Қазақстан Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, халық мойындап, қалың оқырманы қалыптасқан және мерейлі 70, 80, 90 жасқа толған қаламгерлерге берілетін «Қалам рухы» статуэткасының тұжырымдамасын қабылдады.
Тұжырымдамаға сәйкес, үш деңгейде, яғни «Алтын қалам», «Күміс қалам» және «Қола қалам» болып белгіленген «Қалам рухы» статуэткасы – сөз өнеріне адалдықтың, шығармашылық биіктік пен ұлттық рухтың символы, қаламгердің қоғамдағы орны мен миссиясын көркем кескін тілінде бейнелейді.
Туындының жалпы композициясына келсек, тас тұғырға орныққан алтын шардан өсіп шыққан биік өрнекті қалам бейнесі – бұл әдебиеттің уақыт пен кеңістіктен биік тұратын мәңгілік құндылық екенін білдіреді. Ал жекелеген бөліктердің мән-маңызына үңілсек, беріктік пен мәңгіліктің белгісі – қара түсті тас тұғыр әдебиеттің мызғымас негізін, ұлттың тарихи жады мен мәдени тамырын білдіреді.
Қаламгер шығармашылығы дәл осы ұлттық негізден нәр алады. Бір бетінде «Қалам рухы», екінші бетінде «Қазақстан Жазушылар одағы» деп жазылған бұл тұғыр уақыт сынына төтеп берер жазушы еңбегінің құндылығын көрсетеді.
Алтын шар пішіні – әлем, ғалам және ой кеңістігі ұғымдарын білдіреді. Шар бетіндегі толқын сызықтар адам ойын, тағдыр жолдарын, тарих пен уақыт ағысын бейнелейді. Сол күрделі өмір ағысын сөзбен өрнектейтін өнер – әдебиет, яғни суреткер сөзі бір ұлтқа ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани кеңістікке әсер етеді.
Композицияның ортаңғы, басты элементі – қалам ұшына ұқсас көркем мүсін. Жазушының басты қаруы, ойды мәңгі ететін құрал – жоғары қарай созылған қалам бейнесі рухтың биіктігін, шабыттың шексіздігін, сөздің құдіретін білдіреді. Иә, әдебиет қоғамды алға жетелейді, адам санасын көтереді. Қазақтың дәстүрлі қошқармүйіз ою үлгілерін еске салатын ішкі шиыршық өрнектер ой ағымын, сөз иірімдерін, шығармашылық процестің күрделілігін бейнелейді. Қаламгер шығармашылығы ұлттық болмыспен астасып жатқанын көрсетеді.
Ең үстіңгі бөліктегі жалын немесе шырақ оты, бұл – шабыт оты, рухани сәуле, сөздің нұры. Жазушы жүрегіндегі шығармашылық жалын қоғамға жарық шашады, яғни шынайы қаламгер – ұлт рухын оятатын шамшырақ.
Статуэтка авторлары – ҚР суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, зергер, халықаралық және республикалық танымал жобалардың дизайнері Қамбар Есмұханов және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Орал Таңсықбаев атындағы алтын медаль иегері Шаттық Батан.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
