын қоғамға, заманға артып, өз-өздерін психологиялық түрде жұбатып жатады. Бұл ұят дүние. Әлде, қазіргі қоғам шетінен ақымақ па, хат танымай ма? Абсурд. 

Оқырман бәрін көріп отыр ғой. Әсіресе әлеуметтік желінің арқасында кімнің қандай дүние жазып жүргені көз алдымызда. Кімнің шығармасы қаншалық, кімнің сөзі мен ісі сәйкес келеді, кімнің әдебиетке қандай үлес қосып жүргенін былайғы жұрт өзі де  аңғарады.

Мұның бәрі әдеби сын мәдениетінің қалыптаспағанын көрсетеді.

Сосын, осы әдеби сын мәселесіне келгенде, бізде кейде тұтас бір буынды,  топты, әсіресе әйел ақындарды  жаппай бағалау, келемеждеу үрдісі бар. «Ақын қыздар үнемі жылайды», «Бір ағасына ғашық болып жүреді», «Тастап кеткен махаббатын жырлайды» деген сияқты жалпылама пікірлер айтылады. Ер ақындар да жылайды ғой, жылағанда бізден, әйелдерден асырып жылайды! Ақиқатты жырлауда, өлеңмен жеткізуде ер ақындар алда жүруі керек емес пе, керісінше, көбі тайсақ, қорқақ, жалпақшешей. Немесе «Әйелден ақын шықпайды» деген Есенғали ағаның аңдаусызда бір жазылып кеткен өлең жолын қайта-қайта алға тарта береді. Қырық, елу, алпыс жыл өтсе де, сол сөзді айналдырып айта берудің не қажеті бар енді? Әйел ақындар жазып жатыр ма?  Оқылып жатыр ма? Қоғам рухани қорегін әйел ақындардан алып жатыр ма? Демек, бұл әйелден ақынның ақыны шығатынына дәлел. Бір ауыз пікірді ондаған жыл бойы қайталай беру сынға жатпайды. Біздің әдеби сынның осындай мәселелер төңірегінде қалып қоятынына ішім ашиды.

Түптеп келгенде, әдебиеттегі бағалау – өте күрделі, тіпті әдебиеттің ғана емес, тарихтың да алдында жауапкершілігі зор мәселе. Әдеби білімі бар адамдардың өзі кейде шындықты айтудан қорқады. Біреудің мықты екенін мойындасам, екінші біреулерге жақпай қалуым мүмкін немесе маған не пайда деп ойлауы мүмкін. 

Қаламгерлер өзара сын, пікір айтса өзімнің беделім төмендеп қалады деп «сақтанады». Ал кейбірі әдеби сын айтуға қажетті интеллектуалдық деңгейге жете бермейді. 

Өкініштісі, бізде мойындаудың, еліктеудің, біреуге ұқсатып жазғысы келудің жасырын түрлері жүзеге асып жатады. Мәселен, менің өлеңдегі жылт еткен идеяларымды, жаңалығымды лып етіп  жасырын ұрлап алып, өздерінше тонын аударып жазып жататын жағдайлар болып тұрады. Мен оны жақсы білемін! Газетке бара жатқан өлеңдерім жол ортада  ватсап аралап, бүтіндей өлеңімнің тонын аударып парақшасына жанталаса жариялап үлгерген замандастарды да білеміз.  Үйіме келіп шайымды ішіп, оқып берген өлеңімді басы бүтін өңгеріп кеткен сумақылықтар да болған. Ондай жасырын  ұрлау деген сөз бір қарағанда – мойындау, еліктеу деген сөз ғой түптеп келгенде... Бірақ үнсіз түрде. Мен осы дүниені түсіне алмай келем. Бұл үнсіздіктердің артында не тұр? Қашанға дейін жалғасады?  Негізі біреудің жетістігі екінші біреудің жеңілісі емес қой. Нағыз талантты адам өзгенің биігінен қауіп көрмеуі тиіс.

Шын, шынайы әдеби сынның жоқтығы ең алдымен талантты қаламгерлерге, жақсы шығармаларға зиян келтіреді. Әр адам өз шығармашылығының бағасын қоғамның, тарихтың  білгенін қалайды. Әдебиетке қандай үлес қосты, қандай көркемдік жаңалық әкелді – осының бәрі әдебиет тарихында, әдеби сынның тарихында нақты бағасын алуы керек.

Сондықтан замандастарыма, қаламдастарыма айтарым – өз уақытымыздағы, өз ортамыздан шыққан озық ойлы, таланттарымызды мойындауға рухани қуатымыз жетсе екен. Бұл асса, әдебиеттің құндылығын бағалау ғой, жеке адамдардың емес. Жеке адам онша емес болуы мүмкін, тіпті сүйкімсіз шығар.  Бірақ, әдебиет қашанда әдебиеттің атынан өмір сүруі керек. 

Жалпы, әдебиеттің шын құнын анықтау үшін бүгінгі үнсіздікті бұзу керек. Оның тетіктерін қарастыруға болады. Мәселен, әдеби сын үшін қаламақы қарастыруға, әдеби сыншылар арасында арнайы байқаулар ұйымдастырып, сын жазуды қолдап, оны әдеби өмірдің қажетті бөлігіне айналдыруымыз керек. 

Сын жазылмағанның салдарынан көркемдік, тарихи, мазмұндық құндылығы жоғары, жаңалығы бар шығармалар тасада қалып, беймәлім күйде қалуы мүмкін.

Біздің өзіміз міне, орта буынға айналдық. Әр қаламгер біреудің әуелі өзі туралы айтқанын күтіп, содан кейін ғана мен де пікір айтамын деп күтіп жүре беруін соза беруге болмайды. Өйткені бұл үнсіздіктен жеке қаламгерлер ғана емес, тұтас әдебиет зиян шегіп отыр. Әр уақыттың өз  әдеби қазаны қайнап жатуы тиіс, мезгілімен айтылып, жазылып, процесс тоқтаусыз алға жылжи беруі керек. 

Хамит ЕСАМАН, ақын:

«Біз бір-бірімізді көп оқымаймыз»

Қоғамнан кітапты тек қана ақын-жазушылар, журналистер, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері ғана оқуы керек деген сияқты ойларды байқап қаламыз. Кітап деген рухани байлық екені айтпаса да түсінікті. Кітапты өзін саналымын дейтін барлық адам оқуы керек дер едік. Бүгінде ешкім өзін санасызбын демейді ғой. Бірақ, жақсы шығармалар, тағдырлы туындылар әлі де болса көп оқыла бермейді. Шетелдік кей авторлардың ақыл айтқан, өз тілдерінде айтқанда «мотивация беретін» кітаптары көп оқылуы мүмкін. Өз шекараңды қорға, өмірге бір рет келгеніңде өзіңді дамыт, қалай бай болу керек дейтін толып жатқан «тәмсілдерге» көз тоқтатқан көпшілікті кейде кітап дүкендерінен көреміз. Болмаса кейбір әнші-әртістердің күні кеше ғана қарапайым пенде едім, бүгін мынандай жетістіктерге жеттім деген өмірінен алынған дүниелер де көптің сұранысына ие сияқты. Бірақ, талғамға талас жоқ. Кім не оқиды, ол да өз еркі. Мұндайлардың насихаты мықты болуы да бек мүмкін. 

Қоғамдағы кітап оқуға деген көзқарас туралы ойымызды айттық. Енді жақсы туындылардың насихаты аз немесе жоқ деген де сөздер жиі айтылады. Біз өз шығармамыздың насихатын өзіміз жасамасақ, оны бізге келіп ешкім де жасап бермейді. Насихат деген, бас салып мақтай беру емес шығар. Кітаптың артықшылығы болса да, кемшілігі болса да, ашық айтылса, ол да насихаттың бір түрі. Біз де қазір сын мақала жазу, жақсы кітапқа пікір айту тек сыншының міндеті деп ойлайтын болдық. Өйткені, бір-бірімізді көп оқи бермейміз. Оқысақ та, айтпаймыз. Бүгінде шығып жатқан жақсы кітаптар көп. Бірақ, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын сынның болмай жатқанын (сын жоқ деп жүрген де өзіміз, әйтпесе жақсы дүниелер бар) тағы да сыншылардан көреміз. Яғни, олар қазір шығып жатқан барлық кітаптарды оқуы керек те, соған сын жазу керек. Бұл бір жағынан дұрыс сияқты болғанымен, айналып келгенде, бәріміз де әдебиеттің адамымыз деп жүрміз, тіпті болмағанда өз замандастарымыз туралы өзіміз неге жазбаймыз деген ой келеді. Арыға бармай-ақ, алпысыншы жылдары әдебиетке келген буынның шығармашылық әлеуетін алайықшы. Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Сайын Мұратбеков және тағы да басқа тұлғалардың бір-біріне деген шығармашылық ықыласы қандай болған. Бір-бірінің шығармасына пікір айтып, сынап, артық-кемін бүкпесіз жеткізген. Бұл кісілер оқырманға жазушы ретінде танылды ғой. Асқар Сүлейменовтің, Жарасқан Әбдірәшевтің сын мақалалары қандай керемет. Біз де бүгін бір-бірімізді оқып, пікірімізді айтып, жақсы шығарманың насихатын жасап жүрсек, ол да сол шығармаға қоғамның назарын аударуға ықпал етер еді.

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндегі көкжал» романы көп оқылды. Қаншама пікірлер жазылды. Өзінен бұрын өзгенің шығармасына пікір айту, оны жарнамалау үрдісін Жүсіпбек ағадан үйренгің-ақ келеді. Әдебиеттің насихатына бүгінде бұл деңгейде қызмет етіп жүрген адамды табу да қиын.  Айгүл Кемелбаева, Амангелді Кеңшілікұлы, Дидар Амантай бүгінгі жаңа әдебиет сынында елеулі еңбек етіп келеді. Зейнолла Серікқалиев, Сағат Әшімбаевтардың жолын жалғаған әдеби сын тұралап қалған жоқ. Бірқатар жастар шығып келеді. Бірақ, өзіміз де әдебиетті қоғамнан бөлек етіп көрсетпей, соның ішінде жүріп, талдауға тұрарлық шығармаларға назар аударып отырсақ жақсы. Әрине, әрбір істі әркім өзінен бастауы керек қой. Өзім де қазір біраз замандас қаламгерлердің шығармашылығы туралы жазсам деп ниеттеніп, ізденіс үстінде жүрмін. Мәселен, жуырда жазушы Сәкен Сыбанбай Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы туралы пікірін әлеуметтік желіге салды. Сонда қаншама пікір болды. Бірталай адам жазба астына пікір қалдырып, өз ойын айтты. Айтайын дегенім, әлеуметтік желілер де әдебиетті насихаттаудың заманауи құралы. Біз де осындай мүмкіндікті жақсы дүниелерге пікір айтатын алаңға айналдырсақ деген ой бар. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan